ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ, ҒАЛЫМ-ТАРИХШЫ

ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ, ҒАЛЫМ-ТАРИХШЫ

Жалпы. Ұлы Абайдың «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» деген  ғибратты сөзі  бүгінгі күнге шейін мағынасын жоғалтпай келе жатқанын ешкім жоққа шығармайтындығы белгілі.

Шынымен де тарих ғылымы саласында табандай отыз жылдан бері жемісті еңбек етіп келе жатқан тарих ғылымдарының докторы Ұзақбай Шаукерұлы Исмағұловтың еңбек жолына назар аударып, оның азаматтық келбеті, тұлғасы жайында ой толғағанымызда жоғарыда келтірілген жәйттің құр босқа еместігіне көзіміз жеткендей болады.

1

   Қазіргі таңда Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті тарих факультетінің Тарих және дінтану кафедрасында қызмет атқаратын оның ұстаздық және ғылыми бағыттағы іс-әрекетінен жоғары оқу орыны мамандарын дайындаудағы үлесінен көреміз. Оны замандастары ұлағатты ұстаз, білікті тарихшы-ғалым есебінде біледі. Алдынан сан жүздеген шәкірт  өткерген, жас буынға жақсы жол көрсетіп, ағалық ақыл-кеңесін үнемі айтып жүретін Ұзақбай Шаукерұлы бүгінде ақтөбелік ғалымдар ортасында өзіндік орны бар үлкен тұлға ретінде көрінеді.

   Исмағұлов Ұзақбай Шаукерұлы, 1958 жылы 26 қарашада Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Ойыл поселкесінде дүниеге келген.

   Бастауыш білімді Темір ауданына қарайтын Шибұлақ елді мекеніндегі мектепте алып, оқуын Қайыңды кеңшары Абай атындағы орта мектепте жалғастырады. 8-10 сыныпты Ақтөбе облыстық мектеп-интернатында (Қазіргі М.Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаты) оқиды.

   Әрине, болашақтың бастау көздері балалық шақтан басталатыны мәлім. Мектеп қабырғасында жүрген кезден-ақ гуманитарлық бағыттағы пәндерге, яғни тарих, қазақ тілі мен әдебиеті пәндеріне зор ықылас танытқан. Бұл таңдаудың жастайынан ел тарихының қыр-сырына, ауыз әдебиетіне деген құштарлықтан туындағаны айқын.

   Тарихқа деген құштарлығына Абай атындағы орта мектепте осы пәннен сабақ берген ұстазы Аманкелді Бақаевтың ықпал еткенін ризашылықпен айтып отырады. Қазақ тілі мен әдебиеті пәндеріне қызығушылығы Ақтөбе облыстық мектеп-интернатында сол пәндерден сабақ берген Хамзе Саламатованың ықпалы ерекше болған.

   Мектептік өмірінің жаңа кезеңі ретінде санаған мектеп-интернатты әркез үлкен толқыныспен еске алады. Интернат ұжымының дені апайлар болғандығы, оларға аналарындай еркелегендіктері жөнінде айтады. Қ.Қалбеева, Б.Кенжебаева, Л.Сұлтанова, Қ.Меңсейітова,т.б. жайында шынайы ниетімен сөз қозғайды.

   Мектеп бітіргеннен кейін алты жыл бойы қалаған мамандығы бойынша  оқуға түсу сәті болмады. Түрлі жұмыстар атқарды, арасында Мәскеу қаласында әскери борышын өтеп келді. Дегенмен білімге деген құштарлық сағын сындыра алмады. Дайындықтарын жалғастыра берді. Өмірінің осы кезеңі жөнінде студенттермен, мектеп түлектерімен кездесулерде алға қойған мақсатқа жетуде ешқашан шегінбеу, мойымау керек екендігін мысал ретінде айтып отырады.

