АТА ЖОЛЫН ҚУҒАН ҰЛ

АТА ЖОЛЫН ҚУҒАН ҰЛ

   Сейітқали ақсақал кезінде халқының қамы үшін ту ұстап, атқа қонған Әлниязұлы Тобанияз батырдың шабарманы болған. Талай қилы кезеңдерді бастан кешіп, өмір сүзгісінен өткен. Сондықтан болса керек, өз замандастарына қарағанда ойы сергек, қимылдары шапшаң, әрі ширақ-ты. Жеңіл-желпі жаттығулар жасауды ешқашан естен шығарған емес. Ол балаларының да жастайынан шынығып, батыл, қайратты болып өсуін іштей армандады. Осы мақсатта алып күш иесі Қазыбай атасы жайлы естігендерін үйде де, түзде де аузынан тастамай жиі-жиі еске алатын. Сәкеңнің әсерлі әңгімесі кішкене Алпысбайдың көкейіне мықтап қонса керек. Бір күні ол:

- Әке, мен Қазыбай атамдай бола алам ба?

- Боласың балам. Боласың.

- Ол үшін не істеуім керек?

- Ол үшін бе? Ол үшін ерінбей еңбек ету керек. «Еңбек- ер атандырар», деп бекерге айтылмаған. Сонымен қатар, тұрақты түрде спортпен айналыссаң болғаны.

   Осында милицияда істейтін Тілекқабыл Құсайынов деген ағаң бар. Өзі кезінде одақтық, республикалық деңгейде белдескен балуан болған. Спорт үшін, жасының едәуір ұлғайып қалғандығына қарамастан, қазір де күресіп, аудан намысын қорғап жүр. Бір жағынан шәкірттер тәрбиелейді. Шәкірттерінің кейбірі ұстаз жолын жалғастырып, шәкірт тәрбиелейтін деңгейге жетіпті. Сен ешкімнен тайсалмайтын батыл, күшті болғың келсе, күрес секциясына апарайын.

- Барамын. Қазір барайықшы әкетай,- деп Алпысбай жалынышты кейіппен жармаса түсті.

- Сабыр ет балам, мен әуелі бапкерлердің қай күндері, қай уақытта жұмыс орындарында болатындықтарын білейін. Сонан соң асықпай барамыз,- деп Сейтекең баласына байыппен түсіндірді.

   Күнде, «тұр да тұрдың» «әлдиімен» ұйқысын әрең ашатын Алпысбай, бүгін әкесімен қабаттаса оянды. Баласының ынтасына қуанған әке іштей «талабыңнан айналдым» деп қояды. Таңертеңгі шайдан соң Сейтекең ұлын ілестіріп, спорт кешеніне тартты. Бұларды бір жас жігіт сыпайылықпен қарсы алды. Ол өзін: - Ісіләмбек Қосов деген бапкермін. Тілекқабыл Құсайыновтың шәкіртімін,- деп таныстырғанда Алпысбайдың қуанышында шек болған жоқ. Демек бұл осал ұстаз емес деген ой, балуандыққа машықтанған баланы жігерлендіре түсті.

   Еркін күрес әліппесі парағын Алпысбаймен бірге кластас достары Аманқос Байсұлтанов, Сұлтан Ақмолдаев, Келіс Сүлейменовте қатар ашты. Олардың салмағы шамалас болғандықтан көбіне өзара жұп құрса, Алпысбай басқа мектептің балаларымен алысты. Бірақ әр жаттығу сайын қарсыластар өзгеріп тұрғандықтан, оның әрқайсысына бейімделу қажет. Мұның өзі жаңадан келген боздақтарды бірден ізденіске, әрбір қимыл-әрекетті жасарда ойлануға баулитын жол еді.

   Бес-алты айдан соң алғашқы жарыс өтіп, Алпысбай мақтау қағазға ие болды. Әкесі Сейітқали мен анасы Баян балаларын қолпаштап мақтау сөздер айтып, біржағынан өздерінің де көңілдері көтеріліп қалды. Сол жолғы жарыста Алпысбайдың досы Аманқос Байсұлтанов та құрмет тұғырына көтерілген болатын. Жеңіспен ауызданған балалардың көңілдері көтеріліп, бойларын мақтаныш сезім биледі.

