ӨЗБЕК-ӨЗ АҒАМ

ӨЗБЕК-ӨЗ АҒАМ

 

      Бисенбай

Бисенбай Бисенғалиев.

Ардагер геолог-барлаушы, «Құрмет» орденінің, ҚР Энергетика және минералды ресурстар министрлігінің «Құрмет грамотасы», «ІХ бесжылдықтың социалистік жарыстың жеңімпазы», «Қазақстан мұнайына 100 жыл», «Қазақстан мұнайына 120 жыл», «Маңғыстау мұнай-газ барлау» кешенді экспедициясына 50 жыл», «Маңғыстау мұнайының 50 жылдығы», «Еңбек ардагері», «Қарақия ауданына 45 жыл», «Жер қойнауын барлаудың үздігі» төсбелгілері иегері. Есімі «Ел ардақтылары-Бұрғышылар» жинағына, «Незабываемое: страницы истории Мангистау» энциклопедиясына, «Олар алғашқылардың бірі болды. Они были первыми» кітабына енген. Туған ауылын мәңгілік есте қалдыру жобасының жетекшісі, идея авторы, Ақтау қаласындағы «Геолог-барлаушылар аллеясы» идеясының авторы, «Сағыз мұнай өндіру кәсіпшілігі» энциклопедиялық жинағының, «Студенттік естелік әңгімелер», «Бисенғали әулеті»  кітаптарының авторы.

 

ӨЗБЕК – ӨЗ АҒАМ

...

Жақын арада күнделіктерімді ақтарып отырып, ертеректе жазған бір жайға көзім түсті. Бұл жай әбден ұмытылмағанмен, кейбір тұстары көмескілене бастаған екен. Күнделік бәрін есіме түсірді. Альбомнан суреттерді де таптым.

  2004 жылы тамыз айында, жаңадан ғана сырқаттанып бастаған кезде (11.05.2004 ж. инсульт), Ермек екеуміз мекемемнің демеушілігімен Алматыдағы Министрлер кабинетінің емханасында (Совминнің клиникасы) емделіп, содан кейін «Алатау» шипажайында демалғанбыз (қазіргі кезде осынау керемет шипажай жекеге өтіп, шетелдіктер мейманханаға айналдырыпты деп оқыдым).

Шипажайдың біз орналасқан бөлменің балконынан көрінісі.

Шипажайдың орналасқан жері ғажап екен, Алатау баурайы, таза ауа, ну орман, жасыл желек, жанға жайлы тыныштық, өте жоғары деңгейдегі қызмет көрсету сервисі. Әкім қаралар, депутаттар, байшікештер демалып, емделетін айтулы жер екен. Гольф алаңы, жасанды көлі, көлде серуендеу үшін жалға қайықтар беретін орны бар. Жыл сайын күзде, қыркүйек айының басында, Дариға Назарбаеваның ұйымдастыруымен, қатысуымен «Алматы – моя первая любовь» деген ретро әндер фестивалі өтіп тұратын жер екен. Фестиваль басталмас бұрын бір жетідей сахна дайындалып, репетициялар болады. Алматы қаласының барлық мейрамханалары фестиваль күні сол жерде көрме-жәрмөңке ұйымдастырып, фестиваль қонақтарына, көрермендерге қызмет көрсетеді.

 

Жоғарыдағы суреттерде мейрамханалар көрме-жәрмөңкесінен көріністер.

Өте тамаша кезге тап болыппыз. Бәрін тамашаладық, бүкіл Қазақстанның аты танымал эстрада жұлдыздарымен репетиция кезінде жүздестік, суретке түстік, репетицияларын тамашаладық.

Репетициядан көрініс. Дариға Назарбаева, Нұрлан Абдуллин дуэтпен ән орындауда.

 Дариға Назарбаеваның репетицияларын көріп, өзімен де кездесіп тұрдық бір жеті бойы. Фестивальді тамашалап, барлық «осы қалай» деген Алматының атақты мейрамханаларының аспаздары, кулинарлары дайындаған дәмдерін таттық. Күнде кешке көлге барып, жалға ескекті қайық алып, Ермекті қайықпен көл бетінде серуендеттім. «Ескегіңді берші маған, мен есейін, сен еспе» дегендей, ескекті өзім естім. Тынық көлдің айдынында тек екеуміз ғана.

