АТАМНЫҢ БАТАСЫ

АТАМНЫҢ БАТАСЫ

 

Бисенбай

Бисенбай Бисенғалиев.

Ардагер геолог-барлаушы, «Құрмет» орденінің, ҚР Энергетика және минералды ресурстар министрлігінің «Құрмет грамотасы», «ІХ бесжылдықтың социалистік жарыстың жеңімпазы», «Қазақстан мұнайына 100 жыл», «Қазақстан мұнайына 120 жыл», «Маңғыстау мұнай-газ барлау» кешенді экспедициясына 50 жыл», «Маңғыстау мұнайының 50 жылдығы», «Еңбек ардагері», «Қарақия ауданына 45 жыл», «Жер қойнауын барлаудың үздігі» төсбелгілері иегері. Есімі «Ел ардақтылары-Бұрғышылар» жинағына, «Незабываемое: страницы истории Мангистау» энциклопедиясына, «Олар алғашқылардың бірі болды. Они были первыми» кітабына енген. Туған ауылын мәңгілік есте қалдыру жобасының жетекшісі, идея авторы, Ақтау қаласындағы «Геолог-барлаушылар аллеясы» идеясының авторы, «Сағыз мұнай өндіру кәсіпшілігі» энциклопедиялық жинағының, «Студенттік естелік әңгімелер», «Бисенғали әулеті»  кітаптарының авторы.

АТАМНЫҢ БАТАСЫ

(Өлі жебемей, тірі байымайды)

  Қай кезде де есімді білгелі әр ісімді іштей атамның ризашылығын алып бастайтынмын. Анам да үнемі «Атаңның атына кір келтірме, артыңнан біреулер қолын шошайтып күлмейтін болсын, атаңа сөз келеді»,-деп отыратын. Қалай болғанда да менің Жаратушы Иемізден кейінгі сыйынарым да, қолдаушыларым да Атам мен Анам. Жұмыста жүрген кезімде туған ауылым Сағызыма, сонда жатқан аталарым мен мамаларымның басына жиі барып тұруға қолым тие бермейтін де, бірақ оларды бір сәтке де есімнен шығарған емеспін. Ал мына сырқатпен ауыра бастағаннан соң жылына ең болмағанда бір рет, кей кездері жиірек, туған ауылыма, аталарымның басына барып тәу етіп зияраттап, олардан өзіме медет сұрап, бар білген дұғаларымды оқып жүруді әдетке айналдырғанмын.

  Сәл түсінік бере кетейін:

