АДАЛ ЕҢБЕК ҚАНА АБЫРОЙҒА ЖЕТЕЛЕЙДІ

АДАЛ ЕҢБЕК ҚАНА АБЫРОЙҒА ЖЕТЕЛЕЙДІ

Адам баласының өмірлік ұстанымы болмыс бітіміне сай қалыптасып, мінез-дағдысына айналары хақ. Алайда, тұлға боп танылу кез-келген жанның қолынан келе бермесі анық. Әйтсе де, тағдыр талайы өмірден алған тағылым-тәлімін сабақтап, өзіндік орынын қалыптастыруына алып келеді...

Болмысынан бірбеткей, біртоға кейіпімен танылып, адал еңбегімен абыройға бөленген жан Болат Амангелдіұлы Ермековтың есімі туып, өскен ортасы киелі Қызылқоға өңірі мен мұнайлы Мақат ауданына етене таныс. Болат сол ортада есейді, еңбекпен шыңдалды, рухани толысып, бүгінде адами тұлғасын қалыптастырған азамат.

Жасынан білімге құштар жан мектепті ойдағыдай аяқтаған соң, Гурьев педагогика институтының тарих, қоғамтану және советтік права пәнінің мұғалімі мамандығын оқып, дипломын қолына алады. Жастайынан спортқа икемі жоғары жас институт табалдырығын аттаған күннен бастап күрес секциясына қатысып оқумен қоса спортты да өміріне серік етті. Осы жолда төккен тері де босқа кетпеді. Оқуға түскен жылы күрестен облыс құрама командасы сапына еніп, республикалық жарыстарда облыс намысын қорғады. Бірнеше дүркін облыстық біріншілікте жеңімпаз болып, абсолюттік чемпион атанды. Республикалық турнирлерде жеңімпаз болып жүрді.

6ac0dc6a-e55f-4a85-80aa-407d9e0ad20f

Азаматтық позициясы мықты, өз туған жеріне деген сүйіспеншілігі зор жас маман еңбек жолын туған ауылынан бастауды ұйғарды. Сөйтіп, 1985 жылы тамыз айынан бастап, Қызылқоға ауданы, Жасқайрат селосындағы Ш.Т.Еркінов атындағы орта мектепке тарих пәнінің мұғалімі боп орналасады.

Жас ұрпаққа сапалы білім беруімен қатар, саналы тәрбие берудің маңыздылығын берік ұстанымына айналдырған жігерлі жас педагогикалық тұрғыда тағылымды ісімен танылып үлгерді. Бір жылдық еңбек өтілінде барлық қырынан таныла білген Болат Амангелдіұлының болашағынан сатылап өсуінің сүрлеуі сайрап жатты...

Ол 1986 жылдың маусым айынан бастап аудан орталығы, Миялы селосына қызметін ауыстырып, сол кездегі жастар ісін ұйымдастыру орталығы - Қазақстан ЛКСМ аудандық комитетінің нұсқаушылығын атқарған кезде қоғамдық еңбекке белсене араласты.

4f44ea41-cb7b-4c1c-adfc-c3857f3f7e22

Кейін Кеңес әскері қатарында Отан алдындағы борышын өтеп қайтқан соң, туған ауылы Жасқайрат селосында спорт жөніндегі әдіскер, совхоздағы комсомол комитетінің хатшысы боп, еңбек жолын жалғастырады. Ал 1990 жылы аудан орталығы – Миялы селосына қызметі жоғарылап, Қазақстан ЛКСМ –і аудандық комитетінің бірінші хатшылығына тағайындалады. Жалындаған жас жауапкершілігі зор қызметте әр қырынан әбден шыңдалып, белсенді ісімен ауданда өзіндік орынын қалыптастырған болатын.

