ҰМЫТЫЛМАС СӘТТЕР

ҰМЫТЫЛМАС СӘТТЕР

Осыдан төрт-бес жыл бұрын атақты алаштанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Дихан Қамзабекұлымен кездескенмін. Әңгіме аяғында Қазақстан Таеквондо энциклопедиясына Мұстафа Өзтүрік туралы пікірін жазып беруін сұрадым. Арада бір апта өтпей өз естелігін жазып жіберіпті. Оқыған кезде біраз ыңғайсызданып қалдым. Елімізге кеңінен танымал болған ғалым мен туралы да айтып кетіпті. Күрең тіршілікке негізделген қарапайым ұстанымымның «астан-кестенін» шығарып, көкірегімді көтеріп тастады менің. «Аш кезде жеген құйқаңды тоқ кезіңде ұмытпа!»,- деген мақал бар ғой. Кезінде жатақхананың бір бөлмесінде тұрғанымыз, ағалы-інідей қарым-қатынасымыз болғаны-бәрі де жадында екен інімнің. Тіпті біраз уақыт  ешкімге көрсете алмай да жүрдім. Жуық арада жеке мұрағатымды ақтарып отырып, Дихан бауырымның сол кезде жіберген естелігін тауып алдым. Естелікте басқа да қызықты мағлұматтар бар екен. Әсіресе Мұстафа Өзтүрік ағамыз туралы жақсы жазылыпты естеліктеҚайтадан оқып шығып, сайтымызда жариялауды жөн көрдім. Қабыл алыңыздар!

Қабибек Мұхитов

d24530180516a7f1497624e0c18dd4a5

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ,

ҚР ҰҒА академигі, ф.ғ.д., профессор

2015 жылы 21-22 қазанда Атырау қаласына дін мәселесіне байланысты халықаралық конференция өтті. Осы жиынға облыс әкімінің орынбасары, қаламгер Шыңғыс Мұқан мен дін басқамасының басшысы, дінтанушы Еркінбек Шоқай арнайы шақырған соң, уақыт тауып, іссапарлап барғам-ды. Зор олжам - әйгілі Сарайшық жұртын көрдік...

Конференцияның алғашқы бөлігі - облыс әкімдігінің мәжіліс залында, екінші бөлігі – Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау мемлекеттік университетінде өтті.

Әр ғалым, әр дінтанушы, әр діндар өзінше ой айтты. Бәріміз білетін мәселені шиырлап, ұзаққа шапқандар да болды. Аз сөйлеп, «ішің білсін, әлу-ай» дегендер де байқалды.

Жеті елден өкіл қатысқан соң, бізге сөз пленарлық мәжілістің аяғына таман берілді. Уақыт тар, аз сөзге көп мағына сыйдыру керек. «Бұл жиын өте маңызды. Бірақ бұл басқосудың екі бөлігі айқын көрініп тұр. Бірі - өз елімізде айтатын әңгіме, екіншісі – сыртан келген діндестермен ақылдасатын мәселе. Екеуін араластырсақ, өзіміз түгіл, қонақтарымыз да түсінбей қалады. Сондықтан сөзімді сұрақ қойып бастағалы отырмын: Әлемдегі 1 млрд 77 млн мұсылман бір-бірімен неге тату емес? Дүниежүзіндегі 250 млн түркі жұрағаты бір-бірімен неге тату емес?.. Бірінші сұрақты алты елден келген ғалымдарға қойғалы отырмын. Екіншісін өзіме және сіздерге қойғым келеді. Таяуда «өзбек-қазақ шекарасындағы каналдың сызығынан өтіп кеттің» деп, өзекеңнің шекарашылары бір қазақтың жігітін атып тастады. Артында 6-7 баласы жетім болып қалды. Мұның алдында бұрын Өзбекстанда мектеп директоры болып істеген бір кісіні де шекара маңында атып тастаған. Осы оқиға болмау үшін Мұстафа Шоқай, Абдурауф Фитрат, Ғафур Ғұлам мен Сәбит Мұқанов қайта тіріліп келу керек пе? Олардың аруағы «қойыңдар» деу керек пе? Немесе Бішкек түрмесінен қашқан террористер неге қазақ шекарасына қарай ұмтылады? Бұған да түсінік беру үшін Шыңғыс Айматов тіріліп келу қажет пе?.. Сенім жоқ, түсіністік жоқ. Осы жағдай арамыздағы біраз шайтанды қанағаттандырып отыр. Біз осы негатив оқиғаларды қоғам болып позитивті түрде талқылап, оны БАҚ-тар жариялап, бір тоқтамға келуіміз керек. Иман, парасат, қайрат болса, біз осы арқылы көп нәтижеге жетеміз. Біз бүгінгі жиынның мәні осында деп білеміз...» дедік.

