ӘМБЕБАП ӘЛІМГЕРЕЙҰЛЫ

ӘМБЕБАП ӘЛІМГЕРЕЙҰЛЫ

Жазушы әрі өлкетанушы Өтепберген Әлімгереевтің өмірбаяны

 

   Өтепберген Әлімгереев 1949 жылы 26 мамырда Атырау облысының Құрманғазы ауданындағы Жиделі елді мекенінде дүниеге келген. 1972 жылы Абай атындағы Қазақ педагогика институтының филология факультетін бітірген соң, еңбек жолын Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында мектеп мұғалімі боп бастайды. 1973 жылдың 15 мамырында «Атырау» (Атырау облыстық) газетіне жұмысқа шақырылған. Алматы Жоғары партия мектебін тамамдаған. 1990 жылдан бері Атырау телерадио компаниясында Бас редактор боп жұмыс істейді.

   Әдеби туындылары 1966 жылдан бері түрлі газетжурналдарда жарияланған. Алты әдебипублицистикалық кітаптың, «Күй – күмбез», «Асау Тұрлан» атты кітаптардың авторы. Махамбет, Асан Қайғы, Жиренше шешен, Мұрат, Бала Ораз, Мақаш әкім туралы зерттеулер жазған.

   Қазақстан Журналистер одағы мен Орталық табиғат қорғау қоғамы сыйлығының үш дүркін (1980, 1982, 1994), Атырау облысы әкімі белгілеген Махамбет атындағы республикалық сыйлықтың (1996) лауреаты. «Егемен Қазақстан» газеті (1987) мен «Ара» журналы (1980, 1981) конкурстарының жүлдегері.

   Өтепберген Әлімгереев 2002-2011 жж аралығында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті Гуманитарлық факультеттің журналистика кафедрасында доцент болып қызмет атқарды.

 

ӘМБЕБАП ӘЛІМГЕРЕЙҰЛЫ

 

   Көзі қарақты адам назарына іліккен газет-журналдарды қалт жіберіп, оқымай тастар ма, сірә?! Жаңалықтар іздейді, тарихи-танымдық мақалаларға, корреспонденцияларға үңіледі, саяси әлемдегі дүбір қызықтырады, өнегелі ерендер мен танымал тұлғалар туралы очерктер мен эсселер көңіл бұрғызады. Бірақ солардың бірен-сараны болмаса, бәрін бірдей жадыңда тоқып қала алмайсың. Ал бір ғажабы, қаламдасым Өтепберген Әлімгерейұлының 1985 жылғы сәуір айында «Коммунистік еңбек» (қазіргі «Атырау») газетінде жарық керген «Үзілмеген үміт» атты очеркінде көркем өрімін тапқан, майданға аттанған ұлдарын соңғы демдері үзіліп, қара жердің қойнына кіргенше сарғая күткен қос қарияның – әке мен шешенің тағдыры оқығанда мені бөлекше тебірентті. Сол бір сұрапыл соғыста кім ет жақын туысынан, кіндіктес бауырынан айырылмап еді?! Солардың бірімін ғой. Бәлкім, содан да шығар, әлде очерктің жазылу шеберлігінен бе, сюжет құрудағы тапқырлығынан ба, не құдіреті бар, қанша жыл өтсе де ұмытылмайды. Бәрі табиғи, көз алдымнан кетпей қойған құбылыстар.

   Очерктің бастау тұсының өзі-ақ жүректі шым еткізеді. Орлы ауылында Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарға арналған ескерткіштің ашылу салтанатында қарт ұстаз Мәруа Сапарова көпшілік алдына шығады. Толқулы. Ол майданнан оралмағандардың ұзын тізімінің бел ортасындағы әлде бір жанның ныспысын алақанымен сипап тұрып, қолындағы түйіншегін шешкен күйі: «Бұл менің аяулы анамның соғысқа кеткен жалғыз ұлы аман-есен оралса сүйінші сұраған жанға ұстатарым деген ақшасы еді» дейді. Көзінен жасы моншақтап тұр. Осыны естіген, көрген кісінің жаны қалай күйзелмейді. Публицист Өтепберген Әлімгерейұлы әрі қарай Тілеш қария мен Жұмаш шешейдің балалары Қабдолланы ұрыс даласында шейіт болғанына сенбей, өле-өлгенінше екі көздері төрт болып күтумен, жол тосумен ғұмыр кешкенін иланымды да иірімді әңгімелеп, көркем кестелеу тәсілін жаңылыспай тапқан. Асылы, кейіпкерлерінің бастарынан өткен оқиға барысының қоюлығы, аяныштылығы әсер етті ме, қаламгер очеркті егіле, езіле, беріле отырып жазған. Сондықтан да тартымды, сондықтан да естен шықпастай.