  Таң атар атпастан ерте тұрып, паркке шығып, көлді, барлық аяқ жетер жерлерді бір аяқ жол қылып салынған серуендейтін маршрут бойынша жаяу аралап шығамын. Таңғы таудың ауасы керемет! Табиғат та тамаша! Жер жәннаты ғой, басқаша айту мүмкін емес. Паркте фазан, кекіліктер шұбырып жайылып жүр. Жақындатпайды, бірақ алысқа қашып та кетпейді. Үйренген.

  Көптеген атақты адамдарды, саясаткерлерді көрдім. «Дос-Мұқасан» ансамблінің барлық мүшелерімен кездестік, әңгімелестік, суретке түстік. Досым Сүлеев, Мұрат Құсайынов институтта маған автоматикадан сабақ берген. Екеуімен де суретке түсіп, әңгімелесіп, сабақ бергендерін айтып, қызықты жайларды еске алып бір мәз болдық. Бұл кездесуіміз және  жалпы ансамбль жайында мен арнайы, «Дос-Мұқасан» деген бөлек әңгіме жазып, желілерде, сайттарда жарияладым.

  Бір күні Ермек екеуміз бақта демалып отырғанда қасымызға әдемі киінген, сұңғақ бойлы, ақ шашты, сымбатты, жылы жүзінен нұр төгілген қарт адам, әдемі жұбайымен келіп отырды. Қарап отырмай, бізбен жақынырақ танысқысы келетінін, біраздан бері сыртымыздан көріп жүргендерін айтты. Біздер де оларды көріп жүргенбіз. Таныстық. Әңгімелестік. Күнде кездесіп жүрдік. Өте салиқалы, көргендері көп, елдің ақсақалы екен. Мәдениетті, әңгіме айтуға да, тыңдауға да құмар, білгісі келіп тұратын адамдар екен. Қарттың жасы 85-те, ұлты – өзбек, жұбайының жасы 73-те, ұлты – тәжік. Екеуі де әдемі, жарасымды жұп, жастарына қарамай заман талабына сай, «современный» қариялар. Әңгімелері тартымды, қазақшасы таза. Менменсіген, «болғанбыз, толғанбыз» деген ісіп-кепкен тәкаппарлық жоқ. Кішіпейіл, өзіміздің күнде араласып жүрген ағайындарымыз, немесе бірге жүрген жасы үлкен де болса замандас ағамыздай ұстайды өзін. Жеңгеміз де ағамызға сай кішіпейіл. Өмірден байқағаным, жақсы адамдардың өрелері биіктеген сайын қарапайым болатын сияқты. Өмір жолымда жақсы адамдар көп жолықты, сондай қасымда болған жақсы адамдарым жайында біршама естелік әңгімелер де жаздым, әлеуметтік желілерде жарияладым. Бұл әңгіме де солардың бірі. Қазақта «Жеміс ағашы биік болмайды, иіліп тұрады» деген бар ғой. Бұл айтылғандар дәл осы жұпқа арналғандай.

Жоғарыда аға-жеңгемізбен суреттер.

  Ташкенттен әдейі осы «Алатауға» демалуға келіпті. Қызымен, күйеу баласымен келген. Қызы бүкіл Өзбекстанның дәріхана жүйесін басқарады, күйеу баласы да дөкей. Балалары, немерелері кілең оқыған, тоқыған, ірі-ірі мекемелердің, мемлекеттік маңызға ие салалардың басшылары екен. Қарттың өзі Қызылорда облысының Қазалысында туған, бала кезінде Самарқандқа көшіп кеткен. Соның өзінде қазақшасын ұмытпаған. Ұлы Отан соғысына басына аяғына дейін қатынасқан, жараланған. Соғыстан кейін үйленген, оқыған, соңғы кездері Самарқанд облысының партия комитетінің бірінші хатшысы болып зейнетке шыққанша өңірді ұзақ жылдар басқарған. Өмір жолы ауыр да қызық. Соғыстан кейін астыртын жұмыспен, одақтық  қауіпсіздік комитетінің тапсырмасымен, Қытайдың ұйғырлар шоғырланған жерінде болып, төңкеріс ұйымдастыруға басшылық жасаған. Өзбекстанның бірінші хатшысы Ш.Рашидовпен жақсы, тығыз араласқан. Жұбайының төсіне рак  түсіп жақында Москвада ота жасатыпты. Жеңгеміз сырқат адамға ұқсамайды. Бұтында жылтыраған ақ шалбар, аяғында сәнді сүйретпе туфли. Келіскен адам. Толық емес, жақсы сақталған. «Сыры кетсе де сыны кетпеген» дегендей емес, сыры да, сыны да орнында. Айта берсе әңгімесі көп әрі қызық.

