МЕН-ХАЛҚЫМНЫҢ БАУЫРЖАНЫМЫН

МЕН-ХАЛҚЫМНЫҢ БАУЫРЖАНЫМЫН

Белгілі жазушы Қалдыбай Мамытбектің "МЕН-ХАЛҚЫМНЫҢ БАУЫРЖАНЫМЫН" атты кітабынан үзінділер жалғасы, басы осында  

АВТОРЛЫҚ ҚЫЗҒАНЫШ

 

    -Қарапайым деген сөз бар. Бұл ұлы сөз. Халқымның қарапайым ұлдары, қыздары болмаса, ұлыларымыз шықпас едi. Ұлылар қарапайым ұл-қыздарымыздың қарапайымдылығын, соның күре тамырын сезгеннен кейiн ұлы боп шықты. Мысалы, Асан қайғы, Майқы би, Төле,  Қаз дауысты Қазбек, Әйтеке билер, Әлихан Бөкейханов, Мұстафа Шоқай, Тұрар Рысқұлов, қос Досмұхамедов, тағы басқалары аспаннан түстiк деп ешуақытта ойлаған емес. Оған дәлел ол кiсiлердiң өздерiнiң сөздерi.

   Батыр да, жазушы да аспаннан түспейдi. Ол халықтың әр заманға лайықты рухани, салт-сана, дәстүр тәрбиесiнiң жемiсi.

   Әр ұлттың, әр елдiң өз қасиетi, өз дәстүрi бар. Олардың осы ерекшелiктерiнiң терең мағынасына түсiнiп, заманымыздың, үлкен дәуiрiмiздiң оңай емес жағдайында бастарын, ниеттерiн қосып тәрбиелеп, тәлiмдеп отыратын жеке тұлғалардың болғаны- бақыт. Бiздiң халқымыз бұдан кенде  емес. Мұны достарымыз былай тұрсын, дұшпандарымыз да мойындайды, мойындамауы мүмкiн емес.

    Баукең темекi тұтатып тартып, ойға ендi. Ұзақ үнсiздiктен соң:

   -Кейiнгi жылдарда менiң жаңа шығармаларым жоқ қой,- дедi жұмсақ үн қатып.- Соған қарап кейбiреулер:,,Бауыржан сарқылды,, ,- дейдi екен. Сарқылды деген әжептеуiр сөз ғой, ә?

   Әрине, мұны есту маған жеңiл тиген жоқ. Жеңiл тимесе де, оларға өкпелемедiм. Ақымақтарға өкпелеп қайтем? Олар жазған соң өзi автор болуы керек дейдi екен.

    Көрiп жүрсiң, қарағым, мен өз тәжiрибемдi, бiлiмiмдi ешкiмнен қызғанған емеспiн. ,,Ойбай, мынаны өзiм жазайын, мынаны бұған айтпайын,, деген мiнез менде жоқ қой, әлде бар ма?

    -Жоқ.

    -Е, сөйтсеңшi. ,,Сен жаз, мен жазайын,, дегеннен аулақпын. Ал шынына келгенде шын авторы мен ғой.

   ,,Курица на сетке,, дейдi орыстар. Соның кебiн кисем, мен бәрiн жазып үлгере алмас едiм. Мамытбек болсын, Михаил болсын, менiң айтуым бойынша жазған авторларға ұрпақ, оқырмандар әдiлеттiлiгiн өздерi айтады. Түсiндiң бе? Сол себептi мен ешкiмнiң жәрдемiн қажет етпеймiн.

   Мұны ақымақтық десең, өзiң бiл. Менiңше, бұл ешқандай ақымақтық, не тоңмойындық пiкiр емес.

   Бiрде бiр туысым маған:

   -Неге көрiнгенге әңгiмеңiздi айта бересiз? Өзiмiз де жаза аламыз ғой,- дедi. Өзiмiз де дегенi жалпы сөз ғой.

   Мен ,,Ұшқан ұяны,, әжеммен, әкеммен, Үбиан әпкеммен, тағы басқаларымен ақылдасып жазғаным жоқ қой. Оны алған әсерлерiм жазғызды емес пе? Ал ана туысыма менi  тыңдап, алған әсерлерi бойынша ой қорытып, жазуына кiм кедергi жасап жүр? Мен ешкiмге өзiнiң алған әсерi, түсiнгенi туралы жазуына тыйым салған емеспiн, тыйым сала алмаймын да ғой.

     Ал, шырағым, сенен жасыратын ештеңем жоқ. Мына ақымақ жеңгең де әлгi туысыма ұқсап, па-па дейдi. Анау қырыққа қарай, мынау елуге қарай кеттi. Бұларға жазбаңдар деппiн бе?

   Сырымды айтқанда менi түсiнедi деп сенiп айтам. Бар материалды түсiнiп, келiстiрiп жаза бiлсең, жақсы, ал оны iске асыра алмай қор қылсаң ше? Оған қабiлетiң жетпесе ше? Онда оқырман өз-өзiнен кейiп, несiне малтаңды езiп отырсың демей ме?

   Горькийдiң ең үлкен шығармасы-,,Менiң университеттерiм,,. Оны оқымасаң, оқып шық. Максим Горький жаяу, тиынсыз қаңғып, елдi аралаған. Оның кәмелеттiк аттестаты да болмаған, ал университеттерi болған.

   Сендерге тегiн орта, жоғары бiлiм бердi. М.Горький ондай мүмкiндiктен құралақан өстi.

   …Маяковскийдiң де жоғары бiлiмi болған емес. Есениндi алғын. Шоқан Уәлиханов кадет корпусын бiтiрдi. Кадет корпусы деген сөз осы күндегi түсiнiк бойынша бастауыш әскери училище. Ол ефрейтор, кiшi сержант дайындайды. Шоқан соны ғана бiтiрген.  Бiрақ бойында құдай берген қабiлетi бар, ол халқына мәңгi өлмес қазына сыйлады.