   «Өтті ғой соғыс!» - Өтепбергеннің жеке өзінің қаламынан туындаған 34 әдеби, ғылыми-зерттеу, публицистикалық кітаптарының бірі. Шын мәнінде, бұл еңбек белгілі дәрежеде Ұлы Отан соғысы шежіресін түзуге қосылған айтулы үлес, тағылымды дүние. Оқтын-оқтын оралып, ақ қағаз бетінде өрнектеген толғақты тақырыбының жиынтығы. «Үзілмеген үміт» очеркі осы кітаптың керегесі мен шаңырағын жалғап тұрған мықты бір уығы тәрізді. Жинақтағы әр публицистік шығарманы оқып бітірген сайын ойланасың, толғанасың, тебіренесің. Ақырында «Өтті ғой соғыс!» деп еріктен тыс күрсінесің. Осылайша, қобалжыта, күрсінте білген шығарманың өрісі ұзақ.

   Тағы бір «Қазақтың қос Сусанині немесе тылдағы майдан» атты очеркінің ішкі мазмұнына қанықпай тұрып-ақ тақырыбы елең еткізеді. «Қайдағы Сусаниндер, тылдағы не майдан?» деген сұрақ өзінен-өзі туындайды. Еріксіз оқытуға мәжбүрлейді. Бақсақ, ондағы кейіпкерлер қарапайым колхозшылар Байжан Атағозиев пен Байшыған Бектұрлиевтер екен де, олардың қарсыластары Атырау өңіріндегі Жылыой жеріне қастандық ниетте түсірілген неміс десанттары – Германиядағы «Түркістан легионы» деген шпиондық ұйымның Ағаев бастаған қарақшылары көрінеді. Бүгінгі ұрпақтың көзсіз ерлік, жанқиярлық шайқас тек майдан даласында ғана емес, тылда – туған жер төсінде де әлсін-әлсін қайталанып жатқандығын Өтепбергеннің очеркіне зер салып, көңілге тоқығанда жазбай танулары кәдік емес. Оған келесі бір дәлел «Әкей және оның тұстастары» деп аталатын очерктен де табылады. Жылқышы Әлімгерей ЬІсмағұловтың Атырау жерінде үйір-үйір сәйгүлік баптап, майдандағы жауынгерлерге мінгі және жегін аттар өсіріп берудегі көл-көсір жетістіктері, мігірсіз іс-қимылдары кімді болса да қайран қалдырады. 1948 жылы соғыс жылдарындағы ерлік еңбегі, жоғары көрсеткіштері үшін оған Социалистік Еңбек Ері атағы беріледі. Ол очерктің төлиесінің өз әкесі Әлімгерей Ысмағұлов еді. Бірде Өтепбергенге:

   -Өз әкеңіз туралы өзіңіздің жазуыңыз ыңғайсыз болмай ма? - деген сұрақ қойылды. Сонда қаламгер мүдірместен:

   -Әкем жайлы, оның жылқышылық кәсібі туралы менен артық ешкім білмейді емес пе?! Өйткені, аяғыма мінгеннен бастап жанында жүрдім. Жалды жануарды қалай бағып-күтетінін, қалай тілдесіп, ұғынысатынын көріп, көкейіме түйіп өстім. Ат құлағында ойнап, табын қайырыстым. Текті түліктің тілін, мінез-құлқын бір кісідей түсініп ер жеттім. Демек, осы көрген-білгендерімді, түйген түйіндерімді жазбай ішімде өлтірсем маған журналист, жазушы болудың не қажеті бар?- деп оның өзіне қарсы сауал тастады. Сұрақ қоюшы бөтен уәж айтып, таласуға шамасы жетпеді ме, сұрағанын ала алмай өкпелеген баладай төмен қарап томсарды.

   Иә, әкесі баласына жамандық ойлаған ба? Ол Өтепбергеннің де өзі сияқты атақты жылқышы болуын қалады. Құлағына ескілікті салт-дәстүр, бәйгілер, жүйрік аттар жайлы әңгімелерді құя беретін, құя беретін, ара-арасында сыңалап өз орнын басуға үгіттеген емеурінін де танытып қоятын.

