ҮЛГІ-ӨНЕГЕ ЕСКІРМЕЙДІ

ҮЛГІ-ӨНЕГЕ  ЕСКІРМЕЙДІ

Атырау ұстаздық институтында 1970-1974 жылдары оқыған кезімізде де мен  тағы жақсы ұстаздарға тап болғаныма қуанам. Солардың бірісі - бүгінде   тарих ғылымдарының докторы, профессор болып, абырой биігінде отырған  Үркінбай Сақтағанұлы Қыдыралин ағайымыз. Онымен екінші курстың  басында абзал оқытушымыз, салалық білім бойынша академик атанған,  облыстың басты тарихшысы болған Хисмет Табылдиев (1936-2018) таныстырды, мені оған жұмсап, одан ғылыми жұмысқа тақырып алуға, сол  бойынша еңбектенуге ұсыныс жасады. Досым Әміржан Құлмашев (1952-2013) екеуіміз аталған ұстазды іздеп кеттік, аздап күлкілі жағдайға да  ұшырадық: бұрын көрмегендіктен, сырт бейнесі келгендіктен біреулердің  сылтауымен марқұм философия оқытушысы Ы. Мүліков ағамызға барыппыз,  ол  «біздер  туралы  білмейтіндігін, естімегенін»  айтты. Кейін  таптық-ау! 

   Өрекең сабырлы, ұқыпты және мұқият жан  екен. Маған Қазақстанның  батысын ХІХ ғасырда зерттеген саяхатшы ғалым Г.С. Карелин (1801-1872)  жөнінде студенттік ғылыми еңбек жазуды тапсырып, өзімен жиі кездесіп  отыруды міндеттеді. Маған қолында бар әдебиеттерді көрсете отырып,  қосымша көп ізденуді қосты. Сөйтіп, біздің шығармашылық, үстаздық-шәкірттік қарым-қатынасымыз басталды. Мен сол кезде А.С.Пушкин (бүгінде – Ғ. Сыланов) атын алған облыстық кітапханада көп еңбектендім, ескі кітаптарды, жорналдарды тауып, парақтадым, сарылып, іздендім. Ағайым  үнемі жинағанымды  қарап, талдап, бағыт-бағдар  сілтеп  отырды.

   Ақырында, 1972 жылғы көктемде өткен студенттердің ғылыми  конференциясында осы еңбектің нәтижесін - алғашқы ғылыми баяндамамды  оқыдым. Сәтін салғанда мұны да басқа еңбектермен бірге республикалық  конференцияға жолдайтын болды. Ол кезде институттың ғылыми жұмыстар  жөніндегі проректоры Е.Б.  Сақыпов еді, мен Алматыға жіберу үшін жазу  мәшенкесіне соқтырып, түптелген күйінде дайын болған әлгі баяндамамнан  сәл қате тауып, оның үстінен ақ қағазбен желімдеуге алғанымда Ерекең  басын шайқап қалған-ды, мұны Алматы да байқаған болар, мені астанаға  шақырған  жоқ.

   Үркінбай ағай «бұған менің мойымауымды» айтты да, осының  негізінде өзінің және менің атымнан облыстық «Коммунистік еңбек»  (бүгінгі – «Атырау») газетіне мақала жазуымды тапсырды. Кешіктіріп  барып, дайын еткен бұл мақаламыз екеуіміздің атымыздан  аталмыш  газеттің  1973 жылғы 3 қаңтарындағы санында «Талантты  зерттеуші» атты тақырыппен жарық көрді. Бұл - менің ғылыми бағытта жазған тұңғыш мақалам болатын, оған Өрекеңнің шарапаты мен батасы игі әсер етті. Сонымен, бірге, біздің қарымымызға шәк келтіретін өсек сөздерді пышақпен  қиғандай тыйды.  Кейін ол біздің осы мақаламыздың түпнұсқасын (қолжазбасын) Алматыдағы жерлесіміз, ғалым әрі жазушы Б. Аманшиннің  редакциядан сұраттырып алғандығын айтты.

