ӨЛКЕ ТАРИХЫНЫҢ ТАРЛАНЫ

ӨЛКЕ ТАРИХЫНЫҢ ТАРЛАНЫ

   Өлкемізге белгілі ғалым тарихшы, тарих ғылымдарының докторы Лесқали Базарғалиұлы Бердіғожин ердің жасы елуге толды. Майлы қияң Мақатта мұнайшылар жанұясында дүниеге келген Л.Бердіғожин саналы өмір жолы, мұғалім мамандарының түлеп ұшатын ұясы Атырау университетімен тығыз байланысты.

   1981 жылы Мақаттағы М.Горький атындағы орта мектепті үздік бітіріп, Атыраудағы педагогика институтының «тарих, қоғамтану және кеңестік мемлекеттік құқық» мамандығына оқуға түседі. Ол кезде Мақаттағы М.Горький атындағы орта мектепте Сәрсен Дүйсешев директор, Қиық Жұмағалиев тарихшы, Биада Құттыбаева әдебиет пәнінен дәріс беріп гуманитарлық білімнің оқушыларға терең даруына себеп болды. Гурьев пединститутындағы студенттік кезеңде Лесқали ерінбестен 4-жыл студенттік құрылыс отрядында еңбек етсе, дәл осынша рет Алматы, Өскемен, Тараз қалаларында өткен «студент және ғылыми-техникалық прогресс» атты республикалық ғылыми жарыстарға қатысып оқу орны намысын қорғады. Ғылыми ізденістеріне, педагогика саласы бойынша Мағрипа Орашева және тарих саласы бойынша Амангелді Шамғонов жетекшілік жасады.

ЛЕСҚАЛИ 1

   1986 жылы оқу аяқталарда, институт ректоры, тарих ғылымдарының докторы Нажыман Күнқожаев түлектерді мемлекеттік бөлу комиссиясында Л.Бердіғожинді ең үздік бітіруші ретінде институтқа оқытушы ретінде қалдыру туралы Білім министрлігінің шешімін алды. Бірақ, Лесқали 1986-87 жылдары кеңес әскері қатарында Душанбе және Отар қалаларында қызмет атқарды. 1987 жылдың желтоқсан айынан жоғары білім саласында 28 жыл жемісті қызмет атқарып келеді. Студенттік кезде дәріс берген ұстаздары Алдар Сарсенов, Ғиниятолла Нығмет, Жиенбай Бақи, Күләш Қайырбекова, Үркінбай Қыдыралин, Хисмет Табылдиев, Амангелді Шамғонов, Жеңісбек Мұстафиндермен бір кафедрада қызмет атқарып, бар білімі мен талантын өлкемізге жоғары білікті мамандарды даярлауға үлес қосып келеді.

   1991 жылы еліміз тәуелсіздікке қол жеткізіп, оның нұры білім саласына шапағын шашқан тұста пединститут 1994 жылы университет мәртебесін алып, ғұлама ғалым Халел Досмұхамедов есімі берілген тұста республикадан келген министрлік өкілдерімен құжаттық қамтамасыз етуде және Халел Досмұхамедов туралы алғашқы ғылыми еңбек авторларымен Кеңес Нұрпейіс, Аманқос Мектепов, Ғарифолла Әнеспен сол кезде бірге жүріп Атырау халқымен, зиялы қауыммен жүздесулерін ұйымдастыруда да Лесқали көп еңбек етті. Бір айта кетер жәй 1990 жылдары дәрігер Халел Сағын бастамасымен Атырау зиялыларының ғылыми ортасында Лесқали тарихшы ретінде Атырау қаласы атауы берілу негіздемесін жасап,желтоқсаншыларды алғаш рет еске алу шарасында «желтоқсан тағылымы» атты баяндама жасағанын да айтқан орынды.

IMG_1178

   Университет мәртебесін алған жылы Атырауда алғаш рет «құқықтану» мамандығы ашылып «тарих және құқық» факультетінің алғашқы деканы ғалым Сарсенов Алдар болса, деканның бірінші орынбасары болып Лесқали тағайындалды. Кейін 2000 жылы «кеден ісі» мамандығы мен «құқықтану» мамандығы қосылып дербес заң факультеті ашылғанда да ректор А.Иманғалиев факультет деканы Киікбай Жаулинге бірінші орынбасар ретінде Лесқалиды тағайындауы да көп нәрсені аңғартып қана қоймай, Лесқали жұмысына, іскерлігіне деген үлкен сенім мен құрметті көрсетсе керек. Себебі, осы 1996-2000 жылдары Лесқали университет ғылыми кеңесі хатшысы ретінде А.Иманғалиевпен тізе қосып жұмыс жасап университеттің ғылыми әлеуетін көтеруге өлшеусіз еңбек сіңірді. Каспий өңірі жоғары оқу орындары ассосациясының жұмысы, аспирантура және ғылыми академиялық атақтар беру, оларды құжаттамалық қамтамасыз ету Лесқалидың тікелей жұмысы еді. Нәтижесінде университеттің алдыңғы қатарлы ғалымдары Қ.Қамматов, Ж.Бақи, Қ.Шәукенов, Ж.Шахманов профессор атақтарын алды. Атырау аспирантурасының бітірушілері А.Мұқамбетжанова, Б.Аташов ғылым кандидаттары атанды. Ғылым докторлары қатары Қ.Сейталиев, Қ.Жүсіп, А.Иманғалиев, Ү.Қыдыралин, Х.Табылдиев, С.Ахметов, О.Нұрсұлтанов, Ж.Жұмамұхамедовтермен толықты. Салалық ғылыми гранттармен Қ.Сейітов,  Ж.Шахманов айналысты. Міне, ғылыми бөлімде жұмыс істеген жылдар шын мәніндегі Атырау университеті ғылымының шырқау кезеңі болды десек қателеспейміз.