    Тума таланттың осындай құпиясы көп. Оны түсiнiп, мойындау керек.

   -Әй, Бауыржан туралы Бек, Әзiлхан жазды ғой. Мамытбек те жазып па? Қойсаңдаршы!- дептi бiр журналдың бiлдей қызметкерi. Мұның атын iштарлық дейдi. Іштарлық деген нәрсе ақылды кiсiнiң iсi емес. Ішi тар болса, оның басы да тар, жаны да, ары да тар. Іштарлық ақымақтарға ғана тән нәрсе.

   Бiздiң қазақта бiр әке, бiр шешеден туғандар қастасып кеткен. Бұл iштарлықтан.

   Әрине, iштарлық басқа халықта да бар. Бұл-бүкiлхалықтық кемiстiк. Дегенмен iштарлық жағынан басқаларға қарағанда бiз әжептеуiр бәйге аламыз.

   Менiң ұғымымша, қарағым, жақсыны да, жаманды да көрген кiсiмiн ғой, iштарлық- өзiңдi өзiңе қас ететiн ауру… Мұны неге айтып отырсың деп менен сұрамаймысың?

    -Мұны неге айтып отырсыз?

    -Мен өзiмдi өзiме қас еткiм келмейдi. Түсiндiң бе?

    -Түсiндiм.

    -Түсiнсең, шырағым, менде авторлық қызғаныш атымен жоқ…

 

,,ҚИЫН,, КЕЗДЕСУ

 

    Күн жексенбi едi. Таңертеңгi он. Баукеңе телефон соқтым. Тұтқаны көтерген жеңгей:

   -Қарағым, қайда тұрсың?- дедi аптыға сөйлеп.- Ағаң неге үйге келмей жүр деп кеше сенi iздедi. Әлде бiзге өкпелеп қалдың ба?

   -Қолым тимедi.

   -Үйге келем десең, кел. Ағаңның денсаулығы дұрысталды.

   -Рақмет, қазiр барамын.

   Баукең өз орнында отыр екен. Көйлекшең, жалаңбас.

   -Кел, қарағым, -деп жылы қарсы алды. Қол берiп, амандастым. Шашын алдырған екен, аздап қоңыр тартқан өңi сұсты көрiндi.

   Бiраз  соңғы жаңалықтарымызбен бөлiстiк. Жеңгей үстiмiзге қайта-қайта енiп, сөзiмiздi бөле бердi. Бiр кезде Баукең мұртын тiкiрейте:

   -Оңаша сөйлесетiн жер жоқ па?!- дедi маған. Мен не дерiмдi бiлмей, сасқалақтап қалдым.

   -Сенiң кабинетiң қалай?

   -Бүгiн жексенбi, жабық.

   -Ә, жабық екен ғой. Жазушылар одағына барып:,, Бiр кабинеттi бiзге берiңiздер, жұмыс iстемек едiк,, ,- деп босаттырып алар едiм, жексенбi екен ғой.

   -Онда, Бауке, бiздiң үйге барайық.

   -Сенiң қатының да мынандай шығар? Айқайлап, ашуланған кезiме келiндi куә еткiм келмейдi.

   Үстiмiзге жеңгей қайта ендi.

   -Мынаның жұмыс iстегiсi жоқ!- деп Баукең даусын көтере,  сұқ саусағымен менi көрсеттi.

   -Сiзге бәрiмiз жақпадық па? Мұның не, қарағым? Бiр нәрсеге ренжiп отырсың ба?

   Баукең қаһарға мiндi.

   -Қазiр киiн де, үйден шық! Бүгiннен бастап есiгiмдi ашушы болма! Түсiндiң бе?!

   -Түсiндiм.-Әдейi қабағымды түйiп, жорта ашуланған, ренжiп, өкпелеген күйге ендiм.

   -Бауке, мұныңыз ұят емес пе? Бұл баланың жазығы не?- деп жеңгейдiң есi  шықты.

   -Жазығы- саған тартқан, қайта-қайта есiктi ашып, жұмыс iстеткiзбейдi.

   Баукең ,,марш!,,деп оң қолын басынан асыра сiлтедi. Мен  ,,өкпелеп, ренжiген,, күйi үнсiз үйден шықтым. Кейiн жеңгей  оңаша жолығып:,, Ойпырай, сонда қатты састым, өзi қиын кездесу болды ғой.  Ол кiсiден мұндайды күтпеп едiм,, ,- демесi бар ма? Мен өзiмдi өзiм ұстай алмай сықылықтап күлiп жiбердiм…

 

СЫННЫҢ КӨКЕСІ

 

    -Майды кiм көтередi?

    -Қой көтередi.

    -Дұрыс. Шошқа көтере алмайды. Шошқаның ақымақтығы сондай, семiрiп-семiрiп, орнынан тұра алмай жатып қалады. Қой қанша семiрсе де жатып қалмайды. ,,Семiздiктi қой көтередi,, деп қазақ бiлiп айтқан. Ал сен оны қой баққаннан басқа түкке түсiнбейдi дейсiң. Шындыққа жүгiнсек, өзiң түкке түсiнбейсiң!

   Әр мақалдың  астарлы сыры көп. ,,Семiздiктi қой көтередi,, деген үлкен ескерту, үлкен айыптау. Оны бiз күлкiге айналдырып жүрмiз. -Қолын ашулана сермедi.- Өзiмiздiң таяздығымызға ғана күлуiмiз керек!

