МЕН-ХАЛҚЫМНЫҢ БАУЫРЖАНЫМЫН

МЕН-ХАЛҚЫМНЫҢ БАУЫРЖАНЫМЫН

Белгілі жазушы Қалдыбай Мамытбектің "МЕН-ХАЛҚЫМНЫҢ БАУЫРЖАНЫМЫН" атты кітабынан үзінділер жалғасы, басы осында

ИНТЕРВЬЮ

 

    -Сұрағың бар ма?

    -Интервьюдiң теориялық анықтамасымен таныспыз. Әйтсе де оны сiз қалай түсiнесiз?

    Баукең басын жастықтан көтерiп, маған қа¿ар төге қарады.

    -Сен менен сынақ алайын деп отырсың ба?

    -Ондай ойым  жоқ, Бауке.

    -Интервьюдi түсiнбесең, сөздiктен қарағын. Сен алжыған шал не айтар екен деп менi сынап отырсың ғой?…

    Іс насырға шабатынын сезiп:

    -Кешiрiңiз, бұл сұрақты беруiмнiң себебi бар едi,- дедiм мен аптығып, даусым жарықшақтана.

    -Айт, қарағым, қысылма,- деп Баукең лезде жұмсара қалды.

    -,,Қазақ әдебиетiнде,, сiздiң екi интервьюiңiз шықты. Алғашқысы газеттiң бiрiншi бетiнде жарияланды. Ол есiңiзде шығар? ,,Мынау қабылданып отырған конституция менiң төртiншi конституциям,, дедiңiз. ,,Қап, осыны Баукеңнiң өзi мақала етiп жазбағаны-ай,, ,- деп кейбiр жiгiттер өкiнiп қалды. Онда қысқа болса да көп нәрсе айтылған екен.

    Екiншi интервьюiңiз де ,,Қазақ әдебиетiнде,, /Мұхтар Әуезовтiң сексен жасқа толуына байланысты/ жарық көрдi. Баукеңнен басқа бiреу болса, оны да өз атынан мақала етiп жариялар едi деген тұжырымға келдiк. Өйткенi онда да көп сыр бар екен. Интервьюде де терең ой, пiкiр айтуға болатынын сiздiң осы екi дүниеңiздi оқығанда сездiк. Бұл бiз үшiн жаңалық болды.

   -Қарағым, интервью атамзаманнан келе жатқан нәрсе, ол мен ойлап тапқан нәрсе емес. Ол халықаралық термин болып кеттi. Сендер интервью деп жүр екенсiңдер, оларың дұрыс. Ал оның қазақшасы пiкiр алысып, сырласу дегенге жақындайды.

   Менiң бiлуiмше, интервьюдiң екi авторы бар. Бiрiншi автор- интервью алушы кiсi. Оны бiрiншi деп отырған себебiм, мына мәселеге мына кiсiнiң пiкiрi, көзқарасы қалай екен деп ойланып, толғанып келедi. Ол алда қозғамақ мәселе туралы көп iзденiп, еңбек етiп, бiрнеше сұрақ дайындайды. Айтқанды түсiнiп, сынап отырып жазады.

   Оның қалай ойланғанынан, толғанғанынан  сенiң хабарың жоқ қой. Ол амандаса салысымен саған сын көзiмен қарайды. Неге келгенiн, ойында не барын, бәрiн жасырып, әр сөзiңдi, әр қимылыңды таразылап отырады. Мұны әскер тiлiмен айтқанда, қарағым, разведка с боем дейдi. Сен бұған түсiнесiң бе?

   Мен үндемедiм.

   -Тағы өзiңнiң кiм екенiңдi көрсетiп алдың. Ол былай. Екi жақ жатырмыз/ Баукең екi қолын көзiне тосып, дүрбi қарағандай қарады/. Дүрбiмен жау жақты бақылаймыз, самолет

жiберемiз. Жау құпиясынан азын-аулақ хабарымыз бар, бiрақ дәл емес. Әлi де анықтау керек. Мынандай /бас бармағын көрсеттi/ жiгiттердi таңдап ап, ,,барыңдар, тиiсiңдер,, деймiз. Олар тиiседi. Снарядпен атқылаймыз. Барлаушылардың бiразы оққа ұшып, бiразы қайтады. Соңғы мәлiметке қарап, ,,е, болжалымыз дұрыс, не дәл емес екен,, деймiз. Дәл болмаса, тағы басқа шара қолданамыз. Разведка с боем осы. Ол өз алдына.

   Баукең маған сұстана қарап:

   -Бауыржан Момышұлының атағы, лақабы көп, өз көзiмiзбен көрейiкшi, үйiнде қалай екен деушiлер бар,- дедi түсiн дегендей иегiн көтерiп.- Соның бiрi-сенсiң. Мiне, үйiм, киiмiм, мiне жатысым. Сен келедi деп мундир киiп, сақал-шашымды күзеп, таранып, стиляга-мстиляга болар жайым жоқ. Үйi нашар, киiмi де киiм емес, түрi де кiсi шошырлық десең, өзiң бiлгiн.

   Әжiмдi жүзiнде, отты жанарында мысқыл күлкi ойнады.

   -Разведка с боем дегендi қорытып айтқанда, шырағым, бiр көрген нәрсеге сенуге болмайды. Ішiне кiрiп көрейiн, менiң байқауым дұрыс па, бұрыс па деп екi жақ арпалысып, сырың қайда екен деп жанталасады. Соғыстың бiр заңы- сыр ашпау. Сырыңды ашамын деу- разведка с боем.  Мұндайда бiзден де, олардан да адам өледi.

