МЕН-ХАЛҚЫМНЫҢ БАУЫРЖАНЫМЫН

МЕН-ХАЛҚЫМНЫҢ БАУЫРЖАНЫМЫН

Белгілі жазушы Қалдыбай Мамытбектің "МЕН-ХАЛҚЫМНЫҢ БАУЫРЖАНЫМЫН" атты кітабынан үзінділер жалғасы, басы осында 

ҚАНДАЙ ӘДІЛДІК?!

 

    -Ақымақтардың бiр жақсы жерi кей кезде ойыңа ақылды сөз салады,- деп Баукең күлдi.-Бiр жиында үлкен талас жүрiп жатыр екен. Сонда бiреуi шығып, ,,сен ақымақсың,,  дейдi қарсыласына. Тағы үшеуi орындарынан ұшып тұрып, әлгiнi қостайды. Ақымақ атанған кiсi:

    -Ал, сөйлеп болдыңдар ма?- дейдi.

    -Болдық.

    -Онда халифке менiң бiр сұрағым бар.

    -Айт.

    -Мәртебелi тақсыр, ақымақтар болмаса, ақылдылар қайдан шығар едi?

    -Халиф тәспiсiн былай қойып, сақалын сипап/ ол кезде сақал сипау құдайға сиыну екен/, ақылдымыз дегенге қарап:

   -Қайсымыздың ақылды, ақымақ екенiмiздi құдай шештi, мен шешкенiм жоқ,- деп орнынан тұрып кетiп қалыпты.

   Мұны мен бала кезiмде әкемнiң аузынан естiп едiм. Батырбек, Иманқұл, Ереш деген билер дауласып, жауласыпты.  Ерештiң жағы көп, Иманқұл жағы аз екен. Сонда Ереш ешкiмге дес берместен /бәрi шетiнен шешен екен/ ақымақсыңдар дей берiптi. Сонда әкем:

    -Әй, Ереш, сен көптiгiңдi iстемегiн, кiшкене басынып кетiпсiң ғой,- дейдi.

   -Е, ендi мына ақымақтарды қайтем?!- деп Ереш шаж ете қалыпты. Әкем жоғарыдағы аңызды айтып берiптi.

   Ереш аяғы ақсақ, шешен кiсi екен. Орнынан ұшып тұрып, менiң әкеме:

   -Сен менi кешiр, егер кешiре алсаң,- дептi басын төмен иiп, қол қусырып. Қандай әдiлдiк, ә?!

 

КАПИТАЛИСТІК ДҮНИЕ

 

    -Американың классик жазушысы Драйзер Солтүстiк Канадада қара жұмысшы болған,- деп бастады сөзiн Баукең.- Калифорния мен күллi Канаданы аралаған. ,,Драйзермен бiрге өткен менiң өмiрiм,, деген әйелiнiң жазған кiтабы бар. Шаруа үйiнде пәтерде тұрған. Өзi тақыр кедей. Бiр күнi амалы құрып, Совет елшiсiне барыпты.

   -Ертең жейтiн түгiм жоқ, жәрдем сұрап келдiм,- дейдi. Екi килограмм нан, бiр килограмм ет берсе, риза ғой. Совет елшiсi бiр жетiлiк тамақ сыйлап, басқа көмек жағын соңынан хабарлармын деп адресiн алып қалады. Елшi Драйзердiң мүшкiл халiн Москваға жеткiзедi. Сен түсiнiп тыңда!

   Бұл Баукеңнiң маңызды оқиға туралы әңгiмелер алдындағы әдетi.

   -Бiздiң Орталық комитет Драйзерге қырық мың доллар бөледi. Соғыс уақыты. Төрт тиынға зар кезiмiз ғой.

   Бiзден мұны күтпеген Драйзер:,, Ойпырмай, большевиктердi жамандап жүрсек, адам екен ғой,,- деп қатты қайғырыпты. Қарыздарынан құтылып, өзiне сұр костюм, қымбат сигарь сатып алыпты. Мұны мен Еленаның жазбасынан оқыдым.