Askeri_kafedraі

   Күрес десе от пен судан тайынбайтын Тілекқабыл Құсайыновтың жанкештілігі арқасында, Доссорда Кеңес Одағының Батыры М.Баймұхановты еске түсіруге арналған турнир де өмірге келді. Аталмыш турнир облыста еркін күресті дамытуға зор үлес қосты. Жасөспірімдер арасындағы дәстүрлі бәсекеге бұрынғы Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен талай балғын балуандар келген-ді. Сол турнирде тұсауы кесілгендердің бірі Алпысбай Аралбаев болатын. Ол құрмет тұғырына әлденеше рет табан тигізді. Қазақстанның ең байырғы мұнай кеніші - Доссорда өмірге келген дәстүрлі турнир, талай бүлдіршіндердің бағын ашып, республикалық, одақтық аренаға жолдама берді.

   1978 жылы мектеп бітірген Алпысбай Алматыдағы Қазақ дене тәрбиесі институтына оқуға түсті. Мұнда жас бапкер Мұсабек Қапановтың жетекшілігімен жаттықты. Күресті енді-енді қойғалы жүрген одаққа танымал балуанның, әлі ыстық-суығы тарқамаған кезі болатын. Қапанов кілемде қайталанбас өзіндік қолтаңбасы бар спортшылардың бірі ретінде, Қазақстанның еркін күресі тарихынан орын алды. Ол бабында жүрген жылдары жанкүйерлер қауымының сүйіктісіне айналған-ды.

   М. Қапановтың белдесуін алғаш рет алпыс алтыншы жылғы Қазақстан чемпионатында көрген едім. Финалда жастар арасындағы КСРО чемпионы алматылық А. Атаевпен шықты. Атаевтың негізгі әдеті қарсыласының аяғына өту арқылы, тиімді әдісін жасау. Ал Шығыс Қазақстаннан келген Мұсабек қас батырларша қасқайып, тік тұрып күресетін, аяғы жағынан уәйімі жоқ жігіт екен. Атаев аяққа емін-еркін өтіп, «айызын» қандырып-ақ жүр. Бірақ өскемендік жігіттің аяғы, түбі тереңдегі бағанадай қыңқ етер түрі жоқ. Қос қолдап жармасқан Атаевты аяғымен сүйретіп, қайта-қайта кілемнің сыртына домалатып тастайды. Алексей байғұсың қарсыласының аяғын аймалаумен жүріп, тізесін де бүктіре алмай діңкеледі.

   Күрестің балын сорып, кейде тұзын да жалаған спортшының, бапкерлік талабы да жоғары болатыны белгілі. Алпысбай басында қатты қиналып, жаттығудан кейін кейде қалжырап қалатын. Дегенмен оны ешкімге сездірмеуге тырысып бақты. Бара-бара бойы үйреніп қалыптасып кетті.

   Бұған дейін жастар арасындағы Қазақстан біріншілігінде күміс жүлдегер атанған Аралбаевқа, енді ересектермен белдесетін күн де туды. Сөйтіп Талдықорған қаласында өтетін, тұсау кесерлік жарысына қызу даярланды. Мұсабек болса:

- Ешқайсысынан тайсалма, менің алғашқы бәсекем сәтті болған. Сенің де мүмкіндігің бар,- деп жігерлендіріп қояды. Алпысбай өз кезегінде ұстазының үмітін желге ұшырмау үшін аянбай тер төкті. Аллаға шүкір, жарақаты да жоқ. Өзін мойындататын кез келген сияқты. Оны балуанның патша көңілі сезеді. Бірақ жарыстың аты жарыс. Сондықтанда арық айтып семіз шыққанға не жетсін?!

12

   Чемпионат сәтті басталды. Әуелгі төрт айналымнан соң, бар болғаны үш айып ұпаймен келеді. Енді бір балуанды ұтса, кемінде қола жүлде қолда тұр деген сөз. Бірақ әр жарыстың да, белдесудің де өз несібесі бар. Тек соны дәл сезініп, уыстан шығарып алмау керек. Ақыры алтын медаль үшін өткен сында ғана сүрінген Аралбаев құрмет тұғырының екінші сатысына көтерілді. Сол сәтте Мұсабек:

- Айттым ғой. Сен жарадың, мен ересектер арасындағы алғашқы қадамымды үшінші орынмен бастағанмын. Ұстаздан шәкірт озды деген осы,- деп мәз болды.