   Екi жақ бiр-бiрiн аңдып, арпалысып жатыр. Сыры мәлiм емес. Сонда ерегiсiп, қазiр барып сырыңды аламын дейсiң.

   Командир үшiн бұл өте қиын мәселе. Дұшпан сырын оңайлықпен бермейдi. Бұл мәселеге екi жақтың командирi де оңайлықпен бара алмайды.

   Соғыста сырды алыстан  қарап, бақылап ашпайды, атысып барып ашады. Разведка с боем вынужденное, крайно рискованное действие. Жұмсаған жауынгерлерiңнiң жартысы қайтып, жартысы қайтпай қалуы да мүмкiн.

   Мұны айтып отырған себебiм, қарағым, интервью аламын деген кiсiлер менiң сырымды ашамын деп келедi. Тiптi кейбiрi арандату мақсатын да көздейдi. Мен оны иә, иә деп байқамағансып жатамын.

   Сөйлеп болған соң түрiне қараймын, содан кейiн ,,мынау иттiң өзi еркек пе, ұрғашы ма?,, деп жанына үңiлемiн.

   Мен жатырмын ғой. Сен түрiме, төсегiме қарап отырсың. Сен де менi ,, еркек пе, ұрғашы ма?,, деп сынайсың. Сол себептi, қарағым, журналистермен сөйлесудiң өзi өте оңай нәрсе емес.

   Әрине, олардың көбi бригадир, не ұйым басшысына, не озат қызылшашыға барып, пәлен-түген деп интервью алып /ол газетке керек қой/ үйренгендер. Олар өзiн өзi интервью берген кiсiден жоғары санайды. Кей кезде оларды мысқылдап жазады. Оның қалай озат шошқашы болды, озат атанудың тамыры қайда жатыр екен дегенмен iсi жоқ. Содан оның интервьюi жеңiл-желпi, көпiрме сөз болып шығады.

  -Жоспарды қалай орындадың?

  -Жоспарды асыра орындадым. Алдағы жылы да асыра орындаймын.

   Сенiң интервьюiңнiң түрi осы. Тағы ұялмай, қызармай шошқашының аузына оның ой өресi жете бермейтiн сөздер саласың. Немене, еңбек адамы саған қолжаулық па?! Это с твоей стороны невежество! Бiлсең, еңбек адамы адал, аңқау, сәбидей сенгiш. Аша алсаң, оның осы сырын аш.

    Шаруа адам таңсәрiден тұрады. Бүгiн пәлен гектар жерiм бар, соны суғарам, өйтем-бүйтем дейдi. Қой бағып жүргендер де солай. ,,Ойбай, ана жақта, мына жақта жайылым жақсы екен,, деп шапқылайды. Ал сенiң жазуың бойынша таңертеңнен кешке дейiн олар тек саясатпен ғана шұғылданып жүргендей.

   Әй, шырағым, өзiң астаналық газеттiң қызметкерiсiң. Күнi бойы саясат мәселесiмен айналыса аламын деп айта аласың ба? Айналыссаң, жұмысты қай кезде iстейсiң?

   Мен, шырағым, отставкiдегi полковникпiн. Үйiмде жатқан шалмын. Бала-шаға, келiм-кетiм бар. -Баукең бiраз дауыстай күлiп алды.- Радио мен газетке менiң уақытым көп болса онбес-жиырма минөттен артық кетпейдi. 24 сағат боспын. Ал сендер жүз пайыз қызметтесiңдер. Сөйте тұра жүз елу пайыз боспыз деп жазасыңдар. Сенуге бол ма?

   -Жоқ.

   -Ендеше, неге бөсесiңдер?! Мен демалыстағы емiн-еркiн шалмын. Саған ұқсап өтiрiк айта алмаймын. Күнiне 15-20 пайыз боспын десең, шындыққа жанасады. Ал 150 пайыз дегендi естiгенде, мынаның бiр тәулiгi  48 сағаттан тұра ма деп таң қаламын.

    Сен разведка с боем дегенге ойланып баруың керек, ал көбiне ойланбай барасың. Сырласатын адамың да ойланбаған, дайын емес. Сол себептi ол жоспарды орындаймыз дегеннен басқа не айтады? Мұндай интервьюдi мен творчество деп санамаймын. Бұл, әрине, жеке пiкiрiм.

   Менiңше, интервьюдiң екi жағдайы бар. Ол екi адамның да сырын ашуға, талантын танытуға тиiс. Өйткенi, одан интервью берген кiсiнiң де, алған кiсiнiң де кiм екенi көрiнiп тұрады. Оған оқырман әдiлеттiлiгiн айтады.

   Интервью де- творчество. Газет тiлшiсiнiң интервьюi бөлек, суреткер-жазушының интервьюi бөлек. Екеуiнiң айырмасы жер   мен көктей.

   Мен жазушымын. Жазушының интервьюi бөлек, жұмысшының не шопанның  интервьюi бөлек. Қарым-қатынастың күрделiлiгi нақ осында. Мысалы дейiк, мен тiлшiмiн, сен озат сауыншысың. Саған бардым.

   -Апай, сiздiң атағыңызды естiп келдiм. Аман-есенсiз бе? Көрсеткiшiңiз аудан бойынша мақтаулы екен.

