ҰЛТТЫҚ ФИЛОСОФИЯ: ЗЕРДЕЛІ ЗЕРТТЕУ, ЗИЯЛЫ ТҰЛҒА

ҰЛТТЫҚ ФИЛОСОФИЯ: ЗЕРДЕЛІ ЗЕРТТЕУ, ЗИЯЛЫ ТҰЛҒА

   Қазақ сөзінің құдіретін әлемге танытқан ғұлама Мұхтар Әуезов  философия ғылымы мен сол ғылымды зерделеуге ден қойған зерттеуші тұлғасының сабақтастығына қатысты оқырманның ойында берік орнығып қалатын бір парасатты пікір түйген екен.  «Философияның құралы – толғаулы терең ой. Іздейтіні – бүткіл дүниенің әуелгі сыры, негізгі хақиқаты. Философияның кірісетін жері – таза ақыл шешетін сауалдар. Адамның жүрегіне бақыт, махаббат ұрығын орнататын да көкірекке сіңген сол терең ой.  

   ...Тереңдікпен ойлаған ой, біріншіден, адамның көкірегін оятып, ақыл көзін дүнияға  жайнатып ашқызады. Екіншіден, адамды ұсақтықтан, әртүрлі мінезсіздіктен құтқарады. Қай уақытта болса да, адам ақылының  аймағы шынды, ақтықты іздеумен кеңейген болса, ол адамның адамшылығының жүзі жарқын болмақ. Және оның жүрегіне нық бекіген хақиқы жолдың беті ездікпен толқымайды. Бұл терең ойдың ойшылдың өз басына келтіретін пайдасы» - дейді (Әуезов М. Философия жайынан. //Қазақ әдебиеті. - 3 ақпан 2017.). Ғұлама көрсеткендей, шынайы философ адамның бойында, ең алдымен, жан тазалығына қажетті адамгершілік, ірілік, шыншылдық, пенделікке бой алдырмайтын орнықтылық, адалдық, өзіне де, өзгеге де биік талап қоя білетін қасиеттердің тең дәрежеде тоғысып жатуын кәсібиліктің деңгейін айқындайтын құзіреттіліктер деп санауға болады. Шын мәнінде, дәл осы байлам біздің бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері: әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті философия кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор Гүлжиһан Жұмабайқызы Нұрышеваның кісілік қасиеті мен зияткерлік тұлғасына толық сай келеді.

   Қазақта тумысынан тектіліктен нәр алған, тәлімнің тал бесігінде тербеліп, тәрбие көрген, сол ұяда көргенін өз өмірінің өзегіне айналдыра алған адамға қатысты «адал сүт емген» деген қағидалы баға-байлам бар. Шын мәнінде, Гүлжиһан Жұмабайқызының өн бойында осы бағаға лайық үлгі мен өнеге біртұтас сипатқа ие. Оған күнделікті өмірдегі адами қатынастарда да, кәсіби саладағы іскерлік әлемінде де, ғылым жолындағы ізденістерінде де өзіне тән кісілігі мен адамгершілік қасиеттерінен ауытқымайтын болмыс-бітімі дәлел.

   Шындығында да, ғылым кеңістігінде, әсіресе, гуманитарлық салада өз бағын сынайтын ғалымның болмысы мен  табиғатын тану үшін оның зерттеу нысанына көз салудың өзі жеткілікті. Өйткені ғылым – дүниені танудың кілті болса, ғылыми еңбек тақырыбы – сол кілтті ұстаған адамның таным өресі мен ой өрісінің дәйегі, талғамы мен талабының көрсеткіші. Осы тұрғыдан келгенде Гүлжиһан Жұмабайқызының өз зерттеу жұмысының нысанына өмірдің мәнін алуы кездейсоқ емес. Қатал тағдырдың тауқыметін ерте сезініп, өмір көрігінде шыңдалып, шыныққан болашақ ғалымның ерік-жігері берік, қайраты мен ақылына ғана жүгінетін қайсар, жалтақтықтан аулақ, ешкімнің ала жібін аттамайтын адалдықты сақтауды парыз санап өскені шындық. Сол адалдықтың түп негізі өмірдің мәнін өзі өскен ортадан, сол ортадағы ең басты тұлға – қайсар ананың әр ісінен түйсініп өскен балауса қыздың есейе келе философия сынды қиындығы мен қызығы мол саланы таңдауының басты  себебі мен іргелі негізінде осындай өмір қағидасы жатқанын болжау қиын емес. 