Университетте студенттер алдында да осы ойды таратып айтуға тырыстық.

Бұл әңгіменің әйгілі Мұстафа Өзтүрікке және таеквондоға қандай қатысы бар?

Басқаны қайдам, біз әйтеуір бір қатысын таптық...

Қауашағымыздағы сансыз ақпараттың арасында қалған спортшы Мұстафа туралы ой дәл осы сапар барысында қайта жаңғырды. Оған себепші – досымыз, әріптесіміз спортшы Қабибек Мұхитов. Ол Атырау мұнай-газ институтында доцент болып қызмет істейді. Өзінің болмыс-бітімі қайталанбас сипатта. Адамшылығы, тазалығы, ынта-жігері керемет!

Сарайшыққа шығар алдында қонақүй фойесінде кездесіп сұхбаттасқанбыз. Ә дегеннен қолқа салды. «Біз үшін Мұсекең туралы әр түрлі көзқарас бағалы. Оның үстіне сен онымен бірнеше мәрте сөйлестің. Сонда не ой түйдің?..».

Бара жатқан бағытымыз (Сарайшық) – тарих. Алыстағы оның жұрты бұлдыр ма, айқын ба?.. Бізден сұралып отырған да (М.Өзтүрік) – тарих. Ол туралы түсінігіміз бар ма, жоқ па?.. Бірін білмей, бірін біліп немесе бірі туралы мәлімет жинап, екіншісі туралы білгенімізді айтпасақ, жөн бола қоя ма екен?

Акбулан бойы

Ойланып-толғанып келіп, «қолыма қалам алдым» - компьютерге отырдым.

Мұстафа Өзтүрікті алғаш 1992 жылы көріп, амандастым. Танымал спорт журналисі Несіп Жүнісбаевтың «Жалын» баспасынан «Мұстафа Өзтүрік» атты 72 беттік кітапшасы жарияланған кез. Сол портфелімде жүретін. Бір күні Академиядағы қызметіме «Достық» үйінің қасынан өтіп бара жаттым. Ол кез үшін таң шетелдік тұрқы биік автобус тоқтай қалды. Ішінен бір топ спортшы түсті. Арасында Мұстафа да бар. Ол шақта оның аты мен заты дүрілдеп тұрған. Жүгіріп барып, «ассалаумағалейкум!» деп амандасып, қолын алдым. Асығыстау екен. «Кім боласың?» дегендей, ерекше көзімен қарады. Асығыс жөнімді айттым да, «Аға, мына өзіңіз туралы кітапқа қолтаңба қалдырыңызшы?» деп өтіндім. Ол қаламсабымды сұрады. Сөйтіп ұзақтау қолын қойды...

Сол күні достарыма осы оқиғаны айтып, бір желпініп қалдым.

Ол уақытта айналаңның бәрі – дос. Бірақ Ғылым академиясына келіп тапқан екі ерекше азамат болды. Оның бірі – Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аспиранты Қабибек Мұхитов. Екіншісі – ғылым кандидаты, Философия институтының ғылыми қызметкері, сүрбойдақ Серік Нұрмұратов (қазір Философия, саясаттану жəне дінтану институты директорының орынбасары, ғылым докторы, профессор, үйлі-баранды). Бәріміз Академияның аспиранттар мен стажерлер үйінде (ДАС) табысып, жолдас болдық.

