ӨЛКЕТАНУШЫ-ТАРИХШЫ

ӨЛКЕТАНУШЫ-ТАРИХШЫ

Мен Аманғали ағайды 1986 жылы ол біздің Атырау пединститутына КОКП тарихының аға оқытушысы болып келген кезден бастап  білемін. Содан бері оны сан қырынан танып келемін. Бүгін сол байқағандарымды жұртшылықтың назарына беруді дұрыс  көрдім.

1952 жылғы 23 желтоқсанда Жылыойдың Тұрғызба ауылында дүниеге келген А. Әміржанұлы әртүрлі қызметтер жолынан өтті: Ембі (Жылыой) аудандық комсомол комитетіндегі ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, Бүкілодақтық «Білім» қоғамы аудандық ұйымы басқармасының жауапты хатшысы, аудандық  партия комитетіндегі үгіт-насихат бөлімінің нұсқаушысы, осы бөлім меңгерушісінің  орынбасары – саяси ағарту кабинетінің меңгерушісі (1977-86) лауазымдарын  атқарды. 

1986 ж. бастап облыс орталығында жұмыс жасады: Атырау педагогика институтындағы КОКП тарихы және саяси экономия кафедрасының аға оқытушысы (1986-88), облыстық партия комитетінің дәріскері (лекторы), Бүкілодақтық «Білім» қоғамы облыстық ұйымы басқармасының жауапты хатшысы, Атырау дәрігерлік училищесінің тарих пәні оқытушысы, Атырау қ.  Қ. Сәтбаев  атындағы №19 орта мектебінің мұғалімі, Мұғалімдер білімін жетілдірудің облыстық институтындағы тарих және қоғамдық пәндер кабинетінің меңгерушісі (1988-95), облыстық Тіл басқармасының, Ұлт саясаты жөніндегі облыстық комитеттің, облыстық білім басқармасының бас маманы, облыстық ақпарат және қоғамдық келісімдер басқармасының бөлім бастығы, облыстық әкімшілік жанындағы МҚК-нің қазақ  тілі  аудармашысы, облыстық «Прокуратура жаршысы» газетінің тілшісі (1995-2000), «Қазақтелеком» АҚ-ының дербес бөлімі–Атырау облыстық телекоммуникациялар дирекциясындағы мемлекеттік тілдің аудармашысы («Мемлекеттік  тіл» кешенінің қоғамдық негіздегі жетекшісі), қоғамдық негіздегі «Байланыс мұражайының» басшысы (1997-98, 2000-2014) болып, абыройлы еңбек етті. 2014 ж. бастап  зейнеткер.

1966 ж. бері әртүрлі халықаралық, республикалық және жергілікті мерзімдік басылымдарда («Егемен  Қазақстан», «Жұлдыз», «Қазақстан мұғалімі», «Жас  алаш», «Балдырған», «Қазақстан-Заман», «Қазақ елі», «Отбасы және денсаулық», «Қазақстан пионері», «Атырау», «Прикаспийская коммуна», «Ембі» («Кең Жылой») т.б. газет-жорналдарында) 700-ден астам ғылыми және танымдық мақалаларын (жарияланымдарды) жариялады. Институтта 4 жыл бойы (1970-74) тарихшы студенттердің «Атамекен» атты тұңғыш тарихи-өлкетану үйірмесіне басшылық жасайды, студенттердің ғылыми қоғамының жұмысына белсене араласады.

 

1. Ұстаз

Институтымыздың 1974 жылғы тарихшы-түлегі боп өзінің туған өлкесі Жылыойға оралған соң 1977 жылға дейін М. Әуезов мектебіндегі пионерлердің аға тәлімгері және мұғалімі санатында жемісті еңбек етті, оқушыларды отаншылдық рухта тәрбиелеуге өзіндік үлесін қосты, шовинистік дәстүрге қарсы шығып, пионер отрядтарына қазақ халқының танымал ұландары мен қыздарының есімдерін бергізді, ал, пионер дружинасына жерлесі, ақын, Ұлы Отан соғысының боздағы Д. Жазықбаевтың атын алып берді, оның осы пионер дружинасының жұмысы туралы есебін облыстық комсомол комитетінің хатшылығы тыңдап, жағымды тәжірибесін Атырау бойынша таратты.