   Мұны саған айтып отырған себебiм, бұдан былай мақал-мәтелдерiмiзге абайлап қарағын.,,Аузын ашса, көмекейi көрiнедi,, деген мақалда қанша ой, сыр бар? Бұл кiсiнi тiрiдей iреу ғой. Бұл, түсiнсең, ақымақтың ар жағындағы бiреу, ақымақ екенiн өзi таныстырады деген сөз.

    ,,Семiздiктi қой көтередi,,. Қандай тауып айтылған?! Бұл-қоғамдық, саяси мақал. Мұнда:,,Бақытты көтере алмай жүрсiң? Қой құрлы жоқсың ба, ит-ау?!,,- деген сарказм сезiмi мол. Өзiн өзi таразылай алмайтындарды бұдан артық қалай мазақ етерсiң? Түсiнсең, бұл –сынның көкесi…

 

АҚЫННЫҢ ҚЫЗЫ

 

    -Әлгi қарт ақын сенi танымайды екен. ,,Мұның кiм-ай?,, - деп бiлгiсi келдi. -Саған неге келiп жүр?

  -Е, бұрыннан таныс едiк, оқта-текте соғып, менiмен әңгiмелесiп кетедi.

   -Фамилиясын қайта айтшы?

   Қайта айттым.

   -Әлгi үлкен қызым Алматының облыстық газетiн оқыдым, екi санына Бауыржанды жазыпты деген едi. Бұл сол жiгiт екен ғой.

   -Сiзге қарағанда қызыңыз ұқыптырақ па деп отырмын.

  Шал ұялыңқырап қалды. Айтуынша, қызы ғылым кандидаты боламын дейдi екен. Тақырыбы -патриоттық тақырып.

   -Бауыржан ағамен сөйлесуге ұялып жүрмiн,- дептi.

   -Әй, мен араласпаймын, мiнезi шатақ. Қартайғанда бiрдеме десе, ұялып қалам. Оның үстiне қыз балаға патриоттық тақырып неге керек дедiм,- дедi шал.

    -Е, сiз дұрыс түсiнбейдi екенсiз,- деп кейiп  тастадым.- Әуелi жоспарын жасасын. Патриотизм  соғыста, тылда қалай көрiнiс тапты деген мәселе- үлкен мәселе. Менiңше, оны үш тараудан құрған жөн. Бiрiншi, патриотизм тарихы, екiншi соғыстағы, тылдағы патриотизм, үшiншi, соғыстан кейiнгi патриотизм. Осы жағынан зерттесе, пайдалы.

   -Ой, мына ойың жақсы екен. Мен әйтпесе:,, Мына мұрынбоқ қызға не жоқ? Әкесiмен жолдас болған соң жағалай бастағаны ма?  Әкесi соғысқа барған да емес,,- дей ме деп қорқып едiм.

   -Е, бекер қорыққансыз. Патриотизм тек соғыста деп ұғынғаныңыз тiптi дұрыс емес. Қызың орысша жазады ғой?

   -Ие.

   -Сен әкесiсiң, мен /сiзден жасым кiшi ғой/көкесiмiн. Әрине, оған жазып бермеймiз. Бiрақ мынаған қалай қарайсыз десе, әсiресе, екiншi тарауына кеңесшi болуға жараймын. Бiрiншi тарауына сiз ақылшы бола аласыз. Мынаны оқы, ананы оқы деуiмiз керек. Батырлық эпосты бала түгiлi әскери болсам да мен жақсы бiлмеймiн. Сiз бiр кезде шат-шәлекей боп эпосымызды жамандауға, кейiннен жақсылауға қатысқансыз. Сiзден артық кеңесшi iздеу-айып.

    Үшiншi тарауға тағы бiр ақылшы табылар. Оның кейбiр мәселесiн шешуге тiптi сiз де жарайсыз, мен де жараймын. Қызыңыз әке-шешенiң әлдиiнде өскен қаланың қызы ғой. Мұражайда iстеп жүргенi- таныстықтың арқасы. Ендi оған мамандықты қайта таңда, дәрiгер , не инженер бол дей алмаймыз.  Басқа басқа, жетiжылдық мектептi  бiтiрдi деген куәлiкпен сiз талай лауазымға ие болдыңыз емес пе? Қызым кiп-кiшкентай дегендi қойыңыз. Ата-анаға бала әрдайым кiшкентай. Өзi таңдаған жолды жалғастырсын. Оның маған қояр сұрағы болса, қысылмасын, бiлгенiмдi айтамын. Кешегi мұрынбоқ бала осы уақытқа дейiн мұрынбоқ болып көрiнсе, ол ата-ананың әлсiздiгi.

   -Тағы жолығармыз,- деп ақын ағаң палатасына кеттi. Мен сенi күтiп қалмасын деп асықтым. Қысқасын айтқанда, қарағым, маған ақынның қызының талпынысы ұнады…

 

АҚЫМАҚТЫҢ АҚЫЛЫ

 

    -Саналы ойлануды творчестволық ойлану деймiз,- дедi Баукең сабырлы қалпын өзгертпей.- Соның өзiнде қанша қайшылық бар? Бiр ойың бiр ойыңа сәйкес келмейдi. Бiр санаң бiр санаңа қарсы. Ертеңiнде ,,қап!,, деп өкiнесiң. Бүгiнгiнiң соты ертеңгi күн, ертеңгiнiң соты бүрсүгiнгi күн. Сол сотқа кейде жөндi жауап бере алмай күйiп-пiсiп бармағыңды тiстейсiң, қиналасың. Бұл жайында халқымыздың ,,Ақымақтың ақылы түстен кейiн кiредi,, деген мақалы бар. Оны кекетiп айтқан деп мазақтап күлесiңдер.

   Баукең езу тартты.