Гүлжиһан - копия

   Философия «даналық туралы ғылым», сондықтан оның ең басты нысаны Адам болуы заңды. Өйткені даналық – тек Адамға тән қасиет, адамның дүниенің сырын, жаратылыстың мінсіз үндесімі мен үйлесімін түйсікпен сезінуі, тануы, сол танығанын талғап түсініп, тереңнен толғап жеткізу қабілеті. Ендеше, философияның орталық нысаны – Адам үшін ең қымбат нәрсе – ӨМІР. Ия, адамзатты өзге тіршілік иелерінен бөлектеп тұратын оның өмірі. Ал, Адамның жан-дүниесін толғандырып, санасын тербеп, ойын қозғап тыншытпайтын сұрақ – ӨМІРДІҢ МӘНІ. Өйткені өмір сапасының өлшемі – оның мәні. Сол өлшемнің деңгейіне қарай  жер бетіндегі әрбір ұлттың дүниетанымы, оның ділі мен болмысы айқындалады. Мысалы, қазақ үшін өмір мәнінің ең басты өлшемі – АР. Сондықтан біздің халқымыздың өмірдің мәнін танытатын өзек-қағидасы: «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы». Кеудедегі жанды сақтау үшін бүкіл жиған-терген дүние-мүлкін тәрк ететін қазақ сол жанның қадір-қасиеті бір ғана арға байлаулы деп бағамдайды. Осыдан келіп шығатын түйін: қазақ үшін өмірдің мәні – ар  тазалығында. Сондықтан Гүлжиһан Жұмабайқызы кеңестік дәуірде саяси идеологияның жетегінде кеткен кеңестік философия мазмұнына қазақтың ұлттық  философиясындағы адамға, өмірдің мәніне қатысты ізгі дәстүрлерді сыналап енгізген ұстазы Ораз Аманғалиұлы Сегізбаевтың дәрістерінен өнеге өрісін тапты, болашақ зерттеу аймағын болжап, анықтады. Арнайы ғылыми мектебі жоқ, тек аузы дуалы шешендері мен көшелі көсемдерінің ғасырлар тезін көктеп өтіп, осы заманға жеткен сөз мұраларының астарындағы халқының саф алтындай қастерлі ойларын парақтап, парықтауды мұрат етті. «Философияның мәні – парасатқа жетелеу арқылы адам әрекетін дүние алдындағы жауапкершілікке, асқақ мақсатқа бағыттау» деп түйсінген жас ғалым сол парасатқа жетелейтін ілімнің іргетасын ұлттың ой көмбесінен іздеді. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, Гүлжиһан Жұмабайқызының ғылымға бет бұруы еліміздің тәуелсіздік алуымен тұспа-тұс келуі де зерттеу жұмысының барынша ашық, еркін, терең жүргізілуіне алғышарт қалады. Бабалар мұрасындағы толғауы тоқсан қызыл тілдің өрнегімен өрілген өрелі ойлардың әлемдік даналық кеңістігіндегі толық мойындалған философиялық тұжырымдармен орайлас келетінін, олардан бір мысқал да кем емес, керісінше, кей тұстарда озық тұрғанын өзінің «Өмірдің мәні: философиялық-антропологиялық талдау» атты монографиясында дәлелдеп шықты.

   Сонау көне дәуірден бастау алатын Батыс, Шығыс философиялық мектеп өкілдерінің бірінде жалпының немесе, керісінше, жалқының абсолютизациялануы нәтижесінде олардың бірінің екіншісін мәнсіздендіруінің салдары жайлы жасалған толғамды ойларын саралай келіп, адам мен қоғам сабақтастығы мен бірлігін өзара тұтастықта сипаттаған түркі даналары мен ұлттық ойшылдардың еңбектеріндегі өмірдің мәні мәселесін жан-жақты дәйектеп берді. Сондықтан да бұл еңбек ұлттық философиядағы жаңа, тың арнаға бет бұрған құбылыс ретінде бағалануға лайық, іргелі ізденіс, зерделі зерттеудің үлгісі болды.