   -Ат iзiн салғаныңызға рақмет. Әйтеуiр денсаулықтың арқасында, әлдiң жеткенiнше еңбек етiп жатырмыз ғой,- дейсiң  балпиып. ,,Кетшi әдiрақалғыр, мен үшiн сиыр сауып жүрген жоқсың,, демейсiң.

    Мақтағанды кiм жек көрсiн.

   -Құдайға шүкiр, партияның, үкiметтiң арқасында тұрмысымыз жаман емес, сиырды күтемiз, жоспарды артық орындап жүрмiз,- деп  барлық табысыңды жiпке тiзгендей тiзiп шығасың.

    Соны жазып аламын да газетке iрi әрiппен интервью етiп жариялаймын. Тағы әр сиырдан төрт мың литр сүт сауып жүр, алда төрт жарым мың литрге жеткiзбек деп қосып қоямын. Ең соңында интервьюдi жүргiзген Бауыржан Момышұлы деймiн.

   -Ойбай, Бауыржан адам танып, сөйлесе бiлетiн шебер журналист,- деп редакторым, қаламдастарым мәз болады.

   Баукең селкiлдей күлiп алды. Мен де күлiп едiм:

   -Әй, несiне күлесiң, мен жылап отырсам!- деп ұрсып тастады.

   -Лездемеде:,, Мiнеки, интервьюдi өстiп жазу керек,, ,- деп әрiптестерiм мақтайды. Ал сен, сауыншысың ғой. Газетке шықтым деп мәз боласың. Мәз болып қоймай, жу-жу  дегендерге жуасың. Сөйтiп ұйым басшысы да, жуғызғандар да, ,,озат сауыншымызды жазды,, деп риза. Мына жақта:,, Бiздiң журналисiмiз Бауыржан ауылға барып, жақсы итервью жазды,, деп редактор да мәз, тапқырлық жасадым деп мен де мәзбiн. Тағы ертең, бүрсүгiнi сыйлық-мыйлық, тiптi бұйырса орден алып қалармын деп дәмеленем.

   Шыдай алмай мырс ете қалдым.

   -Е, неге күлесiң? Өтiрiк пе? Мұның барлығына мен өте қарсымын. Қазекең ,,мақтағанға мақтанба,, дейдi. Бұл-халық даналығы. Сол даналықтың тiзгiнiн серпiп тастап, дарылдау-парылдауға кетiп қалып жүрсiңдер.

   В. И. Ленин ешуақытта өзiн өзi марксизм iлiмiн жалғастырушымын, Совет өкiметiнiң негiзiн салушымын деп айтқан емес. Керiсiнше, ол кiсi Плехановтан, Мартыновтан көп үйрендiм деп мойындаған.

    Жеңгей есiктен басын сұғып:

    -Шай дайын болды, әкелейiн бе?- дедi.

    -Ештеңенiң керегi жоқ. Бiз жұмыс iстеп отырмыз!

    Жеңгей қайтып мазалаған жоқ.

    -Бұл- Лениннiң ғажайып кiшiпейiлдiлiгi. Әй, сенбесең, Лениндi оқып шыққын. Мен пәленнен артықпын деген бiр сөзi жоқ. ,,Алғаным, үйренгенiм рас, бiрақ мына мәселелерден келiсе алмай қалдық,,- дейдi.

   Ал сен болсаң, құдай салмасын, сауыншыны, малшыны, қызылшашыны жер-көкке сыйғызбайсың. Егер олар болмаса, мына өмiр болмас едi дегенге дейiн барасың. Мысалы, менiң бiр жекжат шопаным бар. Бала-шағасы жетi-сегiз, өзi үлкен отарды басқаратын аға шопан. Әйелiн, балаларын, қайнысын көмекшi етiп алыпты. Қазiргi бiздiң тұқымдағы ең байы сол.

   Үйiнде қонақта отырмыз.

   -Бiзде дүркiн-дүркiн қой жоғалады. Ұрылар көбейiп кеттi.

   Бiраз әйелдер отыр едi:

   -Әй, шығыңдар. Мына екеумiз жеке сөйлесемiз,- деп қуып жiбердiм.- Ал, оңаша қалдық, сөйле.

   -Бауке, былтыр елу қой, әнеукүнi қырық қой ұрланды. Кiм әкеткенiн бiлмеймiн. Совхоз директоры:

   -Сен төлейсiң.- дедi.

   -Е, төлесем, төлейiн,- деп төледiм. Тағы жоғалды.

   -Менде не қалады? Ендi ақша алыңыз.

   -Жарайды. –Совхоз бағасында қой отыз сом екен. Қып-қызыл шығын ғой. Жұрт:,,Байғұс-ай, байғұс-ай,, деседi.

    -Сөйлеп болдың ба?

    -Болдым, Бауке.

    -Бәрi жалған!- дедiм. Сұп-сұр болып кеттi.- Сене қоятын ақымақты тапқан екенсiң. Сен менiмен сөйлесемiн деп сырыңды ,,ашып,, отырсың ғой. Ұры басқалар емес, өзiңсiң. Жоғалған әр қойға отыз сом төлейдi екенсiң. ,,Ұрыларың,, саған сексен сом бередi. Тағы олар таңдап, өңкей семiз қойларды ,,ұрлайды… Бұл деген қып-қызыл пайда ғой. Мұны совхоздың директоры бiлмейдi емес, бiледi. Бәрiң келiсiп iстеп жүрсiңдер. Осыны мен ертең обкомға барып айтамын. Директорың да, сен де құрисың! Куә ретiнде сотқа өзiм қатысамын,- деп едiм сұп-сұр боп шошып кеттi. Бiр нәрсе айтайын деп келе жатыр едi:

   -Тұр орныңнан? Анау әйелдердi қуып жiбердiк, шақыр, тамақ iшейiк,- дедiм.