  Бір күні Ермек екеуміздің жақында кететінімізді біліп, жатқан жеріне жолаяқ, қонақасыға шақырды. «Шақырғанға бар, шаққаннан қаш», «Жақсы адаммен өткізген аз уақыт жаманның өтіп кеткен өміріндей» дегендей ғой, бардық. Қызы мен күйеу баласы бөлек екен де, ағамыз жеңгеміз екеуі төрт кең бөлмелі, кухнясы, 2 жуынатын бөлмесі, 2 балконы бар апартаментте   орналасқан екен. Дәрежесіне, атағына сай орналасқан. Дүниені жалпағынан басып тұрса да өте қарапайым, кішіпейіл жандар. Жеңгеміз қызымен бірге қаладағы бір клиникаға, басқа да әртүрлі шаруаларымен кеткен екен. Алдына алжапқыштың орнына үлкен орамалды байлап алып, шәйді ағамыздың өзі қойды, дастархан мәзірін өзі реттеді. Қымбат шарапты өзі ашты, жеміс-жидектерді де өзі аршып, өзі турап, бөлді. Үлкен адамның бізге қызмет жасап жатқанына Ермек екеуміз ыңғайсызданып, көмектесуге тұра-тұра ұмтыламыз, ағамыз бізді орнымызға отырғызып әлек. Ағамыздың қол-аяғы жеңіл, ненің не екенін білетін, салиқалы да, сабырлы, мәдениеті жоғары жан. Өмір көрген, орта көрген. Жеміс-жидекпен, қымбат шараппен, хош иісі бұрқыраған, біліктілікпен бұқтырылған жапырақты шәй ішіліп, әңгіме-дүкен құрдық.

Шәй үстіндегі әңгіме.

Шәйдің, жеміс-жидектің қыбын білетін өзбек ағамыз бәрін өте жоғары деңгейде дайындады. Шәй әрине көк шай екені айтпаса да түсінікті болар. Өзбекпісің деген осы ғой. Осының алдында ғана бізді кафеге алып барып сыйлаған. Біздің «Сіз үлкен адамсыз, біздің жасымыз кіші әрі қазақтың елінің қонағысыз, біз Сізді сыйлаған болайық, кафенің, қонақтықтың ауыртпалығын біз көтерейік» дегеніміз жөніне қалды. Ағамыз «Менде қалған азын-аулақ Қазақстанның теңгесі бар, еліме барғанда оны не қыламын, сендерге жаратайын» деп шыр-пыр болды. Біз көндік. Ондай ұлағатты адамның жөн сөзіне көнбеу мүмкін емес еді.

  Біздің немізді, қай қылығымызды ұнатқанын қайдам, өзі біледі. Әйтеуір осындай тамаша адамдармен біршама уақыт жолдас, дәмдес болғанымызға, әдемі әңгімелерін тыңдағанымызға, біраз нәрселерді үйренгенімізге, санамызға тоқығанымызға бір ризамыз. Жеңгеміз қызымен бірге жиі қалаға барып жүрді де, күйеу баласы да шаруа бабымен қалада болады. Сол кездерде ем-шаралардан босағанда үшеуміз, кейде екеуміз әңгімелесіп жүрдік. Жоғарыда айттым ғой, ақсақалдың өмірі шым-шытырық оқиғаларға толы, әсіресе қытай елінде құпия тапсырмамен жүрген кезі тіпті керемет. Бір реті келгенде ол әңгімелерге де тоқталармын, қолымнан келсе әдемілеп жазармын да. Қазіргі айтайын деп отырғаным басқаша, мен үшін маңызы басым әңгіме. Қандай маңызға ие екенін осы жазбамның соңғы жағында жазармын. Осы әңгіме үшін ғана жоғарыдағылардың барлығын тәптіштеп жазып отырмын. Сонымен әңгіме ағамыздың баяндауынша былай өрбіді:

  «Жастай соғысқа аттандым. Соғыстың аты соғыс, кез-келген уақытта о дүниеге аттануың ғажап емес. Үйленбеген жас жігітпін. Айнала өлім. Қазір бар адам қазір жоқ. Құдайға жалбарынамын: «О, Алла! Мені тірі қалдыра гөр, еліме, ата-анама көрістіре гөр» деп зар илеймін. Көз жасымды, күні-түні жалбарынғанымды қабыл алды Жаппар Ием. Алған жарақаттарым болмаса, дін аман күйімде соғысты аяқтап, еліме оралдым, ата-анаммен қауыштым.