ЛЕСҚАЛИ 2

   Қазақ мұнайының ғасырлық тойында да облыстық әкімдік тапсырмасымен жоғары мәртебелі  «Қазақстан мұнайына 100 жыл» атты баяндама тезисін дайындауға атсалысты. Лесқали өзінің де ғылыми ізденістерін толықтыра түсті. Ол Исатай мен Махамбет басқарған азаттық қозғалысы тарихының тарихнамасы болатын. Бір қызығы қозғалыс тарихын өзге ұлт өкілдері Рязанов, Шахматов зерттеп диссертация қорғаса, өзімізден осы бір ардақты іске алғаш ғылыми мойын бұрған ол Лесқали еді. Зерттеу жақсы болса да Лесқалиға қорғау өте қиынға түсті, Алматыдағы кей ғалымдар тіпті тақырыпты ауыстыруды ұсынса да Лесқали айтқанынан қайытпай өз тұжырымын ғылыми ортаға дәлелдей алды. Қажырлық арқасы шығар 1999 жылы диссертациясына қарсы болған, белгілі тарихшы академик Мәмбет Қойгелдиев 2003 жылы диссертацияға өзі жетекші болып, Махамбеттің 200 жылдық тойында бас баяндама жасады. Ата-бабалар рухына деген адалдық Лесқалиды «қазақ мұнайының басында тұрған ізашарлары» туралы ғылыми зерттеуге итермеледі. Аталары, ағалары Бердіғожиндер ғана емес нағашылары Әжібай Есеев те атақты мұнайшы «Атырау облысының құрметті азаматы». Мұнайлы ауылдың қара топырағында ойнап өскен азамат үшін мұнай мен мұнайшылар тақырыбы етене таныс еді десек те «таңдақтарға толы» беттері көп еді. Міне осы беттерді тынымсыз еңбекпен еңсеріп 2010 жылы профессор Тұяқбай Рысбеков жетекшілігімен докторлық диссертациясын сәтті қорғады, бірнеше монографиялық еңбектерін шығарды. Докторлық қорғадым енді болды демеді. Оған дәлел соңғы уақытта халықаралық деңгейдегі жрғары импакт-факторлы ғылыми басылымдарда бірнеше еңбегінің жариялануы.

IMG_1176

   Қазір Лесқали өлкеміздегі алғашқы жоғары білімді ұстаз, Атырау және Маңғыстау жерінде халық ағарту ісін ұйымдастырушы Адаев Иманғали туралы зерттеуде. Иманғали Адаев (1901-1938) кезінде Әліби Жангелдин, Дәрібай Хангереев, Сейітқали Меңдешев, Төлесін Әлиевтермен қатар жүріп Атырауда кеңес-партия мектебін, кооператив мектебін, мұнай техникумын, жұмысшылар факультетін ашуға, кадрмен қамтамасыз етуде ерекше еңбек еткен тұлға. Лесқалидың келесі іргелі зерттеуі, ол ұстазы Зұлқарнай Алдамжар (1937-2005) туралы. З.Алдамжар 1962-1989 жылдары Гурьев пединститутында оқытушылықтан проректорлыққа дейін қызмет атқарып Мәскеуден докторлық қорғаған санаулы қазақ азаматының бірі болса, 1989-2005 жылдары Қостанай мемлекеттік пединститутын, кейін университетін басқарып солтүстік өңірде көп іс тындырған тұлға.

   Лесқалидың осындай ғылыми ізденісіне әр кез демеу болатын, ол жанұясы. Жары Райгүл Есқуатқызы педагогика-психология магистрі, ұстаз болса, қыздары Маусымжан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, Жанеркесі Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінде оқиды. Биалай мен Жұмағали Атыраудағы мектеп-гимназия оқушылары. Міне, әріптес туралы қысқаша талдаманы аяқтай отырып қорытқанымыз Лесқали-ол туған жерінің топырағына тартқан азамат екендігі болды.

 

Қабибек Мұхитов,

тарих ғылымдарының кандидаты

Теги АГУ70 сайттайсойган тайсойғансайты