   Еңбек үлкен төрт тараудан тұрады. Аталмыш еңбекте зерттеуші «адам өмірінің мәніне мән беріп тұрған құндылықтарды саралауды кәсіби міндет деп санады. Соның ішіндегі ең маңыздысы – өмір» деп бағалады. Сондықтан ол өмірді адамзат баласына жаратылыстан берілген абсолютті мүмкіндік ретінде қарастыруды мақсат етіп қойды. Еңбектің басында өмірдің мәні мәселесінің ХХ ғасырдағы экзистенциализмнің негізгі зерттеу нысаны екендігін дәлелдей отырып, ғалым алдымен кеңестік кезең философиясындағы адам өмірінің мәні мәселесінің кемшін қалуының, білім жүйесінде мүлде ескерілмеуінің себептерін анықтады. Сонымен қатар Батыс экзистенциализмінің регрессивтік сипат алуының факторларын атап көрсетті. Зерттеудің негізгі  міндеті етіп осы кереғар екі бағыттың ортасынан ұлттық философияның өзекті мәселелерін анықтау қажеттігін негіздеді. «Бір сөзбен айтқанда, өмірмәндік мәселе – адамның ақырғы шешімі жоқ өмірлік серігі. Адам бұл мәселенің түйінін тарқатудың қиындығынан қорқып, оны елемеуге тырысқан сайын немесе алдамшы шешім қабылдап, өзін де, басқаларды да өтірік алдарқатқан сайын, мәселе ушыға түседі. Бұл мәселеде адамға философия ғана көмекке келе алатынын» пайымдады.

   Ғалым Г.Нұрышеваның зиялы зерттеуші ретіндегі бір ерекшелігі ретінде таптаурындылыққа жол бермейтінін, өзіндік позициясын дәл айқындауын, дара ойлары мен пікірлерін түбегейлі дәйектеп отыратынын, іргелі мәселелерде нақты шешім жасап, оны соңына дейін жүйелі түрде дамытып, жетілдіріп отыратынын  атап айтуға болады. Бұл еңбегінде де зерттеуші Өмірдің мәні ұғымын сипаттайтын түйін-категорияларды  іріктеуде өз ұстанымын берік анықтады. «Біз өмірдің мәні ұғымын сипаттайтын негізгі түйін-категорияларды таңдап алдық. Бұл таңдау –зерттеушінің субъективті, өз түсінігі тұрғысынан жасаған таңдау, ол пікірталас туғызуы да мүмкін. Бірақ біз негізінен философиялық ойлаудың қатып қалған шеңберінен шығып, еркін ойлау, мәселені өзінше түсінуді қысылмай баяндау заманында өмір сүріп отырғанымызды есте ұстадық. Өмірмәндік ұғымдар қатарында өмір, өлім, мақсат, парыз, таңдау, еркіндік категорияларын алдық. Осы категориялармен қатынасы арқылы өмірдің мәнін ашуға тырыстық» - деп мәселенің бетін бірден ашып алады. Сөйтіп, осы категорияларды сонау ежелгі заман ойшылдарынан бастап ХХ ғасыр аралығындағы Батыс өркениеті өкілдерінің зерттеулеріндегі, орта дәуірдегі түркі, одан берідегі қазақ ғұламаларының еңбектеріндегі өмірдің мәніне қатысты барлық пайымдауларды зерделеуде тірек-ұстын ретінде үнемі назарда ұстайды. Бұл ұстаным зерттеу еңбегінің ішкі сабақтастығының беріктігі мен бірлігін қамтамасыз ете келіп, нақты талдаулардың өзегіне айналады.

53870586_2082982045071534_7378088820446593024_o

   Зерттеу еңбегіндегі назар аударарлық мәселенің бірі – өмір мәнінің субъективтілік және объективтілік тұрғыдан тең қаралуы. Гүлжиһан Жұмабайқызы өз зерттеуінде әлеумет пен жеке адамның арасындағы байланысты тереңдікпен саралап, өрелі ой түйіндейді: «адамның жаттануындағы қоғамның рөлін жоққа шығармасақ та, негізгі жауапкершілік индивидтің өзінде екенін ұмытпаған жөн». Бұл ой барлық сәтсіздігін сырттан іздейтін, өз бойындағы мінді мойындауға қауқарсыз, оның барлық себебін қоғамға аудара салуды жөн санайтын бүгінгі замандастарға үлкен ой салады. Өйткені қоғамның жеке адамдардан құралатынын ескермеу кейде сол адамдардың өзінің парызы мен қарызынан тайқып, бар кінәні басқадан іздеуге үйір ететіні болады...