   -Это убийственное слово. Бұл шын мәнiнде философиялық сөз. Сен, шырағым, менi перiште деп ойламағын. Мен перiште емеспiн, адам баласымын. Өз заманыма, өз қоғамыма жарастықты жетiстiгiм де, кемiстiгiм де бар. Оның түп себебi қара шаңырақтан, ортадан басталады. Ешкiм қаражүрек, оңбаған, не дана боп тумайды…

   Бұрнағы күнi сағат алтыға он бес минөт қалғанда Асқар Тоқпанов деген iнiм келдi.

    -Ассалаумағаликум, батыр аға! Жаман iнiңiз алпысқа толды.

    -Иә, газет-журнал бiткен шуылдап жатыр. Теледидардан сөйледiң. Оны көрдiк, шырағым. Құтты болсын.

   -Ағатай, балалар балалық iстептi. Сiздерге шақыру билетiн жiбермептi. Бүгiн М. Әуезов атындағы драмалық театрда жиналыс. Соған өзiм шақыра келдiм.

   Оған қырық бес минөт қалыпты.

   -Қап! Қап!- деп қояды.- Кешiрiңiз, ағатай, кешiрiңiз… Апам, жеңгей үшеуiңiз келiңiз. Сiз келсеңiз, жұрт ,,Бауыржан келiптi,, дейдi. Төбем көкке жетедi ғой…

   -Иә, қарағым, дұрыс.

   -Күтемiн, ағатай.

   -Ендi баруға тырысамыз.

   -Тырысуды қойыңыз, келiңiз. Ехе-хе,- деп күлдi. Қып-қызыл ақымақ. Билеттi кемiнде он күн бұрын таратқан. Ендi қырық бес минөт қалғанда самолетпен ұшып жетуiм керек пе? Қатыным болса, жұмыста.

   Бiр сағат қалғанда бұл ақымаққа бiреу:,, Әй, Бауыржанды шақырмағаның қалай?!,,- деу керек. Соған әпкем түсiнiп:

    -Әдiрақалғыр мұнысы несi?- деп ашуланды.

    -Әпке, оған ренжiмеңiз. Мұның себебi бар. Алғаш:,,Бауыржанды шақырып қайтесiң?,,- деген сөз болу керек. Әйтеуiр себепсiз емес. Асығып киiнiп, елдiң соңында сүмiрейiп баратын мен бала-шағамын ба? Бұл-екiжүздiлiк, өзiн өзi сыйламағандық. Оған мен ренжiп отырғам жоқ. Еш болмаса бiр күн бұрын билетiн бермей ме? Тапқан екен ,,балалар балалық жасапты,, деп алдауды. Тағы дәстүрiмiз бойынша құрқол бара алмаймын.

   Баукең темекi тұтатып тартып, бөлме iшiн кезе бастады. Әлден соң орнына кеп отырды. Кенет:

   -Екiншi жағдайды айтайын,- дедi серпiле.- Сапекең/Сапарғали Бегалин/ телефон соқты.

   -Қазiр бiр баланы жiберейiн.

   -Рақмет, Сапеке, билеттi алдым. Баланы әурелемеңiз. Сiз шақырсаңыз да, шақырмасаңыз да барамын.

   -Иә, ата баласысың ғой. Сен келсең қатты көтерiлiп қаламын, қарағым.

   Баукең маған барлай қарап:

   -Мiнеки, өзiң салыстыр. Тоқсандағы Сапекең қандай, алпыстағы алжыған ақымақ iнiм қандай?!

   Ертең Сапекеңнiң жиналысына, сөз жоқ, барамыз. Сөйле десе, сөйлеуiм де мүмкiн.

   Сәл бөгелiп:

   -Асқар ақымақтың ақылы түстен кейiн емес, кеш батқанда кiрiптi,- дедi кекете күлiп.

 

ТАБИҒАТҚА РЕНЖУ–АҚЫМАҚТЫҚ

 

    -Сен жазушылар одағына барғанда Ж…ны байқағын,- дедi Баукең күлiп.- Ер кiсi екенi өз алдына, жасы елуден асты. Қасын, ернiн бояп, бетiн опалайды. Алғаш жаңылысып жүрген болармын деп едiм, кейiн қарасам шын. Көйлек көк, тамақ тоқ. Е, болды деген осы екен деп жүр. Әйтпесе, еркекке бояну деген неге керек? Д… да боянады. Бетiн жатар алдында әжiмi бiлiнбесiн деп майлап жатады. Бiрақ ол қасын қарайтып, ернiн қызартпайды.

   Жазушылар одағында  шашы бұйра қара жiгiт бар. Оның шашының бұйралығы табиғи. Ал ендi бiр жiгiт шашын қолдан бұйралайды. Өз қадiрiн өзi кетiру деген осы болады, балам…

   Кенет телефон шылдырлады. Тұтқаны Баукеңе ұсындым.

   -Тәйт! Өйтiп оттама! Такси ұстап маған келесiң. Екеумiз бiрге барамыз. Ақшасын мен төлеймiн!- деп Баукең ашулана тұтқаны орнына қойды.

   Бiраз  тұнжырай ойға батып, қайта сөйледi.

   -Пәленше ғой. Ертеңгi сағат сегiзге билет алдым. Мен автобуспен бiрiншi Алматының вокзалына бара беремiн. Сiз өзiңiз жетерсiз,- дейдi.- Өзi сараң неме бiлем. Сараңдар кейде өстiп кiшкентай нәрседен сыр берiп алады. Көрмеймiсiң, бес тиын төлеп, автобуспен вокзалға жетпек. Өзiн ойлап жүр, шалмен iсi жоқ. Мына сөзiнен кейiн iш жиып қалдым. Маған жолсерiкке жарай ма, жарамай ма? Әй, өзiне де абырой керек шығар? Ойланар, өз қадiрiн өзi кетiрмес.