Мұғалімдер білімін жетілдірудің облыстық институтында қызмет еткен 1991-1995 жылдары өлара кезеңде орта мектепте тарих пен қоғамдық пәндерді оқытуды жаңаша ұйымдастыруға өзіндік үлесін қосты, оқушылардың тарих пәнінен тұңғыш облыстық олимпиадасын өткізді 1993 жылы, бірнеше әідістемелік материалдар дайындады, көпшілік шаралар өткізді.

2016 жылдан бері «Ұлағатты ұстаздық ұстаным» топтамасымен ғылыми-тарихи зерттеулерін жариялап келеді, бүгінге дейін «Атыраудың алғашқы ағартушылары», «Ұрпақтарға ұлағат ұқтырған ұстаздар», «Атыраудың кеңестік алғашқы мектептері», «Атыраудың 1917 жылға дейінгі  орыс мектептері», «Атыраудағы әскери халықтық училищелер», «Білім баулушылар» атты кітаптарын жарыққа шығарды. Республикалық «Қазақстан пионері» (бүгінгі «Ұлан») газетінің (1967 ж.), Қазақ республикалық пионер ұйымы Орталық кеңесінің (1982) Құрмет грамоталарын алды, 2017 жылы «Атырау-Ақпарат» медиа  серіктестігі ұйымдастырған «Алаш туы астында...» атты публицистикалық шығармалар байқауында «Атыраудың алашордалық мұғалімдері» атты мақаласы үшін екінші сыйлықты жеңіп алды. Ізденіс жұмыстары әлі де жалғасып келеді.

 

2. Өлкетанушы

 

Әбекең институттағы ұстазы, бүгінгі тарих ғылымдарының докторы, профессор Ү. Қыдыралиннің ықпалымен студент кезінен ғылыми еңбекке әуестенді,  ең алғашқы ғылыми мақаласын да екеуі бірігіп жазды, «Талантты зерттеуші» тақырыпты мақала облыстық газетте 1973 жылғы 3 қаңтарда жарияланып еді. Содан бері оның  қаламынан үлкенді-кішілі 700-ге жуық туынды туған екен. Оларды белгілі бір тақырыптарға орайластырып, топтап-топтап, жұртшылықа  ұсынып жүр. «Қазақстан тарихы» мәселесі бойынша «Қазақтың  Әбілқайыр және Нұралы хандары» кітапшасын жазып, бұл тарихи тұлғалардың өір сүрген жылдары туралы өз болжамын ғылыми деректер бойынша баяндайды. «Атыраунама» сериясымен жазған «Атыраудың төңкерістен бұрынғы қазақы жұрты», «Дауылға дейінгі Дендер», «Қазан қарсаңындағы Қызылқоға» кітаптары өлке тарихының кейбір парақтарымен таныстырса, «Жылойнама» циклымен шығарған «Жем жағасындағы жауһар» (Балықшылардың  Жылой кенті), «Жылойдың жарқын жандары», «Дарабоз Дүйсеке Дәндіғұлұлы», «Елінің құрметті азаматы» еңбектері туған ауданының тарихынан сыр шертеді. Ол «Ақиық-арман» атты Таз руының төрт томдық тұңғыш толық  шежіресін  шығарды.

амиржанов 4

А. Әміржанұлы өлкеміздің халық батырлары мен ұлттың  азаттығы жолындағы күрескерлердің бір тобы турасында «Ер Өтен» (жинақ), «Шарғадағы Нарынбай», «Алашқа аты жайылған  Төремұрат», «Қыз Данай» кітаптарын (2001-2005 жылдары) жазды. Ол С. Датұлының 270 жылдығына арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға шақырылып, «Сырым сардардың  серіктері» тақырыбына баяндама жасады (Астана, 2012 ж.). Өлкетанушылардың Республикалық 2-ші (Астана, 2018 ж.), 3-ші (Атырау, 2019 ж.) форумдарына, Астананың 20 жылдығына арналған мерекелік-танымдық шараларға (2018 ж.) шақырумен қатынасты. Бірнеше өлкетанушымен бірлесіп «Қасиетті Қазақстан» энциклопедиясының ІІ томын шығарысты (2018 ж.). Оған 2018 жылы ҚР «Үздік өлкетанушысы» төс  белгісі берілді.