   Осындай айқын мақсат зерттеудің сапалық деңгейін көтере түскен. Мысалы, ғалым әрбір түйін-категорияның рөлі мен маңызын өзіндік ой-тұжырымдарымен дамыта түседі. Мысалы, өмірдің мәнін айқындауда өлім категориясына қатысты ойлары айрықша көңіл аударуды қажет етеді. Зерттеуші Өмір – Өлім қатынасына тың сипат береді. «Өмірдің мәнділігі өлімнің құнын арттыра түседі» дей келіп, өлімді ақиқат, сын, сана өлшемі, руханилықтың бастауы, ұлт ділінің көрсеткіші, өркениет сипатының эталоны ретінде негіздейтін құнды ойлар ұсынады. Сол сияқты мақсат пен арманның, мақсат пен парыздың, мақсат пен құралдың арақатынасын да дәлдікпен таразылайды. «Мақсат – мәннің субъективизациясы, бірақ ол арқылы өмірдің мәні нақтыланады» - дейді автор бір байламында. Өмірдің мәнін мәндендірудегі таңдау мен еркіндіктің рөлін, олардың арасындағы қайшылықтар мен ортақ заңдылықтардың сипатын ашып көрсетуі де оқырманға ой саларлық пәлсапасымен дараланады. Таңдау да әрі субъективтік, әрі объективтік сипатқа ие әрекет екенін, шынайы әрі дұрыс таңдау жасауға ықпал ететін адам бойындағы ақыл-ой, күш-жігер, ішкі сезім, мықты мінездің ықпалын талдап беруі зерттеушінің зерделі ойлау өрісінің кеңдігін айғақтай түседі. Еркіндік пен парызды егіз ұғым ретінде өзара тығыз бірлікте саралаған ғалым адам еркіндігін «өз мақсатын таңдау, оны жүзеге асыру мүмкіндігі» ретінде қарастырады да, «оның өзгенің ықпалына түгелдей бағынышты да болмауын, сонымен бірге шектен шығып, адами қабілет пен қасиет шеңберінен де аспауы тиіс» екенін бағамдайды. Мұнда қоршаған орта басты фактор деп көрсетілгенімен, оның адам еркіндігіне ықпалы тұлғаның пайым-парасатына, ішкі қуатына, сана-сезім деңгейіне қарай танылатынын тереңдікпен ұғындырады. Мықты жігер мен толғамды ойдың бірлігінде айқындалған еркіндік қана адамды мұратына жеткізетін тетік екенін дәйектеп береді.

   Келесі тарауларда түгелдей адам өмірінің мәнімен байланысты негізделген түйін категориялар философия тарихының әр кезеңдерінде өріс алған идеялармен, ұстындармен, тұғырлармен бірлікте жүйеленеді. Сонау Антика, Ежелгі Грек, Рим, Үнді, Қытай философиялық мектептеріндегі адам өмірінің мәніне қатысты мәселелер әр қырынан талданады. Ғалым Г.Нұрышева бір кезде Карл Ясперс негіздеп көрсеткен «осьтік уақыт» биігінен философиялық мектептердің зерттеу тақырыбымен ұштасатын қағидаларды тарихи-таным ұстанымы бойынша зерделеп, мәңгілік құнын жоймаған даналық ойлардың бүгінгі технология үстемдік құрып отырған жаңа дәуірде де заманауи күрмеулі мәселелерді шешудің кілтіне айналуының сыры мен қырын креативтік тұрғыдан жаңғырта, жаңарта пайымдайды.