Қабекеңнің адамшылығы – ДАС-қа жолдама алсам да, аядай орынға зар болып жүрген кезімде кереуетін маған босатып, өзі тоңазытқыштың картоны үстіне жатқанынан байқалды. Бірақ ол кісі мәденилеу бір шарт қойды: «бірінші, спорт секциясына қатыссаң; екінші, жылдам және орайлы жазуды үйретсең». Қиналып жүргенде спортқа қыры жоқ маған бұл оп-оңай тапсырма ұқсап көрінді...

Ал, қырықтың қырқасына жеткен Секең қыстың ұзақ кештерінде бізге «тым ерте үйленудің зардапты жағы туралы» кеңес беретін. Кейде мәселеге философиялық тұрғыдан келіп, «үйленбеуге де болатынды» әуезелейтін. Осы кеңестер жиырма жетіден кешікпей үйленуге итермеледі...

Қ.Мұхитовтың спорты – таеквондо болып шықты. Ғылымнан бұрын «аяқ» спорты десе, ішкен асын жерге қояды. Күн-түн демей даярланады. Кешкісін біз бір-екі пиалай шәй ішсек, Қабекең үлкен (өзі «нән» дейді) кесемен толтырып төрт-бесеуін сіміріп салады. Біз мұны жаттығудағы ащы тердің өтеуі екенін жақсы білеміз. Тағы өзі «Фамилиям – Мұхитов. Сондықтан суды көп ішуім керек» деп бізді күлдіріп қояды.

ДАС-тың астында бір үлкен зал бар. Кешкісін спортзалымыз – сол. 1989 жылы «Бейбарыс» фильмі шығып, сондағы сюжеттер миымызда таңбаланып қалған. Таеквондодан ұстазымыз – Қабибек. Ол алдымызда тұрады. Құдды Бейбарыс сияқты елестейді. Біз – мәмүліктерміз яки құлға бергісіз қыпшақ сарбаздарымыз.

Былайда дос, ақкөңіл Қабибек спортзалда басқа кейіпке енеді. Сыпайы мінезі қатқылдана түседі.

«Шынында, таеквондоның атауы – тхэквондо. Ол – «қол мен аяқтың жолы» дегенді білдіреді. Мен сендерге жүрек пен намыс, амал мен ақыл тілеймін» деп айқайлап қояды.

«Джун би!» (даярлан) деп дауысын зорайтады.

Ол кезде біздің миымызда – қазақтың үш биі ғана. Елең етеміз...

Бір уақытта Қабекең «Си джак!» (баста) деп саңқ етеді. Біз өзімізше митыңдап бастаймыз. Қасымда математик болса да өнерге жақын Ибрагим Әбдірахман (марқұм) тұрады. Қара күші көп, жетекшіні тыңдайды.

Қайбір уақытта Қабекең «Унгё!» (шабуылға шық) дейді. Біз алғаш ауаны сабалаймыз. Сабалап тұрып, мен болашақ қарсыластың жуан жұдырығын елестетемін...

«Жеңіс – «сун!». Бәріңе сун тілеймін» дейді ұстазымыз. Бірақ аузынан «Алла қолдасын! Алла қуат берсін!» деген сөздер түспейді.

Суны жақсы ғой, бірақ мен «бұған қатты кірісіп, кейін жеңіліп сүмірейіп қалмаймын ба?» деп әбіржимін. Ал, Қабекең мені ынталандырып, «Дихан күннен-күнге жақсы жаттығып келе жатыр» деп көтеріп қояды.

Бір қызығы, біздің жаттығуымызды сырттан, есіктің шыны әйнегінен бақылап жүретін Нұрлан Иманбай секілді математик аспиранттар шиқ-шиқ күледі...

1992 жылдың күзінде Алматыға Атыраудан Қ.Мұхитовтың бір топ таеквондошы шәкірті келе қалды. Ішінде өзінің ұлы Нұрланда жүр. Міне, сол жолы Қабекеңнің шәкіртке, идеяға, спортқа деген ынтасын, ерік-жігерін, азаматтығын көріп таң қалдым. Күндіз-түні даярлық. Биік рухани, ұлттық, парасаттық әңгімелер. Жігерлендірулер. Маған «Алаш зиялылары туралы айт. Имандылық пен намыс оқиғаларын жеткіз» дейді. Ұстазы бәріне бірдей қатал, бәріне бірдей қамқор.