   Машинаға мiнiп, пәтерiне барады. Темекi тартып:

   -Тамақ әкелшi?- дейдi. Елена ас үйден бiздiң ақ нанымызды, колбаса мен шарабымызды әкеледi.

   -Мына колбасаны қайдан алдың?

   -Совет елшiсi берген колбаса ғой.

   -Мынау Совет шарабы ма?

   -Ие.

   Өзi тамақты аз жейдi екен. Бұл жолы көп жептi. Шарапты iшiп, темекiнi тартып:

   -Сен совет колбасасы дедiң бе?

   -Ие.

   -Совет колбасасы дәмдi екен. Ал мына темекi ше?

   -Бұл да солардыкi.

   -Олардың темекiсi де жақсы екен,- деп сигарын стол шетiне қойыпты. Шал төсегiне қисаяды.

   -Берi жақындашы?

   Қасына келiп едiм:

   -Мына жерге отыр,- деп аяқ жағын көрсеттi. Отырдым.

   -Менi сүй,- деп тiлек айтты.

   Еңкейiп сүйдiм. Құшақтайын дегенде шалдың қолы сылқ ете қалды. Қарасам, өлiп барады. Түн жарымы, жалғызбын. Таныс жоқ. Қаңғып жүргенбiз. Не iстерiмдi бiлмей жерлеу бюросына телефон соқтым. Бiр сағат өтпей үш-төрт кiсi жетiп келдi. Ай-шай жоқ зембiлге салып әкеттi. Түнiмен ұйықтай алмадым. Таңсәрiде жерлеу бюросының адамы келдi.

    -Пәлен зиратқа жерледiк. Моласының номерi мынандай.  Жерлеу құны мұнша доллар,- деп квитанциясын әкептi.- Қол қойыңыз.

   Елена қолын қойып, мынаны шай пұл етiңiздер деп бiраз доллар ұсынса:

   -Бiздi бақылаушы бар,- деп келiспептi. Кейiн Елена қанша талпынса да Драйзердiң моласына бара алмапты. Капиталистiк дүние өз классиктерiн қалай қадiрлейдi, а? Бiз қатардағы журналисiмiз өлсе,,,ой, бауырымдап,, жер-көктi даңғаза етемiз…

 

ТАЯҚ

 

    Баукең сөзiмдi бөлмей тыңда дегендей қолын жоғары көтердi.

    -Мен генералдар Панфиловтан да, Чистяковтан да, маршал Жуковтан да таяқ жеген кiсiмiн. Бiрақ та оның бәрiн ұмытып, ұстаздықтарын ұмытқам жоқ, ұмытуым мүмкiн де емес. Соған қарағанда таяқтың да өз орны, өз  қадiрi бар, қарағым. . Әдiл жазалансаң, ойланасың, нақақтан нақақ жазалансаң, ызаланасың.

    Аулымызда Орынбай деген кiсi болды, қазiр екi баласының көзi тiрi. Орынбайды көрдiм. Сап-сары, көзi көкпеңбек, ,,ә, ә,,деп шақылдап қалған кiсi едi. Молдекеңнiң баласы деп маған батпайтын.

    -О, жуармек, неге тiлiмдi алмайсың?!- деп iнiлерiн сабай бередi екен.  

   Орынбай алпыстан асып қайтыс болды. Бес ағайынды едi, бәрi таяқ ұстап жоқтап, ,,бауырымайлап,, жылайды. Бiр iнiсi- Дәуiтбай сақау кiсi, орнынан тұрмайды. Жұрт ,,бауырымдап,, атпен шауып келiп жатыр.

   -Әй, Дәуiтбай, отырма, орныңнан тұр!- Ол тiл алмапты. Басқа iнiлерi түрегеп тұр.