 

3. Энциклопедияларды  шығаруға  қатынасушы

 

А. Әміржанұлы шағын салалық энциклопедияларды шығаруға қатынасып келеді. Оның мақалалары 2 томдық «Қазақстан мұнай энциклопедиясына» (1999 ж.), 2 томдық «Қазақстанның мұнай энциклопедиясы» (2005 ж.), «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» - «Сакральные объекты Казахстана общенационального значения» және «Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары – Региональные  сакральные  объекты Казахстана» (2017 ж.), облыстық «Атырау» (2000), «Атырау облысы кәсіподақтары федерациясына 60 жыл» (2008 ж.), «Атырау облысы мұғалімдерінің энциклопедиясы» мен бірнеше Жылыой («Атырау-Жылыой» (2002 ж.), «Атырау-Жылыой-ІІ» (2003 ж.), «Жылыой жылнамасы» (2008 ж.), Қызылқоға, Мақат, Махамбет аудандық энциклопедияларына енгізілді.

Бұл ретте  оның 1999 жылғы іргелі еңбекке енбей қалған Ленин орденді 173 мұнайшыны тауып, 2005 жылғы «Қазақстанның мұнай энциклопедиясына» ұсынғаны үшін үлкен ғылыми туынды  редакциясының 5 өлкетанушының қатарында оған да алғыс айтуы ізденіс  жемісінің нәтижесі іспетті еді.

 

4. Мұнай  тарихының  зерттеушісі

 

Амиржанов 1

Әбекең мұнайлы ауданның перзенті болғандықтан да 1979 жылдан бері «қара алтынды» өндірушілер мен мұнайлы кен  орындарының шежіресін де зерттеп келеді. Нәтижелері де жаман емес: оның «Ленин орденді мұнайшылар» (2002 ж.), «Құтты мекен – Қосшағыл» (Атырау облысының Жылыой ауданындағы мұнайлы кәсіпорынның өндірістік пайдалануға берілгеніне 70 жыл) (2005 ж., бірлескен  жинақ), «Еңбек – бақыт, еңбек – ар» (2005 ж.), «Өнегелі  ұя» (Атыраулық атақты мұнайшы Сәрсен Өрекешев пен оның әулеті  туралы), «Тұңғыштың биік тұғыры»(Атырау облысындағы «Ембіведойл» бірлескен кәсіпорнының құрылғанына  15 жыл) (екеуі  де – 2009 ж.), «Жолдарда жазылған жарқын тарих» (Жауапкершілігі шектеулі «Теңізавтокөлік» серіктестігінің (бұрынғы Құлсары автобазасының) (бұрынғы Құлсары автокөлік кәсіпорнының (АКК-сінің) құрылғанына 50 жыл). 1954-2004 жж.)» кітаптары жұртшылықтан жақсы баға алды. Ал, «Қазақстан мұнай геофизикасы» деген екі тілде жазылған салалық энциклопедияны ол мұнайшы мамандармен (Д.Хасановпен және Д.Мырзағалиевпен) бірге 2002 ж. дайындаған болатын. Сондай-ақ, 2014 жылы «Барлама бұрғылау - барша байлықтың бастамасы» (Қазақстандағы барлама бұрғылау ісінің және Балықшы барлама бұрғылау басқармасының қысқаша тарихы)» атты тағы бір энциклопедияны бірнеше мұнайшымен бірлесіп, жарыққа шығарды. Бұған қоса тарихшы ағамыздың тарапынан аталмыш тақырыпта көптеген мақалалар жазылды. Осындайын еңбегі орай оған Атырау мұнай және газ университетінің «құрметті профессоры» (2017) атағы  берілді.

 

5. Әдебиет  тарихын  зерттеуші

амиржанов 10

А. Әміржанұлын 2005 жылы ҚР Мәдениет министрлігінің «Мәдениет қайраткері» төс белгісімен марапаттады. Бұған ол өзіндік еңбектерімен қол жеткізді. Әбекеңнің ең тұңғыш кітапшасы 1999 жылы жарық көрді және «Атыраудың аруақты ақындары» деп аталды, мұнда бұрын әдебиетімізде шығармашылықтары белгісіз болывп келген халық ақындары жөнінде айтылады. «Атырау – дүбірлі мекен, дүлдүлді мекен» кітабы өлкедегі мәдениет пен өнер тарихына шолу жасайды. Ол боздақ ақындар Д. Жазықбаевтың, Қ. Жарекеновтің, замандастары С. Ырысжанұлының, Ш. Өтенәлиевтің және т.б.өлеңдер  жинақтарын бастырып шығарды.