  Ендігі Алладан тілегенім: «О, Алла! Иманы бар, дұрыс тәрбие алған, адал сүт емген қызға кездестіре гөр, анамның қолын ұзартайын» болды. Бұл тілегім де орындалды. Жаппар Ием тілегімді қабыл алды.

  Үйленгеннен кейінгі тілегім: «О, Алла! Перзент бере гөр, ата-анама немере сүйгізейін, ұрпағымды көбейтейін, артыма тұяқ қалдырайын» болды. Бұл тілегім де қабыл алынды, біртіндеп балаларым өмірге келе бастады.

  Содан Қытай еліне құпия тапсырмамен аяқ астынан аттанып кеткесін, жат жерде жүргенде тілеген тілегім: «О, Алла! Баламды қолынан жетектеп мектепке апара аламын ба, жоқ па? Әлде сүйегім жат жерде қала ма? Маған жәрдем бере гөр, еліме аман-сау жетіп, отбасымды қуантып, баламды мектепке қолынан жетелеп апарайын» дедім. Жаппар Ием мені ұмытпаған екен, тілегім орындалды. Қытай үкіметінің қолына түсіп қалмай, біраз қиыншылықтармен, қашып-пысып, тығылып жүріп, тапсырманы орындап, елге аман оралдым. Баламды, өзім армандағандай, қолынан жетектеп мектеп табалдырығынан аттаттым. Содан не керек, балаларым мектептерін де, басқа оқуларын да аяқтай бастады.

  Азамат болған, ер жеткен балалары бар ата-аналар сияқты мен де: «О, Алла! Адал сүт емген келін көрсем, текті жермен құдандалы болсам, немере сүйсем» деп өзіме ылғи оң көзімен қарайтын Жаппар Иеме жалбарына бердім. Тілектерім көбейе берді, бірінен кейін бірі шыға берді, шыға берді. Мен де тілеуден жалықпадым. Алла Тағалам да бере берді, бере берді, тарылмады.

  Күндердің күнінде соғыста алған жарақаттарым сыр беріп, асқынып ауырып, ота жасатуға тура келді. Күрделі, қиындау ота болды. Тағы да: «О, Алла! Отадан аман шығара гөр, талай қиын кездерде көмек беріп едің ғой, осы жолы да қол ұшыңды соз мен сияқты пақыр пендеңе. Жанымды алып қал, енді немеремді мектепке қолынан жетектеп мектепке апаруға жәрдемдес» дедім. Ешқашан менің тілектерімді естімей қалмайтын Жаппар Ием бұл тілегімді де берді. Ота сәтті шықты, аман қалдым. Немеремді қолынан жетектеп мектепке апардым. Немерем оқуларын (мектепті, институтты, тағы бір оқуларды) бітірді, үйленді, шөбере сыйлады. Ағамыздың немересі Өзбекстанның атом өнеркәсібін бе, әлде авиакосмос саласын ба, ұмытып отырмын, басқаратын дөкей басшы.

  Соның арасында жұбайым сырқаттанды. Енді «О, Алла! Құдай қосқан қосағымды аман алып қала гөр, отасын сәтті шығара гөр» деп жалбарындым Жаппар Иеме. Жаратушымыз мені әбден жақсы танып алған сияқты, көзімнің жасын бірден байқайды, тілеген тілектеріме оң көзімен қарайды, қабыл алады. Бұл жолы да тілегімді берді. Қосағыма жасалған ота сәтті шықты, аман қалды. Екеуміз ұрпақтарымыздың қызықтарын бірге қызықтаудамыз.»   