ҚЫДЫРАЛИН ҮРКІМБАЙ

   Бұдан кейін де бірлескен жұмысымыз жалғаса берді, бірде өзім  басқаратын студенттердің «Ата мекен» атты тарихи-өлкетану үйірмесінің  осы аттас қабырға газетінде  «Г.С.  Карелин  -  Маңғыстауды зерттеуші»  деген мақала жарияладым (жазу мәшенкесіне соғылған еді), ұстаздарым  біздің аяқ алысымызды шынайы қамқорлықпен қадағалайды екен: бірде  Өрекең шақырып алып, «мақаланың атына сай еместігін, онда Маңғыстау туралы бір ауыз сөздің жоқтығын» айтты. Мен дереу мақаланың атауын «Г.С.  Карелин - Қазақстанды зерттеуші» деп  өзгерттім.

   Үркінбай ағай соңынан бізге Қазақстан тарихынан дәріс оқыды, оның  келтіретін деректері соны және қызғылықты болып келетін, өлкетанудың сирек те маңызды мәліметтерін көп айтатын, бұл өлкетану үйірмесінің жұмысын ұйымдастырып жүрген бізге өте жақсы мағлұмат және көмекші  болды.

   Ағайым турашыл да мінезін көрсетті, бірде біздің топтағы өзін білгіш қылып көрсетуге тырысатын мансапқұмар бір қыз менен осы ағайымнан  Қазақстан тарихы пәні бойынша емтиханнан «бестік» баға қойдыртып  беруді өтінді. Қысылып-қипалақтап мұны жеткізгенімде ол көпке дейін келіспеді, ақыр соңында «жарар» деді. Әлгі қушыкеш қыз мені ұятқа қалдырды, келесі бір кездескенімізде ағайым ренішін жасыра алмады: «Ана  балаға сен өтінген соң ғана «бестік» қойдым, бірақ ол баға түгілі «үштікке» әзер  жететін деңгейде  екен». Мен әлгі жәдіғөй үшін қатты қысылдым. Ол мұндай өтінішті басқа бір пән бойынша топтағы комсомол  ұйымдастырушымыз Мұқан  Ерденбаевтан да сұрап, мұнысы «төртке»  бағаланғанда  құрдасымыз  оған  сәлем  бермей  қойыпты.

   ХХ ғасырдың  80-ші  жылдары мен туған жерімдегі Ембі (қазіргі  - Жылыой) аудандық партия комитетінде жауапты қызметтер атқардым: «Білім»  қоғамының  жауапты  хатшысы,  аупарткомның  нұсқаушысы,  үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары - саяси-ағарту кабинетінің  меңгерушісі болдым. Осы уақытта Үркінбай ағай облыстық партия  комитетінің жұмсауымен бізге жиі-жиі келіп, дәрістер оқыды, оны аудан  жұртшылығы жылы қабылдайтын.

   Ал, 1986-1991 жылдары Атырау ұстаздық институтында, облыстық партия комитетінде жұмыс жасағанымда да ұстазым маған үнемі ақыл-кеңесін айтып келді. Ғылыми бағыттағы жұмыстарға жөн сілтейтін. Бірде  Өрекеңнің айтуымен барып, «Атырау» энциклопедиясын дайындап  жатқан  топқа  көптеген  мақалаларымды бере алдым, кейін 2000 жылы олардың  20-шақтысы жарияланды. Ол әлі күнге менің жарық көрген әр мақалам мен кітабыма шынайы  тілектестігін  білдіріп  келеді.