   Ежелгі грек философиясындағы Сократ есімімен байланысты аталатын антропологиялық мәселелердің зерттеу нысанына айналуының себебі адам өмірінің мәнін іздеуден туындағанын сарабдалдықпен саралап түсіндіреді. Мәселен, Гераклиттің «адамгершілік – адами Құдай» деген қорытындысындағы жан мен тәннің арақатынасына ерекше назар аудартады. Жан тазалығын қамтамасыз ететін ақыл мен парасаттың адамгершілік қасиеттен бастау алатынын, оның түбінде адам баласын Бақытқа жеткізетінін негіздеген даналық ойлардың бүгінгі қоғам үшін маңызы артып отырғанына көңіл бөледі. «Пифагордың өмір салтын», софистердің ізгілік ілімін, Сократтың «Өзіңді өзің танып біл!» қағидасы мен мәнді өлім өнегесін, Платонның «жан тазалығын», Аристотельдің интеллектуалдық қызмет құндылығы мен мемлекетшілдік рух бірлігін, Цицеронның философтың рух биіктігіне қатысты ой-пікірлерін адам өмірінің мәні тұрғысынан талдайды. Сол сияқты Ежелгі Үнді философиясындағы Упанидашалар ілімінің өзегіне салынған – бұл дүниеден баз кешу, абсолютті тыныштықты аңсау сарынының мәнін, Бхагаватизмнің Кришнамен байланыс тамырларын, иогендік сенімнің күшін ашып көрсетеді. Осы тұста қоршаған ортаға, бүкіл табиғатқа ізгілікті қатынастың, мейірімнің басы саналып келген Жайнизм бастауларының өзегіне үңіледі. Ішкі қарама-қайшылығы мол, күрделі ілім саналатын Будда философиясындағы тірек идеяларды тарата отырып, оның адамның ішкі әлеміне ой көзімен қарауға үйрететін себептерін адам өмірінің мәнімен байланыста зерделейді. Көне Қытай философиясының негізгі бағыттарын ұлттық және практикалық басымдықтармен сабақтастықта қарастырған ғалым ондағы субъективтіліктен қоғамдық санаға ауысудың тетіктерін нақтылап береді. «Адамгершілік сезімнің ұясы – жүрек» деген қағиданы ұстанған Мэн-цзы, адамның белсенділігін тым шектейтін Даосизм, «өзіңе тілемегенді басқаға да жасама» дейтін «Адамды сүю» ұстанымын негіздеген Конфуций тұжырымдарының діңін қалыптастырған әлеуметтік тәртіп негіздерінің өмір мәнімен ұштасар арналарын да дәлдікпен анықтайды. Көне философиялық антропологиядағы праксеологиялық сипатты сол дәуірдің ой әлеміндегі ерекшелік ретінде атап көрсетеді.

30051673_169664480526413_1107548074078818340_o

   ХХ ғасырдағы Батыс экзистенциализмінің тууының себептерін қоғамда өріс алған тарихи-әлеуметтік өзгерістермен, бірте-бірте тереңдей түскен өркениет дағдарыстарымен, ескі түсінік пен жаңа қажеттіктің қайшылықтарымен байланыстырып ашады. Батыс экзистенциализміндегі жаттану үдерісінің өріс алуының философиялық ағымдарды туғызған объективті шарттары нақтыланады. Гуссерльдің феноменологиясының, С.Къеркегордың философиясының, Шопенгауэрдің «үш игілік» қағидасының, Ницшенің «ең жоғарғы адам» концепциясының, Хайдеггердің, Жан Поль Сатрдың, Канттың философиялық пікірлерінің мәнін солардың заңды жалғасы ретінде туындаған Аббаньяноның экзистенциалдық мектебі негіздеген тұжырымдармен түйіндейді. Ал, орыс философиясының өмірмәндік мазмұнын ашу үшін бұрын кеңестік саясат салдарынан назардан тыс қалып келген бейтаныс ойшылдардың еңбектеріне талдау жасайды. Атап айтқанда, С.Франк, В.Соловьев, Г.Шпет т.б. еңбектері сараланады. Жазушы әрі ұлы ойшыл Л.Н.Толстойдың философиялық еңбектеріне талдау жасау нәтижесінде орыс философиясының толық бір дәуіріндегі адам өмірінің мәні зерделенеді.

   Ғалымның аса бір ықыласпен, білімдарлықпен терең де сүбелі ой топшылаулары орта ғасырда өмір сүрген түркі даналары мен қазақ халық ауыз әдебиеті мұраларына, ұлт зиялыларының философиялық туындыларына жасалған талдауларында қордалана, кемелдене түседі. «Шындығында, сонау Антика заманы мен оның бергі жағын байланыстырып тұрған, жай ғана байланыстырып қоймай, дүниежүзілік өркениеттің дамуына мықты әсер еткен батыстық Орта ғасыр философиясы емес, күні кешеге дейін, маңызды назар аударылмаған, зерттелсе де, үстіртін зерттелген Шығыстағы мұсылман филсофиясы еді» дей келіп, шығыс филсофиясына деген еуропоценристік немқұрайды көзқарастың қалыптасу себептерін талдап көрсетеді. Осы орайда әл-Фарабидің «Бақыт – абсолюттік ізгілік» қағидасының мәнін, «ағартушылық» философияға, қайырымды қала тұрғындары мен әділ басшыға қатысты ойларының маңызы; Жүсіп Баласағұнның «Құдатғу білігіндегі» адамның мәнді өмірге жетуіне серік болатын төрт қасиеттің – Әділет, Дәулет, Ақыл, Қанағаттың рөлі; Қожа Ахмет Йассауидің Диуани хикметіндегі» адамға оның адами міндеттерін түсіндіру, өмірге келгендегі мақсатын анықтау, оның жүрегі мен рухын ояту мұраттарының мәні заманауи тұрғыдан терең зерделеніп, өркениет талаптарымен, оның өзекті мәселелерімен үндестікте ашылады.

