АТЫРАУЛЫҚ БОЗДАҚТАР

АТЫРАУЛЫҚ БОЗДАҚТАР

Бүгіннен бастап А.Ә. Ермекованың "АУҒАН СОҒЫСЫНЫҢ АТЫРАУЛЫҚ ЖАУЫНГЕРЛЕР ШЕЖІРЕСІ" кітабынан үзінділер алып, Ауған соғысында қаза болған атыраулық боздақтар туралы рубрикамызды  бастаймыз. Қабыл алыңыздар!

АУҒАН СОҒЫСЫНДА ҚАЗА БОЛҒАН АТЫРАУЛЫҚ БОЗДАҚТАР

  1. Даулетияров Жұмабек Аюпұлы
  2. Құбаев Берік Өтемісұлы
  3. Мұсағалиев Имат Болатұлы
  4. Өмірбаев Қадырбек Өмірбайұлы
  5. Ербусинов Болат Жылқыбайұлы
  6. Омаров Ерболат Қарағұлұлы
  7. Таңқыбаев Аманбай Орынбайұлы
  1. Фролов Юрий Павлович
  2. Бегалиев Бауыржан Мажитұлы
  3. Григорьев Василий Викторович
  4. Далабаев Абат Жалғасұлы
  5. Рахметов Мұхтар Маханұлы
  6. Тұржанов Алаш Ізімұлы
  7. Қазанғапов Жақсыбай Бисенбайұлы

 

Ұмытпаспыз,

Ұмытпаймыз – дедік қой.

Өлгендерді ұмытпау да,

Қолдан сирек келетұғын ерлік қой! (Ғафу Қайырбеков)

 

 

 

ДАУЛЕТИЯРОВ ЖҰМАБЕК АЮПҰЛЫ, 1960 жылы 24 қыркүйекте Гурьев облысы, Балықшы поселкесінде туған. 

1975 жылы Жангелдин атындағы орта мектептің 8-ші сыныбын бітіріп, ауданындағы «Чайка» кинотеатрында механик болып жұмыс істеген.

1977 жылдың желтоқсанында Иманғалиева Нұрсұлумен отау құрып, Гүлдариға есімді сәби дүниеге келген. 

1980 жылдың мамырында Кеңес Одағы Қарулы күштерінің қатарына шақырылған. Алты ай Ресейдің Ленинград қаласында оқу-жаттығудан өтіп, Кеңес әскерінің Ауғанстандағы шектеулі контингенті құрамында интернационалдық борышын өтеген.

1980 жылдың 24 маусымында Кандагар маңындағы Мұсақала елді мекенінде жауынгерлік тапсырманы орындау кезіндегі ұрыста, оның бөлімі қарсылас дұшманның жойқын шабуылына ұшырады. Жұмабек жаудың снаряды тиіп өртене бастаған БТР-нан дереу шығып автоматымен басқа жауынгерлердің шығуына көмек жасады. Батыл, әрі қайсарлықпен қимылдаған ол, атыс кезінде жарақат алып, өзі қаза тапты. Жұмабек өзін емес, қаруластарын құтқару мақсатында ерлік көрсетті. Осы ерлігі үшін Даулетияров Жұмабек (қаза тапқан соң) «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталды. 

Кейіннен «За отвагу» медалімен және СССР Жоғарғы Совет Президиумының «Воину-интернационалисту» Грамотасымен марапатталды. Денесін майдандастары туған жері Балықшы поселкасына әкеліп жерледі.

2002 жылы Балықшы поселкесі Ақжайық ауылындағы Холодильник көшесіне Ж. Даулетьяров аты берілді. Сол көшеде оған «Ауған соғысысында ерлікпен қаза тапқан» деген құлпытас та қойылған.

 

Кітап құрастырушыдан:

Гүлдариға, сені ауған соғысында қаза болған «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері Жұмабек Даулетияровтың қызы дейді, сонда әкең сен туған соң соғысқа аттанған ба?

- Иә, менің әкем ауған соғысының жауынгері, «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері Даулетияров Жұмабек. Менің әкем Жұмабек пен анам Нұрсұлу бір-біріне мектептен ғашық болып, ерте жанұя құраған екен. Әкем 1979 жылы әскери борышын өтеуге аттанып кеткенде, анашым алаңсыз әжемнің қолында, ағайын-туыстың ортасында қала берген.

Анамның жүрегінің астында төрт айлық боп мен қалыппын. Сол уақытта, Ауғанстан елінде төңкеріс болып, соңы соғысқа айналатынын ешбір адам білмеген шығар деп ойлаймын. Әкем мен туғаннан кейін, менің жүзімді фотодан ғана көріп 1980 жылы 24 маусымда дүниеден өтіпті.