   Келгендер көрiсе бастайды. Бiр туыс қария Дәуiтбайға:

   -Әй, сенi қай құдай атты?! Орныңнан неге тұрмайсың?-дейдi жекiп.

   -Тұйуға шамам жоқ.-Дәуiтбай Орынбайды көке дейдi екен.-Бұйын бiй нәйсе iстесем, көкем менi ұйушы едi. Ендi менi кiм ұйады деп жылап отыймын,- дептi. –Ендi ұйатын кiсi де қалмады ғой…

   Елдiң бәрi iшегi қатып күлiп, ,,дұрыс, дұрыс,, дептi.- Баукең жадырай күлдi.- Дәуiтбай ағамшалап айтсам, қарағым, өмiрде әдiл таяқтайтын кiсiнiң  бары да жақсы…

 

ТАБИҒАТ БЕРГЕН СЫЙ

 

     Баукең темекi талын қолына алды. Мен сiрiңке жақпақ болып, ұмтыла берген едiм, көзiн алартып:

   -Құдайға шүкiр, темекi тұтатуға шамам жетедi,- дедi жақтырмай. Жым болдым.

    Әдеттегiсiнше көк түтiндi бұрқ еткiзiп, салмақты үн қатты.

   -Қолымнан қаламым түсiп қалды деп әнеукүнi айтып едiм ғой. Тұншыққанда қолым қайда, қаламым қайда деуге әлiң жетпейдi екен. Бұрын күнделiк жазатын едiм, жазғанда қысқа жазатынмын. Ой, пiкiрiмдi тезис түрiнде қағазға түсiретiнмiн.

   Саған өтiрiк, маған шын, мен кемiнде 30-40 қалың дәптер күнделiк жазған кiсiмiн. ,,Әй, мынандай ой-пiкiр басыма келiп қалды, осыны жазып қояйыншы, кейiн керек болар,, дейтiнмiн. Бiр күн қарап отырмайтынмын, ең кемiнде бiр сөйлем жазатынмын.

   Соңғы бес-алты жылдан берi сол әдетiм қалып кеттi. Ол кезде қаламсыз, блокнотсыз жүрмейтiнмiн. Қалтамда блокнотым, қаламым болмаса, күйзелетiн едiм. Ал қазiр бәрiбiр секiлдi. Мүмкiн мұның бiр себебi, қартайғанымнан болар. Бiрақ та, өзiң көрiп жүрсiң, қарағым, мен ойлаудан әлi қалған шал емеспiн. Жоқ, қалдың десең, өзiң бiл.

   Қазақта саяпкер дейтiн сөз бар. Саяпкер деген сөз атты күте бiледi деген сөз. Аттың қас-қабағына қарап, таңертең, түсте, кеште өлшеп жем, су бередi. Егер шөп, не жем, суды сәл артық берiп қойса, ат тез сыр алдыра бастайды. ,,Ойбай, мынаны бүлдiрiп қойыппын-ау,, ,- деп  саяпкер пұшайман жейдi.

    Мұны айтқанда, шырағым, мен кәсiби жазушы болмасам да, кей кезде кейбiр жазушыңнан кем ойламаймын. Ой деген нәрсе әркiмде бар ғой. Ойламаймын деп жүрген бiр адамды мен естiген жоқпын. Ол өз алдына. Сол ойлаған ойды тұжырып, қорытып, қағаз бетiне түсiрiп, әйтпесе түсiнетiн бiреуге айтып беру деген өте жауапты жұмыс екен…

    Өз қолыңнан келмеген нәрсенi:,,Әй, мынаның қолынан келер,, ,- деп сену өте ауыр мiндет екен… Сенерiн сенiп отырып, қалай болар екен, ол қалай түсiндi екен дейдi екенсiң…

   Темекi күлiн күлсалғышқа шертiп түсiрiп, қабағын түйген күйi көпке дейiн үнсiз қалды.

   -Не айтып отыр едiм?