   Зерттеуші қазақ философиясындағы адам өмірінің мәніне қатысты тұжырымдарды тың, жаңа көзқараспен ашып көрсетеді. Алдымен тарау тақырыбын белгілеу арқылы өзінің зерттеу концепциясын нақты байқатады:  үшінші тарау «Адам өмірінің мәні – қазақ философиясының өзегі» деп аталады. Ғалым туған топырағында өмір сүрген ойшылдардың еңбектерін талдауда өзінің ұстазы, көрнекті философ ғалым Ораз Сегізбаевтың дәстүрлік ілімін жалғастырады. Қазақ сөз өнерінің қарапайым қарым-қатынас деңгейінен асып, «адамдардың араласуының шығармашылық түріне тән дискурсивтік, яғни пайымдық тіл» ретінде қолданыс табуы рухани кеңістігіміздегі ұлттық және адамзаттық құндылықтар мен өмірлік қағидаларды дәйектеуге мүмкіндік беретінін негіздеген ұстаз ұстанымы шәкірт еңбегінде тереңдей түсті. Ауыз әдебиетіндегі қара өлең, ертегі, аңыз, эпос жанрларында тұрақталған ұлттық тұжырымдар адам өмірінің мәнімен бірлікте талданады. Халық ұғымында берік орныққан «өмір-дүние» тұтастығы, реалды сипат, оптимистік рух, тағылымдық мән тән болып келетін қазақтың қара өлеңінің құдіреті сан толқын үрпақтың өмір ағыстарынан аман өтуіне кепіл болуының сыры дәйектеледі. Арман мүддесін аңыз әңгімелер мен ертегілердің сюжеті мен кейіпкерлерінің образы арқылы жеткізген өрелі  халықтың даналық ойларының тоғысатын тұсында адам өмірінің мәнін ашуға, соған ұмтылдыруға ерекше мән берілетінін ғылыми пайымдаулар арқылы беріп отырады. «Мәңгілік рухани құндылықтармен толтырылған өмірді өлім жеңе алмайды! Қазақ түсінігінде, өмір – табиғаттың сыйы, тіршілік негізі, оны бағалап, адамгершілікке толтыра біл», - деп түйін жасайды зерттеуші.

   Қазақ зиялыларының философиялық туындыларына арналған соңғы тараудың көтерер жүгі де өте салмақты болып шыққан. Тәуелсіздік алғанға дейін қазақ философиясы болмаған деген схоластикалық көзқарасты түбірімен жоққа шығаратын өрелі ой, өрісті тұжырымдардың ғана жаңашылдыққа бастайтынын сезінген ғалымның зиятты ойларының айқындалар тұсы да осы. Философиялық антропологияның түп тамырын тереңнен тартқан ұлт арыстарының еңбектерінен сүзген зерттеушінің зияткерлік болмысы да осы тарауда одан сайын толығып, сомдала түскен десек артық айтқандық емес.

49853244_2090437244380760_6676210938586071040_n

   Ұлтын сүюдің, ұлтына қызмет етудің үлгісіне айналған дара туған Шоқан Уәлихановтың, қазақ Даласына білімнің шамшырағын жаққан Ұлт Ұстазы Ыбырай Алтынсариннің, «қазақ» сөзінің баламасына айналған дана Абайдың, қазақ сөз өнері арқылы «Ар» ілімін асқақтатқан Шәкәрім Құдайбердіұлының,  олардың рухани жолын жалғаған, ХХ ғасыр басында ұлт тарихындағы ренессанс дәуірінің аса көрнекті өкілдері, Алаштың ардақтылары: Әлихан Бөкейхановтың, Ахмет Байтұрсыновтың, Міржақып Дулатовтың, Мағжан Жұмабаевтың, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың, Мұхтар Әуезовтің және т.б.   еңбектеріндегі адамдық борыш пен парыз, ел қамы мен ұлт жайы туралы көркем шығармалары мен публицистикалық мұраларындағы ой толғаныстарынан  философиялық мән іздеген зерттеуші өз тақырыбына қатысты жаңа идеялар мен тұжырымдарды молынан табады.