Әскери адамдар әкемнің мырыш табытқа салынған денесін әкелгенде «Мына фотосурет жауынгердің төс қалтасынан шықты», - деп менің 4-5 айлық фотомды Балым әжеме ұсыныпты. Қазір менің қолымда әкемнің қолы тиіп, иісі сіңген осы сурет мені әкеммен байланыстыратын бірден-бір жәдігер.

Сен әкеңді қалай елестетесің, тірі болса қандай әке болар еді, - деп ойлайсың?

- Мені көргендер «Әкесінен айнымай қалыпты, Жұмабекің қызы екені беп-белгілі», - деп жатады. Соған қарағанда мен әкеме ұқсағанмын. Біздің үйдің төрінде әкемнің әскер киімін киіп түскен үлкен портреті ілулі тұрды. Кішкентай кезімде соған қарап әкеммен үнсіз сырласатынмын, құпияларыммен бөлісетінмін. Батырдың қызы болып бала бақшаға бардым, мектеп табалдырығын аттадым. Менің жанымда үнемі Балым әжем мен анам болатын. 

Мен мектеп табалдырығын аттаған жылы анам Нұрсұлу адамгершілігі мол Марат есімді азаматпен тұрмыс құрды. Дүниеге маған жалғасқан төрт сіңілім келді. Мені бауырына басқан Марат папа өз әкемнің ерлігін айтып, «Сен батырдың қызысың, сенің әкең мықты жауынгер болған», - деп жиі айтып, менің әкеме деген сағынышымды ірә арттыра түсті. Әжем де, көкелерім де мені өте еркелетіп өсірді. Тіпті осы Балықшы ауылының кез-келген адамы мен келе жатырсам, «Әй, жол беріңдер, батырдың қызы келе жатыр, айналайын, алтын бала», - деп шашымнан сипап жылы көңілдерін білдіріп жататын. Ол кездегі адамдардың пейілі кең еді-ау. Маған барлық жерде жол ашық болды.

Әкемнің есімін мәңгі есте қалдыру үшін, жанашыр азаматтар мен әкемнің қарулас достары Сейітов Марат, Жалғаспаев Көпболды, Нұржанов Мүтиғолла, Хасанов Балтабай, Ибраев Жанәбіл, Өтепов Қалыбай сияқты папаларым көп күш салды. Олар осы күнге дейін «Жұмабектің көзі», - деп мені той-қуаныштарынан қолпаштап қалдырған емес. Қазақтың «Әкең өлсе де, әкеңді көрген өлмесін», - деген мақалы маған айтылғандай.

Балықшы поселкесінен «Ауған соғысы ардагері Жұмабек Даулетияров атындағы көше» атауы берілді. Кейін анамыз Нұрсұлу да өмірден өтті.

Қазір сол майданда қыршын кеткен, аяулы әкем тірі болса, кеудесін наградаға толтырып, төрт жиенінің нағашы атасы болып, жанымызда жүрер еді. Әкеме, анама деген сағынышым еш басылған емес. Бірақ өлімді ер мінезімен қабылдаған әкемнің бейнесі, оған деген елдің құрметі маған үнемі демеу боп жүреді. Мен әкемді әрқашан мақтаныш етемін және балаларыма да үлгі етіп айтып отырамын.

Әлемде соғыс болмай, балалар жетім қалып, әкелерін жоқтап өспесе екен, - деп тілек етемін!...

фото афгацы

Жұмабекпен әскерде бірге болған Марат Сейітовтың естелігінен:

Марат Қайырғалиұлы, сіз елге Жұмабек Даулетияровтың денесін алып келді деген сөз рас па, Жұмабекпен қашан таныстыңыз?

Жерлесіміз Даулетияров Жұмабектің ән айтқандағы даусы керемет еді. Ол әскерге дейін сүйген қызына үйленгендігін, келіншегі Нұрсұлудың аяғы ауыр қалғандығын айтып, гитарамен мұңды да сағынышты өлеңдерді шырқағанда шаршағанымызды ұмытып, бір сәтке қиялға берілетінбіз. Келіншегінің босанғанын күн санап күтіп жүрді.

Бірде, «Ей, солдаттар! Мені құттықтаңдар, мен әке болдым! Қайдасыңдар, енді менің қызым бар, мен әкемін, мен бақыттымын. Елге барғанда мені ең алдымен қызым қарсы алады», - деп қуанғаны-ай. Қолда бармен Жұмабектің қызын «жуғанымыз» көз алдымда.