   -Ол қалай түсiндi екен деп ойланады екенсiң,- дедiңiз.

   -Сонда сенерiң, сенбесiң қатар шығып, не сенерiңдi, не сенбесiңдi бiлместен қиналады екенсiң. Шынымды айтсам, шырағым, Александр Бекке мен сендiм. Сендiм деген сөзге әдiлетпен ой жүгiрт. ,,Волоколам тас жолын,, жазғаннан кейiн Александр Бектiң аты әлемге жайылды. Ол кiтабын бастағанда:,, Әңгiме айтушы ол болды, жазып алушы мен болдым,,деп бастады ғой. Оның осы адалдығына, қарағым, өте ризамын. Қазақша айтқанда, бiз екi жарты бiр бүтiнбiз . Оған мен айта бiлдiм, бұл-менiң жетiстiгiм. Ол маған түсiнiп, айтқанымды жаза бiлдi. Бұл-оның жетiстiгi.

   Табиғат жағынан/бiлiм жағынан емес/ мен жазушымын, ақындығым да бар кiсiмiн. Мен психологпын. Бұл да табиғат берген сый…

 

НЫҒМЕТТІҢ БІР ӘҢГІМЕСІ

 

      – Таңертеңгі сағат онда Баукеңе бардым. Ол кісі сәлемімді алысымен:

      – Кiшкентай Бауыржан қалай? Ақылы кiрiп келе ме? – деп үйдегі атын өзі қойған баламның хал-жайын сұрады.

      – Аздап.

      – Түнде түсiме енiптi. Бауке, Бауке десем, ә, ә деп қояды. Оны сендер де Бауке дейсiңдер ме?

      – Иә.

      – Бауыржан деуге менiң аузым бармай отыр ғой. – Елжiрей күлдi. – Оны үйкүшiк етiп өсiрмеңдер. – Баукең кiлт қабағын түйiп:

      – Неге менен халiңiз қалай деп сұрамайсың? – дедi көңiлсiздене.

      – Халiңiз қалай?

      – Қазақта «Ерiккен сарт енегiн уқалайды» деген сөз бар. Это образное и глубокое выражение. Бiрақ менiң халiм ерiккен сарттың халi емес, қарағым. Тоқетерiн айтсам, мен Алматыға сыймай жатырмын. Неге дейсiң ғой?

     – Неге?

      – Потому что, я никогда не чувствовал себя одиноким, как теперь. Понятно?

    Мен үндемедiм.

   – Түсiнсең түсiн, түсiнбесең қой. Мен Алматыға сыймай жатырмын. Денсаулығым дұрысталса, туған ауылыма тартып кеткiм бар. Мен ауылымды сағындым…

   Жастыққа қисайып, бiраз үнсiз қалды.

   – Сен Нығмет Сауранбаев деген академик-ғалымды бiлушi ме едiң?

    – Сiз 1944 жылы Қазақ ССР-i Ғылым академиясында 36 сағат лекция оқыған кезiңiзде кешiгiп келуiне байланысты лекцияңызға қатыстырмай қоятын академик-ғалым ғой.

   – Дәл өзi. Бiр қызығы, ол лекцияма кiргiзбей қойғанымды көңілiне алмапты. Олай дейтiнiм, кейiн оңаша жолығып, менен кешiрiм сұрағаны, талай сырласқаны бар. Оның мұнысын мен ақылдылығы, әдiлдiгi деп бiлемiн. Егер ол ақылды, әдiл болмаса, менi жек көрiп, кек тұтар едi. Ондайлар өмiрде толып жатыр, қарағым.

   Баукең қайта үнсiз қалып, бiр қауым уақыттан кейiн:

   – Сен Аманжоловты бiлесiң бе, – дедi.

   – Қасым Аманжолов па?

   – Жоқ, тiл маманы.

   – Ә, Сәрсен Аманжолов па?