- Негізі әр адамда өзіне ғана тән қасиет пен қабілет болады ғой. Сол сияқты шәкірттерімнің әрқайсысы бір-біріне ұқсамайтын. Алпысбайда көздеген мақсатқа, қайтсем де жетемін деген қасиет бар. Оның бойындағы ашылмай жатқан мүмкіндігінің мол екендігін екі-үш жаттығудан кейін анық байқап, көп үміт күттім. Ол 1980 жылы «Буревестник» ерікті спорт қоғамының біріншілігінде алтыннан алқа тақты. Онан кейін «Қайрат» ерікті спорт қоғамында үздік шығып, Бүкілодақтық «Урожай» балуандары арасындағы бәсекеде ел намысын қорғау үшін даярланып жатқан болатын. Дәрігерлер Алпысбайдан 300 грамм қан алды. Сол күні денеге көп күш түсірмей, демалу керек еді. Бірақ ешқашанда бірде-бір жаттығуды жіберіп көрмеген албырт жас шыдамады. Сөйтіп өкініші мол, ауыр жарақатқа тап болды. Ақыры талантты балуанның бағы байланды. Емделіп жарыстарға қатысқанымен, жарақаты сыр беріп, бұрынғыдай еркін көсіліп күресе алған жоқ. Алтын асықтай жігіттің жігерінің құм болып жүргеніне қапаланып бір күні оңашаға шығарып алып, жарақатының ауыр екендігін, бұл кеселдің кетпейтіндігін, бүйтіп күрескеннен әбиір таппайтынын айттым. Спортшы үшін үкіммен тең хабар ғой. Өзім сүйікті шәкіртіме осы сөзді айтқанда, ішім жылап тұрды. Амал қанша шындықты мұнан әрі жасырудың мәні жоқ болды,- деді бізбен әңгімесінде Мұсабек Қапанов.

   1982 жылы диплом алған Алпысбай Оқу министрлігінің жолдамасымен, Атырау педагогтік институтына келді. Аталмыш оқу орнында сол жылы дене тәрбиесі факультеті ашылған болатын. Атақты қақпашы Әлібек Әміров екеуі тонның ішкі бауындай өзара үйлесім тауып қызметке кіріскенімен, екі айдан кейін әскер қатарына алынды.

   Әскерден оралған соң қызметке шақырушылар көп болды. Бірақ ойлана келе «Қайрат» ерікті спорт қоғамына бапкер болуды таңдады. Сол жылдардағы «Қайрат» ерікті спорт қоғамы обыстық кеңесінің төрағасы Меңдігерей Хайруллиннің жас бапкердің қызметіне риза болып:

- Алпысбай Аралбаев деген бапкердің келгеніне алты айдай болды. Аз уақыттың ішінде еркін күресті біраз деңгейге көтерді. Егер алдағы уақытта дәл осы қарқынынан таймаса, жетістіктеріміз де болып қалар,- дегені бар еді.

   Бетке ұстар жалғыз жоғары оқу орны педагогтік институтта да, кадр тапшылығы қиындық туғызып жүрген болатын. Сол кездегі облыстық спорт комитетінің төрағасы Бақытжан Рахбиев, арнаулы жоғары білімі бар Алпысбай Аралбаевқа, педагогтік институт қабырғасында жас ұрпақ өкілдерімен жұмыс жүргізгеннің, облыс үшін тиімдірек екенін айтып түсіндірді. Соның алдында ғана Алматыға команда апарғанда бұрынғы бапкері М.Қапановтың:

- Сенің бапкер болып жүргенің мен үшін мақтаныш. Бірақ тек онымен шектеліп қалма. Институтта үздік оқыдың, енді ғылым саласына бет бұрғаның жөн. Сондықтанда бір тақырып алып, кандидаттық қорғауға талпыныс жаса,- дегені бар еді. Сөйтіп көпті көрген қамқор ұстазының ақылымен Атырау педагогтік институтындағы дене тәрбиесі кафедрасына қайта оралды.

   Аралбаевтің қабілетін байқаған институт басшылары көп кешікпей-ақ, оны аспирантураға орналастыруға мүмкіндік таппаса да, Мәскеудегі Ленин орденді Мемлекеттік орталық дене тәрбиесі институтына ғылыми тәжірибелермен айналысуға жіберді. Мұны ести сала Мұсабек Қапанов Оқу министрлігінің табалдырығын тоздырып, талай амалдар қарастырды. Әйтеуір шықпа жаным шықпалап жүріп, шәкіртінің аспирантураға қабылдануына жол ашты. Мәскеуге келген бетте ғылым докторы Рубен Артавазович Пилоян қарамағына шақырып, диссертация үшін тақырып бекітті. Сол кісінің жетекшілігімен «Балуандық өнерге баулу әліппесі» тақырыбы бойынша экспериментті жұмыс басталды. Ол үшін Мәскеу жанындағы Малаховка мектептерінен секцияға бала жинау жоспарланды. Ол жұмысқа кіріспес бұрын әлем чемпиондары А.Корнилаев пен А.Багдасарянның қатысуымен мектептерде қызықты кездесулер өткізілді.  