- Алдымнан қызым жүгіріп шыққанда көтеріп алып, маңдайынан иіскеймін, сосын қолынан жетектеймін. Жоо-оқ үнемі мойныма отырғызып көтеріп жүремін, - деп қызын сағынатын. Есімін қарттар Гүлдариға деп атапты, кейінгі балалардың аттарын өзім қоярмын, - деп қиялдап жүретін.

Жұмабек ақкөңіл, өнерлі, көпшіл, батыр жігіт еді-ау. Жігіттер бір уақ демалған шақтарында, «Жұмабек, қызыңнан хат алдың ба, Шәмшінің бір әнін шырқап жіберсеңші», - деп қолқа салғанда, көп бәлсінбей қоңыр даусымен гитарасын тыңқылдатып отырып, бастап кететін. Ол өзі өнерлі жігіт ретінде, әскерге дейін ауылдағы клубта киномеханик болып  жұмыс істеген екен. 

Жұмабектің денесін елге әкелгенде, күртесінің төс қалтасынан қызы Гүлдариғаның төрт айлықта түскен фотосы шығыпты дейді?

– Ә, ол фотоның тарихы бар. Ол кезде елден фото хатпен жіберілмейді. Бірақ, қалай болса да, қызының фотосының пленкасы хатпен Жұмабектің қолына тиген. Содан біздер әлгі фотоны шығармыз деп, БТР-дың қараңғы бұрышында әлек болдық, құрал жоқ, фото шығаратын. Әйтеуір әуреленіп, әркімнен әр нәрсесін сұрап жүріп, әлгі шақалақтың суретін анық шығарып алдық. Сәбидің жүзін көруге бүкіл батальон жиналған болар. Жұмабектен бақытты адам жоқ. Біреуі «Жұмабек саған ұқсаған екен» десе, біреулері «Жоқ, әйеліңе ұқсаған» деп, қалжыңдап жатыр, әйелін ешкім көрмесе де. Шынында, қазір мына Гүлдариға  Жұмабектен аумайды, тек қыз бала демесең, соңында ұрпағы қалды, - деген сол ғой.

Сәл үнсіздіктен кейін, Мәкең «Я, Жұмабектің денесін елге мен алып келдім», - деді.

- 1980 жылы Мәскеуде өткен Олимпиада ойындарының алдында 17 солдаттың табытын елге жеткізетін құрамның ішінде Жұмабектің жерлесі ретінде мен де жіберілдім. Бұйрыққа қарсы келе алмайсың, бұл маған өте ауыр тиді. Тағдыр солай болған шығар, Жұмабекпен көбірек әңгімелесіп, армандарын бөліскен едім. «Елге келген соң», - деп басталатын армандары әлі есімде. Көпке дейін оны өлімге қимай, егіліп жылап жүргенімді қазір бір ауыз сөзбен жеткізе алмаймын. Ауған соғысының басталған уақыты, жиі-жиі дабыл қағылып, біреуіміз «рейдке» кетіп бара жатсақ, біреуіміз «рейдтен» келе жататынбыз. Әр кездескенімізде амандығымызды көріп, қатты қуанатынбыз. 

Кеңес Одағының біраз облыстарына барып, қаралы табытты жергілікті әскери комиссариатқа табыстағаннан кейін, біздің қалаға да жеттік. Қала сыртынан әскерилер бізді күтіп алып, «Ештеме көрген жоқсың, бейбіт жағдайда әскерде жүрсің, Ташкент маңында зауыт күзетіп», - деген сияқты жүз рет қайталанып айтылған инструкцияларын тағы бір айтып, мені «отпускаға» жіберіп қойды. Үйге келгенде демалысымнан 5-6 күн қалған еді.

Ата-анаңыз Сіздің қайдан келгеніңізді сезді ме?

- Әкем Ұлы Отан соғысының ардагері еді, бірден сезді. Бірақ, үндеген жоқ. Кері кетерімде, «Ауғанстанға түнімен төбемізден ауыр самолеттер көп ұшуда, ауыр техникалар да  кетіп жатырған сыңайлы, аман келгейсің, қарағым», - деді де, теріс айналып кетті. Қарындастарым «Балықшыда Жұмабек деген жігіт қайтыс болып, денесін ауылға әкеліп жерлепті», - деп айтып келді.

Мен Жұмабекті соңғы сапарға аттандыруда болдым. Бейіттің басына дейін шұбатылған қаралы топқа елеусіздеу ілесіп, қабіріне бір уыс топырақ салып, өзімше қоштастым.

Мен Жұмабектің қызы Гүлдариғамен араласып тұрамын. Шүкір. «Папа-тай» деп хабарласып тұрады, балалы-шағалы, бірақ, анасы Нұрсұлу да ертерек қайтыс болды...

 

Жалғасы бар, осында