    – Иә, сол Аманжолов. Оны тiрi кезiнде онша ұнатпаушы едiм. Кейiн көз жұмғаннан кейін қазақ тiлi синтаксисi туралы жазған кiтабын оқысам, еш мiн таға алмайсың, жақсы жазылған.

   Мен Нығметтiң де еңбегiмен таныстым. Оның да зерттеулерi маған ұнады. Екiншi ұнағаны, ол халқымыздың салт-дәстүрiн, әдет-ғұрпын жақсы бiлетiн, бiлiп қана қоймай жан-тәнiмен сүйетiн жан екен. Ал ендi аты-жөнiн айтпаймын, оның саған қажетi де жоқ, бiр «ғалымымыздың» өмiрбойы түк бiтiрмегенiне қынжыламын. Оны тiптi аяймын да. Ол маған ылғи қасiрет көлеңкесiндей сезiледi.

   Ә, асықпа, өзiн-өзi ұлымын деп жүрген бiр ақыным туралы да ойымды айта кетейiн. Мен оны ұлы ақын деген емеспiн.

   Бұл – жалған! Оны ұлы деген сөз менiң аузымнан ешуақытта шықпайды, шыққан да емес. Әдiлдiк керек, мен оны орташа ақын деп те санамаймын. Бұл, әрине, жеке ойым. Ұлы ақындар халықтан шығады, халықтың қазынасынан шығады. Мәселен, бiздiң ұлы халық ақындарымыздың дипломы өз алдына, әрiберiден кейiн оныншыны бiтiрдi деген куәлiгi болмаған. Түсiнемiсiң?

   –  Түсiнемiн.

   –  Бiрақ олар халықтың арасында өскен, халықтық университеттен өткен. Мысалы Құрманғазының, Балуан Шолақтың, Абайдың, Жамбылдың, Кененнің, тағы басқаларының орта бiлiмi болып па едi? Ұлы композиторларымыз музыкалық училищенi бiтiрiп пе?

   Қазақтың ұлылары халық арасында өсiп, шыныққан, көптiң кемiстiгiн, азабын, рахатын бiрге көрген, бiрге қайғырып, бiрге қуанған. Жоғарыда айтқанымдай, халықтық университеттен өткен. Мысалы, Құрманғазының, Балуан Шолақтың,  Бiржанның, Ақанның, Кененнiң нотадан хабары болмаған.

   Ұлы деген сөзге түсiну керек, қарағым. Махамбет, Абай, Мағжан ұлы ақын болам деп жазған емес. Ал мына жақтағы өңкей шаласауаттылар өздерiн өздерi пәленбiз, түгенбiз  дейдi. Тапқан екенбiз ұлыларды.

    Оның өзiн пәленмiн деуге ешқандай мектебi жоқ. Әкесi базардан базарға мал сатып, саудагерлiк еткен. Өзi қу, жамбасақы төлетiп, базарға келгендердi үйiне қондырған. Қойларын бiр теңге жиырма тиынға сатып, бiр теңгеге саттым деген. Қып-қызыл пайдакүнем. Одан баласы қандай тәрбие алады?

    Оның көзiн ашып көргенi – жоғарыдағы жайлар. Ал бала кезде көргендерiң ешуақытта естен шықпайды. Ол адам психологиясына өшпес мөр басады. Оны ешқашан өшiре алмайсың.

    Мен Махамбеттiң, Абайдың, Мағжанның, Ахаңның (Ахмет Байтұрсыновтың), Мiржақыптың, Сұлтанмахмұттың, Қасымның, Пушкиннiң, Байронның, Лермонтовтың өлеңдерiн жатқа бiлем. Ал оның бiр өлеңiн жатқа бiлмеймiн.

   Жақында жетпiске толған мерей тойына шақырды. Бардым. Сөз сөйлеуден бас тарттым. Ол менен жылы лебiз дәметтi. Әй, қарағым, жаман нәрсенi жақсы деп қалай айтамын?