   Атап айтатын басты мәселе: ойшылдар пікіріне талдау жүргізуде ғалым адам өмірінің мәнін ашуға қатысты өзі айқындаған түйін-категорияларды үнемі ой өзегі етіп ұстанып отырғандықтан, ғылыми еңбектегі пайымдаулар бірінен-бірі туындап, бірін-бірі толықтырып, кеңейтіп отырады. Сондықтан адам өмірінің мәніне байланысты мәңгілік проблемалар мен оны шешуге ұмтылған әлемнің ұлы ойшылдарының философиялық көзқарастарындағы ортақ түйіндеулер мен ерекше тұжырымдар сараланып, айдындана түседі. Кемел ойлардың кеңдігі мен рух биіктігінің мәнін түсінуге, түсіндіруге, түйсіндіруге ұмтылған ғалымның тың байламдары құндылығымен қуантады, тереңдігіміен сүйіндіреді, шынайылығымен сендіреді.

   Кез келген шығармашылық дүние – автордың өміртанымының, болмысының, интеллектуалдық әлеуетінің көрсеткіші. Ғылыми еңбек те зерттеушінің болмыс бітімінің айнасы іспеттес болуы заңды. Осы тұрғыдан келгенде талданып отырған еңбектің өнбойында бір-бірімен тығыз жалғасып жатқан авторлық байламдар мен бағамдаулардан Гүлжиһан Жұмабайқызының кісілік болмысын, адами қасиеттерін толық тануға болады. Мысалы, зерттеуші: «Адам жарық дүниеге адам болып келген соң, адам атына лайық өмір сұруге, яғни адамшылыққа ұмтылуы тиіс. Менің ойымша, адам өміріндегі ең басты мақсат осы, ал басқа мақсаттар – оған жеткізетін баспалдақтар ғана. Адамшылыққа жеткізетін адамгершілік қасиеттерді – ар-ұят, ізгілік, мейірімділік, қанағат, әділдік, қарапайымдылық және басқаларын бойына жинап, өмірдің сан алуан соқпақтарында оларды жоғалтып алмай, кір шалдырмастан өмір мәресіне жеткен адамның ғана өмірі мәнді болмақ» -деп тұжырымдайды. Адамзаттың ең бір күрделі мәселесін қарастырған Гүлжиһан Нұрышеваның зерделі зерттеуі ұлттық философияның өрісін кеңейтіп, тұғырын биіктетумен қатар ғалымның өз зияткерлік тұлғасын да халқына кеңінен танытқаны кәміл.

   Гүлжиһан Жұмабайқызының қай ортада жүрсе де, қай дәрежеде қызмет етсе де, өзіне де, өзгеге де биік талап қоя білетін қасиеті, ешкімді алаламайтын адал ниеті, барға таспайтын, жоққа саспайтын сабырлы болмысы оның бойына анасынан дарығаны сөзсіз. Балалық дәуреннің балынан гөрі кермегі басым болды: асқар тауы әкеден ерте айрылыған алты баланың алды студент, соңы мектеп жасында еді. Анасының табандылығының арқасында отбасының білім-ғылымға деген ерекше дәстүрі сетінеген жоқ, қайта бұрынғыдан да ширай түсті. Қайсар жанның ойында бір ғана мұрат тұрды: жарының алдындағы адал парызын өтеу, балаларды оқыту, білімнің нәріне қанықтыру, сол арқылы ақыл таразысын тең ұстайтын ұрпақ өсіру. Бүгінде айтуға оңай көрінгенімен, алды әлі аяқтанып үлгермеген алты бірдей баланы қатарының алды етіп тәрбиелеу жалғыз басты анаға оңай болған жоқ. Десе де, әкенің қанымен, ананың сүтімен бойға сіңген қасиет балаларының да қиындыққа мойымай, өзін-өзі жетілдіруіне іргетас болып қаланды. Гүлжиһан бес ұлдың ортасындағы жалғыз қыз болса да, еркелігін естілікке жеңдіріп, анасының қолғанаты бола білді. Ана көңіліне қаяу түсірмеу үшін бауырларымен бірге жақсы оқуға барын салды. Соның арқасында Нұрышевтар отбасынан мектепті алтын медальға бітірген үш баланың  бірі болды. Дәметкен Бисенқызы тәрбиелеген Нұрышевтар отбасынан бір генерал, бір полковник, бір ректор, бір заңгер, үш ғылым докторының шығуы – асыл ананың маңдай терінің өтеуі. Сондықтан бұл отбасы бүгінде қазақ еліндегі танымал, өнегелі әулет атанды.