   «Алдыңа қойған мақсаттан тайынбасаң алынбас қамал жоқ» демекші 1982 жылы Гурьев педагогикалық институты тарих-филология факультетінің тарих және кеңестік құқық мамандығының студенті атанады.

1 курс, 1 семестр, 1 консультация

   Институт қабырғасында ілім-білім, тәлім-тәрбие берген түсі суықтау көрінгенмен жүрегі мейірімге толы, көңілі таза, жастардың қамқоршысы бола білген т.ғ.к., профессор Жиенбай Бакиев, сабақтарын үлкен эмоциялық бояумен жан-жақты түсіндіре білетін т.ғ.к., доцент Ғинаят Нығметов, студенттермен үнемі байланыста жүретін т.ғ.к., доцент Ибат Камешев, орнықты мінезді,талабы күшті т.ғ.к., доцент Күләш Қайырбекова, жастарды өзіне үйіре білетін,сырбаз Жеңісбек Мұстафин, өзіндік көзқарас, өзіндік ұстанымы бар бүгінгі күндері т.ғ.д., профессор Алдар Сарсенов, сабағы әркез жеңіл, ызықты өтетін Амангелді Шамғонов т.б. айтып отырады. Өкінішке орай ол ұстаздардың бірқатары қазір ортамызда жоқ екендігіне налиды.

   Оқу процесінде ең алғашқы «өте жақсы» деген бағаны Күләш Қайырбекова апайының «Алғашқы қоғам тарихы» пәнінен коллоквиум тапсырғанда алғанын еске түсіреді.

   Бірден үздіктер қатарынан көрінеді. Белсенді жастың қабілет-қарымын ұстаздары да байқайды. Сол жылдары облыс орталықтарындағы оқу орындарында оқитын сабақ үлгерімдері «өте жақсы» студенттерді орталықтағы оқу орындарына ауыстыру жөнінде нұсқаулар болған. Оның үздік оқыған еңбегі бағаланып, С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетіне ауыстырылуы оны ғылым жолына жақындататын желі іспетті болғаны айқын.

   Бұл жөнінде Ұзақбай Шаукерұлы былайша еске алады: «Күтпеген жайт болды. Құрылыс отрядында жүрген мені факультет деканы Жиенбай Базарбайұлы Бақиев шұғыл түрде шақыртып алды. Амандасып, хал-жағдай сұрасқаннан соң мені ҚазМУ-ге ауыстыру жайында шешім шығарылғанын хабарлап, пікірімді сұрады. Көптің қолы жете бермейтін оқу орыны ғой. Әрине, зор қуанышпен келістім. Айтқаны: «сенің болашақта үлкен ғалым болып шығатындығыңа сенім артып отырмыз». Бір жыл бұрын, яғни 1983 жылы Сапанов Сайфолла деген студент ауысқан еді. Қазір ғылым докторы, профессор. Бізді жіберген оқу орнының үміттерін ақтадық деп ойлаймын». Сол кездері өміріне жаңа бір бетбұрыс әкелген институт басшылығына, факультет басшылары Ж.Б.Бакиевке, И.Камешевке әлі күнге шейін ризашылығын білдіреді.

   Кезінде жоғары білім алу жолын бастаған оқу ордасымен әлі күнге шейін байланыста екендігін айтады. Атырауда өңір, өлке емес, Қазақстан тарихының мәртебесіне қызмет етуші тарихшылар тобының қалыптасқанына ризашылығын білдіреді. Олардың арасынан тарих ғылымдарының докторлары А.Сарсенов, Ә.Мұхтар, С.Сапанов, А.Ахмет, Л.Бердіғожин, Ұ.Ахмет, тарих ғылымдарының кандидаттары Қ.Мұхитов, Ә.Тұрдалиев, Г.Қайырғалиева,т.б. ерекше атап көрсетеді.

   С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті қабырғасында тарихшы-ғалымдар Қ.Жаманбаев, У.Шалекенов, Ә.Тәкенов, Ә.Шөпеков, Қ.Әбусейітов және т.б. дәріс алды.  

