ӘРІПТЕС КЕЛБЕТІ МӘҢГІ ЕСІМІЗДЕ

ӘРІПТЕС КЕЛБЕТІ МӘҢГІ ЕСІМІЗДЕ

ХАЛЕЛ ДОСМҰХАМЕДОВ АТЫНДАҒЫ

АТЫРАУ МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІНЕ-70 ЖЫЛ!

2020-жылы өлкеміздегі "альма-матер" -Халел Досмұхамедов атындағы Атырау Мемлекеттік Университетінің құрылғанына  70 жыл толады. Мерекелік шараға орай осы білім ордасында еңбек еткен, дәріс берген  және білім алған  жандардың естеліктерңн жариялаймыз.

АГУ (1)

Ұрпақтың ұлы мұраты жолында талмай еңбек етіп, ағарту саласында еңбек еткен ұстаздарға деген құрмет пен ризашылық сезімі ерекше екендігі белгілі. Абай атамыз «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп, адам баласының тұлға ретінде қалыптасуының көбіне-көп ұстазға байланысты екендігін айрықша атап айтады. Ұстаз – білімді, салауатты, білікті маман адам. Ол адам жанын терең түсініп, жақсы білетін қадірлі де, қасиетті мамандықтың иесі, өз ісінің шебері, инабатты жан. «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі»- деп ұлағатты ойшыл ұстаз Әбунасыр әл-Фараби айтқан біліммен бірге жақсы тәрбиені қоса беру және ізгілікке бағдарланған, әсемдікпен қаруланған, ұлттық тәлім нәрімен сусындаған халық игілігін жасаушы болашақ азаматты тәрбиелеу ісі ұстаздарға сеніп тапсырылған. Ұстаз әркез ел ертеңі, ел болашағы – бүгінгі жас ұрпақтың білімдар, саналы да салауатты, «Сегіз қырлы, бір сырлы» болып өсуіне, жақсы азамат болып қалыптасуына жол көрсетеді. Осындай қастерлі де қасиетті, жауапты жұмыста әрдайым биіктерден көріне білген, кезінде болашақ мамандар санасында ғылыми-ақпараттық мәдениетті қалыптастыруда еңбек үлгісін көрсете білген Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті «Математика және математиканы оқыту әдістемесі» кафедрасының профессоры, физика-математика ғылымдарының кандидаты, КСРО жоғары мектебінің үздігі, «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері», еңбек ардагері, шәкірттерін математика пәнінің қыр-сырымен сусындатқан ұлағатты ұстаз, білімді де білікті маман, әріптес жолдастары мен қимас достарына сыйлы азамат, үлкен әулеттің ақылшысы бола білген  Қамматов Қатап Қамматұлы осыдан бір жыл бұрын, яғни 2014 жылдың қазан айында 82 жасына қараған шағында дүниеден өткен болатын. Қатап Қамматұлы  ішкі сарайы ашық, көңілінде қаяу жоқ, барлық адамды өзіне дос санайтын, ақжарқын азамат еді. Міне, осындай асыл әріптесімізді жер қойнауына тапсырғанымызға да бір жыл өтіпті.

Қамматов Қатап Қамматұлы 1933 жылы наурыз айында Гурьев облысының Есбол ауданындағы Қаңбақты селосында дүниеге келген.

АГУ (4)

         Қамматов Қатап Қамматұлы еңбек жолын 1956 жылы Алматы қаласындағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін  бітіргеннен кейін, оқу министрлігінің жолдамасымен сол жылдың тамыз айында Гурьев педагогикалық  институтында жоғарғы математика кафедрасының оқытушысы болып бастаған. Жас маман Катап Қамматұлы өзінің механик-математик мамандығы бойынша ғылыми-теориялық жағынан өте кең деңгейде дайындалған білікті маман иесі ретінде ғылыми жұмыстармен айналысып, 1971 жылдың ақпан айының 23 жұлдызында Москвадағы Патрис Лумумба атындағы халықаралық  Достық университетінің ғылыми Кеңесінде кандидаттық диссертацияны ойдағыдай қорғады.   

Қатап Қамматұлы өзінің жоғарғы деңгейлі білімділігі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында 1959-1961 жылдары факультет деканы орынбасары, 1971-1976 жылдары жоғарғы математика кафедрасының меңгерушісі, ал 1976-1986 жылдары физика-математика факультетінің деканы қызметтерінде болды. Сонымен қатар, Қатап Қамматұлы 1978-1980 жылдары институттың партия ұйымы хатшысының орынбасары, Гурьев қалалық партия комитетінің мүшесі, бірнеше рет Республикалық "Білім" қоғамы сьездерінің делегаты, 1987-1992 жылдары институт еңбекшілер ұжымы кеңесінің басшысы қызметтерін ойдағыдай атқарды. Осы кездерде бірнеше дүркін облыс еңбекшілерінің, оқытушылардың алдында баяндамалар жасап, лекциялар оқыды. 1986 жылдан жоғарғы математика кафедрасының доценті, ал 1998 жылы университеттің профессоры ғылыми атағын алды.   

          Профессор Қатап Қамматұлы университет қабырғасында өмірінің соңғы күндеріне дейін 58 жыл еңбек етті. Осы жылдар ішінде ол бірнеше мыңдаған жас ұстаздарды дайындады. Олардың ішінде совет, партия қызметкерлері, ғылым кандидаттары, ғылым докторлары, Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент мүшелерімен қатар үздік ұстаздар да бар.

АГУ (3)

         Өмірге келмесем де мақтан үшін,

Мұғаліммін, осы атақ мақтанышым,- дегендей, бүкіл саналы ғұмырын жас ұрпақты оқыту, тәрбиелеу ісіне арнаған құрметті әріптесіміз, ғалым, ұлағатты ұстаз, балаларының сүйікті әкесі, немерелерінің атасы, Нәсіп апайдың өмірлік жолдасы Қатап Қамматұлының жарқын бейнесі әріптестері мен шәкірттерінің және оны білетін барша ағайынның жадында мәңгілік қалады. Құтып баба бұл дүниеде «Қайғы да өтеді, Қуаныш та өтеді, Дәурен де өтеді – Тек өкініш қана қалады» - деп бекер айтпаған-ау...  Тағдырдың әмірі, осылай, болжаусыз.

 

          

Кенжегулов Бекет Зинешұлы,

техника ғылымдарының докторы, профессор,

Атырау облыстық маслихат депутаты.

 

Теги тайсойғансайты