   -Жылқы – текті мақұлық. Оны былжыраған, бос белбеу әлдекім баға алмайды. Өзің тәрізді мықты жігіт керек, - деп ұлының жүзіне сынай қарайтын. Өтепберген болса жымия күліп, үнсіз құтылатын. Өйткені, баланың ойы басқа жаққа ауған еді...

   ...Ересек балалардың ілегіне ілеспей тұрып-ақ өлеңге үйірсектенген Өтепбергенді құдай талабын ұштайтын, дұрыс бағыт сілтейтін білікті ұстаздарға жолықтырды. Облысқа танымал ақын Шора Тәжімғалиевтің сынып жетекшісі болуы, қазақ тілі мен әдебиетінен журналистиканың қыр-сырына қанық қаламгер Қисым Ғұмаровтың сабақ беруі жазу әлеміне, сөз өнеріне бастау жолын ашқандай болды. Әдеби тілмен сөйлеуге құмар, әзіл десе айылын жимайтын оқушының немен әуестеніп жүргенін байқаған Шора:

   -Қарағым Өтепберген, маған жазып жүрген өлеңдерінді берші, қарайын!- деп оған жылы шыраймен тіл қатты.

   Шәкірттің талантын танып, құптап, сәт сапар тілеу – ұстаз үшін үлкен абырой. Қос ағайының бірі Өтепбергенге жөні түзу кеңес беруден аянбаса, екіншісі жылт еткен жақсы дүниесін редакцияға жолдауға көмектесіп бақты. Алтыншы сыныпта оқып жүргенінде аудандық газетке алғашқы «Анама» атты шағын өлеңі шыққан балаң талапкер шабыт желкенін керіп, ілгері ұмтылдырған ғаламат күштің жетегіне ергендей әсерде болды. Бойында қияға қарай ұшар қанат біткендей. Енді балапан жыр шумақтарына қоса, қысқа хабар, корреспонденция жазуды әдет етіп алды. Ауыл тілшісі атанды. Алпысыншы жылдардың екінші жартысына аяқ басқанда теңіз өңіріне Алматыдан арқалы ақын һәм көркемсөз шебері Әбу Сәрсенбаевтың шығармашылық сапармен келуі тоғызыншы сынып оқушысы Өтепберген Әлімгереевтің байламын мықтап беркітіп кеткендей. Басқаға бас бұрмай арманы астанаға бару, журналистік оқуға түсу болды. Әкесі жылқышы болуды, өзінің ізін қууды меңзегенде осынау көкейінде жүрген асыл арманын әзірге сыртқа шығармай, «әлде не дейді» деп іште бүгіп, аңдысын андыған. Бірақ, түптің түбінде айтылар сөз айтылып тынды. Қайран әке, бас көтерген ұлының меселін қайдан қайтарсын?! Көнді.

IMG_1344-29-03-18-08-41

   Ганюшкиндегі орта мектептің кәмелеттік аттестаты қолға тиісімен Өтепберген алып-ұшып Алматыға барып, ҚазМУ-дың журналистика факультетіне оқуға түсуге құжат тапсырмақшы болған. Қырсыққанда жолын орта мектепте шет тілін оқымағандығы кесті. Қабылдау комиссиясындағылар «ағылшын болмаса неміс тілдерінің бірінен емтихан тапсыруың міндетті» десті. Не істеуге болады? Ақыл сұрау үшін тәуекел етіп жерлес ағасы, ақиық ақын Әбу Сәрсенбаевқа барды. Алдыңғы жылғы туған жер төсінде еткен кездесуде толқып тұрып, тебіреніспен арнау өлең оқыған аққұба өнді бала көз жанарында қонақтап қалыпты. Құшағына айқара қысып, аңқылдай қарсы алды. «Ақша бұлт» атты ақпа жырындағы сұлу көріністі алдына әкелетін дағарадай ақ бұйра шашын бір сипап қойып, елдің амандығын сұрауға көшті, ауылдағы ағайын-тумаларын, тамыр-таныстарын, жақсы-жайсаңдарды түгендеді. Өтепбергенді кішісінген жоқ, тең отырып кең сөйлесті. Жай-жапсарды біліп алғаннан кейін:

   -Мені тындасаң ҚазПИ-дің филология факультетіне бар. Берер білімі ҚазМУ-ден артық болмаса кем демеймін. Оны бітіргенге журналист болу қиын емес,- деді Әбу абыз.