Сол жылы Қ.Мұхитовтың атыраулық шәкірттері ауылына жеңіспен оралды. Бәрі бір-бір жоғары дан (дәреже) алды.

Өзім спорт пен ғылымды қатар алып жүре алмадым. «Қабеке, мен сізді сыйлаймын. Күнде Академиядан жатақханаға дейін әрі-бері жаяу жүрсем, маған сол спорт та жетеді. Мені зорламаңыз. Диссертацияма күш жұмсайын» деп рұқсат сұрадым. Ол келісті...

1993 жылы үйленуді жоспарладым. Елде жоқ-жітік өмір басталды. Жанып тұрған аспиранттар ғылымды тастап, саудаға һәм брокерлікке кетті. Сол кездің шындығы: грузинның килолап сатылатын ащы қара шайы мен қара нанды ғана талғажу еткен жас ғалым-ізденушілерді көзіміз көрді...

Бүгін саудадағы бір зат ертең 100 есе артығымен сатылып жатты. Нарық жүгенсіз кетті. Ештеңенің парқы болмады.

Диссертациям бітуге жақындаса да, көңіл-күйімнің мәз емес екенін байқаған Қабекең бір күні маған бір идея айтты.

«Дихан, мен қазір Мұстафа Өзтүрікпен жақсы қарым-қатынастамын. Бізде Таеквондо федерациясы жұмыс істейді. Басшылығанда - Бексейіт Түлкиев сияқты белгілі азаматтар. Солар пресс-секретарь іздеп жатыр. Таныссаң, көрсең қалай болады? Айына қосымша тиын-тебен алсаң, артық емес қой. Оның үстіне Мұсекең қазір Академиядан таяқ тастам жерде тұрады...» деді.

Келістім. Даңқты адамның қасында жүру абырой емес пе?..

Ол кезде Мұстафа Өзтүрік бұрынғы К.Маркс пен Т.Шевченко көшесі қиылысында трамвай жолы бойындағы қонақүйдің бір бөлмесінде тұрып жатыр екен.

Әлі есімде, кіре берісі – кісі қабылдайтын бөлме секілді, арғы жағы – жатын бөлме. Бірінші барғанымызда бізбен бірге «Жас алаш» журналисі Қасым Әзімхан болды.

mqdefault

Шағын шай дастарқаны жасалған. Ретімен таныстық. Мұстафа Өзтүрік өзінің қалыптасу жолын, Қазақстанға келгенде білген-түйгенін айтып отырды. Көбінесе өзі сөйледі. Сөз мәнері, өзін-өзі ұстауы қарапайым. Өзеуремейді. Қазақстанға келіп тапқан («сынықтан басқаның бірі жұғады» дегендей) «жаңа әдетін» сездіріп қойса, бірден ғафу өтінеді екен. Тағы бір ұнаған ғадеті: «мен-мен» демейді, ұлтын төмендетпейді, кеңестік шалалығымызға да түсіністікпен қарайды, билікке тіл тигізбейді. Ең бастысы, ұлтын шексіз сүйеді.

Бұдан кейін де сол қонақүйге екі-үш мәрте бардым. Талантты суретші, спортшы Бексейіт Түлкиев бір нәрсені шұғыл айтып, тез кіріп, шұғыл шығып жүрді. Қасында бір-екі азаматты ертетін. Бізді ағасын іздеп келген спортшы немесе көп журналистің бірі деп ойласа керек, «Бұлар кім? Неғып жүр?» деп сұрамайтын...

ui26

Танысып-біліскеннен соң, М.Өзтүрік қаламгерден нені қалайтынын, нені сұрайтынын біртіндеп айтып отырды. Оның бәрін жеткізу мақаламыздың мақсатына кірмейді. Бірақ спортшының асыл арманын естіп тұрып, тағы да үнсіз қала алмадық.