   Чемпиондармен болған ашық әңгімеден кейін, күреспен айналысуға ынта білдірушілер қатары толыға түсті.

   Малаховкада бұған дейін футбол, волейбол, баскетбол, стол теннисі, допты хоккей, самбо, жеңіл атлетика сияқты спорт түрлері жақсы дамығанымен, еркін және грек-рим күресімен айналысушылар мүлдем жоқ екен. Қазақстандық жас маманның жолы болып шәкірті И.Степанов екі жылдың ішінде Мәскеудің чемпионы атанса, тағы үш шәкірті жүлдегерлер қатарына қосылды. Бұрын балаларды күрес залына әке-көкелеп шақырса, енді топ-топ болып өздері келе бастады. Сөйтіп эксперимент ретінде секция ашқан Аралбаев, бара-бара жергілікті жастардың аңсап күтетін ұстазына айналды.

   1992 жылғы қараша айының бесінші жұлдызында Мәскеуде кандидаттық диссертация қорғалды. Арада екі ай өткен соң, диссертация ғылыми еңбек ретінде ресми жағдайда бекітілді. Сөйтіп жылдар бойы көздің майын тауысып, шұқшиған еңбек пен шелектеп төккен тер, берекесі мол тереңнен терілген маржанға айналды.

Алты жылдан кейін Атырауға ғалым болып оралған Алпысбай, бірнеше ғылыми мақалалар жазды. Сырттай оқу бөлімі деканының орынбасары, кафедра меңгерушісі бола жүріп, жаттықтырушылық қызметпен де айналысты. Белгілі бапкер Қ.Табынбаевпен ынтымақтасып, күні-түні тізе бүкпестен еңбек ету нәтижесінде, алты спорт шебері даярланды. Олардың арасында Б. Қошқаров, М. Оралбеков, Р. Ибрагимов сынды әлем чемпиондары да бар болатын. Шәкірттерінің осындай көрсеткіштері Алпысбай Аралбаевтың Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы атануына септігін тигізді.

23

   Х. Досмұхамедов атындағы Атырау Мемлекеттік университетінің дене тәрбиесі кафедрасының меңгерушісі, профессор Алпысбай Сейітқалиұлы Аралбаевтан әйгілі М. Қапановтан тәлім алған бұрынғы курстас достары мен өзінің қазіргі шәкірттері жайлы сұрағанымда:

- Біз оқу бітіргелі отыз жылға жуықтап қалды ғой. Бірге жаттыққандарды айтсам Талғат Сәрсенбаев Семейде профессор, Нұрқан Сарымсақов Қызылордада полиция полковнигі, Қайрат Байбақтинов ауыл әкімі, Серік Құрақбаев Талғарда аудандық спорт комитетінің төрағасы, Бектай Хасенов Көкшетауда балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры. Шынымды айтсам басқаларының қайда екенін білмеймін. Ал өз шәкірттеріме тоқталсам, қазір бұрынғыдай күн сайын тер төгіп жаттығу өткізуге қол тиіңкіремей жүр. Бірақ білікті жас бапкерлер еңбек етуде. Әр отбасының оқысын, азамат болсын деп жіберген қасы мен қабағына қарап отырған ұл-қыздарын тәрбиелеудегі жауапкершілікті түсінеміз. Сондықтанда спорт пен пәндік сабақтарды бір-бірінен бөліп қарау мүмкін емес. Жан-жақты шыныққан шымыр, зерделі ұрпақ өссе бәрімізге абырой ғой. Әйтседе «құстың бәрі сұңқар болмас, аттың бәрі тұлпар болмас»,- демекші шәкірттеріміз шетінен, белдескеннің белін үзетіндей дүлей күш иесі деуден аулақпын. Дегенмен әркімнің өз шығар биігі бар емес пе? Қалай болғанда да шәкірттеріміздің өмірден тепкі көрмей, лайықты азамат болатындықтарына сенемін. Себебі олардың университет қабырғасында алған білімдері мен көрген тәрбиелері қандай бәсекелестікке де төтеп бере алары анық,- деп сенімді түрде сыр бөлісті.

   Шәкірт сыры-ұстазға мәлім. Олай болса бір кезде ата жолын қуып балуан болған ұлдың, ұстаздық қуанышына біз де ортақпыз.

 

 

 

Жүсіп Хисымов, Қазақстан дене тәрбиесіне

еңбегі сіңген қайраткері, Қазақстан Республикасының

құрметті спорт қайраткері, КСРО журналистер Одағының

мүшесі, Халықаралық спорт журналистері

қауымдастығының мүшесі

Теги АГУ70 сайттайсойган тайсойғансайты