ҰЛАҒАТТЫ ҒҰМЫР

ҰЛАҒАТТЫ ҒҰМЫР

Экономика ғылымдарының докторы, профессор, академик Ғалымжан Жұмабайұлы Нұрышев пен социология ғылымдарының докторы, профессор Гүлімхан Байкенқызы Шөптібаева туралы

 

Абай бабамыз ұлы Әбдірахман дүниеден өткенде:

Бір шешеден туғанда,

Бәрінен кетті тәуірім.

Көтермеске амал жоқ,

Көрдім дүние ауырын – деп жазған екен.

   Осы сөздер Ғалымжан мен Гүлімханға арналып айтылғандай. Екеуі де өз отбасыларының тәуірлері еді. Әкеміз Жұмабай өмірден бар-жоғы қырық бес жасында кеткенде анамыз Дәметкен Бисенқызы алты баламен қалған. Қайыржан, Бақытжан ағаларымыз студент, қалған төртеуіміз мектеп жасындағы балалармыз. Қол ұшын беретін ағайын да аз, бірақ анамыз бәрімізді тістелеп жүріп адам қатарына қосты. Қазақтың қарапайым әйелінің осы ерлігіне әлі күнге дейін таң қаламын. Ер мінезді анамыз қиындыққа мойымай, иығына түскен жүкті көтере білді, бізді кішкентайымыздан білімге, еңбекке, адамгершілікке тәрбиелеп, жоғары білім алуымызға мүмкіндік жасады, ғылымның қиын да күрделі жолын таңдағандарымызға дем беріп отырды. Үлкен әулеттің басшылығын әлі күнге дейін даналықпен атқарып келе жатқан анамыздың өмірі бар қазаққа үлгі болардай.

   Артур Шопенгауэр философ: «Адам өткен кеңістікті емес, өткен уақытты сағынады» дейді. Ғалымжанды ойласам, есіме бірден балалық шағымыз түседі. Күні-түні кітап оқып, сабаққа дайындалу, мектептің қоғамдық жұмысына белсене араласу, үйдің шаруасын атқарып, алыс-жақыннан келетін қонақтарды қарсы алу – осының бәрі біздің міндетіміз болды.  Отбасымыздың ерекшелігі – кішкентай күнімізден ғылымға деген ұмтылысымыз еді. Білімге деген құмарлығымыз соншалық, жаңа кітапты бірімізден біріміз жасырып оқитынбыз. Әкеміз ауылдағы көзі ашық азаматтардың қатарында болды, дүние емес, кітап жинады. Басқа ауылдардағы ағайынның балалары жаз шыға біздің үйге жиналып, үйлеріне сабақ басталарда бір-ақ қайтатын. Солардың бірі Салтанат қазір: «Үйге кірсем, сендер бәрің жабылып кітап оқып жатасыңдар, кітап оқуды жақсы көрмесем де, бір кітапты құшақтап мен де қосыла кететін едім» деп, балдәурен шағымызды есімізге салады.

   Балалық кезден қалыптасқан білімге құштарлық, еңбекқорлық Ғалымжанның ажырамас қасиетіне айналды. Оның бос отырған кезін елестету қиын, қолынан кітап, қағаз түспей, еңбек демалысы кезінде де жұмысынан қалмайтын, осы жолы да солай болды...

   Ғалымжан кішкентайынан үйдің, сырттың шаруасы деп бөлмей, кейбіреулердей ісін бұлдамай, бәрін қатар атқара беретін. Бізді де тазалыққа, жинақылыққа үйретіп, өзінің ісінде де, сөзінде де мін болмады. Қатарының алды болып, орта мектепті алтын медальмен бітірген ол Алматыға аттанды, атақты халық шаруашылығы институтына оқуға түсті.

   Тынымсыз еңбегін Ғалымжан студент кезінде де жалғастырды. Жазғы каникулда басқалардай ауылға тартпай, астықты өлкелерде студенттік комбайнерлер тобымен бірге жұмысқа кірісетін. Сондағы мақсаты – ауылдағы  анасына қаржы жағынан көмектесіп, біздің қамымызды ойлау. Қайран Ғалекең осы асыл қасиетінен бір айнымады. Ол қай жерде жүрсе де оның қамқорлығының шапағаты тимеген адам жоқ десе де болады және жақсылығын дабыра етпей, үн-түнсіз жасауға тырысатын.  Салмақтылық пен ұстамдылық оған тән тамаша қасиеттер еді.