   Баукең көзiн жұмып, қайта ойға батты. Әлден соң, басын көтерiп, маған тiктей қарап:

    – Сен де оқырмансың (оның атын атады), бiр өлеңiн жатқа айтып бершi? – дедi.

   – Бауке, мен де жатқа бiлмейдi екем.

   – Айта алмайсың ғой, ә? Мәселе осында. Ал ол өзiн ұлы ақын атануға ұсынады. Неге бұлай десеңшi?

   – Неге бұлай?

   – Оған арзан атақ, ақша керек. Оның кiм екенiне бiрiншi дәлел – сенсiң. Бiр ауыз өлеңiн жатқа бiлмейсiң. 

   …Баукең басын жастықтан көтерiп, түзеле отырып, сөзiн бастады.

   – Негiзгi  тақырыптан ауытқып кетiппiн, кешiр, қарағым. – Бiраз дауыстай күлiп алды. –  Түсiнiп тыңда. Академик-ғалым Нығметтiң ауылында бiрге өскен Қасен деген құрдасы бар екен. Оның аса қатты қалжыңдасатын Әбен деген жездесi болыпты. Қыс iшi, үйде отын таусылып, Әбен ат шана жегiп, қонаққа келген Қасендi қасына ертiп, ауыл сыртындағы жетi-сегiз шақырым жердегi тоғайдан ағаш кесiп әкелуге кетедi.

   Ауылдың иттерi әупiлдеп үрiп, бұларға ере шығады. Бiраз жерге ұзатып салып қайтамыз деген иттердi Әбен атын атап, «кә, кә» деп шақырып, соңынан ертiп отырады. Шанаға жақын келгендерiн қамшымен ұрып, қармен атқылап, өздерiне әбден ерегiстiрiп, өшiктiредi.

   Қасеннiң үстiнде қара құлын терiсiнен тiгiлген, жалы жон арқасына жететiн қара жарғағы, басында бұйра қара елтiрiден жасалған тымағы бар екен. Аяғында қара пима. Шана үстiнде қаперсiз келе жатады.

   Әбен аттарды қатты айдап, қамшыны оңды-солды сiлтеп, барлық ит абалап үрiп, шанаға жақындай бергенде қауiпсiз отырған Қасендi әлгiлерге қарай итерiп кеп жiбередi. Өшiгiп келе жатқан иттер қанша дос болсадағы орталарына түскен Қасендi талай бастайды.

   Әбен арашалап алудың орнына «айт, айт, ыр-р, ыр» деп, иттердi өшiктiре түседi. Үстiндегi қалың киiмiнен Қасеннiң денесiне иттердiң тiсi дарымайды. Бiрақ қара жарғақ дал-дал болып жыртылады. Арпалыс үстiнде дос иттерiнiң атын атағаннан кейiн олар үдiрейiсiп-үдiрейiсiп тарай бастайды. Үстi-басының жыртылғанына қарамай, өзiнiң соншалық қорланғанына да ашуланбай Қасен шанаға қайта кеп отырады. «Тiрi жүрсем, ертелi-кеш осының өшiн бiр алармын. Сол уақытта сен де маған ашуланып, өкпелемейтiн бол», – деп Әбенмен қол алысады.

   Арада екi-үш жыл өтедi. Студент Қасен қыдырып, жездесiнiң үйiне барады. Оның келуi үлкен себеп болып, маңайындағы туысқан үйлер де шетiнен қонаққа шақырып, әр күн кiшi-гiрiм тойға айналады.

   Үш шақырымдай жердегi ауыл сыртындағы жартас түбiнде суық бастау бар екен.

   – Басым ауырып тұр, жүрегiм қатты қысылып барады. Келгелi арақ iшуден бiр тыным алғаным жоқ. Бастаудың басына апарыңдаршы? – деп Қасен түске дейiн ыңқылдап, төсек тартып жатып қалады.