   Алысты болжайтын аға ақылы көкейге қонды. Өтепберген ҚазПИ-де оқығаннан ұтпаса ұтылған жоқ. Институтта дәріс алған жылдарында әдеби ортаның қаумалауында болды. Оқу орнының «Педагог» деген көп тиражды газетіне редакторлық етті. Алматы облыстық «Жетісу» газетінде «Пальто» атты сықақ әңгімесі, республикалық «Лениншіл жас» газетінде «Менің тұңғыш интервьюім» деген очеркі жарық көріп, аты көп ауызына ілікті. Өтепберген көкейіне «қолымнан жазу келеді екен ғой» деген сенім ұялатты. Домбырашы қыз Баян Карабалина жайлы жазылған корреспонденциясына жастар басылымы бетінде тағы да көлемді орын бөлінуі оның шабытына шабыт қосты. Қияндағы ауылдан қиырдағы оған ақша келмей тарыққан шақта қалтаға қаламақы да түсті. Қуаныш үстіне қуаныш. Жазу еселенді, таныс көбейді. «Лениншіл жастан» қаламгерлер Сағат Әшімбаев, Сейітқазы Досымов оның келешегінен үлкен үміт күтіп, қамқор көңілдерін аударды. «Қазақстан пионері» газеті редакциясындағылар тарихи тақырыптар жазуға икемділігін аңғарып, тапсырмалар жүктеді. Бұл мәселе төңірегінде ақын-жазушылар Нұрлан Оразалин, Ескен Елубаев атыраулық жас жігітпен кәдімгідей санасып, сыр бөлісетінді шығарды. Өтепбергенді екі аяғы бірдей жоқ соғыс ардагері Өтешқали Құсайыновтың домбыра тартып, ән салатын, күрделі тағдырына қыңқ етіп, мойымаған жайдары кейпі таңдантты. Оның ерлігі мен өрлігін, қайсарлығы мен қарапайымдылығын «Сен құрметте оны» атты очерк арқылы дәріптеп, барша балалардың жүректеріне патриоттық рух сіңірді, үлкендерді ойлантты, аһілетті, уфілетті. «Қазақ әдебиеті» газеті өлеңін де басты. Сөйтіп, Өтепберген Әлімгерейұлы жоғары оқу орнын бітіргенде қаламы кәдімгідей төселген, ойы тоқтасқан, сөз өнеріне берілген, екі жылы жетпей тұрған «қайран жиырма бес, қайдасың» деп алабұртқан жігіт еді-ау. Бірден бір редакцияға орналасуды көздеген. Бірақ, қолға ұстатқан жолдама кері шегінерге жол қалдыртпай, Маңғыстау облысының Бейнеу ауданындағы Ақжігіт орта мектебіне апарды. Қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді. Жолы онды екен, айтулы ақын Төлеген Айбергеновпен бірге оқыған ақ жарма әдебиетші Қаржаубай Жылқыбаев алдынан шықты. Екеуі сыйласты, сырларын ортаға салысты. Әйтеуір, олар әдеби ортадан алыстап кетсе де зерікпеді, желікпеді. Өтепберген қолы босаса-ақ қаламға жармасты, бір жазып қоймады, үсті-үстіне үйіп жазды. КСРО-ның жарты ғасырлық мерекесіне орай ұйымдастырылған конкурста Маңғыстау аудандық «Жаңа өмір» газетінде жарияланған «Жайлау таңы» деген очеркі құдай оңдап бірінші орынға лайық делінді.