   Өрекеңді нағыз ғалым ретінде шынайы бағалауды республикалық деңгейдегі ғалым ағаларымыздың пікірлерінен танып, өз әкеміздің жетістігіндей қуанамыз. Сонау 80-ші жылдардың соңында бір күні  республика тарихындағы тұңғыш әмбебап  туынды, қазақ тарихы мен  болмысын, тілі мен ділін толық дерлік қамтыған  көрнекті  еңбекті – он  төрт томдық Қазақ Совет Энциклопедиясын (бас редакторы М. Қаратаев соңынан шыққан қазақша-орысша «Анықтамалық» атты екі томды қосып, түгел құрамын «14» деп атауды ұсынған-ды) тағы бір рет ақтарып отырғанымда 12-ші томдағы «Этнография» деген мақалаға көзім түсті, мені қуантқаны мынадай жолдар еді: «...Қазақ халқын шын мәнісінде жүйелі түрде зерттеу тек Совет өкіметінің тұсында ғана іске асты... 1946 ж. Қазақ ССР ҒА-ның құрамында  Тарих, археология және этнография  институтының құрылуына байланысты ел арасынан жиналған дерекер жүйеге келтірілді... Осы жылдардан бастап, жеке аудандардағы қазақ халқының тұрмысы мен мәдениеті (В. Востров, Ғ. Уәлиханов), ...қазақтың  революцияға дейінгі қолөнері (Е. Масанов), ...көне діни сенімдер (С. Ақатаев), Орта жүз қазақтарының ру-тайпалық құрамы (М. Мұқанов) және Маңғыстау  қазақтарының тұрмысы мен мәдениеті туралы                             (Ү. Қыдыралин) (ерекшелеген  мен – А.Ә.) зерттеулер жүргізіліп, барлығы да  сәтті  аяқталды» (Алматы: ҚСЭ БР, 1978.– 484-б.). Бұл ғалым ағамыздың тынымсыз  еңбегін  лайықты  түрде  тану болатын. Мен  сол  бойда  Үркінбай  ағайға телефонмен хабарладым, ол да мұны байқамаған екен, мақтанбайтындығын білетін мен оның дегенмен мына хабарға риза болып  қалғандығын сезіндім. Дұрысында республикада мұндай этнографтар  санаулы еді. Кейін ұстазымыз маған өзін ғылыми белеске жеткізген  аталмыш  тақырыптағы  екі  кітабын  да  сыйға  берді.

   Енді  сол  еңбектер жөнінде  бірер  сөз  жазалық. Баспадан 1995  жылы  жарық көрген «Маңғыстау қазақтарының мәдениеті мен тұрмысы (Төңкеріске дейінгі кезеңіне тарихи-этнографиялық шолу) атты еңбек «Шаруашылығы», «Материалдық мәдениет», «Рухани мәдениет», «Жанұя  және некелік қатынастар» деген төрт тараудан тұрады. Мұнда аталмыш  өлкенің тұрмыс-тіршілігі бұрын ғылымда белгісіз болған көптеген тарихи-жәдігерлік деректер мен сирек кездесетін еңбектердің мәліметтері ұтымды  пайдаланылған. Мысалы, Маңғыстауға жер аударылған поляк азаматы Б. Залесскийдің қолмен салған суреттері және неміс азаматы Р. Карутцтың  қазақы өмірді нақты бейнелейтін фотосуреттері оқырманға, өлке тарихын  қастерлеушілерге, ізденушілерге тамаша әсер береді. Сонымен бірге, отбасы  мен материалдық мәдениет туралы қызғылықты деректер де құндылығымен  назарыңды  аударады.

   Ұстазымның екінші «Маңғыстау қазақтарының дәстүрлі  шаруашылығы» тақырыпты монографиясы өлкенің халқы, негізгі  және қосалқы шаруашылықтары жөнінде тереңірек сөз етеді. Мұның ішінде адайлардың өздерінің табиғи ретте орналасу жағдайынан туындаған, өздеріне ғана тән болып келетін құдықшылық, балықшылық, «маңғыстаулық стиль» деген атау алған сәулетшілік сияқты қосалқы кәсіптері кеңінен және  ғылыми  тұрғыда біліктілікпен баяндалады. «Құдықшылық» дегенде заңғар жазушымыз Ә. Кекілбаевың қаламынан туған «Еңсеп қазған» атты тамаша  әңгіме ойға оралады. Қорыта айтқанда, Ү. Қыдыралин еңбегі нағыз  ғылыми ізденістің, толайым тұжырымдардың, ағыл-тегіл ақ-параттың нәтижесі  болып  шыққан.

   Менің  осы  ағайым алдында әлі күнге дейін қысылатын бір жәйім бар – ол ұстазымның бір тапсырмасын орындай алмай қалғаным еді. 2002 жылы  бізді сыртымыздан қамқорлап жүретін Өрекең маған Атыраудың 1917  жылға дейінгі этнографиясы бойынша өзінің жетекшілігімен кандидаттық  диссертация қорғауды, осы бағытта жұмыс жасауды тапсырды, өзі жетектеп жүріп, Х. Досмұхамедов университетінде осы тақырыпты бекіттірді де. Алайда, мен сол кезде атқарып жүрген жұмысымнан – Атырау  облыстық телекоммуникациялар дирекциясындағы «Қазақ тілі» кешеніндегі жұмысымнан шыға алмай-ақ қойдым, ол кезде тіл үшін күрес үлкен  қарқынмен жүріп жатқан-ды, сөйтіп, басқа жұрт 2010 жылға дейін жанталасып диссертацияларын қорғап алған алашапқынға мен үлгермей қалдым. Осы бір ағаттық әлі күнге жанымды жейді, ұстазымның сенімін ақтай  алмағаным қабырғаға  әлі  батып  келеді...