    Сәл бөгелiп:

   -Жаңа такси алып кел деп бекер айтыппын. Ертең менi шығарып сал десем, сен келер едiң ғой?-дедi өкiнгендей.

   -Келетiн едiм.

   -Қап, қартайғандықтың кесiрi ғой, бұрын мұндайға сергек едiм…Оны аспансаяқ еткенiме өкiнiп отырмын. Сараңға мен де сараң болуым керек. Жолда тағы өстiп сыр берсе, өз обалы өзiне, қолымды бiр-ақ сiлтеймiн… Е, мейлi. Ал, қарағым, сөйле, не жаңалық бар?

   -Бiр ақынсымақ апамыз редакциямызға екi өлең  әкелiптi. Бiреуiн жариялаймыз деп алып қалдым.

   -Мына өлеңiмдi де жарияласаңдаршы?

   -Мұныңыз тiптi нашар екен.

   -Редакторыңа айтамын!

   -Айтсаңыз айтыңыз.- Ашулана жаздап өзiмдi әзер ұстадым. Кенет:

   -Бауыржан ағаңа айтамын,- десе бола ма? Сықылықтап күлiп жiбердiм.

   -Бауыржанға айтамын дей ме?- Баукең жымия езу тартты.-Тапқан екен тiл алғыш ақымақты?!

   Ізiнше ойлы қалыпқа енiп:

   -Қазiр көп оттамай сол апаңа барасың!- дедi бұйыра сөйлеп.- Менi Бауыржан аға жiбердi, ауылға жүрмек, жол қаражатын алып қойды дейсiң. Ертең жексенбi, кеңселер жұмыс iстемейдi, әйтпесе басшыларға айтып сiзге де iссапарға деп ақша әпермек едi. Оқасы жоқ, жақсы киiнiп iлессiн. Жұрт алдында оқитын өлеңдерiн алсын, оларды барған ауылдың қабырға газетiне жариялатамын дедi дегiн. Мұнда келген соң:,,Ауылдың қабырға газеттерi өлеңдерiмдi басты, менi дарынды ақын дедi,,-деп бастарыңды қатырып, үстерiңнен шағым жазсын…

   Баукең бiраз күлiп алды.

   -Әлi есiмде. 1958 жылы Кенекең /Кенен Әзiрбаев/ үйiмде қонақ болды. Сөз арасында:

   -Мен ақын емеспiн, әншiмiн, ән шығарамын. Маған құдай ән айтуды, ән шығаруды аямай берген,- дедi.

   -Е, неге, Кенеке, ..Бозторғайыңыздың,, , ,,Базар-Назарыңыздың,, , ,,Келiнжаныңыздың,, әнi де, сөзi де жақсы ғой.

    -Е, ол қиналыс үстiнде туған немелер ғой…

   Өзiн бұлай бағалау, менiңше, адалдық. Ал сенiңше қалай?

   Мен үндемедiм.

   -Майқы бидi естуiң бар шағар?

   -Бар. ,,Түгел сөздiң түбi бiр, түп атасы Майқы би,, деген сөздiң иесi ғой.

   -Дұрыс! Әкемнiң айтуынша, ол тоғыз ханға ақылгөй болған кiсi екен. Тоғыз ханның бiрi-Шыңғыс хан. Ол баласына да, туған-туысқанына да сенбей, тек Майқы биге ғана сенген. Өзi жорыққа аттанғанда, ел билiгiн басқаға емес, Майқы биге ғана тапсырып отырған. Себебi, адал болған әрi оның берген кеңесi үнемi дұрыс боп шығады екен.

   Шыңғысхан бiрде:

   -Дүние жүзiн жаулап аламын,- дегенде:

   -Бұл райыңнан қайт, өзiңе өзiң қастық ойлап, азап тiлеме. Жат жер ешкiмдi жарылқамайды,- деген. Қандай даналық сөз, ә?!

   Баукең темекi тұтатып, ойға батып:

   -Адамдар арасында ала-құлалары толып жатыр. Ол заңды,- дедi көк түтiндi қомағайлана жұтып.- Ұядан бүркiт те, қаршыға да, лашын да, ителгi де, сасық көкек пен торғай да ұшып шығады. Олардың бәрi керек. Олай дейтiнiм- торғайсыз қаршыға, қаршығасыз лашын, лашынсыз бүркiт бола ала ма?

   -Бола алмайды.

   -Дұрыс! Бiр ұядан бәрiмiз бүркiт боп ұшсақ, тiршiлiк не күйге түспек?- Баукең мысқылдай күлдi.-Бүркiт – жыртқыш, сол себептi табиғат лашын, торғай, қарлығаш, көкектерге де пана. Оларсыз бүркiттiң күнi қараң. Ал бәрiмiз бүркiтке айналсақ, онда өмiрдiң қызығы  болмас та едi. Үлкенiмiз, кiшiмiз, әлдi-әлсiзiмiз табиғатқа алғыс айтуымыз керек.- Баукең түсiн дегендей иегiн көтерiп, қасын қақты.-,.,Бес саусақ бiрдей емес,, деп қазақ бекер айтпаған. Табиғат құбылысы да бiрдей емес… Оған ренжу- ақымақтық…

 

КІМ БОЛДЫ ЕКЕН?…

 

    Жеңгей қызмет орныма телефон соғып, менi iздептi. Хабарластым.

   -Неге үнсiз кеттiң, қарағым?

   -Үнсiз кетпей қайтем? Барсам, жақтырмай қабақ шытасыз, сәлемiмдi де алмайсыз. Содан, лаж жоқ, сырттай тiлеулес болып жүре берейiн деп шештiм.

   -Әй, қарағым, қатындардың майда сөзiн қой. Адам әртүрлi жағдайда жүргенде амандасқан, амандаспағанын да бiлмейдi екен /бұл кiнәсiн мойындау ғой/. Түс қайта қолың тие ме?