  Ағамыз сәл демалып, қулана жымиып, маған қарап мырс-мырс күліп алды. Шәйін ұрттап қойып тағы да қуақыланып мәз-мәйрам болды. Мен аң-таңмын «Ағамыз енді не айтайын деп отыр екен, айтып отырғандарының барлығы да қарапайым қаймана қазақтың, әрбір пенденің күнделікті тілейтін тілектері емес пе, оның не сөкеттігі бар? Дәу де болса бірдеңеге тірейін деп отыр ғой, әліптің артын бағайын, маған қарап күлуінде бір мән бар сияқты» деп отырмын. Ағамызға қарап мен де күлімсіредім. Әңгіменің қалған жағы қызық болатынын, қызығушылығым оянғанын күліп білдірген болдым. Кульминация жақын. Ағамыздың жарқын, қуақыланған жүзіне қарап күлмеу мүмкін емес еді. Сәлден соң өзіне өзі келіп алғасын ағамыз әңгімесін жалғастырды. «Өзім де қатты ұялып жүрмін Жаратушы Жаппар Иемізден. Сұрай бердім, сұрай бердім... Ұялмадым. Ол да бере берді, бере берді... Сірә, ол менің ынсабымды сынап көргісі келді ме екен деп те ойлап қоямын арасында. Жасым болса тоқсанға жақындады, Құдайдың бергенінің арқасында шүкірмін, бұл өмірден көретін көп жақсылықтарды көрдім, денсаулығым да шүкіршілік. Бұл күнге жетпей қалғандар да көп қой. Ендігі ұялып сұрай алмай жүрген бір тілегім «О, Алла! Мына жаман шөберемді мектепке қолынан жетектеп апарсам деймін» деген еді. Сұрай беруге қатты ұялып жүрмін. ҰЯТ БОЛДЫ» деп едәуір қиналып отыр.

  Бұны естігенде мен таң қалдым. Қандай мәдениет, қандай ибалылық! Қайсыбір тойымсыз пенделер сияқты «берген үстіне бере берсе, ала берсем, ала берсем...» дегендей қанағатсыздық танытпай тұрғанын көрмейсін бе? Ағамыздың осындай пейілін танып тұр ғой Алла Тағала. Соны танып, білгесін беріп тұр ғой деген ойға қалдым сол бойда. Тағыда бір ойдың шеті қылтиып көрініп қалды «Қанша дегенмен нәсілі өзбек қой, қай заттың да бағасы болатынын, өлшемі, шегі болатынын, тегіннен тегін бере салатын дүние болмайтынын, судың да сұрауы болатынын бір білсе саудамен көзін ашатын өзбек халқы білмегенде кім біледі» дегендей. Бірақ бұл ойды сол бойда алысыраққа ысырып тастадым. Себебі, ағамыздың адами қасиеті, мұсылманшылығы, тәрбиесі керемет адам екендігі, айтып отырған ойы шын көңілден шығып тұрғаны көзге ұрып көрініп тұрды.

  ... Шипажайдағы демалыс мезгіліміз аяқталғасын жаңадан табылған аға-жеңгемізбен қош-бес десіп, құшақтасып қоштастық. Дені-қарыны сау болып, Алла Тағала әдеттегідей оларға оң көзімен қарап, бұл тілегін де қабыл қылсын, шөбересін қолынан жетектеп мектепке алып барсын деген тілектестік білдіріп ауылымызға оралдық. Аға-жеңгеміз еліне қонаққа шақырды. Шақыруларын хош көрдік. Өзбекстанның әдемі жерлері көп, мықты дәрігерлері де, халық емшілері де бар, соларға емдетеміз деп те  шақырды. Біз де оларды Ақтауға шақырдық, Каспий теңізін көрсетіп, қасиетті, ашық аспан астындағы мұражай аты бар Маңғыстауды аралатып, Пір Бекет Атамыздың басына тәу етуді ұсындық. Киелі өлке Маңғыстауымызды, ақ маржан қала Ақтауымызды, айдын шалқар көк теңізіміз Каспийімізді жеріне жеткізе мақтадық, қызықтырдық. Қызығушылықтарын ояттық. Олар да жағдайларына қарай ұсынысымызды жерде қалдырмауға тырысатындарын айтты.         

   Қимай, қимай қоштастық. Адрестерімізбен алмасып, хат жазысып хабарласып тұруға уәделестік. Біраз уақыт Саид-бобо екеуміз хат жазысып  тұрдық. Почта арқылы жететін, қағазға қаламсаппен жазылып, конвертке салынатын хаттар ғой. Ағамыздың  хаттары архивімде сақтаулы. «Жақсы адаммен өткізген аз уақытың, жаман адамның өтіп кеткен өміріндей» деген рас екен. Қазақпыз ғой, күйкі тірлікпен жүріп аға-жеңгеміздің еліне бара алмадық, хат жазу да сиреп барып тоқтады. Хат жазбақ түгіл, байтал түгіл бас қайғы болған ауыр күндер келді. Ағамыздың өмірде бар, жоғынан да хабарсызбын. Мықты денсаулықтағы, көңіл-күйі көтеріңкі, өмірге құштар жан болатын ағамыз, сондықтан әлі де болса өмірде бар деп үміттенемін. Қазір бар болғаны 100 жастың о жақ, бұ жағында шығар. Шөбересін мектепке қолынан жетектеп апарғаны сөзсіз, оған сенімдімін. Қызық үшін Жаппар Иемізден енді қандай тілек тілеп жүргенін білу керек еді. Өмірге құштар осынау жанның арманы да, тілегі де сарқылмақ емес. Ағамыздың ақ ниетіне, аппақ жүрегіне орай Алла Тағала оның барлық ақ тілектерін орындайтынына, оң көзімен қарайтынына мен шүбәсіз сенемін.