  Оқуын аяқтағаннан соң,1988-1990 жж. Шұбарқұдық поселкесіндегі №1 орта мектепте мамандығы бойынша жұмыс жасайды.

   1990 жылы Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтына /қазіргі Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті/ оқытушылық қызметке ауысады.

   1992-1994 жылдар аралығында   Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде стажер-зерттеуші болады.

   Сол кезеңдерде түрлі бас қосуларда, аудиторияларда, кездесулерде М.Қозыбаев, К.Нұрпейісов, Ж.Қасымбаев, М.Қойгелдиев, Т.Омарбеков сияқты,т.б. тарихшы ғалымдардың дәрістерін тыңдағанын, ғылыми-зерттеу жұмыстар бойынша пікірлескендіктерін, ақыл-кеңес алып отырғандықтарын еске алады. Осындай ғылыми орта таза ғылым жолына тартылуына ықпал еткені түсінікті.

   Ғылыми-зерттеу жұмысының тақырыбы аясын анықтаудың да өзіндік тарихы бар. Өздеріңізге белгілі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ қазақ елінің отарлануы мәселесі батыл айтыла бастады. Әсіресе, патшалық Ресей, кейін кеңестік билік кезеңіндегі жер мәселесін зерттеу кезегін күттірмес мәселелер қатарында болды.  Осы жылы алғаш рет Телжан Шонанұлы, оның «Қазақ жер мәселесінің тарихы» еңбегі жайында естиді. Кейін еңбекпен танысқаннан соң жер мәселесі зерттеу жұмысының өзегі болуы тиіс деген тоқтамға келеді.

   1995 жылы аталмыш оқу орны  жанындағы мамандандырылған Ғылыми Кеңесте тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбу Тәкеновтың жетекшілігімен «Батыс Қазақстандағы жер мәселесі (1900-1917 жж.)» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғады. Ғылым жолында шәкіртіне сәт сапар тілеген Әбу Сақтағанұлы алдағы уақытта да осы бағыттағы ізденістерін тереңдете беру қажеттігін айтқан еді.

   Ғылымдағы ұстазының ұстанымына байланысты жер мәселесіне қатысты зерттеу жұмыстарын одан әрі жалғастыруға шешім қабылдайды. Келесі кезеңдегі ғылыми-зерттеу жұмысының аясы академик, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Құлжабайұлы Қойгелдиевтің кеңесі арқылы белгіленеді. Жұмыс кеңестік кезеңде отарсыздану мәселесінің қаншалықты дәрежеде шешілгені, байырғы тұрғындарға патшалық Ресей кезінде тартып алынған жерлер қайтарылды ма, қайтарылмаса оған себеп, қандай шаралар жүргізілді,т.б. сияқты мәселелерге жауап беруі тиіс болды.     Араға он бес жылдай уақыт салып, 2010 жылы  ғалым тағы бір жетістікке қол жеткізді. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті жанындағы мамандырылған Ғылыми Кеңесте «Қазақстандағы жер мәселесі (1917-1940 жж.)» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады. Бұл жолғы ғылыми кеңесшісі  тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелдиев болды.

   Қазақстанның түпкір-түпкірінде ғылым жолындағы әріптестері де баршылық. Солардың ішінде ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы,профессор Б.Кәрібаев, тарих ғылымдарының докторы,профессор А.Қалыш, тарих ғылымдарының докторы,профессор Г.Сұлтанғалиева, профессор Б.Жұмағұлов, саяси ғылымдарының докторы, профессор А.Ақышев, т.б.

   1995/96 оқу жылында тарих факультетінде декан орынбасары, декан қызметтерін атқарды.