   -Тиедi.

   -Тисе, үйге кел. Ақылдасатын шаруа бар.

   Түс қайта бардым. Баукеңнiң өңi жуған шүберектей боп-боз, көзiнiң алды томпайыңқырап, жақ сүйектерi шодырая түскен. Ұйқыдан тұрғандықтан ба, шашы ұйпа-тұйпа.

   -Неге келдiң, а?! Сенi кiм шақырды?!

   -Мен,- дедi жеңгей маған ара түсiп.

   -Е, бүлдiрген сен екенсiң ғой. Мұны үйден қуып шығайын десем…

    -Бұл баланың жазығы не, Бауке?

    -Жазығы-сен жамандамасын деймiн.

    Жеңгей бұрқылдай ашуланып, бөлмеден шығып кеттi.

    Баукең асықпай темекi тұтатып тартып, сөзiн бастады.

    -Қарағым, көңілiңе алма, Сенi жақтырмай дауыс көтергенiм- жеңгең ойлансын дегенiм. Бүгiн  қаңтардың он жетiсi ме?

    -Он тоғызы.  

    -Жарайды, нешiншiсi болса да, маған бәрi бiр. Сен жөндеп тыңда. Сырқатымнан арылып келе жатқаныма екi-үш күн болды ма, болмады ма,  бiлмеймiн.

    Жетпiске толған тойымды өткiзгенде ниетiм адал едi. Лермонтов атындағы орыс драма театрында  салтанатты жиналыс болып, жұрт сөйледi. Мен де сөйледiм. Сен оған қатыстың ғой, ә?

   -Қатыстым.

   -Орден бердi. Ол – сыйлады деген сөз. Елге де, үкiметке де рақмет.

   Менiң бiр ақымақтығым /солай деп бiл/, мына жеңгеңнiң жамағайынын тойдың комиссия мүшесiне енгiзуге келiсiппiн. Онымен де тұрмай ұйымдастыру тiзгiнiн соның қолына берiппiн. Оған өзiме сенгендей сенiппiн.

    Талғардың мал бордақылау пунктiнен бiр семiз жылқыны Мекемтас екеуiң әкелдiңдер. Әйтеуiр ет, тамақ жағынан қосымша дайындығымыз жаман болған жоқ.

    Арам жамағайын қалалық сауда бөлiмi бөлген азық-түлiктiң бәрiн ,,Қаламгер,, кафесiне тапсырады. Бiрер күн өткен соң:

    -Ойбай, ,,Қаламгердiң,, жағдайы нашар, мұнда қонақтар аяқ асты болып кетедi екен, тағы маскүнемдер көп. ,,Алматы,, мейрамханасының бесiншi қабатындағы зал меңгерушiсiмен келiстiм,- дейдi.

    Жеңгең туысым деп оған /менiмен ақылдаспай/ ,,мақұл,, дей салады.

   -Ақша керек?

   -Қанша?

   -Адам басына он екi сомнан. Екi мың сом бересiз. –Жеңгең маған айтпай сарт дегiзiп екi мыңды бередi. Кейiн тағы алты жүз алады. Жылқы, сойыс өзiмiзден деп жаңа айттым ғой.

    -Кiмдi шақырамыз?

    -Жаманды-жақсылы жазушылар одағы бар. Соның басшыларымен ақылдасыңдар,- дегем.-Ал Аламтыдағы туған-туысқандарым қатын-қалашымен жиырмадан аса қоймас. Тек тiзiмдi алып кеп көрсетiңдер. Дастарқан мол болсын. Мен сексенге жетем бе, жетпеймiн бе? Құдайға шүкiр, орташадан жоғарылау дәулетiм бар. Ақша жағынан қысылмаңдар.

   -Иә, дұрыс.

   -150 кiсiге есеп жасаңдар. Үш  сом, бес сом деп саудаласпайық. Анау-мынау дегендi қойыңдар. Қысылмаңдар, тағы келiм-кетiм болады ғой.

   Ертесiне телефон тырр-рр еттi.

   -Бауке, осылай келiстiк, есеп жасап қойдық. Банкетiңiздi Асқар Тоқпанов басқарса деп ұйғарып отырмыз.

   -Әй, қарағым, Асқар Тоқпанов жаман жiгiт емес, жақсы, таланты бар жiгiт. Ол режиссер-қоюшы. Ол екi сөзiнiң бiрiнде Станиславский, Данченко-Неморович деп кете бередi. Ел оларды бiле ме, бiлмей ме, iсi жоқ.

   Профессор деген атақ бердi, онысы да жарасымды. Ол барлық тапсырған нәрсеге режиссер- қоюшы ретiнде қарап, елдiң бәрiн актер iстегiсi келедi. Сол себептi оған мұндай нәрсенi тапсыруға болмайды. Келем десе, келсiн, сөйлеймiн десе, сөйлесiн.

   Жазушылар одағының шешiмi бойынша тойдың комиссия төрағасы Ғабит Мүсiрепов. Ғабең жетпiс жылдығыма арналған жиналысымды сөз сөйлеп ашты. Ендi тойдың дастархан ағасы да сол кiсi болсын.

   Арам жамағайын келiскендей үнсiз қалды. Театрда өткен салтанатты жиналыста өзiң болдың, қарағым. Қалай өткенiн бiлесiң. Тахауи Ахтанов баяндама жасады.

   Тойдың да қалай өткенiн көрдiң. Ғабиттiң, Әбудiң, Әбдiлданың, Әбдiжәмiлдiң,  Жұбанның, Тахауидың, тағы басқалардың төрдегi орны бос тұрды. Келедi деп ешкiмдi отырғызбай күттiк. Бiреуi келген жоқ. Кейiннен бiлсек, оларға шақыру билетi берiлмептi.