   Осындай өнегелі ұядан көрген тәлімнің нәтижесі болар, Гүлжиһан Жұмабайқызы университеттегі өзі басқарып отырған кафедра жұмысымен ғана шектеліп қалмайды. Ол қоғамдағы әрбір іске үлкен жауапкершілікпен қарауды, оған азамат ретінде атсалысуды адамдық парызым деп санайды. Оның айқын дәлелі: философия саласынан ол жазған қазақша оқулықтары, отандық және шетелдік басылымдарда жарияланған екі жүзге жуық ғылыми туындылары, қоғамның өзекті мәселелерін талдауға арналған, республиканың газет-журналдарында жарық көрген көптеген мақалалары, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Мәңгілік ел», «Ұлы Дала Елі»  идеялары аясында жүзеге асырылған «Мәдени мұра» жобасы бойынша әлемдік философияның ең үздік түпнұсқаларын орыс тілінен және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Қазақ тіліндегі 100 оқулық» жобалары бойынша әлемнің ең үздік философия оқулықтарын ағылшын тілінен қазақшаға аудару ісіне белсене қатысуы. 

   Жаны сергек, жаңашыл ғалым мерзімді баспасөз беттерінде де көкейкесті мәселелерге қатысты өз ойларын ортаға салып отырады. Ғылыми-көпшілік сипаттағы жарияланымдарын екі арнаға бөліп қарастыруға болады: бірі – Тұлғатану бағытындағы зерттеулері; екіншісі – елтаным сипатындағы саяси-әлеуметтік мәселелерді тереңнен толғаған мақалалары мен жазбалары. Ұстаздары, замандастары жайлы терең талдауға құрылған естеліктері мен мерейтой үстіндегі ақжайма көңілмен ақтарыла жазған салиқалы еңбектерінің орны бір төбе. Асыра айтуды сүймейтін ғалымның іргелі ой-тұжырымдары кейіпкерлерді жан-жақты таныту арқылы автордың парасат пайымын, кіршіксіз ой-ниетін де бедерлеп тұрады. Ал, әртүрлі шетелдерге барған іссапараларында, отандық өнер, білім ордаларына байланысты көңілге түйген ой-пікірлерінде салыстырмалы талдау жасай отырып, елдігімізді нығайтуға байланысты тың ой, соны ұсыныстар бере алуы да оның айналадағы әрбір құбылысты жіті қадағалап, оның себебі мен салдарын тең таразылай білетін білік деңгейін де танытады. Ғалымның өзі негіздегендей, «философиялық ойлау – интеллектуалдықтың, руханилық пен адамшылықтың бірден-бір белгісі» болса, Гүлжиһан Жұмабайқызының ғибратты ғұмыр жолы соның айқын дәлелі, жеке эрудициясының, ұлтының ұлағатты тұжырымдарын өзінің өміртанымдық призмасы арқылы өткізе тануының көрінісі.

Абдал аға

   Бүгінде Әбекең секілді ардақты азаматпен үлгілі отбасын құрып, екі қыз тәрбиелеп, құтты орнына қондырған асыл ана, аяулы әже атанған Гүлжиһан Жұмабайқызы – бір ғана әулеттің мақтанышы емес, қазақ руханиятында өзіндік орны бар, қайраткер деңгейіне көтерілген зияткер Тұлға. Сондықтан жаңа ғұмыр белесінде ұлттық даналық ойдың қазынасын толтырардай зерделі зерттеулерінің саны да, сапасы да арта берсін деп тілек айтамыз.

 

 

 

 

Жанат Дәулетбекова,

Қазақстан-Британ техникалық

университетінің профессоры,

педагогика ғылымдарының докторы

Теги АГУ70 сайттайсойган тайсойғансайты