   1997 жылдан (арадағы 2-3 жыл үзілісті қоспағанда)  2019 жылға дейін кафедра  меңгерушісі қызметінде болды.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті 2015 ж

   2004 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті екі оқу орнына, яғни университет және педагогикалық институт болып бөлінгені белгілі. Кафедраның сапалық құрамын көтеру мәселесі туындады. 2004-2010 жылдар аралығында ол басқаратын кафедраның  мүшелері арасынан 2 кандидаттық, 1 докторлық диссертация дайындалды және абыроймен қорғалды.

   Ғалым-ұстаз білім алушылар мен магистранттар және докторанттар алдында Қазақстанның қазіргі замандағы тарихы, жаңа және қазіргі замандағы Қазақстан тарихы, Деректану, Ғылыми зерттеу негіздері, Докторанттың ғылыми-зерттеу шеберлігін жетілдіру,т.б. сияқты іргелі пәндер мен элективтік курстар бойынша дәріс оқиды.

   Ұстаз ретінде дайындаған студенттері бірнеше рет қалалық, республикалық, халықаралық жарыстарда, республикалық олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болды.

   Кафедра меңгерушісі қызметіндегі жетістіктері үшін ол 2006 және 2012 жылдары екі рет университетте «Жылдың үздік кафедра меңгерушісі» болып жарияланды.

   Ұ.Ш.Исмағұлов 100 аса түрлі  ғылыми және  оқу-әдістемелік  мақалалардың, сондай-ақ  7 оқу-әдістемелік мазмұндағы  еңбектердің және 2 монографияның авторы.

   Олардың  ішінен жеке және авторлық бірлестікте дайындаған «Қазақстан тарихы/дәрістер жинағы» (Ақтөбе, 2001), «Қазақстан тарихынан оқу-әдістемелік кешен» (Ақтөбе, 2004), «Батыс Қазақстандағы аграрлық қозғалыстар (1900-1917жж.)» (2004), «Ақтөбе өңіріндегі отаршыл жер саясаты (1900-1917 жж.)» (2005), «Қазақстанның жаңа және қазіргі заман тарихы пәнінен дәрістер жинағы» (2015), «Патшалық Ресейдің Қазақстандағы жер саясаты» (2018), т.б. сияқты еңбектерін атап көрсетуге болады. Сонымен қатар «Мәдени мұра» аясында Батыс Қазақстан тарихы бойынша 2 томдық зерттеу еңбегінің аграрлық мәселе тарауын жазуға қатысты, «Ресейдің Батыс Қазақстандағы жер саясаты (1869-1917 жж)» (2017), «Кеңесік биліктің Қазақстандағы жер саясаты (1917-1940 жж.)» (2018) атты монографиялары жарыққа шықты.

Алашорданың 100 жылдығына байланысты басқосудан. Ақтөбе, 2017 жыл.

   Ұ.Ш.Исмағұловтың ғылыми мақалалары республиканың белді ғылыми журналдарында (Отан тарихы, Алаш, Қазақ тарихы, Қазақстанның жоғары мектебі журналдары, түрлі жоғары оқу орындарының Хабаршылары, т.б.), Түркия, Чехия, Ресей, Германия, Белоруссия, Қырғызстан сияқты алыс-жақын шетел басылымдарында жарық көрді.

   Сондай-ақ Ұ.Ш.Исмағұлов «Қазақ тарихы» республикалық ғылыми-әдістемелік журналының ақылдастар алқасының мүшесі болып табылады.

   Ұзақбай Шаукерұлының бір ерекшелігі өлең жазуға әуестігінде еді. Өзінің айтуы бойынша бұл қасиет мектеп қабырғасынан басталған. Өзінен 3-4 сынып жоғары оқитын әйгілі ақын Ертай Ашықбаев пен сыныптасы Мырзабек Бақытовтың сол кезде өлеңдері аудандық, облыстық газетте жарияланып жатуы да әсерін тигізгені сөзсіз.   Сол бір кездері әлгі екі ағасы редакторлық жасайтын қабырға газетіне өлеңін шығарудың өзі үлкен күшке түскен. Бірақ ол өлеңге қызығушылығын бәрінен де жоғары қойды. Соның айғағы іспетті, сол балаң шағында Қадыр Мырзалиевтің «Күміс қоңырау» деген жыр жинағын жастанып оқитынын бүгінде жымиып отырып еске алады.