  Осы сырқатпен ауырып бастағанда тезірек жазылып, бұрынғыдай ел қатарлы белсенді өмір сүру жағынан үміт үзбедім. Қолымнан келгенінше тырыстым, арпалыстым, емделдім... Басшылардың түсіністікпен қарауының арқасында жылдар бойы жиналып қалған еңбек демалыстарымды алып, мүгедектікке шыға қоймай екі жылдай қызметте жүрдім. Бірақ бәрінің де шегі бар, бұлайша созбақтата беру дұрыс емес екенін мойындауыма тура келді. Қаншама жерден мойындағым келмесе де, әрі маған соншама көмектесіп, ыңғайыма жығылып қол созған басшылардан да қысыла-қысыла, өзімнің жағдайымды мойындауыма тура келді. Екі жылдай үміт үзбей созбақтап жүріп, ақырында, қанша жерден жек көрсең де, қашсаң да, мүгедек деген атаққа іліндім. Болмады. Барлығын жаза берудің қажеті бола қоймас, ресейдің де, шетелдің де бірталай атақты клиникаларында болдым,  өз саласының атақты дәрігерлерімен, мамандарымен ақылдастым, «әңгімелестім». Сөйлей алмайтындықтан, мен өз жағдайымды, алған емдерімді, өзіме қатысты мәліметтерді қай елдің болсын дәрігерлеріне орысша нақпа нақтап, бүге-шігесіне дейін, соқырға таяқ ұстатқандай қылып жазып беретін едім. Солардың ішіндегі орыс тілді Германияда жұмыс жасайтын бір профессор дәрігердің айтқаны маған ұнады. Көптеген зерттеулер, сараптамалар, консилиумдар жасап барып, ол дәрігер маған бар шындықты айтты. «Сіз сауатты, білімді, өз жағдайыңызды өте жақсы шамалайтын адамсыз, сондықтан мен ашығын айтайын деп отырмын. Дұрыс түсінерсіз. Бұл сырқаттан ақи-тақи айығып кете алмайсыз, ендігі жерде жағдайыңыз бұл күйіңізден де төмендей беруі әбден мүмкін. Қолыңыздан келгенінше осы күйіңізді ұзағырақ сақтау үшін барынша сырқатыңызды, өз жағдайыңызды ойламауға, санаңызды басқа мәселелерге аударуға тырысқаныңыз дұрыс болар еді. Шаршамау керек, шамаңыз жеткенінше белсенділікті түсірмеген жөн, жүнжіп кетсеңіз сырқат күш алып кетеді»,-деді. Өзім де түсініп, тек мойындауға ерік бермей, әлде де де болса тырмысып, естігім келмей жүрген «приговор» ғой. Дәрігер (әйел адам, біраз уақыт эл.почта арқылы хабарласып тұрдық) жақсы адам еді. Сендім, мойындадым. Содан соң мен үшін бірінен бірінің көп айырмашылығы жоқ сұрықсыз, жайлап ағып жатқан жылымшы су сияқты («жылап аққан су» деген теңеу келіп тұр ойыма) күндер туды. Мереке мереке сияқты емес, қандайы болса да. Көктем, жаз, күз, қыс деген тек маусымның атаулары ғана мен үшін. Сонымен таңды атырып, күнді батырып, айналып сыртын беріп өтіп бара жатырған өмірдің бірнеше жылын төрт қабырғаға қамалып, әлемге терезе арқылы ғана қарап өткізе бердім. Өзіңнің осындай жағдайыңды сезіну, мойындау қиынның қиыны. Әдетте осындайда айтады ғой, күресу керек, алға үмітпен қарау керек... деген сияқтыларды. Басына түспеген жан қайдан білсін, әйтеуір демеу болсын дейді ғой. Көп оқыдым, әсіресе, осындай тағдыры бар жандардың жан күйзелістерін, күресу жолдарын... Рахмет Өтесінов жайын және бала кезімде оқыған Даниэль Дефоның «Робинзон Крузосын» қайта оқып шықтым. Н.Островскийдің «Құрыш қалай шынықты» деген кітабы да қолымда болды. Бұлардан басқа тығырыққа тірелген біраз адамдардың өмірлерімен таныстым, зерделедім. Айналам толған адамдар, дос-жарандар, жанашырлар болғанымен, көпшілік жағдайда мен өзімді елсіз аралда қалған Робинзон Крузодай сезінетінім шындық еді. Осылардан түсінгенім, барлық кейіпкерлерім де осындай жағдайлардан тек аянбай еңбек ету арқылы, Жаратушыдан медет тілеп, қазіргі жағдайына шүкіршілік етумен ғана шыққан, сырқаттарын жеңген (егер солай деуге келсе). Маған да тек еңбек ету ғана қалғанын, менің жағдайымнан да ауыр хәлде жатқандар бар екенін, бұған да жетпей өмірден қыршын кеткен жандар бар екенін мойындауым керектігін түсіндім. Біртіндеп өзімнің осындай, қоғамнан бөлініп қалған мүшкіл жағдайымды пайдама жарату жолдарын қарастыра бастадым. Қолдарым жазуға да келе бермейтін, компьютер дегенді де тек сұқ саусағыммен ғана шұқылауға шамам келетін (әлі де солай). Қалған өмірімді қоғамға, айналама пайдам тиетіндей қылып өткізуді ойладым. Басқа, дені сау адамдардан менің артықшылығым, менде уақыт деген көп еді. Жетіп артылатын. Бірақ, кейде «Тәуліктегі 24 сағат жетпейді, уақыт тапшылығы болмаса көп нәрсе тындырар едім» дейтіндердің сөзі бос сөз екенін бара-бара түсіндім. Шындығында уақыт жетпейді емес, күш-қуат, қажыр-қайрат (энергия) жетпейді екен ғой адамдарға. Әйтпесе, тап сол бәрімізге берілген 24 сағаттың ішінде кейбір талантты, қуатты жандар көп нәрсе тындырады да, ал босбелбеулерге уақыт жетпейді екен. Бұны мен өзіме берілген көл-көсір уақытты пайдаға асыру жолында түсіндім. Денім сау кезде, күш-қуатым арнасынан асып тұрғанда, тап сол мерзімде қарайған іс бітіретін болсам, енді соның тек бір болмашы бөлігіне ғана шамам келетін болды. Біртіндеп сілкіне бастадым, алдыма мақсаттар қойып, жоспарлар жасай бастадым. Осы әңгімемнің бас жағында жазғанымдай, мен ең әуелі атамның ризашылығын алуды, қалған шаруаларды содан соң бастауды ұйғардым. Алдыма қойған мақсаттарым да, құрған жоспарларым да сол кездегі жағдайыма сәйкес келмейтіндей, дені сау адамдардың өзі де қорқа соқтап қарайтындай ірі, ауқымды еді. Әлім келетін жеңіл-желпі кәкір-шүкірлермен айналысу мені қызықтырмады, олар менің ойымды, санамды мықтап еліктіріп алып кете алмайтын еді. Сол кезде құрған ауқымды жоспарларымның барлығы да қазіргі кезде біртіндеп жүзеге асып жатырғанын көріп отырмыз. Алда әлде де жұмыс баршылық, тек ұмтыла беруім керек. Әрине, бұлардың барлығы да АТАМНЫҢ РИЗАШЫЛЫҒЫМЕН, АҚ БАТАСЫМЕН ғана екені түсінікті шығар.         