59091b38-ea09-487b-ad8a-2adab899880d

Қай заманда да қоғамның бастаушы күші, локомотиві бола білген жастарды бастау, оларды отаншылдық рухпен елінің ертеңіне сенімін ұялату ұстамды басшының ғана қолынан келеді. Болат Амангелдіұлы осындай бағаға лайық, көшбасшылығымен танылған азамат. Заман талабы өмірдің түрлі соқпақтарынан өткенде құқықтық білімнің аса қажеттігін талап етеді. Осыны ескерген ол 2001 жылы «Ақниет» қазақ заң колледжінде оқып, заңгер мамандығы бойынша квалификацияға ие болды. Тәжірибесі тәлімді тұлғаға кез келген саланың тізгінін ұстау қиын болмайтыны анық. Осылайша оның ауданға танымалдылығы арта бастаған тұста, яғни 1993 жылы іргелі мекеменің бірі - аудандық Тұрмыс қажетін өтеу комбинатының директорлығы қызметін атқару сеніп тапсырылады. Кешікпей, халық депутаттары аудандық кеңесінің аға референтін жауапкершілігіне алды. Өзіне сеніп тапсырылған қандай қызметтің де абыройын асырып, іскерлік қабілетімен танылған азамат 1993 жылы Жылыой аудандық әкімшілігі жанындағы жастар ісі жөніндегі комиттеттің бас маманы қызметіне шақырылып, Құлсары қаласында тәжірибе алмастырды.

0ec00433-d594-4284-9a29-834f67c8e68c

    Халқымыз: «Өзі жақсы адамға бір кісілік орын бар» - демей ме, жауапкершілігі зор қызметтерде пісіп, жетілген маман 1994 жылы Қызылқоға аудандық Ішкі істер бөлімінің қылмысты іздестіру бөлімшесіне аға жедел уәкіл қызметіне орналасады. Қызметіне адал, тиянақты да тындырымды ісімен құқық қорғау саласында да өзін жақсы қырынан таныта білген Болатты әріптестері де құрметтеп, өз ортасында үлгі тұтты. Әріптестерінің сенімін арқалаған азамат, 1996 жылы жаңадан құрылған Қызылқоға ауданы бойыншы Мемлекеттік Тергеу Комитетінің бастығының жедел істер жөніндегі орынбасары болып тағайындалды. Кейін, 1997 жылдан 2001 жылға дейін аралықта Мемлекеттік Тергеу Комитеті таратылған соң Қызылқоға аудандық Ішкі Істер бөлімі бастығының жедел істер жөніндегі орынбасары лауазымын атқарды.

Әрине, өмір бір орында тұрмайды. Еңбек нанын көршілес Мақат кентінен бұйыртқан өмір парағы 2001 жылдың наурыз айында басталды. Мақат аудандық Ішкі Істер бөлімі бастығының кадр жөніндегі орынбасарлығына ауысып келгеннен кейін келесі 2002 жылы Мақат аудандық №8 өртке қарсы қызмет бөлімінің бастығы лауазымына тағайындалды.

IMG-20200530-WA0007

Болмысынан өнерге жаны жақын, әсіресе, түрлі жанрдың теориясын жіті түсінуі, кәсіби білімі де, рухани таным-түсінігі де ұлттық құндылықтарға ұсталығын танытып тұратын қасиеті келген ортасында беделін арттыра түскендей. Осылайша өмірінің сүрлеуі ауданның басқару аппаратына қажетті маман екенін байқатады. Мемлекеттік қызмет жауапкершілігі жүктеген тәртіппен өзінің кәсіби әрі саяси біліктілігін дәлелдеп, 2005 жылдың тамыз айынан бастап, аудандық Ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің меңгерушісі, кейін Мақат ауданы әкімі аппаратының басшысы қызметіне тағайындалған Болат Амангелдіұлы 2019 жылға дейін сала қызметі түрлі құрылымдық өзгерістерге ұшыраса да табанды еңбек етті. «Ер еңбекте сыналады» емес пе, қандай қызмет тізгінін ұстаса да ұжымын ұйымшылдықпен ұйыстырып, әріптестерінің пікірімен санасуды адамгершілік тұрғысында санасына зерделеді. Осы жылдар ішінде мемлекеттік қызметтегі жұмысына үзіліс жасап, «Semser - Security» ЖШС, Атырау облыстық филиалының Мақат аудандық желілік өндірістік басқармасындағы жеке күзет бекетінің бастығы лауазымында да қызмет атқарды. Бірақ, оның білімі мен тәжірибесі мәдениет пен өнерден алшақтауын қаламағандай. «Ат айналып қазығын табады» дегендей, ауданның мәдениет саласын басқару тізгінін ұстаған жанның ұжымдастары да оған арқа сүйеп, кез келген істің шешім тауып жүретін басшысының «өз орынтағына» лайық екенін қалады.