   Әбен жеңiл арбаны жегiп, үстiне бiр қабат көрпе, жастық салып, Қасендi қырындай жатқызып, қасына әпкесiн отырғызып, аттың басын iнiсi екеуi ұстап, бастауға келедi. Арбадан түскеннен кейiн Қасен екi көзi аларып, тiлi күрмелiп, аузынан су ағып, мүлде ессiз қалған кiсiдей болады. Әбен бетiне су бүркiп, тәуiп анасынша ұшықтап, ем-дом жасап көредi. Бiрақ одан ол жазылмайды. Қасен манадан бергi ыңқылды да қойып, ендi кеудесiнен жаны шыққан жандай сұлық жатып қалады.

   Әбен iнiсi екеуi әбден естерiнен айырылып, не iстерiн бiлмей сасқалақтап, бiресе бастаудан су әкелуге кетiп, бiресе доғарған арбаны қайта жегуге айналып жүргендерiнде Қасен ебiн тауып, қалта сағатын көйлегiнiң астын ала дәл жүрегiнiң үстiне қойып, iлкiм көзiн ашып, ептеп қана қасында отырған әпкесiне ымдайды. Өзi де әзер шыдап отырған ол кiсi «жүрегiмдi тыңда дегенi-ау,сiрә. Мұның жүрегiн тыңдап көрейiншi» деп құлағын тосса, жүрегi жарыла жаздап сарт-сарт соғып тұр. Есi шыққаны соншалық, айқайлап, бақырып жылап, Әбендi шақырады.

   – Арақ бермеңдер, iшпесiн десе болмай қойып едiңдер. Мiне, ендi өлгеннен басқа түгi қалған жоқ. Жүрегi сартылдап жарылып бара жатыр, – дейдi.

   Өзi шала мас Әбен жүгiре кеп, құлағын тоса бере:

   – Ойбай-ай, шынымен жүрегi жарылып барады. Ендi қайттiм? Ақсарыбас!  Ақсарыбас!– деп үрейi ұшып, қайта-қайта айқайлайды. – Ана үйдегi баламның бәсiресi қоңыр жабағыны атадым құдайы жолына.

   Ақсарыбас пен қоңыр жабағы құлағына тигеннен кейiн Қасен төсiнен қалта сағатын бiлдiрмей алып, әлсiн-әлсiн ыңыранып, көзiн ашады. Мұны жақсылыққа жорыған Әбен жаңағы айқай айқай ма, одан бетер ақсарыбастайды.

   Қасендi әзер «тiрiлтiп» ауылға алып кеп, ақсарыбасқа атаған қоңыр жабағыны сойып, етiн елге үлестiредi.

   Ендi Қасенге арақты байқап берiп, күтiм жағына ауысады. Ертесiне ол қайтпақ болып, ат-арбасын жеккiзiп, өзiне тиесiлi шаруашылықтарын түгелдей арбаға артып, ауыл-аймақпен қоштасқан болып жүрiп, шығарып саламын деп күнiбұрын ерттетiп қойған Әбеннiң атының тартпа-айылын босатып, ауыздығын алып қояды.

   – Жұртпен қоштасып болысымен сен арбаны тоқтатпай айдап кет. Әбен бiзге жете алмайтын болсын, –  дейдi Қасен жолдасына сыбырлап.

   – Бiздi шығарып салмай-ақ қой, – дегенiн iшiп, қызып алған Әбен тыңдамаған соң, оны атқа өзi мiнгiзбек болып тұрып:

   – Баяғыда итке талатқаның есiңде ме? Соның есесiн қайтардым-ау деймiн. Есiң ендi кiрген шығар. Егер алда тағы тиiсетiн болсаң, тартар жазаң бұдан да үлкен, – деп Қасен қолтығынан сүйегенсiп, жездесiн аттың ар жағына қарай итерiп жiбередi. Қайта толқып мiнуге шамасы келмеген Әбен тартпа-айылы бос аттың бауырына аунап түседi. Қасен арбасына отырып, ұзап кетедi.