 Аталарым жатқан қорымның шет жағында тұрып ауылымның орнына ұзақ қарап, сол ауылда өткен балалық шағымды еске алатынмын. Аталарымның басында да оңаша қалып, жалғыз өзім олармен іштей әңгімелесетінмін. Көп нәрселерді еске алатынмын. Аталарымның (Атағозы ұлдары Бисенғали атам, Сыламғали көкем), мамаларымның (Есқали қызы Меткіл мен Аманбай қызы Сағида) бейіттері саман тастан тұрғызылған, құлпытастары да темір тақтайшаға сваркамен жазылған болатын. Жылдар өте келе саман тастар шөгіп, үнемі борайтын топырақ жартылай басып кеткен, кейбір тұстары құлаған, ал темір құлпытастар шіріп жоқ болып кеткен.

Сол жақтан: Меткіл мамам, Сыламғали көкем, Сағида мамам, Нұржамал апам.

Енді біраз жылда бұл жерде кімдердің бейіттері болғанын айырып білудің өзі мүмкін болмай қалары сөзсіз екенін көріп, сезіп, не істеуге болады деп ойланатын едім. Ойланатын себебім, қазақтарда бейіттерді жаңартуға болмайды деген ұғым қалыптасқаны еді. Дұрыс та шығар, кім білген. Қазақтардың ұғымында бейіттер түптің түбінде жермен жексен болып кетуі керек, әрі бейітті жаңартса сол әулетте жаңадан тағы бір адам шейіт болуы да мүмкін (өлім шақырады) деген де түсінік бар. Осы жағдайлар мені біраз жылдар ойлантып, тежеп жүрді. Егер осылай жалғаса берсе менің ұрпағым (балаларым, немере-шөберелерім), атамның да басқа ұрпақтары  аталарымның бейітін қалай табады, зиярат жасайды деген ойлар маза бермейтін. Ақырында соңғы бір келгенімде бір шешімге келдім. Анаммен ақылдастым. Аталарым мен мамаларымның бейіттерін жаңарту мүмкін емес, себебі олардың айналасында әбден тақалып жерленген адамдардың бейіттері бар, олардың мазасын алуға болмайды. Ал дұрыстап құлпытас орнатып, кімнің қай жерде жатқанын айқындап қоюға болатын шығар деген шешімге келдім. Құлпытас болғанда да мрамор тақтайша емес, біраз бөлігін жерге көміп, жердің бетінде де біраз бөлігі шығып тұратын мәрмәр тастан ҚҰЛПЫТАС орнатуды жөн санадым. Уақыт өте келе бейіттер жерге айналып кеткенде де құлпытастар жойыла қоймас, аталарымның жатқан жерлерін көрсетіп тұрар деп ойладым. Әрине, осы жылдар бойы айналамдағы ескі мазарларды реставрация жасап, кейбір жоғалып кеткен бейіттердің орнына жаңадан заманауи кесенелер тұрғызып жатқандарды да зерделеп қарап, байқап, ой санасына тоқып жүрдім. Аталарым мен мамаларыма кесене тұрғызуға да болар еді, бірақ олардың жатқан жерлері тығыз орналасқан бейіттердің ортасында болғандықтан да, әрі қазақы ырымға қайшы келмес үшін де ол мәселеден бас тарттым. Сонымен бір тоқтамға келгендей болғасын, анаммен ақылдаса отырып, аталарымның, Сағида мамамның басына (Меткіл мамамның басында құлпытасы бар) құлпытастар орнаттым. Мамаларымның бейіттері жарым жартылай құлап, шөгіп кеткендіктен, оларды адам да, мал да баспау үшін жеңілдеп қоршап қойдым. Арнайы алып келген малымды қорым басында сойып, Қошқардағы Бисенғали атамның тұңғыш баласы Ағасен атамның үйінен садақа тараттық. Ас бердік. Атырау маңындағы атамның кіндігінен тараған бірталай ұрпақтары, кенже ұлы Құлымғара ақкөкем бастап, жиналды. Аталарым, мамаларым жатқан осы қорымда бейіттері көрінбей кеткен, қай жерге жерленгендері де белгісіз көптеген туыстарымыз (атамның балалары, қайын жұрты, ұрпақтары) жатқан болатын. Қорымға кіреберіс жерге, аталарымның бейіттеріне барар жолға Ақтаудан құлпытастармен бірге арнайы дайындап алып келген, қайтыс болған туыстарымыздың аты-жөндері, қандай туыстық жақындығы бар екендігі, қай жылдары қайтыс болғандары жайында мәліметтер жазылған үлкен тақтайша орнаттық. Содан бері қорымға келген бойда аталарыма, мамаларыма бармастан бұрын осы тақтадағы жерленген жерлері белгісіз туыстарымызға, қорымда жатқан жалпы аруақтарға арнап дұға бағыштап барып, содан соң ғана бейіттері барларға барып тәу етеміз.