   Жас болсын, кәрi болсын, әркiмде көкiрек бар, қарағым.

   -Бәрiмiз сыйлаймыз. Кiм көрiнгендi шақырып, бiздi неге шақырмайды? Бауыржанның мұнысы несi?- деп олар көңiлдерiне алған ғой.

   Әрiберiден кейiн қандыкөйлек досым Снегиннiң өзiне шақыру билетi берiлмеген. ,,Өз бетiмше сүмiрейiп барғаным өлiм ғой,, деп ол да келмей қойды. Оларға арналған орын бос тұрды.

    Тойға келгендердiң көбi мен танымайтын өңкей бала-шаға. Шырағым, көңілiңе келсiн, келмесiн, бiздiң атағы, таланты бар жiгiттер есепте ғой. Солардың көбiсi жоқ. Қадiрлi қонақтардың бiреуi келмедi. ,,Бұл қалай?,, деп не iстерiмдi бiлмедiм. Жарылсам ба екен, жарылмасам ба екен?

    -Хватит, банкет отменяется,- деп айтуға аузым бармады. Екi қолым, екi аяғым тұсалып қалды. Мына жеңгеңнiң жамағайыны билеттi өзiмiз таратамыз, сiз ол жағынан алаң болмаңыз деп жаны ашығансыған едi. Бүйтiп жаны ашығаны құрып кетсiн! Мұны қарсыластырмның әдейi ұйымдастырғанын кеш бiлдiм. Тойда кiмге риза болдың десеңшi?

    Мен үндемедiм.

    -Мәриям жеңгей мен Хамит, Ғафу iнiлерiме риза болдым. Хамит пен Ғафуға:

   -Тойды екеуiң басқарыңдар,- деп бiреу сыбырласа керек.

   -Ғабең қайда? Сендер басқармаңдар,- деп қайтiп айтам? Өйтсем, қып-қызыл ақымақтық қой.

   Хамит, Ғафу екеуi басқарғансып отырды. Басқарғансып дегенге дұрыс түсiн, қарағым.

   Шатақ шығарғым келмедi. Шатақ шығарайын десем, өз тойын өзi бұзды деген сөзге қалам ғой. Сонда да шыдай алмай, ашуым, намысым қозып, орнымнан екiншi рет тұрдым. Мәриям жеңгей көзiн алартып, түсiн суытып:

    - Болды, екi рет сөйлейсiң бе?! Жаңа сөйледiң ғой, отыр орныңа!- деп тастады.

    Мәриям жеңгем тиым салмағанда:,,Таң қаламын, таңданамын, ардақты ағаларымды, үстаз тұтатын адамдарымды, аяулы iнiлерiмдi шақырып едiм, сiздер келдiңiздер, рақмет,- дер едiм.

    Иттердiң иттiк iстегенiн  Мәриям жеңгей сезе бiлдi. Тектi жердiң қызы екенi рас екен. Менiң ашуланып, намыстанып отырғанымды байқапты. Бұл жеңгемнiң кiм екенiне үлкен бiр мiнездеме. Көргенсiз, тексiз әйел болса:

   -Оттай берсiн, менiң  нем кеттi?- дейдi ғой.

   Хамит пен Ғафу тойды төрде емес, iргеде отырып басқарды. Екеуi, байқауымша, ,,ендi қайттiк?,, деп қиналып отырды. Арам жамағайын аха-халап күлiп мәз. Мәз болмай қайтсiн, қарсыластарымның тапсырмасын артығымен орындаса.

   Ашуымды үйiмде де баса алмадым. Ертеңiне Мекемтас келiп, мына сенiң орныңда отырып, өз обалың өзiңе дегендей менi кiнәлады.

   -Бауке, бiздiң өзiмiзге тапсырғаныңызда қатырып ұйымдастырар едiк,- дедi. Он обсолютно прав. Ол да бәрiн байқапты.  Жақын көрiп, сенгенiмiз мына жеңгеңнiң жамағайыны ит, ит емес шошқа екен. Кейiн тексерiп бiлдiм, ол мұның жай рулас, әйтеуiр атасы алыстан қосылатын  бiреу екен. Бұл соған сенiптi, мен бұған сенiп ақымақ болыппын. Ендi өкiн, өкiн бе, бәрi кеш.

   -Мен ешуақытта мұндай үлкен нәрсеге араласпап едiм, тәжiрибем жоқ едi,- деп жеңгең болар iс болған соң ақталмақ сыңай танытты.

   -Тәжiрибең жоқ болса, неге араласасың? Осында Мекемтас, Мамытбек деген  сырмiнез, шын жан ашыр, жақсы жiгiттер бар едi. Оларды жолатпай қойдың,- деп ашуландым.  Так я был оскорблен, так я  был обижен перед друзьями, перед аксакалами.

   Тойымда бас ұстауға тиiс, жасы үлкен ақсақалдарымыз Сапекеңнiң/ Сапарғали Бегалиннiң/, Ғабиттiң, Ғабиденнiң болмағаны жаныма өте-мөте қатты батты. Жақсылы-жаманды Бауыржан ғой, жетпiске екi рет келе ме деп  шақыру билетiн алса, ол кiсiлер сөзсiз төбе көрсетер едi.

    Жеңгеңнiң кесiрiнен той бүлiндi. Өзiң көрдiң ақсақалдардың орны  бос тұрды.

   Мал сойылған үйдiң төрiнде бас ұстайтын ақсақал отырса, дастарханы берекелi, көңiлдi, ниетi қабыл болады. Мал сойған үйдiң төрiнде бас ұстайтын ақсақал отырмаса, сойған малы да, ниетi де зая кетедi. Жастар:,,Пәленше атам құлағын пәленшеге бердi, мен бастан дәм таттым,, , – дейдi қуанып.

