АҢСАУДАН ТУҒАН ӘН ЕДІ...

АҢСАУДАН ТУҒАН ӘН ЕДІ...

Сағындырған сол бір ән

1981 жылдың наурыз айы...

Композитор Шәміл Әбілтаев Қазақстанның оңтүстігіндегі Сарыағаш санаторийіне демалуға келді. Санаторий таудың етегінде, жасыл орманның арасында орналасқан. Көктем ерте шығатын түстік өңірде сол бір жылы да күн шуағы молынан төгіліп, табиғат жарықтық мейірімді анадай иіп тұр еді. Маңайдан жаңа бой көтерген жас шөптің иісі мұрын жарады. Ал демалыс аймағын қоршай, қаумалап өскен айгөлек қайыңдар сұлу қыздай сыланып, өзінің әсемдік әлемін тамашалауға шақыратындай. Көз бен көңілді арбаған бір жұмақ дүниесі.

Санаторийға осындай бір көктемнің керімсал күндерінде әрі демалыс, әрі шабыт іздей келген Шәміл аға осы жерде ел есінен өшпес ғажап әнді дүниеге әкелді. Алайда, бұл әннің тууына мұндағы табиғат сұлулығынан гөрі, басқа бір жағдайдың әсер етерін композитордың өзі де білген жоқ еді...

 

* * *

Сонымен, Шәкеңнің демалыс күндері ойдағыдай өтіп жатты. Санаторийде жаныңа не керектің бәрі табылады. Таудың жанға рахат қоңыр кештерінде жақсы ән мен тәтті күй жүрек тербейді. Одан қалса, теледидар, газет-журнал бар. Санаторийға пошта күн құрғатпай келеді.

Фото Шәміл

Осындай күндердің бірінде асханада отырған Шәкең қолына жаңа тиген «Социалистік Қазақстан» газетін оқып отырып, әлденеге елең етті. Газеттің төртінші бетінде ақын Кәкімбек Салықовтың бір топ топтама өлеңдері тұр екен. Кәкімбек поэзиясын жанындай сүйетін Шәміл дереу алдындағы асын ұмытып, өлеңдерді бір демде оқып шықты. Жеке-жеке тақырып қойылмаған, аралары үш жұлдызшамен бөлінген өлеңдердің ішінен бір екі шумақ Шәкеңнің назарын бірден аударып, көңілін толқытты. Өлеңде туған елден шет жүрген адамның жүрек төзгісіз, аһ ұрғызған сағынышы жатыр. Иә, сол кезде шынымен де Кәкімбек аға араға іріткі салғыш біреулердің кесірінен Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың ренішіне ұшырап, елден жырақта, Мәскеуде тұрып жатқан еді. КПСС Орталық комитетінде нұсқаушы болып қызмет істеп жүрді. Осындай себеппен елден шет жүрген ақын елге деген сағынышын әлгі екі шумаққа сыйғызыпты...

Фото Кәкімбек

Асханада отырған күйі өлеңді қайта-қайта оқыған Шәміл тамағын асығыс іше салып, бөлмесіне бет алды. Осы кезде жүрегін жаңа әннің сазы кернеп бара жатқанын сезді. Бөлмеге кірген бойда домбырасын қолына алып, газетті алдына жайды. Сөйтіп, жаңа әннің сазы бірден сазгердің күміс көмейінен өлеңімен қоса төгіліп, сол сәтте тұңғыш шырқалып еді. Осы бір ғажап көрініске куә болған демалушылар мәз болып, Шәкеңді құттықтап жатты. Композитор жаңа әнін «Аңсау» деп атады.

Сол күні кеште Шәміл Мәскеуге телефон шалып, тұтқаның ар жағында тұрған Кәкімбек ағаға сағынышқа толы арманды әнді мөлдірете орындап берді.

-Айна-а-а-а-а-лайын, Шәмілжан, рахмет,-деді Кәкең ризашылықты, әрі өксікті үнмен. – Бұл менің елге деген сағынышымды паш еткен тамаша ән болды. Төбемді көккке жеткіздің, қалқам...

 

***

Арада жылдар өтті. Өз қатесін түсінген Димаш аға Кәкімбекті елге шақыртып, бауырына қыса құшақтап тұрып, кешірім сұрады. Алматыдан қызмет берді. Екеуі рухани дос боп кетті. Ал «Аңсау» болса, ғұмыры ұзақ әнге айналды. Оны тұңғыш орындаған сол кездегі жас әнші Қайрат Байбосынов еді. Ал әннің осы тарихын маған Шәміл ағаның өзі айтып берген болатын.

Фото Ханзада1

Соңғы жылдары неге екенін қайдам, «Аңсау» сирек орындалатын болды. Оны ара-тұра ҚР Халық артисі Қапаш Құлышеваның және ҚР Мәдениет қайраткері, атыраулық әнші Ханзада Сахыпованың орындауында тыңдап қоямыз. Әннің естісін сүйетін тыңдарман бұл әнді әркез сағынады. Ендеше, сағындырған сол бір аяулы ән – «Аңсауды» еске түсіріп көрейік және Ханзаданың орындауында тыңдайық:

 

Шөліркеген далаға жаңбырлы бұлт болар ма ем,

Піскен кезде мол егін дихан болып орар ма ем.

Қайтқан құстар барады Еділдетіп, Оралмен,

Елге жетіп қалар ма ем, ере кетіп солармен, солармен.

 

Сағынғанда көрінер терезеден ауыл жақ,

Ол да қызық білгенге, ол да адамға тәуір шақ.

Самолеттер көктегі ұшқан бұлтты бауырлап,

Ішінде мен жоқ болып, бара жатыр ауырлап, ауырлап.

 

Міне, елге деген мөлдір махаббат пен сырлы сағынышты паш ететін арманды ән – «Аңсау» осылай туған еді.

Тарас НАУРЫЗӘЛІ,

Атырау қаласы