  Бұл жұмыстарды 2009 жылдың маусым (июнь) айының басында жасағанбыз.

Сол жақтан: Қалжан апам, Өсербай асаба, анам Балжан.

  Бұларды жазуыма түрткі болған, 2021 жылдың қазан айының бас жағында Ақтауға Мақаттан тойға келген Қалжан апамның үлкен қызы Балсекер бөлем маған айтқан мынандай хабар еді. Аталарымның басына белгі қойып, ас бергеннен соң бірер жыл өткесін Қалжан апам түс көреді. Ол кезде Қалжан апам тың болатын. Түсінде Қалжан апам Ақтаудағы біздің үйде (Бисенбайдың) болған бір тойда отыр екен. Бір қызығы, біздің үйдің төрінде аппақ сақалы төгіліп, аппақ киімдерімен АТАМ да отыр дейді. Содан дастархан басындағылар жиналып болғасын атам: «Тынышталыңдар. Мен Бисенбайыма бата беремін»,-депті. Қалжан апам таң қалып, папасын өңінде көргендей көріп отырыпты... Оянып кетіпті. Содан қуанып түсін бірден қызы Балсекерге айтады. Қалжан апаммен содан кейін де бірнеше рет кездестім, бірақ апам осы түсін маған айтқан емес. Үлкендіктің әсері бар, есіне түсе де қоймаған болар. Мүмкін айттым деп ойлаған да шығар. Қалжан апам мені ерекше жақсы көретін еді. Содан Балсекер өткенде оларға сыйға тартқан «Бисенғали әулеті» деген кітабыма риза болғанын, мұқабасындағы атамның суретінің әдемі шыққанын айта отырып Қалжан апамның осы түсін де айтты.

Әулетіміздің шежіре кітабы.

 Мен бұл түс жайын алғаш рет естіп отырғанмын. Мәссаған, маған бұдан артық қандай марапат керек, мен үшін әлемдегі ең керемет сыйлық осы ғой. Мен бұны менің сәл ғана еңбегімді бағалап, өзін ұмытпай, үнемі есімде ұстап жүргенім үшін берген АТАМНЫҢ АҚ БАТАСЫ деп қабылдадым. Менің аталарым мен мамаларым үшін жасаған сәл еңбегімді АТАМ ерекше бағалап, АҚ БАТАСЫН беріп, қолтығымнан демеп, желеп-жебеп жатқанын көрмейсін бе. Жарық дүниеде жер басып жүргенім де, әуелі АЛЛА ТАҒАЛАНЫҢ, содан кейін АНАМНЫҢ, АТАМ мен МАМАМНЫҢ арқасы екенін, оларға мәңгілік қарыздар екенімді мен ешқашан естен шығарған емеспін. Шала туылған, өмірден үміті шамалы мені өзінің тымағына салып жоғарыға қағылған шегеге іліп қойып, аузыма шай қасықпен су тамызып, күні-түні дұғасын оқып, Аллаға жалбарынып... мені өлімнен алып қалғанын, өмір сыйлағанын, өзінің атына жаздырып бала қылғанын қалай ұмытуға болады?! Ұмытылуы мүмкін емес. Балсекер Қалжан апамның бұл түсін айтпаса да, мен атамның мені үнемі қолдап жүргенін іштей сезетінмін, содан күш-қуат алатынмын.

  Атамның осы АҚ БАТАСЫ қолдап, о баста жасақтаған жоспарым бойынша қолға алған шаруаларымның барлығы да оңынан орала береді деген нық сенімім бар.

АТАМНЫҢ РИЗАШЫЛЫҒЫМЕН!!!

...

Бәкөн әл-Сағыз.

Ақтау. 11.10.2021 ж.

 

Теги мұнайшыжазбалары тайсойғансайты