   Жекжат шопанымнан интервьюдi мен өстiп алғанмын. Интервьюдi қалай алу керегiн түсiндiң бе?

   -Түсiндiм.

   -Өтiрiк айтпа! Түсiнсең, интервью алушы қандай болу керек?

   -Ол- тәжiрибелi, әдiсшiл, сөйлескен адамының психологиясын терең танитын болу керек.

    -Дұрыс, бiрақ ең басты мәселенi ұмытып отырсың.

    Мен  төмен қарап, ойланып қалдым.

    -Әдiл болу керек!- дедi Баукең қатты дауыстап.- Анау жекжат шопанымның психологиясына зер сал. Ол шын сырын жасырып, менi алдаймын дедi. Оған мен көндiм бе?    

 

МУЗЕЙ АПАНЫҢ ӨЛЕҢІ

                 

    -Бiр таныс әйел бар,-деп Баукең көңiлсiздене тiл қатты.- Оның ата-бабасын жамандауға ещқандай хақым жоқ. Ал өзi үй-iшiмен ертеңнен кешке дейiн аузымыздан тамақ кетпесе деп тiлейдi. Бақытты солай түсiнедi. Байлықты, достықты да осы өлшеммен өлшейдi. Үстi-басың, аяқ кiиiмiң жалтырап жүрсе- ,,бақыт,,. Олардың арманы осы. Бұл тоғышарлық қана емес, ақымақтық арман.

   Бiрде үйiнде отырмыз. Сурет салынған альбомын әкеп, мақтанды.

   -Иә, дұрыс екен,- деп өтiрiк қоштап қоямыз.

   -Мына суретiм нашарлау, фотограф жөндеп түсiре алмайды екен.

   Ішiмнен:,, Ой, ақымақ,,-деп отырмын. Надандар тағы портретке құмар болады ғой. Бiр портретiн алып келдi.

   -Қараңыздаршы, осының өзi де жаман. Іп-iреңдi, сұп-сұлу адамды сұмырайдай етiп түсiредi екен, қараңыздаршы?- деп ренжiдi.

   Мұны Баукең қабағын түйiп, ернiн салбыратып, жыларман халге жете, мұң шаға айтқанда күлкiден жарыла жаздап, әзер шыдадым.

   -Әй, қарағым, живопистер адам портретiн қыл қаламмен салады. Онда өзгерiстер болуы мүмкiн. Ал фотограф пленкеге түсiредi ғой. Өмiрде қандай болсаң, дәл сондай етiп көрсетедi. Рас, фотографтардың iшiнде де оңбағаны бар. Әсiресе, майдалары адамның қасын, кiрпiгiн, ернiн бояп, ретуш жасайды. Ол әрине, сұлу еместi сұлу етудiң амалы.  Ал ана ақымақ әйел:,,Іп-iреңдi, сұп-сұлу едiм, өзгертiп, бүлдiрiптi,, - деп мұң шағып отыр.

    Бiраз күлiп алдық.

    -Музей апаның бұл жөнiнде:,,Бүгiн жаққан опаңыз ертең кетер, құдай рең бермесе, опа не етер?,,- деп  басталатын өлеңi бар. Бұл желiккен жеңiл ойлыларды көрге тiрiдей көметiн өлең. Түсiндiң бе? Ана ақымақ әйелдiң әлгiндей сөзiнен кейiн Музей-апаның осы өлеңi ерiксiз есiме түстi.

                           

ЕНДІ СЕН БАР

 

    -Биыл да Сарыағаш шипажайына барасыз ба?

    -Жоқ. Онда барсам, дем ала  алмаймын… Онда маған деген жұрт құрметiнде шек жоқтай. Асылық болмасын, олардың бәрiне шексiз ризамын. Бәрiнен Сарыағаштың орталығында тұратын алпыс жастағы келiнiме шын жүрегiмнен алғыс айтамын. Аты -Әлия. Бұрын аудандық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы боп iстеген, қазiр аудандық мәдениет бөлiмiнiң меңгерушiсi. Күйеуi реңдi, ақылды жiгiт едi, бiрер жыл бұрын қайтыс болды.

   Әлия келiнiм он төрт шақырым жердегi Сарыағаштан ,,қайнаға,, деп жетiсiне бiр рет тамағын әкеп тұрды. Әрiберiден кейiн кiр киiмдерiмдi жуып, өтектедi.

   -Қарағым, әуреленбей-ақ қой, -десем, тыңдамады. Ойпырмай, адамгершiлiгi, аналық мейiрiмi мол кiсi екен. Өзiне қатты риза болдым. Түсiнсең, оның маған қамқор болуы-қайнағам жетiмсiремесiн дегенi ғой…

    -Биыл ендi қайда барғанды ұнатасыз?

    -Егер денiм сау болса, Мәскеуге тартып, жазушылар одағына соғып, Малеевкiге жолдама бер дер едiм. Өйткенi, ол жұмыс iстеп, үйренген жерiм.

     Амал не, жол жүруге денсаулығым көтермейдi. Ендi Алматының бiр шипажайына баратын шығармын. Неге екенiн бiлмеймiн, ауруханаға жатқым келмейдi.