   Институт бітірген соң Ғалымжан Атырау мұнай өңдеу зауытында қызмет етіп, көп ұзамай Атырау педагогикалық институтының шақыруымен экономика кафедрасына жұмысқа ауысты. Ойлап отырсам, өзі өмірінің отыз үш жылын арнаған ұстаздық оның бүкіл болмысы мен жанына сай мамандық екен. Жоғары оқу орнының барлық сатыларынан өтіп, қатардағы оқытушы, кафедра меңгерушісі, декан, проректор қызметтерін өзіне тән жауапкершілікпен тыңғылықты атқарды, ұзақ ізденіп, экономика ғылымы бойынша кандидаттық, докторлық диссертацияларын қорғады, өзі де көптеген аспиранттар мен докторанттардың ізденістеріне жетекшілік етіп, ғалымдардың қатарына қосты.

untitled

   Ғалымжанның өміріндегі ең бір қиын да қызықты кезеңі Еуразия ұлттық университетінің ғылыми істер және халықаралық байланыстар бойынша проректоры болып қызмет атқарған жылдар еді.  Еліміздің жаңа астанасы мен университетін қалыптастырып, әлемге таныту міндеті қазақтың белгілі ғалымдары мен зиялыларының еншісіне тигені белгілі. Ғалекең солардың алдыңғы қатарында болып, бұл жұмысын табысты атқарды, отандық ғылымды дамыту, жас мемлекетіміздің халықаралық байланыстарын нығайту саласында ерекше еңбектенді. Өзін іскер басшы ретінде таныта білген ол  2004 жылы жаңадан ашылған Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтына ректорлыққа тағайындалды. Аз ғана жыл ішінде бұл оқу орны биік деңгейге көтеріліп, ұстаз мамандар дайындау саласында республика көлеміндегі үздіктердің біріне айналды. Халықаралық стандарттарға сай бағдарламалар бойынша оқытушылар дайындау үрдісіне көптеген инновациялар енгізіліп, ғылыми жобалар аясында ізденістер жүргізілді. Ана тілі мен әдебиетін жанындай сүйген Ғалымжан «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша «Қазына» жобасын жүзеге асырып, Ақтөбе өңірі ақын-жыршыларының үш томдық еңбегін жарыққа шығарды. Институтта оқытудың кредиттік жүйесі енгізіліп, оқу орны Болонья декларациясының мүшесі атанды. Пединституттың студенттер және оқытушылар құрамы осы істердің бәріне ерекше бір құлшыныспен белсене қатысты, себебі өздерін сыйлай білген ақылды басшысына деген ерекше құрмет пен сенімнің ұжымды табысты істерге жетелегені олардың қазіргі естеліктерінен байқалып тұр.

   Оны басқа басшылардан ерекшелендіріп тұратын қасиет – адамшылығы еді. Тұрмысы төмен студенттерге қолынан келгенінше көмек беру, оқытушылардың біліктілігін арттыру, материалдық жағдайын жақсарту мәселелеріне қолдау жасау, алдына келген адамның тауын қайтармай, қол ұшын беру мүмкіндіктерін қарастыру арқылы ол институттың ғана емес, бүкіл Ақтөбе өңірінің өркендеуіне үлесін қосты. Ғалымжан туралы естеліктерде «Шіркін, мен оқыған кезде осындай ректор болғанда ғой» деген ойлардың қайталануы кездейсоқ емес. 

   Қазір бір күн де оқытушы болмаған адамдардың аяқ астынан басшылық қызметке келіп жатқанын көріп, Ғалымжанның тынымсыз еңбек жолы, бүкіл өмірін жастарға тәрбие мен білім беру ісіне жұмсағаны есіме түседі. Ғалекеңнен тәлім алған, республикамыздың түкпір-түкпірінде қызмет атқарып отырған мыңдаған шәкірттері мен жүздеген әріптестерінің қайғырып, әлі күнге дейін естеріне алып отыруы оның осы адал еңбегінің дәлелі. Ғалымжанның жоғары білім беру саласындағы жемісті еңбегі үкімет тарапынан жоғары бағаланып, басқа үлкенді-кішілі наградаларын айтпағанның өзінде ҚР Президентінің алғыс хаттарымен, қазақстандық «Құрмет», ресейлік М.Ломоносов ордендерімен марапатталды. 