   – Өзiмнiң iстегенiм де өрескел едi. Иттермен дос болып, аттарын бiлгеннен ғана жаны қалып едi… Ол да маған iстерiн iстедi. Ендiгi өрескел қалжыңымыз осымен аяқталған шығар, –  дейдi Әбен.

    Академик Нығмет айтып берген осы әңгiме  ауылымды еске түсiрiп, рахат сезiмге батырса бола ма? Ауылымды сағындым, Алматыға сыймай жатырмын дегенiмнiң сырын ендi түсiндiң бе?

   – Түсіндім.

 

АҚЫНДЫҚ ОЙЛАУ

 

    -Өмiр-күрес дегендi жоғары көтерсең, шығармашылық бар. Ол-мың бұлақ. Әр бұлақтың саласы басқа, ағысы басқа. Арнасы да әртүрлi.

   Сендер университет бiтiрдi деген дипломым бар, қазақшаны, орысшаны бiлем дейсiңдер. Сендердiң бiлiмдерiң қағаз бетiнде ғана. Қағаз бетiнде дегенiм-диплом дегенiм. Оны алу оңай, бiлiмдi алу қиын. Екеуiнiң айырмасы жер мен көктей

   Баукең басын шайқап, қинала отырып:

   -,,Оқу-инемен құдық қазғандай,, деген ата-бабаларымыз. Осы күнде құдықты қазу оп-оңай,- дедi әр сөзiн шегелей сөйлеп. - Эксковатор, трактор, машина бар. Әрiберiден кейiн бомбамен жарамыз. Ал күрекпен емес, инемен құдық қазып көршi? Ата-бабамызды надан деп кемiтiп жүрсiңдер. Оған түсiнбеген өздерiң надансыңдар! ,,Оқу – инемен құдық қазғандай,, деген мақал қай халықта бар? Әй, қарағым, ине неге жарайды? Бiр милометр жер қаза ала ма, қаза алмай ма?

   Ата-бабамыз надан, падан дегендi қашан қоясыңдар?! Наданның аузынан әлгiндей сөз шыға ма? Қалай тауып айтқан, күрекпен емес, инемен құдық қазу деген ақырет, түсiнсең. Ата-бабамыз оқудың қадiрiн қалай бiлген десеңшi?!

   Бұл-тарих! - Баукең кiлт қабақ түйдi.-Немене, саған ұнамай отыр ма?

   -Ұнайды.

   -Ұнаса, неге тыжырынасың?!-Бұл Баукеңнiң тыңдаушысының ынта-ықыласын өзiне еселеп арттыра түсу үшiн қолданатын әдiсiнiң бiрi екенiн бiлетiн мен үндемедiм.

   -Инемен құдық қазғандай! Қандай бейнелi сөз?! Мұны бiр халық айтып көрген емес. Мұны менiң халқым айтты. 

   Бiлiм алу, сенiңше, жер қазу шығар, ал ата-бабамыз оны әлемдi тану, аспан, жер сырын ұғыну деп түсiнген. Сол түсiнiгiнiң образы-құдық. Мұның мағынасы, қарағым, өте терең. ,,Оқу-иенемен құдық қазғандай,,- әлемдi тану деген сөз. Мен мұны осылай түсiнем, ал сенiң қалай түсiнетiнiңдi бiлмеймiн. Мұны айтқан бiздiң ата-бабамыз.

   Фольклорымызда жұлдыз, ай, күн, шолпан деген образдар көп. Қазекең жер қойнауын зерттеп қана, танып қана қоймай, шолпанға да барғысы келген. Эпосымыздағы Шолпан образының жасалуы жайдан-жай емес.

   Ақындық ойлау жағынан бiздiң халық өте бай екен. Мұны мен басқа халықтарды кемiтiп емес, салыстырып айтып отырмын.

            

Жалғасы бар, осында