   Малеевкiнi айтып отырғаным, шырағым, егер мүмкiншiлiгiң, ықыласың болса, демалысыңды алып барсаң, көп iс тындырар едiң. Нағыз оңашалық пен тыныштық сонда. Оны алғаш Серафимович таңдаған екен. Онда бiреуге бiреу кедергi жасамайды. Неге десең, ол жерге жұрт тек жұмыс iстеуге ғана барады. Бала-шағаны жiбермейдi. Танысқандарыңның өзi алыстан бас изеп қана амандасады. Жұмыс iстеп отырғаныңда үстiңе ешкiм енбейдi.

    Тамағы өте жақсы, ваннасы, дәрiгерi бар. Онда алаңсыз жұмыс iстей аласың. Оның бiрiншi жақсылығы- отбасыңнан, таныстарыңнан алыста боласың.  Өсек-аяңнан арыласың. Екiншiден, өзiңмен өзiң, кабинетiң, қағазың үшеуiң ғанасың.

   Егер мүмкiншiлiгiң болса, бiр жарым айға барсаң, көп iс тындырар едiң. Мұны есiңде ұстап, ескер деп айтып отырмын.

    ,,Генерал Панфиловты,, , ,,Куба әсерлерiн,, мен сонда жатып жазғанмын. Ауасы таза. Ыңқыл-сыңқылдан боссың. Әрине, биыл баруың мiндетiң деп отырғаным жоқ, мүмкiндiгiң болған жылы барсаң деймiн.

   Қырымда да  творчество үйi бар. Онда жұмыс iстеу қиын. Жұрт оған қызықтап, демалу үшiн барады.

   Сен, әрине, Мұхаңа /Мұхтар Әуезовке /ұқсап, Шолпан атадан үй сала алмайсың, Шығыс ғұламарына ұқсап, зынданға түсе алмайсың. Саған Малеевкiге барам десең, жолдама бередi. Бiрнеше жылдан бергi жинап жүргенiңдi сұрыптап қайтасың. Осы жағы есiңде болсын.

   Әрине, үйде келiн де жағдай жасар, балаларың да айтқаныңды екi етпес. Бәрiбiр үйдiң аты үй. қаншама кедергi келтiрмейдi дегенмен кедергi келтiредi. Сенiң әйелiң  Мұхаңның үйiндегi жеңгей Валентина Николаевнадан әулие емес. Ол байқап, жұмыс iстеп отыр-ау дейтiн әйел. Соның жөтелiнiң өзi /Баукең күлдi/, шай iшесiң бе дегенiнiң өзi Мұхаңның ойын бөлген.

   Мұны айтып отырғаным, қарағым, Малеевкiге барғын. Өкiнбейсiң. Қыстыңкүнi онда тiптен жақсы. Бiр жарым айға демалыс ал дейтiнiм, оңашаға үйренуiңе бiр жетi керек. Қыстыңкүнi онда жақсы дегенiм, келiм-кетiм аз. Осы есiңде болсын.

   Келiндi, бала-шағаңды жамандап отырғаным жоқ. Неше айтқанмен үйдiң аты үй. Серуендеп далаға шықсаң, бiраздан соң тоңдым деп iшке өзiң-ақ енесiң. Іште бала-шаға шуы, әйелiңнiң сөзi бар. Оған ойың бөлiне ме, бөлiнбей ме?

   -Бөлiнедi.

   -Жазда барма, өйткенi маса болады, ол ыңылдап шағады. Бiр жолы жазда барамын деп масасы ыңылдап, жөндi жұмыс iстей алмадым.

   Малеевканың көктемгi ауа райы өте ылғалды. Жауын жауып тұрады. Күздiң бастапқы кезiнде де маса болады. Ол бiрте-бiрте жоғала бередi. Менiңше, онда барғандарға ең жақсы маусым-қыс айы. 

    Мен Мәскеудiң түбiндегi Переделкино деген творчество үйiнде де болдым. Ұнағаны- Малеевка ғана. Денсаулығым болса, өзiм де барар едiм. Оған мұршам жоқ. Ендi сен бар…

 

ЕҢБЕКТЕП ЖЫЛЖУЫҢА ТУРА КЕЛЕДІ

 

    -Әнеукүнi Әзiлханды соғыпты, естiдiң бе?

   -Естiдiм.

   -Оны ұйымдастырып жүрген кiм болды екен? Бұл ,,Әзiлхан Бауыржан туралы роман жазып қойды, мен неге жазбадым?,, деген iштарлық қой. Жазамын дегеннiң қолын қағыппын ба? Менiңше, Әзiлхан жеңiлмейдi. Мұны айту себебiм, әнеукүнi ,,Социалистiк Қазақстанда,,  ,,Ақиқат пен аңыз,, талқыланды, қайта басылсын деген шешiм қабылданды,, деген хабар шықты ғой. Оқыдың ба?

   -Оқыдым.

   -Аналар талқылауды ұйымдастырғанда қайта басылмасын дегiзбекшi. Ал ,,Социалистiк Қазақстанда,, әлгiндей хабар берiлдi. Менiңше, Әзiлханның ,,Социалистiк Қазақстанмен,, байланысы болуы керек. Ол-Қазақстан Компартиясы  Орталық Комитетiнiң органы ғой.

   Талқылауда Әзiлхан:

   -Сын пiкiрлерiңiздi ескерем. Баукеңмен қайта сөйлесiп, романымның кейбiр жерiн толықтырам,- деген екен. Бiраз күн өттi тым-тырыс. Сiрә, ол талқылауды мен ұйымдастырды деп жүрсе керек. Сен, егер жолықсаң, түсiндiрiп айт.