ҒАЛЫМЖАН МЕН ГҮЛІМХАН

   Ғылым жолында, аспирантура қабырғасында танысып, көңілдері жарасқан Ғалымжан мен Гүлімхан 1985 жылы отбасын құрды. Бес ұлдың арасында жалғыз өскен менің жеңгелеріме деген көзқарасым өзгеше болды, оларды сағына қарсы алып, бірден достасып кеттік. Сүйікті үлкен жеңгелерім Бибісара мен Сарқыткүлдің, келінім Нұрсұлудың қатарына терең білімді, өмірден түйгені көп, өзі де, сөзі де салмақты, келбеті де, жаны да сұлу Гүлімхан қосылып, ажырамас құрбыларға айналдық. Екеуімізді біріктіріп тұрған нәрселер көп еді: ғылыми ізденіс саламыз ортақ, өмірлік ұстанымымыз, пікірлеріміз, дүниетанымымыз, тіпті киген киімдерімізге дейін ұқсас болды. Гүлімхан да өз отбасының тәуірі. Құдағайымыз Бәтен жан дүниесі руханилыққа толы ерекше адам болатын. Оның көргенділігі, байыптылығы, үлкен-кішіге деген мейірімділігі балалары Асылхан, Амантай, Сейілханның, қызы Гүлімханның бойынан байқалып тұратын.

   Қайран Гүлімхан! Қазақ әйелі қандай десе, «Міне!» деп көрсететін жан едің. Өзің қалаған әлеуметтану саласында жүргізген ізденістерің ерекше болды. Күні-түні еңбектеніп жазған докторлық диссертацияңды қорғаған сәттерің көз алдымда. Екі тілде таза сөйлеп, ғылыми ортаны да, қарапайым халықты да өзіңе тәнті ететінсің. Қазақтың сирек кездесетін, қазір қолданыстан шығып қалған сөздерін, мақал-мәтелдерін сенен естіп, тіл байлығыңа тәнті болатынбыз. Соларды кезінде жазып алмағаныма енді өкініп жатырмын, осылай болады деп кім ойлаған...

   Ақылы тайыз кейбір әйелдер секілді басқа шығып, төске шаппай, Ғалекеңнің көлеңкесінде өмір кешсе де, Гүлімханның ғалым ретінде атқарған жұмысы мол болды. Әлеуметтану – жаңа қалыптасып келе жатқан сала, мемлекеттік тілде жазылған еңбектер аз. Қазақ балалары осы ғылымды ана тілінде меңгерсін деген мақсатпен Гүлімхан қазақша оқулықтар жазды. Оларда әлеуметтанудың барлық мәселелері жан-жақты қамтылып, студенттерге түсінікті, жатық ғылыми тілде баяндалған. Оқулықтары жарық көрген бойда-ақ кең сұранысқа ие болды. Ұзақ жылдар бойы еліміздің жоғары оқу жүйесінде қызмет атқарған Гүлімхан әр сабағына мұқият дайындалатын. Үйдің шаруасын жайғап болып, түнімен отырып, ақтармаған кітабы, жазбаған қағазы қалмайды. Бір де бір сабағын жібермей, уақытында өткізу, жай өткізіп қана қоймай, жастарға терең білім беру Гүлімханның өмір салтының бір қырына айналған еді. Қазақ мемлекеттік университеті философия және саясаттану факультеті жанындағы әлеуметтану ғылымы бойынша докторлық диссертация қорғалатын кеңестің мүшесі болған Гүлімхан өзі оппонент болған әрбір еңбекті мұқият талдады, оның қорғау кезіндегі сөзін тыңдауға жас ізденушілер арнайы жиналатын.