  Жыр сүйер қауымның кезінде «Коммунизм жолы» (қазіргі «Ақтөбе») газетінде жарияланған бір өлеңінің:

Білсемші, шіркін, ерте мен,

Өмір-ай, қандай ғажапсың!

Кешегі тентек еркеден

Салмақты жігіт жасапсың, — деп келетін шумағы, бәлкім естерінде болуы мүмкін.  

   «Шәкіртсіз ұстаз-тұл» демекші, 30 жыл ішінде алдынан қаншама түлектер ұшты. Олардың ішінде ғалым-тарихшылар, мемлекеттік қызметкерлер, басқа да салада жұмыс істейтін бар. Қазіргі таңда көптеген шәкірттерінің еліміздің әлеуметтік-экономикалық,саяси және мәдени дамуына зор үлестерін қосып жүргендеріне мақтаныш білдіреді.

   Ұстаз шәкірттерімен мақтанса, шәкірттері ұстазына деген пейілдерін білдіріп алғыстарын айтып жатады. Ұстаздарының ілім-білім берудегі, қарым-қатынас, ұстанымындағы ерекшеліктерін айырықша көрсетеді.

  Мысалы, кезінде жоғары оқу орнындағы алғашқы қызметін Ұзақбай Шаукерұлы басқарған Қазақстан тарихы кафедрасында бастаған Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры, т.ғ.д.,профессор Р.А.Бекназаров: «Ұзақбай Шаукерұлын өзінің мәдениеттілігімен, жұмсақ мінезімен алғашқы интеллегент қазақтардың образында қабылдаймын. Үнемі даусын көтермей сөйлеу, оқиғаларды деректермен дәлелдеп көрсету, астарлы саясатты тарихи оқиғада таныта білу – міне, осындай бағытта жұмыс істеу тәсілдері ағайымыздың негізгі қасиеттерінің бірі деп айта аламын. Ұзақбай ағайымызбен Алматы қаласының архивтерінде, кітапханаларында бірге жұмыс істедік. Кандидаттық және докторлық диссертацияларымызды да бірге жазып, қорғадық. Сол кездегі қамқорлығы әрдайым есімде!»-деп, көрсетсе, тағы бір шәкірті, әрі қазіргі әріптесі,  Тарих және дінтану кафедрасының доценті, т.ғ.к. Аман Әлібек Бақытжанұлы: «Ұстаз бейнесі – шәкірт үшін адамгершіліктің ең жоғары үлгісі. Ұзақбай Шаукерұлы осындай ұлғатты ұстаз-ғалымдардың қатарынан.

   1996 жылы мектеп бітіріп «Тарих» деген үлкен әлемнің есігін ашқанда,  осы әлемге бара жолды ұстазым Ұзақбай Шаукерұлынан тапқан болатынмын. Ұзақбай Шаукерұлы оқу үрдісінде студенттермен қарым-қатынас үйлесімділігін құра білген ұстаз. Кафедра меңгерушісі ретінде, оқу бітіргеннен кейін университет қабырғасында жұмыс жасауға, ғылыммен айналысуға ықпал етіп, бағыт-бағдар беріп отырды. «Нашар ұстаз шындықты қайталайды, жақсы ұстаз сол шындықты іздеп, табуға үйретеді», - деп ғұлама Абай Құнанбайұлы айтқандай Ұзақбай Шаукерұлы ғылым жолында нағыз ақиқатқа қол жеткізудің әдіс-тәсілдерін көрсетті.

Еуроазиялық ынтымақтастықтың  өзекті мәселелері (халықаралық дөңгелек стол) Орынбор,2017 ж.