   Біз де ұстазға деген ықылас-пейілімізді Өрекеңнің 80 жылдық  мерейтойында тапсырған мерейхатымызда былайша жеткізуге тырыстық:

 

«Аса құрметті  ҮРКІНБАЙ АҒАЙ!

 

   Сонау 70-ші жылдарда Сізден дәріс алған, өнегеңіз бен тағлымыңызға өмір бойы ризашылық ниет арнап келе жатқан шәкірттеріңіз ретінде 80-нің сеңгіріне келген ерекше қуанышыңызға шынайы көңіл төрінен «Құтты  болсын!» айтамыз!!! «Жақсы да, парасатты ұстаздың тойы – тағылымды  тұщынған  шәкірттердің  де шаттықты тойы» деген өз тұжырымымызға бағына отырып, Сізге деген ақ сөзімізді  баяндағанды жөн көрдік.

   Сіздің сабырлы мінезіңіз, кең ауқымды білім-білігіңіз, үлкен адами және ұстаздық қасиеттеріңіз бізді қашан да сүйсіндіріп келеді, шәкірттерге  «өзіне бағынышты, тәуелді жандай» емес, сырлас адамдай  қарап, қатардағы азаматтай көретініңіз Сізге деген құрметті еселей түседі. Сол ниетіміз Сіз ғылыми белестерді бірінен соң бірін алған тұстарда, ғылым докторы, профессор атанғаныңызда, көпшіліктің құрметіне бөленіп жүрген бүгінгідей бақытты шағыңызда ұлғая түсті. Оларға Сізбен бірге қуандық, қуанамыз да. Сүйікті қызыңыз Жанна да ғылым докторы болғанда көрген мерейіңіз бізді де шаттандырды. Ләйім осындай мадақты биіктен көріне беріңіз, қадірлі ағай!

 

Жарқын  жылдар  жылжып, әне, барады,

Үлгі-өнеге  бойға  қандай  тарады.

Бүгін  біздер  бір заңғарды  игердік, -

Жұрт та міне, ұстазға ырза  қарады!

 

Адалдықты, парасатты  жақтадық,

Ұлағатты  жүректе бұл  сақтадық.

Қыдыралиннің  қазанында  қайнадық , -

Тарихшымыз – ел  сенімін  ақтадық!

 

Дәрісіне ұстаз  көңіл байытамыз,

Әр сұхбаттан Таудай  болып  қайтамыз!

Ұстазға бұл азамат  қып  өсірген, -

Мың мәрте  біз Алғыс  қана  айтамыз!

 

Көңілден – әр, жаныңнан – гүл  солмасын,

Тағдыр Сізге ырыс-ырыздық  жолдасын!

Ұстаз, ғалым, ардақты аға, ақылшы, -

Қашанда Сізді және  әулетті –

  1. әулиеңіз қолдасын!!!

 

Шәкірттік  игі  пейілмен:

    1. жылдарғы шәкірттеріңіз

Аманғали Әміржанұлы мен Мақпуза Ғайнелқызы,

Қазақстан Республикасының  мәдениет қайраткерлері

Атырау  қаласы, 2012 жылғы 25 қараша

 

   Біздің жоғары оқу орнында үлгі-өнеге алған абзал ұстаздарымыздың бірі, міне, осындай ұлағатты адам. Өткен 2019 жылы Атырауда облыстық  әкімшіліктің қолдауымен облыстық ардагерлер кеңесі шығарған «Атырау облысы ардагерлерінің 100 есімі» атты ақпараттық-танымдық, энциклопедиялық жинақта Үркінбай ағайымыздың да ұлағатты өмір дерегі беріліп, ол туралы шағын мақаланың жарық көргеніне де разы болдық.  Сеңгірлі 88-ге аяқ басар жылында оған тағы да ұзақ ғұмыр, барша игіліктер мен «жамбылдық белесті», лайықты абырой  мен  құрмет тілейміз.

 

Аманғали  ӘМІРЖАНҰЛЫ,

                            Атырау  қаласы,

Теги университет тайсойғансайты