   Жұғымды жігіт Маңғыстауға сіңісіп-ақ кеткен. Ешкім оны шет қақпай жасамады. Қайта талантын құрметтеп, бауырларына тартты. Сөйтсе де, Өтепбергеннің бүйрегі түскір туған Атырау өңіріне қарай бұрды да тұрды. Жатса да, тұрса да газет редакциясында қызмет істесем деген қиял құшағында жүрді. Оқушылардың көктемгі каникулында Гурьевке келіп, журналистикада «сары тіс» болған жерлесі Тасмұқан Тінәлиевке жолықты. Ол ертіп апарып облыстық «Коммунистік еңбек» газетінің бас редакторы Түсіп Бисекеновке көздестірді. Елгезек, ақкөңіл басшы алдындағы өрімдей жастың жазған-сызғандарын көріп, әңгімелесу үстінде сөз ләмін ұнатып, қызметке қабылдауға бас изеді. Араға екі ай салып 1973 жылғы мамыр айының қақ ортасында облыстық газет редакциясындағы бір столға қожа болып шыға келді. Әуелгіде мәдениет, артынан ауыл шаруашылығы тақырыптарына маманданып алып, бұрқырата жазды. Кішігірім хабар, репортаж ғана емес, кесек-кесек публицистикалық дүниелер туындатты. Өтепберген іссапарға шығып, өнер, еңбек адамдарымен тілдескенге, тарихи шежірелер жинауға жаны құмартты. Бірде Махамбет ауданындағы «Гурьев» кеңшарының атақты диқаны Сәбила Мұхитованың іс-тәжірибесін жазды. Редакция алқасында мақтауға ілікті, көтермелеу сыйлығына ұсынылды. Кейін оны кеңейтіп «Еңбек зейнеті» атты кітапқа айналдырып, Алматыдағы «Қайнар» баспасынан жарыққа шығарды. Бұл - Өтепбергеннің тұңғыш жеке кітабы. Көлемі шағын, қалыңдығы пышақтың қырындай болса да, қаламгерлігінің хал-ахуалын байқатқан, жол ашар туындысы.

   Бір тәуірі, Өтепберген ара ұзатпай өзінің сөз өнеріндегі жұлдызын жоғарылатқан негізгі бас тақырыбын тауып, жалынан мықтап ұстады. Онысы тарихи тақырып болатын. Ресейдің Астрахань қаласындағы мұрағат қорын ақтарып, Теңіз, Азғыр, Нарын, Орда, Еділ, Жайық өңірлерін аралап қазақтың қайраткер ұлы, ағартушы, қаламгер, әкім Мақаш Бекмұхамбетов туралы деректер жинастырды. Баспасөз беттерінде шыққан, ел ауызында жүрген еңбектерін, шешендік сөздөрін тугендеп, бір ізге салды. Нәтижесінде, көпшілік қолына «Мақаш әкім» атты кітап тиді. Сұранысқа орай және жаңадан жаңғыртылып, толықтырылып кейін орталық баспалардан тағы екі рет шықты. Халық іздеп жүріп оқитын кітапқа айналды. Енді Өтепберген Әлімгерейұлы жол бағытын терістіктегі Қызылқоға аймағына бұрды. Небір тарихи тұлғаларға бай аудан. Шендеулі шежірелердің қаймағы бұзылмай жатыр. Әлсін-әлсін Алтын орданың астанасы атанған ежелгі Сарайшық қаласының орнына, мұражайына соғып, табылған жәдігерлерді таразылап, қойны-қонышына бүккен құпияларды ашуды өзіне мұрат тұтты. Ол қайда табан тіресе де, қайда қызмет істесе де зерттеу нысандарына айналып соғумен, артына алаңдаумен жүрді. Облыстық «Атырау» газетінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, республикалық «Қазақстан» телерадио корпорациясының Атырау облыстық филиалында бас редактор, төрағаның орынбасары қызметтерінде істеген, арасында Алматы Жоғары партия мектебінде оқыған жылдарында да Өтепберген тарихи тақырыптарды жүрек төрінен шығармай қалам тербеуден жазбады. Оның үстіне облыстық тарихи-өлкетану мұражайында және тарихи ескерткіштер мен мұраларды қорғау инспекциясында директор болуы жаны қалаған тақырыпқа ірә жақындатып жіберді. Енді келіп облыстық «Атырау» газетіне бас редактордың орынбасары болып қайта оралды.

   Қазақтың ірі археолог ғалымы Зейнолла Самашев бастаған археологияық экспедицияның құрамында он бес күн бойы тау, тасты кезді. Маңсуалмас, Қособа, Ұшқан, Иманқара маңдары көне қалалар іздеріне, ескі қорымдарға толы. Сыры ашылмастан жатқан ежелгі орындар. Табылған үш қабатты мүрделер, бес мың жыл бұрынғы сарматтар мәйіттері, ірілі-уақты жәдігерлер... бәрі-бәрі Өтепбергеннің жаңа зерттеу еңбегіне арқау болды.