   Ұстаз әрі ақылшы басшы ретінде оқу үдерісін, кафедрадағы оқу-әдістемелік, ғылыми, тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру жолдарын үйретіп, жоғары білікті маман, әрі тәрбиелі шәкірттер дайындап, оларды үлкен өмірге аттандыруда ерекше қырларымен үлгі болды.

   Тарих ғылымдарының докторы, профессор Ұзақбай Шаукерұлы ұлағатты ұстаз, қаламы қарымды ғалым, әрі үлгі тұтар білікті басшылық қасиеті бар жан. Ұзақбай Шаукерұлының Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетіндегі «Тарих» мамандығы бойынша үш деңгейлі бакалавриат, магистратура, докторантура мамандықтарын ашуды ұйымдастыруда атқарған жұмыстары өз алдына бір төбе»-деп, толғайды.

   Басқа қызметтердегі шәкірттерінің да Ұзақбай Шаукерұлы жайында айтар пікірлері көп екені даусыз. ХХ ғ. 90 жылдарының екінші жартысындағы шәкірттерінің бірі, аудан әкімі Жолдас Батырхан ұстаздарының білімдігі,біліктілігі, студенттермен қарым-қатынас ерекшелігі жайында зор ризашылықпен айтса,аудан прокуроры Айдос Әбіләкім сүйікті ұстазының ғылым жолына тартқанын, ұстазынан диплом жұмысын жазғанын, тақырып бойынша іздену барысында бұрын белгісіз болып келген аталары жайында мәліметтер тапқанын қуанышпен еске алады.

   Кейінгі буын шәкірті Гауһаршахназ Нұрланқызы: «Ол кici кез келген тақырып төңірегінде өзекті мәселенің төте жолын табатын, қарымды шешім қабылдай алатын мінезімен ерекшеленеді.Ұзақбай ағай жаратылысынан пейілі таза, мінезі ашық, ақты ақ, қараны қара деп айтатын тік мінезі болғанымен, әрқашан жүзі жылы, кең пейілді ұлтжанды азамат»-деп көрсетеді.

   Бірге оқыған курстастарының Ұзақбай Шаукерұлы жайында айтары көп екендігі айтпаса да түсінікті.

   Курстасы, ҚР БҒМ Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының қоғаммен байланыс жөніндегі орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Әуезхан Шашаев «Білімге деген, ғылымға деген құштарлығы біздің топқа қосылған кезден-ақ байқалған еді. Жалпы, бірге оқыған екі топтың ішінен ең алғаш кандидаттық қорғаған да, ең алғаш докторлық қорғаған да Ұзекең »- дейді.

   Ұзақбай Шаукерұлы Исмағүлов жастарға білім, тәрбие берудегі және ғылым жолындағы еңбектері үшін Ақтөбе қаласы әкімшілігінің  /2011 ж./, Ақтөбе облысы әкімінің /2019 ж./ алғыс хаттарымен, Ақтөбе облыстық білім  басқармасы мен Ақтөбе облыстық білім беру және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының алғыс хатымен /2012 ж./, құрмет грамотасымен /2013 ж./, Қазақстан салалық білім беру және ғылым қызметкерлері кәсіподағының құрмет грамотасымен (2017 ж.), ҚР Білім және Ғылым министрінің құрмет грамотасымен /2019 ж./, ҚР Білім және Ғылым вице-министрінің алғыс хатымен /2020 ж./, сондай-ақ «Қ.Жұбанов атындағы  Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетіне 50 жыл» мерекелік медалімен, университеттің «құрметті профессоры» /2016 ж./ және «Университетті дамытудағы еңбегі үшін» медалдарымен (2018 ж.) марапатталды.

 

 

Гүлбану Болатқызы Ізбасарова,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті Тарих факультеті Тарих және дінтану кафедрасының меңгерушісі,тарих ғылымдарының докторы, профессор

Теги АГУ70 сайттайсойган тайсойғансайты