   Бас ұстады деген аты ғана, әйтпесе, шалдар басты жемейдi, ырым ғып дәмiн ғана татып, жағалай отырғандарға қыдыртады. Бұл шын мәнiнде-құрмет. Төрде осы құрметке лайық ақсақалдың отырмағанына қатты күйiндiм. Өз қолыммен жазған тiзiмдi ана арамза былай шыға бере сызып тастап, мен танымайтын өңшең бала-шағаны шақырыпты.

   Әбдiлда Тәжiбаев сырқаттанып ауруханада жатса керек, әйелi Сараға:,, Сен бар, ағаң ауруханаға түсiп қалды дегiн,, ,- деп нұсқау бередi. Сөйтсе шақыру билетi жеңгемнiң қолына тимейдi. Жұбан болса, ,,Баукеңнiң жетпiс жылдығына арналған жиналысты ашуым-парыз, жазушылар одағының бiрiншi хатшысымын,, деп Мәскеуден, жұмысын тастап келедi. Оған рақмет. Оның үстiне ,,Алматы,, шипажайына жолдама да алып қойыпты. Әйелi:

   -Бiр күнiң өтiп кеттi. Шипажайға кеше баруымыз керек едi, бүгiн барайық,- десе:

   -Шипажай ешқайда қашпайды. Баукеңнiң дастарханынан дәм татып, елдiң ортасында болып, бiр-екi күн кешiгiп барамыз,-дейдi. Сөйткен оған да шақыру билетi жоқ. Күтiп ары отырады, берi отырады.

   -Ойбай, мұнысы несi, құдай-ау?- деп Жұбан ашуланады. Дмитрий Снегин болса:

   -Сүйiктiм, Бауыржанның банкетi жақсы болады. Көптен берi қазы-қарта жеген жоқ едiм, әдейi тамақтанбай, аш барғым келiп отыр,- дейдi әйелiне. Ол да күтiп ары отырады, берi отырады, шақыру билетi жоқ.

   Кеше естiдiм, Ғабең:,, Орталық комитетке,,Бауыржанның тойын ұялмастай, жақсы өткiзейiк,, деп өзiм бардым, салтанатты жиналысын өзiм аштым. Бұдан артық менен не керек? Бұл иттiң  жетпiс жылдық тойының комиссия төрағасы болам деген де өзiм едiм. Мен де жерде жатқан кiсi емеспiн. Бауыржанның тентектiгiн де, еркелiгiн де көтерiп ем,, ,- деп ренжiптi.

    Әбдiлда Тәжiбаев болса:,, Күллi Алматыдағы ит пен құсты шақырғанда бiздi ұмытарлық жазығымыз не? Жаманды-жақсылы сыйласып жүр едiк қой. Менi менсiнбедi, екеумiз бiр ұядан ұшқан едiк ,, ,-деп  өкпелептi. Маған деген Тахауи Ахтановтың да, Әбдiжәмiл Нұрпейiсовтiң де, Әлжаппар Әбiшевтың да өкпесi қара қазандай. Тахауи:

    -Мен Баукеңнiң жетпiске толған салтанатты жиналысында жақсылы-жаманды баяндама жасадым. Менi елемегенi несi?- дептi ренжiп. Әбдiжәмiлдiң не айтқанын бiлмеймiн, ол да ренжулi. Жазушылар одағы хатшыларының бiреуi шақырылмапты.

    Көшеде Қалтай мына жеңгеңе жолығып қап, амандасып:

    -Жәмке, жазушылар одағы хатшыларының бiреуiн шақырмадыңыздар. Бұларыңыз тiптi ерсi көрiндi, түкке түсiне алмадық. Бiздiң жазығымыз не?- десе:

    -Мен қайдан бiлейiн, па-па,- дептi мына ақымақ қатын. Өзi не сөйлерiн де бiлмейтiн бiреу-ау деймiн.

    Мен шыдай алмай мырс ете жаздап, өзiмдi әрең ұстадым.

    -Бауке, Бауке дегеннен басқа не жазып едiм? Бiр ауылда өстiк, бiрге оқыдық, бiр күлшенi бөлiп жедiк. Тағы екеумiз құрдаспыз. Ол жетпiске келсе, мен де келдiм. Бiр кесе шайын аяды ма? Әлде қартайғанда алжыды ма?- деп Құрманбек Сағындықовтың да өкпесi қара қазандай.

   Тағы бiр құрдасым  жетпiске толды. Банкет iстептi. Естiген құлақта жазық жоқ.

   -Баукеңдi шақырмағансыз ба?- деген бiр жiгiтке ол жақтырмай қарап:

   -Әй,- дептi.- Бауыржан үшiн заң жазылмаған. Сол себептi шақырмадым.

   Баукең күлдi.

   -Мұнысы ақымаққа заң жазылмаған дегенi ғой. Менi ақымақ деп отыр. Қалай тауып айтқан?!

   Баукең темекi түтiнiн қомағайлана жұтып:

   --Бұл банкет мен үшiн моральдық үлкен соққы болды,-дедi ауыр күрсiнiп.- Ақсақалды ағаларым, ақ шашты жеңгелерiм, қанаттас құрбы-құрдастарым,  iзбасар iнi-келiндерiм алдында қатты қорландым, қатты ұялдым. ,,Дос боп жүрiп қас болғаннан сақтан,, дегендi мына жеңгеңе сенем деп естен шығарғаныма қатты өкiндiм…

    Бұл қастықты ұйымдастырған кiм болды екен? Оған мен не iстеппiн? Әкесiн өлтiрiппiн бе, жоқ, әйелiн айналдырыппын ба? Түсiнсем, бұйырмасын?…

 

Жалғасы бар, осында