    Баукең маңдайын ұстап, ойға шомды. Әлден соң:

   -Қарағым, адамның екi негiзi бар; бiрi-мiнезi, бiрi-құлқы -дедi толғана сөйлеп.- ,,Ей, мынаның мiнезi жаман, бiр анадан ала да, құла да туады,, деймiз ғой. Бұл-табиғи заңды. Себебi, мiнез әркiмнiң ана сүтiмен пайда болады, ал құлық- орта, қоғам жемiсi.

    Әркiмнiң табиғат берген мiнезi есейе келе оның құлқына айналады. Құлық бiреудi жақсы, бiреудi бұзық етедi. Мысалы, мен өз пайдамды iздеген кiсi емеспiн. Мұным- тұрмыстық көзбен қарағанда- қайғы, ал менiң көзiммен қарағанда-қуаныш.

   Адамдардың үлкенi бар, кiшiсi бар, ақылдысы, ақымағы бар, есi кiргеннен бастап, өз орнын iздейдi. Көбi тапсам деп таба алмастан кетедi.

   Кейбiр кiсiлер жиырмаға жеткенде-ақ өз орнын табады, кейбiр кiсiлер сексеннен асса да орнын таба алмайды. Нағыз қайғы осы…Мұны неге айтып отырсың деп сұрақ қой.

    -Мұны неге айтып отырсыз?

   -Көптен берi менiмен әңгiмелесiп жүрсiң, қарағым. Жазғандарың әзiр жарық көрмейдi. Сенiң бiрiншi қарсыласың -әлгi топ, екiншi қарсыласың- Әзiлхан. Мүмкiн Әзiлхан iшiтар кiсi болмай, кең болса:,, Е, менiң жазбай кеткенiмдi сен жазыпсың, рақмет,,- деп қуанар, қолдар. Ал iшiтар болса, кедергi жасайды.

   Өңiн кiлт суытып, бiрақ сабырлы,салмақты үнмен:

  -Шыңға шығу үшiн кең, тар жол, ирек-ирек жол бар,- дедi жанарыма тiк қарап.-Жұрт кең жолға құмар. Бiрақ ол әркiмге бұйыра бермейдi. Сол себептi еңбектеп жылжуыңа тура келедi…

 

ЖАЗУШЫ КӨЗІ

 

    -Сұрағың бар ма?

    -Жол үстiнде,, атты әңгiмеңiзде Әзiмхан деген офицер  бар. Ол өзiңiздiң прототипiңiз емес пе?

   -Жоқ. Бұлай ойлауыңа не себеп?

   -Оның туған жерi де Алатаудың Ақсай, Көксайының етегiндегi Мыңбұлақ деген жер екен.

   -Бұл ойдан шығарылған кейiпкер де емес. Сондай кiсi болған. Оның да туған жерi-Мыңбұлақ екенi рас. Түсiндiң бе? Ол менен екi жас кiшi едi. Сондай жақсы, адал жiгiт едi.

   Мен жиырма беске жетпегем, ол жиырма екi-жиырма үштегi офицер.  Сен оны мен деп ойлап жүр екенсiң ғой. Ол-мен емес.

   Аты-Әзiмхан, фамилиясы Мұртазаев. Ол соғыста өлiп кеттi. Маған сенбесең, Подольск қаласындағы орталық әскери  мұражайда Әзiмхан Мұртазаевтың құжаттары сақтаулы.

   -Тағы қандай сұрағыңыз бар?

   -,,Ұшқан ұя,, кiтабыңызда анаңыз туралы мүлде аз жазғансыз ғой.

   -Неге? Бұл пiкiрiң дұрыс емес. Аз жазудың, көп жазудың айырмашылығы бар. Адамның характерi, мiнез-құлқы, егер байқай бiлсең, бiр-ақ нәрседен, бiр-ақ қылықтан көрiнедi.

    ,,Ұшқан ұяда,, Текебай би, оның баласы Серкебай, ақылды тентек Момынқұл, әжем, Жәрiмбет қажы, атақты Аққұл шабандоз туралы қанша бет жаздым? Бәрiне мүлде аз көлем арнадым.Олар туралы бiреулер ең кемi екi роман жазар едi. Кейбiр кейiпкерiм төрт-бес жолмен ғана суреттеледi.

   Мәселе көлемде емес, түсiндiң бе? ,,Жонарқа,, деген әңгiмем төрт-бес беттей ғана, ал оны сағызша соза берсең бiр роман жазуға болады. Редин туралы әңгiме де солай. Мәселе көлемiнде емес, мазмұнында, өзегiнде…

   -Өткен жолы жазушы көзi туралы бiр қызық деталь айтып беремiн деген едiңiз.

   -Есiме дұрыс салдың.- Баукең екi иығы селкiлдей күлдi.- Берiкқара шипажайында демалып жатқам. Жамбыл облыстық партия комитетiнiң екiншi хатшысы келдi. Қазақша таза бiледi екен.

   -Бауыржан, сiздiң алпыс жылдық тойыңызды өткiзбек едiк. Соны күнiбұрын келiсiп алсақ. Қай жерде, қай күнi өткiзгенiмiз дұрыс? Сыйлық дайындасақ деген ойдамыз.

   -Жоқ, сыйлық болса, тойымды өткiзуге қарсымын.

   -Онда қалауыңыз бiлсiн.

   Той Евгеньевкада/ Жуалы ауданында/ өттi. Сай iшiне ұзыннан ұзын стол жасалды. Обкомның бюро мүшелерiнен бiраз кiсi қатысты. Алматыдан Дмитрий Снегин, Сәуiрбек  келдi.