Біріншіден, Мұстафа халық алдындағы абыройына қатты алаңдайтынын айтатын. «Менің халқыма деген ниетім, перзенттік парызым әу баста қалай болса, қазір де солай. Бірақ соңғы кезде халқым мені жоғалтып алғандай. Спорт мектептерім жұмыс істеп жатыр, шәкірттерім қайбіреулер секілді рэкет емес, ел басшыларын, зиялыларды сыйлаймын. Алайда БАҚ мен туралы аз жазып, кем көрсетеді...».

Екіншіден, халық қалаулысы болғысы келетінін жеткізетін. «Қазақстанға келіп білгенім: сыйлы және өтімді болу үшін депутат мәртебең керек екен. Бұл менің спортыма, диаспора мен атажұрт арасын жақындатуға қажет. Осыған көмектессеңдер...».

Үшіншіден, тіршіліктің кей мәселесінде адам ретінде дағдаратынын, ойланып-толғанатынын баяндайтын. «Менің Түркиядағы ағайыным көп ауыртпалық көрген соң біртекті емес. Артық әңгіме айтатынын да естимін. Мұндағы кей достарым да билікке мені жақындатудың орнына қысыр әңгіме айтатын көрінеді. Әр адамда кездесетін адами күйзелістер тағы да бар. Мен ұлтыма керекпін бе? Санам, жүрегім «керексің» дейді. Онда мына жағдай не? Санам, жүрегім «бұл уақытша» дейді. Басқа да айтқым келетін, бірақ дауысым, тілім жетпейтін құбылыстарға қалам күштеріңді аямасаңдар деймін...».

Осы сұхбаттардан кейін Мұстафа Өзтүрік феномені шын ойланта бастады. Сонымен қатар бір нәрсені де ұқтым: ол – «амал дәптері жабылған» ғылыми тақырып емес, өмірдің өзі сияқты сан қилы, сан қырлы тұлға, адам, пенде. Сондықтан құбылып соққан заман желіне, саясат ызғарына, пендешілік дүмпуіне қарсы тұруға оның қауқары жетеді. Себебі, Мұстафаның адамшылығы мен арманы биік тұр. Осындай тоқтамға келдім.

Еуропаны көрген, нарықты білетін Мұсекеңе: «Егер орайлы келісім-шарт жасассақ, әлім келгенше көмектесуге әзірмін» дедім. Ол кісі федерацияның жауапты адамдарына сілтеді. Қабекең екеуміз оларға бірнеше мәрте бардық... Олар үндемеді, тіпті үнсіз қалды.

Дәл осы шақта өзім қосымша қызмет істеп жүрген «Ана тілі» газеті «аты қосымша, заты толық» келісім-шартын ұсына қалды.

Академиядағы ғылыми жұмысым, газеттегі қосымша қызметім мені басқа армандарға жетелей берді...

Бірақ әлгі үш-төрт сұхбаттағы Мұстафа Өзтүрік ой-пайымдары санамда жатталып қалды.

Сол жылдары Қабибек досымыз ойы ұшқырланып, қаламы үшкірленіп, спорт тақырыбында көп дүние тудырды. Тіпті ол сала ғылымының алдына шығып кеткен кез де болды.

1995 жылы 15 наурызда төтеннен «Мұстафа қайтыпты» деген қаралы хабарды естігенімде, дидарласқан адам ретінде еңсем түсіп кетті. Ал, «Сүйегін Түркияға жерлемек» дегенді құлағым шалғанда, іштей «қап-қап!» деген өкінішті қайталай бердім...

Адам Құдайдан үмітін үзбейді. Шүкір, азат Қазақ елі Мұстафа Өзтүрікті тірісінде де қадірледі, бақилық болғанда да қадірлеген ниетінен өзгерген жоқ. Оның мұрасы, жүріп өткен жолы – ислам құндылықтарын ардақтататын, түркі дүниесін бірлестіретін,  маңдай терді бағалататын жол.

Әлгі конференцияда мың өліп, мың тірілген қазақтың бірі Мұстафа тағдырын да діндес пен тілдесті үйлестіретін фактор ретінде айтуға болар еді... Бұл енді – ертеңгі күннің еншісі.

 

 

Теги мұстафаөзтүрік тайсойғансайты