Сәрсембаймен бірге

Олардың бұл ұсыныстарын жергілікті атқарушы билік те құптап, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімін басқарған Болат Амангелдіұлының аудан мәдениетін дамытуға қосқан үлесі зор. «Бұлақ көрсең, көзін аш» - дегендей, аудан өнерпаздарының табиғи талантын танытар байқаулар мен өнер сайыстарын, рухани жетістіктерін шыңдайтын түрлі додалардың аудандық шеңберде ғана емес, облыстық деңгейін ауданда ұйымдастыруға ұйытқы бола білді. Ауданның мәдени ошақтарын заманауи талапқа сай реконструкция жасатып, құрылымдық басқару ортасын жергілікті бөлімге жүктелуіне үлкен ықпал жасады. Бұл мемлекет қаржысының жүйелі жұмсалуына негіз болар идеялар болды.

«Қалауын тапса, қар жанады», Болат ұйымдастырған әрбір шараның жинақылығы көрермен көңілінен шығып, тыңдарманына рухани азық сыйлар мазмұндылығы тұрғындар есінде. Атап айтсақ, ауданның мерейлі жылдарын атап өту мақсатында ұйымдастырылған кең ауқымдағы мәдени көпшілік шаралармен қатар, айтыс өнерінің аудан төрінде ұйымдастырылуын, кітапхана семинарлары мен кітап оқырмандар конференцияларын облыстық шеңберде ауданда өтуін дәстүрге енгізді. Ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын мұнайлы өлке өнерпаздарына әрдайым қолдау көрсетіп, ауданның мерейін халықаралық конкурстарда топ жаруына да қолдау көрсетіп отырды. Бұл жұмыстары жеміссіз емес. Аудан абыройын асқақтатқан «Шаттық» би-ансамлінің бірнеше тобы, халық ұлт-аспаптар оркестрі, вокалды топтардың өнері аудан, облыс, республикалық, халықаралық конкурстардың гран-приін алып қайтуы осының дәлелі. Әрине, бір пайыз қабілет болса, 99 пайыз еңбектің ғана жеміс беретінін өзі басшылық жасаған сала қызметкерлеріне талап қоюынан – ақ көрініп тұрады.

a4ba21a8-2ef1-4484-a77c-2e210febd328

Аудан кітапханаларының оқырманын жаңаша көзқараспен тарта білуі әрине, басшылықтың қолдауын күтеді. Мақаттағы көне ғимараттың заман үрдісіне сай күрделі жөндеуден өткізіліп жабдықтауына жергілікті бюджет арқылы талап қоя білген басшы да Болат Амангелдіұлы болатын. Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында кішкене оқырмандар үшін үлкен өзгеріс жасауды ұйғарған басшы бұл істің де оңтайлы шешімін тауып, халықтың алғысына бөленді. Халықтың алғысы абыройлы марапаттарға сабақталып, ел тәуелсіздігінің, мемлекеттік нышандардың мерейлі жылдарында өңіріне мерекелік медельдар жарқыратса, 2011 жылы ел Президентінің алғыс хатына, қызметіне лайықтылығын дәлелдейтін Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінің сертификатына ие болды. Сондай-ақ, нәтижелі еңбегін бағалаған бірнеше мәрте облыс әкімінің алғыс хаттарына, салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің  кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің Атырау облыстық филиалының алғыс хаты, құрмет грамоталары, Дүниежүзі Қазақтары қауымдастығының алғыс хаты оның еңбегіне берілген баға деп білеміз.

IMG_6476

Адал еңбек қана абыройға жетелейді. Мәдениет саласында үздіксіз қызмет етіп, аудан мәдениетіне қосқан зор үлесі үшін 2016 жылдың қорытындысымен "Жылдың үздік мәдениет қызметкері" атанса «Үздік адамдар» Халықаралық энциоклепедиясына еніп редакциясының І-ші дәрежелі дипломымен және Халықаралық сараптама кеңесі төралқасының ұсынысымен «Даңқ галереясы» номинациясы бойынша «Сіңірген еңбегі үшін» орденімен марапатталды. 

Болаттың адамгершілігі, айналасына қамқор ниеті, дос-туысқа сыйластығы ерекше жан. Қоғамдық пікір туындай қалған жағдайда жалтақтыққа жаны қас – турашылдығы әсіресе, биліктегілердің көңілінен шыға бермейді. Десек те, өмірде өзіндік орынын таңдап, әділеттілікті ұстанымына айналдырған жанның ар-ұжданы биік өрені бағындырады. Сондықтан да болар, іскер маман, білікті басшы бола жүріп жиған абырой тек қана адалдығының жемісі.  

 

Лена НҰРБАЕВА,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Теги АГУ70 сайттайсойган тайсойғансайты