ӨТЕПБЕРГЕН ӘЛІМГЕРЕЕВ

   Халық батыры, би, шешен Сырым Датұлының соңғы демі үзілген жер – Өзбекстанның Үргеніш қаласының іргесіндегі Ғайыпбаба қорымы екенін нақтылау еншісі де Өтепбергенге тиді. Ол телеоператор Серік Бахметов екеуі Сырымның бейітін бейнетаспаға түсірді, талай көнекөз қариялармен тілдесіп, деректі телехабар жасады. Шешендік сөздерін жинақгап, жеке кітап етіп бастырды.

   Күйші-домбырашыларға да, атыраулық аналарға да өз алдына бөлек-бөлек кітап арналды. Алаштың ардақтылары да естен шықпапты. Осыншама көл-көсір еңбек «Асау Тұрлан», «Құныскерей», «Алақай батыр», «Дала дауысы», «Сарайшық», «Күй-кумбез», «Бәрі де Алаш үшін», «Аналар – асыл жандар», «Үстірт пен Үйшік, Азау арасы», «Айналайын атажұрт» және басқа да кітаптар арқылы қалың оқырманға жетті, тарих болып хатталды. Оның сыртында Ұлы Жеңістің 60 жылдығына орай өткізілген телефильмдердің халықаралық фестивалінде екінші орын алған «Тағдыр» атты телефильмі (сценарийін Ә. Баетовамен бірігіп жазған) тағы бар. Көрермендердің көзайымына айналған көркем дүние.

   Әрине, елге сіңірген еңбек түбі ескерілер. Сонда да, кезінде еленгенге не жетсін! Өтепберген Әлімгерейұлы болса кемел шаққа жеткенше талай атақтарды, марапаттарды қанжығасына байлаған жазушы, журналист, ұстаз, ғалым, өлкетанушы. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, ҚР Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, республикалық Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаты, Халел Құрманғазы ауданының құрметті азаматы, Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің доценті, республика Журналистер одағының және «Алаш-Рух» сыйлықтарының иегері... делініп әрі қарай созыла береді. Созыла береді делінгенмен айтпай, аттап кетуге болмайтын ең басты марапаттары бар екен-ау?! Өтекең ҚР Президентінің Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталды. Бұл – о заманнан бергі Атырау журналистерінің еншілеріне тиген үш-төрт орденнің бірі. Оның сыртында 14 медалы, Қазақстан Халық Ассамблеясының «Бірлік» алтын белгісі, республикалық ардагерлер кеңесінің «Құрмет» белгісі, «ҚР Ақпарат саласының үздігі», «Үздік өлкетанушы», «Тіл жанашыры» атақтары тағы бар.

   Өтепбергеннің елге сыйлы танымал тұлға атануына отбасындағы жарастықтың, шуақты ахуалдың әсерінің мол екендігін жазбай танисың. Қашан көрсең де көңілді кейпінен танбайды. Аузынан әзілі түспейді. Сүйікті жары Нәзира Ғұмарова – инженер-экономист. Есеп қызметіндегілердің уақытпен санаспайтын жұмысы ауыр. Солай бола тұрса да ерінің қасы мен қабағына қарап, жазуына бар жағдайды жасап баққан ханым. Ұлы Жаннұр мен келіні Салтанаттан Дәурен атты немересі бар. Атасы мен әжесінің еркесі. Қызметтен, алдындағы қағаздан қолы босағандағы ермегі сол «тентегі», қазір соқталдай жігіт. Екі қызы Әсел мен Айнұр да жоғары білімді. Айнұры әке жолын қуған журналист. Әкесінің қаламынан шыққанның алғашқы сыншысы болуға жарап қалды.

   Адамға абырой, бедел ізденіспен, еңбекпен келеді, кісілік, кішілік қасиеттеріне орай келеді. Өтепберген сөз өнерінен бақыт тапқан азамат. Оның сайыпқыраны. Ол жазудағы қарадүрсіндікке, бірсарындылыққа жаны қас. Ұстанымы – не жазса да сан құбылтып, құрылымдарын қиыстырып, өзектерін қонымды ету, оқырманға шынайы жеткізу. Қай деректі хикаятын да, очеркін де, эссесін де, әңгімесін де бір-біріне егіз қозыдай ұқсатпай, төгіліп тұрған көркем тілмен арқауы жұп-жұмыр, кестелі, кесек туынды ете білді. Мұндай шығармалар, әрине, өміршең. Жазған төлиесінің де атын алысқа жеткізеді.

 

Төлеген ЖАҢАБАЙҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның

құрметті журналисі, ҚР Ақпарат саласының үздігі, доцент.

Теги АГУ70 сайттайсойган тайсойғансайты