Оның жолдауымен Бала Ораз Өтебайұлының алты айтысы республикалық академиялық басылым-25 томдық «Қазақ өнерінің антологиясының» «Айтыс» (Кеңестік кезеңге дейінгі айтыс) атты бірінші томында жарық көрді. Бір мақаласы республикалық100 томдық «Бабалар сөзі» жинағына енгізілді, екі жинағы («Жем жыры», «Майдангер») Атырау ақын-жазушыларының «Қазына» атты 100 томдығына (2002 ж.) қосылды.

 

6. Жазушы

 

Әбекең ақын және жазушы ретінде де танылып жүр, «Қазақтелеком» АҚ-ы ұйымдастырған өлең жазу бәйгелерінде 3 рет 1-ші орынды жеңіп алды (2011,2012, 2013 ж.), Қазақстан Жазушылар одағы мен «Қазақтелеком» АҚ-ның 1-ші дәрежелі дипломымен (2011 ж.) марапатталды. «Көңілдің көркем кестесі», «Тамыз таңы таратады тағылым» деген өлеңдер кітаптары жарық көрді, оның өлеңдері «Қазақтелеком» АҚ-ы бойынша шыққан екі өлеңдер  жинағына енді. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіндегі Тіл  комитетінің (2008 ж.), «Қазақтелеком» АҚ-ның (2009 ж.), облыстық Мәслихаттың (2002 ж.) Құрмет грамоталарымен марапатталды. А. Әміржанұлы 2019 жылы Алматыдағы Халықаралық Жазушылар одағына мүше болып  қабылданды.

 

7. Тіл  жанашыры

 

Әбекең 1997 жылдан бастап «Қазақтелеком» АҚ-ының Атырау облыстық дирекциясында мемлекеттік тіл аудармашысы бола жүріп, облыстағы және «Қазақтелекомдағы» ең үлгілі «Қазақ тілі» кешенін жасақтады, бұл Атырау бойынша тірек орыны болып есептелді ұзақ уақыт. Ол «Қазақтелеком» АҚ-ы өткізген мемлекеттік тіл аудармашыларының республикалық конкурсында 3-ші орынға ие болды (2004).

А. Әміржанұлы мұндағы «Тіл» кешенінде 10-нан астам сөздіктер мен соншама әдістемелік құралдарды дайындады. Бұл ретте облыстың ардақты еңбек ардагері, ҚР Тіл жанашыры П. Марданов ағамыздың өткен жылғы бір мақаласында оны да Атыраудағы мемлекеттік тіл үшін өнімді еңбек еткендердің қатарында атап  көрсеткенін ескерген дұрыс.

 

8. Байланысшы

 

А.Әміржанұлы байланыс қызметінің ардагері де болып саналады, өйткені, оның ең көп уақыт  жұмыс жасаған (16 жыл) және  зейнетке шыққан жұмыс орны «Қазақтелеком» АҚ-ының Атырау облыстық  дирекциясы еді. 

Әбекең байланыс саласының тұңғыш тарихшысы болып есептеледі,  «Атырау облыстық телекоммуникациялар дирекциясы. 1994-2004 жж. (Қысқаша тарих)»«Атырауская областная дирекция телекоммуникаций. 1994-2004 гг. (Краткая история»), үш бөлімді «Атыраудың құрметті байланысшылары», «Олар өз Отанын және өз арын қорғады» сияқты кітаптары бұған толық куә болады.  2004 ж. бас директор А. Қадырәлиевпен бірге облыстағы тұңғыш «Байланыс  мұражайын» құрады.  

Әлі де қалалық ардагерлер кеңесі мен Қазақстан халқы Атырау облыстық ассамблеясы хатшылығы жанындағы Қоғамдық келісім кеңесінде қоғамдық жұмыстарға белсене араласып келеді. Жемісті жұмысы мен шығармашылығына орай Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің «Х. Доспанова»  медалімен (2018) марапатталды.

 

Қабибек  МҰХИТОВ,

тарих  ғылымдарының  кандидаты

Атырау  қаласы,

2020 жылғы 20  мамыр

Теги университет тайсойғансайты