   Сондағы бiр қызық деталь.  Менiң тойым болатын күннiң ертеңiнде обкомда пленум бар екен. Коньяк, арақ iшсе, жұрттың басы ауырып, пленумға қатыса алмай қалуы мүмкiн ғой.,,Бауыржанның кесiрi тидi,, деген сөздiң маған қажетi қанша? Сол себептi тойда коньяк, арақ құйдыруға тыйым салдырдым.

    Той басы-облыстық атқару комитетiнiң төрағасы. Тойлап отырмыз. Кесемен шай келiп жатыр. Обкомның екiншi хатшысы екеумiз шайды ұрттап iшемiз. Басқалар  сыңғыта көтерiп салады. Қулар кесеге коньяк құйып, шай iшкен боп бiздi алдап отыр. Екiншi хатшыға:

   -Аналар шайды неге олай iшедi?- дедiм. Ол содан кейiн ғана бiлiп:

   -Жазушының көзi қандай қырағы, ә?! Мен мүлде байқамаппын,- деп таң қалды. 

 

ШӘКІРТТІК ПАРЫЗ

 

    -Мен Иван Васильевич Панфиловты ешқашан ұмытқан емеспiн. Шәкiртi ретiнде ол кiсiнiң аруағына осы кезге дейiн сиынамын.

   Иван Васильевичке тағдыр әдiлеттiк iстедi деп ойлаймын. Ол кiсi көрсетерiн уақытында көрсеттi. Уақытында өлдi. Оны мен ол кiсiнiң бақыты деп бiлем. Мүмкiн қателесермiн, онда сен ,,олай емес, былай ғой,, деп түзет.

   Жақсы кiсiнiң өлiмi туралы қазақ:,, Өз кезiнде, өз орнында өз жүйесiмен өлдi,,- дейдi. Егер бұлардың сәтi келмесе, Панфилов Панфилов болмас едi. Мен шәкiртi ретiнде әдiлеттiлiгiмдi айтып отырмын, шырағым.

   Ол кiсi тiрi кезiнде мен аға лейтенант едiм, өлген соң капитан, майор, подполковник, полковник болдым. Жарықтық Әскери Кеңеске:,,Мына қазақтың балағында битi бар, мұнымен байқап сөйлеспесе болмайды,, ,- деп айтып, мақтаған екен. Ол кiсi осындай мiнездеме бермесе, мүмкiн мен өспес едiм…

   Тағы әдiлеттi сөзiн өлерiнен екi-үш күн бұрын айтыпты. Өзi әдiлеттi кiсi болу керек. Мұны қарт большевиктердiң қасиетi деп бiлем. Ол кiсi байқайтын кiсi екен. ,,Бесiншi рет қоршауда қалды, шыға ма, шықпай ма, шықса, жөндеп сөйлесiңдер,, ,-дептi. Сол кiсiнiң сол сөзi маған үлкен тiрек болды.

   Ұлы Отан соғысында менен албырт, менен батыр жандар аз болған жоқ. Олардан мен артық емеспiн, кейбiреулерiнен кем екенiм де рас.

    ,,Ел құлағы елу,, деген сөз бар. Мен ел құлағына олардан бұрын түсiп қалдым. Шынымды айтсам, Мұқаметқұл Сламқұловты, Жалмұхамбет Бозжановты, Семен Краевты, Филипп Филипповты мен өзiмнен артық санамасам, кем санамаймын. Хабиболла Рахимовтың орны бәрiмiзден бөлек.

   Әлiмнiң  жеткенiнше жазбаларымда олардың кейбiрiнiң аттарын атадым, әлi аталмағандары да аз емес. Әдебиетте сәйкес, орынды деген ұғым бар. Сәйкессiз, орындысыз, яғни мүмкiндiгiн таппасаң, жазушыға бәрiнiң атын атау қиын нәрсе.

   Олардың аруақтарына, ерлiктерiне, адамгершiлiктерiне осы уақытқа дейiн тәжiм етемiн. Олар кей мәселе жағынан менен кем едi, кей мәселе жағынан менен он есе артық едi. Оны мойындаймын.

   Шынымды айтсам, оларсыз мен Бауыржан Момышұлы болмас едiм. Оған мен түсiнемiн. Олардың аруақтарына рақмет. Оларды ұмытуға менiң ешқандай хақым жоқ.

    Баукең   мұңая, ойға шомды. Ұзақ үнсiздiктен кейiн:

   -,,Жазушы,, баспасы шығармалар жинағымның екi томын орыс тiлiнде шығармақ болып жатыр,- деп баяу үн қатты.- ,,Мынаны жарияласақ пайда табамыз, мынадан зиян тауып қаламыз,, дейдi кез келген баспа. Мұнысы өте дұрыс, себебi бiреудiң кiтабын пәлен мың дана етiп шығарса, оны ешкiм алмаса, оған ешкiм өтiнiш жасамаса, қып-қызыл зиян. Әрiп терушiлер зерiгiп, қағаз шашылып жатқан жоқ қой.

   Мен терезе жаққа көз қиығымды жүгiртiп өткен едiм:

   -Сен тыңдай бiлмейтiн жiгiт екенсiң!- деп Баукең кiлт ашуға мiндi.-Тыңдай бiлу-түсiне бiлу деген сөз. Түсiнбесең, құлағыңның қалқайғанынан, көзiңнiң бақырайғанынан не пайда?