  Ағамның осы әңгімесі маған қатты әсер етті. Ақсақалдың болмысын, ақ ниетін көріп, оның әңгімесін зерделей келе менің түйген ойым «Пенденің тілегі қабыл болуы үшін оның жүрегі ақ, ниеті түзу болуымен қатар Жаратушыға деген үлкен сенім керектігі ең бірінші шарт екен». Бұрында да Жаратушымыздан тілек тілеп жүреміз ғой, енді мына әңгімеден кейін мен де ойлана бастадым. Әрине, ынсап керек, шүкіршілік керек, ниетің түзу, жүрегің ақ болуы керек. Бұл күнге де жете алмай кеткендер туралы есте ұстап, тәуба деу ләзім.

  Саид-бобо ағамыз сияқты менің де жүрек түкпірімде ақ ниетіммен жалбарына тілейтін тілектерім бар екені түсінікті шығар. Құдайға тәуба, көрінген «жаман немелерім» өсіп келе жатыр. Оларды басқалар сияқты қолдарынан ұстап мектепке апара алмағанмен, ертегі айтып, қызықты кітаптар оқып... бере алмағанмен, ең болмағанда біраз уақыт солардың қызығын қызықтап, тілеулерін тілеп отыруға жарасам да... Айналамды аман қыла гөр, елімді көркейте гөр, ұрпағымның болашағын жарқын қыла гөр... деген ақ тілек қой мендегі. Пендешілік кәкір-шүкірден аулақ болған сайын, Алланың қолдауы ұлғая түсері сөзсіз!

  «Алатау» шипажайындағы осы әңгімеден соң бірер жыл өткесін, мен үшін ауыр күндерде, күнделігімнен сол кездегі жазғандарымды оқып отырып мен тағы ойға қалдым. Саид-бобо бұл әңгімені маған неге айтты, қандай оймен айтты, айтатын сөз таба алмағандықтан, тек уақыт өткізу үшін айтпаған болар? Ағамыз сияқты үлкен адамдардың жайдан жай сөйлей салмайтыны белгілі. Нені ишаралады екен ағамыз, әңгімесін қалай түсінуге, қабылдауға болады, бұның астарында қандай ой жатыр? Осы сұрақтар жөнінде ойлана келе тоқтағаным, ол ағам күндердің күнінде маған осы әңгіме бір пайдасын тигізетінін болжаған сияқты көрінді. Жабыққан, торыққан, шаршаған, әртүрлі келеңсіз ойларға берілген де сәттерім болды ғой. Сол кездерде ақсақалдың осы әңгімесін жан-жағынан саралап қарадым. Түсіндім. Өзінің өмірін мысалға келтіре отырып маған ишаралап, кейбіреулерге ұқсап тікелей құрғақ ақыл айтпай, жол сілтеген екен-ау. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, қандай қиын жағдайлардан да шығатын жол болады, жүнжіме, бар ниетіңмен тілек тіле, ойыңды түзе, жақсы көрген пендесін тығырықта қадырмайтын, қолдайтын, қолтығынан демейтін құдіретті күш бар екеніне сенімің кәміл болсын дегенді айтқан екен-ау. Мені қандай ақылды адамға жолықтырған десеңші.

  Ойда жоқта жолыққан, мүмкін жоғарыдан әдейі де жіберген болар-ау, өзбек ағама, ақылшы ағама ризашылығым шексіз. Ағамды маған жолықтырған, мүмкін әдейі жіберген,  Жаратушыға да мың алғыс! 

...

Бәкөн әл-Сағыз.

Ақтау. 16.10.2021 ж.

 

 

 

Теги мұнайшыжазбалары тайсойғансайты