Гулимхан-280x400[1]

   Үй шаруасы демекші, Гүлімхан адал жар, үлгілі келін, қимас бауыр, жақсы дос бола білді. Басшылық қызметтегі Ғалымжанның алаңсыз еңбек етуіне жағдай жасау, күні-түні үзілмейтін қонақтарды күту оңай жұмыс емес. Гүлімхан осы міндеттерді мінсіз атқарды. Оның жайған дастарханы, өз қолымен дайындаған дәмі, қонақ күту рәсімі айналасын таң қалдыратын. Ғалекең екеуі үлкен-кішіге, ағайын-бауырға деген құрметін, адамның сыртынан сөз айтпайтын тазалығын өмірлерінің соңына дейін үзбеді. Олар қазақтың салт-дәстүрін ерекше қастерлейтін. Алыста жүрсе де, анамызды бір сәт естерінен шығармай, өздеріне алып кетіп, көңілін аулап, қыдыртып, құрметтеді. Бізді адам қатарына қосамын деп қиындықты көп көрген анамыздың қамын ойлап, демалыс орындарына өзі апарып орналастырып, қайтарда өзі барып, алып қайту Ғалекең үшін бұлжымас ереже еді. Бірде Астанаға жолым түсіп, іссапармен барған мені «Жасың елуден асып, немерелі болсаң да, қазақтың салт-дәстүрі бойынша, сен бізге төркіндеп келген болып саналасың» деп әзілдей жүріп, қойын сойып, мол дастархан жайып, төбелеріне көтере мәпелегенін есіме алсам, көзіме жас келеді...  

   Анасының ізімен тоғыз жасынан ораза ұстаған Гүлімхан осы жолдан бір айнымады және құдай жолына түскенін жарнамалайтын қазіргі кейбіреулердей емес, бұл міндетін өзіне тән қарапайымдылықпен адал атқарды. Осы ісіне қарап-ақ қайран жеңгемнің ұлылығын оның көзінің тірісінде түсінгенмін.

   Ғұлама Аристотель «Ғылыми  немесе таза интеллектуалдық қызмет

бақытқа бөленудің, рахаттанудың ең құнды бөлігін құрайды, сонымен қатар балалардың болуы, достармен араласу, денсаулық, әдемілік, тектілік те маңызды» деген екен. Ғылым мен білім саласында ірі жетістіктерге қол жеткізген Ғалымжан мен Гүлімхан Санжар мен Гауһардай ақылды балаларды дүниеге әкеліп, жақсы білім, терең тәрбие берді. Қазір бала-шағалы болған олардың бойынан ізгілік пен көргенділіктің ізін байқап, іштей қуанамын, өмірлері ұзақ болғай деп тілеймін. Ғалымжан мен Гүлімхан қазақтың сирек кездесетін, өнегелі, тату-тәтті, білімді отбасын құра білді. Өмірде екеуі қол ұстасып, жарасып жүргенде, айналасын қуаныш-думанға бөлеп, Гүлімхан сирек болса да, сыңғырлатып ән салғанда сүйсінбейтін жан қалмайтын.

   Белгілі заңгер ғана емес, қазақтың сөз өнерінің шебері де Қамбар ініміз қаралы жиында «Мың адамға татитын өмір сүрдіңдер» деп дәл айтқан Ғалымжан мен Гүлімхан туралы айтатын ойлар таусылар емес, әлі де жазылады. Ғалекең басшылық еткен Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық университеті олар туралы естеліктер жинағын, бейнефильм шығарды, 2017 жылы ғылыми конференция өткізді, арнайы кабинет ашты.  Екеуі ғалым және маман ретінде қалыптасқан Атырау университетінде де оларды еске алуға арналған біршама шаралар өткізілді. Бұл Ғалымжан мен Гүлімханның зор беделінің көрінісі деп түсінемін.

   Ғалымжан мен Гүлімхан бәрімізге үлгі боларлық ғұмыр кешті, оны терең мәнге толтырды. Никколо Аббаньяно философ: «Өлім – мүмкіндік. Осы мүмкіндіктің бір күні жүзеге асатындығы мен түбінде бір болатындығы адамды еңбектенуге, өмір сүруге құлшына кірісуге мәжбүр етеді» демекші, Ғалымжан мен Гүлімханның қазасы өмірді оларша лайықты сүруге  бәрімізді ойландырып, Абай атамыздың мына бір ғұлама сөздерін тағы бір есімізге салады – «Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған»!

Гүлжиһан Жұмабайқызы Нұрышева,

философия ғылымдарының докторы, профессор,

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті

Философия кафедрасының меңгерушісі

Теги АГУ70 сайттайсойган тайсойғансайты