    Әңгiме желiсi үзiп қалмаса екен деп iштей қатты опық жедiм. Баукең темекi тұтатып тартып, әлден  соң:

   -Не айтып отыр едiм?- дедi маған жақтырмай қарап.

   -Шығармалар жинағымның екi томы орыс тiлiнде жарық көрмек дедiңiз.

   -Сен дұрыс түсiн, орыс тiлiнде деген сөз одақтас республикалардан өтiнiш түседi деген сөз. Ана жылы баспа директоры Есенберлин маған:

    -Бауке, жалғыз украинадан 40 мың, басқа республикаларды қосқанда 600 мың сұраныс түстi. Тек қағаз жетпей құрып отырмыз,- деген едi. Сол жылы кiтабым жүз мың данамен жарық көрдi. Жалпы шығармаларым жетi мәрте басылып шықты.

    Тағы шықпақ екен. Егер сұраныс болмаса, баспа мұндай шешiмге бармайды ғой. Дегенмен менiң ойлап  жүрген ойым бұл емес едi. Оны Митя арқылы баспаға айтсам ба деп жүр едiм.

   Митя арқылы айтайын деген ойым мынау едi: Иван Васильевич Панфилов бiрiншi дүниежүзiлiк соғысқа, Ақпан, ұлы Қазан революциясына, Азамат соғысына қатысқан, Совет Армиясының iргетасын қаласып, оның белдi командирлерiнiң бiрi болған кiсi. Ұлы Отан соғысының Батыры, даңқты генерал.

   Ол мархұм кәдiмгi станоктан бастап /ол қатардағы шебер болған/ өлгенiнше Совет одағына, туған халқына адал қызмет етiп кеткен кiсi. Иван Васильевичтi мен ұстазым деп санаймын. Сол себептi баспаға шығармалар жинағымның екi томын емес, ,,Генерал Панфилов,, атты кiтап шығарсаңыздар деген өтiнiш айтайын, ,,Қазан революциясының 60 жылдық мерекесiнде халқым менi еске алды,,  деп мархұмның аруағы риза болсын деген едiм.

    Үстiмiзге Күләнда әпке ендi.

    -Әпке, менi қашанғы қаңтарасыз? Мынау:,,Шалдың өзi аш екен,, ,- деп бағанадан берi байқап отыр.

   -Байқай тұрсын.

   Баукең риза бола, селкiлдей күлдi. Күләнда әпке ,,кедергi келтiрмейiн,, дегендей жайлап басып, тез бөлмеден шықты.

   -Менiң жоспарым, қарағым, адамгершiлiк, заң, саясат жағынан дұрыс жоспар деп бiлем.

    ,,Шалдың нысабы бар ма, ақша түседi деп жүр-ау дей ме?,, деп, соны кiмге айтарымды бiлмей сасып отырмын. Ары ойланып, берi ойланып Митяға /Дмитрий Снегинге/ айтайын деп ұйғардым.

   -Сен Қазақстан жазушылар одағының хатшысысың, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң мүшесiсiң, Қазақ ССР-i Жоғарғы Советiне депутатсың, панфиловшысың.  Қазан революциясының 60 жылдық мерекесiнде Панфиловты еске алмауымыз қалай? Осы мәселенi сен көтер. Мен көтерсем, кiтабын бастырып, ақша алмақшы деп ойлап қалады. Ал егер де баспадағылар мақұл десе, жоспар мынандай. Ол жинақ болады. Бiрiншi бөлiмiне ,,Генерал Панфилов,, деген менiң кiтабым енсiн. Бұлай деп отырған себебiм, ол биографиялық очерк. Екiншi бөлiмiне мархұмның әйелi Мария Ивановнаның  естелiгiн /үзiндi ме, толық па, оны ойлану керек/ енгiзсек. Үшiншi бөлiмiнде мархұмның қызы Валентина Ивановнаның ,,Менiң әкем,, деген туындысына/ үзiндi ме, толық па, ойлану керек/ орын берсек.

   Панфилов туралы сен де жазғансың. Оны төртiншi бөлiмге ықшамдап ұсынсақ. Бесiншi бөлiмдi ,,Панфиловшылар Панфилов туралы,, деп атасақ. Оған Панфилов туралы мақала,  әңгiме, өлең жазған кейбiр панфиловшылардың туындыларын таңдап алсақ.

   Пафиловтың аты шыққанда, оны көрмесе де, халық ақындары, журналистер, жазушылар өлең, мақала жазған. Алтыншы бөлiмге солардың жақсы дегендерiн таңдап, сұрыптасақ. Сонда көлемдi және деректi бiр том кiтап болады.

   Осыны сен, шырағым Митинька, жауапты кiсiлердiң бiрiне кiрiп айтсаң. Бұл өте жоспарлы әрi дап-дайын дүние. Баспа бұдан зиян таппайды, қайта пайда  табады. Ол кiтапты жалғыз Қазақстан ғана емес, басқа республикалар да сатып алады.

    Менiңше, бұл томды ,,Қазақстан,, баспасы шығарғаны жөн. Олай деп отырған себебiм, бұл деректi, тарихи құжат. Солай емес пе? Осы мәселенi бiраздан берi ойланып жүрмiн. Осыны сен қолға ал, Митинька.

    Баукең  қабағын жаза, көңiлдене:

    -Бұл жоспарды жүзеге асырсақ, шәкiрттiк парызымыздың бiр парасын жүзеге асырар едiк,- дедi еңсесiн көтере, айбындана қарап.

Жалғасы бар, осында