МЕН-ХАЛҚЫМНЫҢ БАУЫРЖАНЫМЫН

МЕН-ХАЛҚЫМНЫҢ БАУЫРЖАНЫМЫН

Белгілі жазушы Қалдыбай Мамытбектің "МЕН-ХАЛҚЫМНЫҢ БАУЫРЖАНЫМЫН" атты кітабынан үзінділер жалғасы, басы осында 

                                           БІЛІМДІ КҮРЕСКЕР

     -Сен түсiнiп тыңда!- дедi Баукең бұйыра сөйлеп.-Бала кезiм. Ауылға уәкiлдер келiп жатады, кетiп жатады. Олар наганын әдейi көрсетiп, тағып жүретiн. Орысша бiлмесе де ,,черт возьми,, деген сөздi жиi қолданатын.

   Ең мықты уәкiлдiң мықынында алты атары болатын.

   -Ойбай, ең үлкен құдай осы екен,- деп бүкiл ауыл қол қусырып, қарсы алады. Ол төрде шiренiп отырып, тамаққа тойған соң:

    -Қойныма қыз, келiншек сал,- деп шатақ шығарады.

    Ол кезде той-жиында қыз бен жiгiт айтысатын. Сонда алты атарым бар деп елге зорлық көрсеткен Серкебай мен ауылдың атқамiнерi Бопалайды өлеңге қосып:

-Бiздiң елде Серкебай,

                                              Одан үлкен Бопалай. 

                                             Аспаса бұлар кем түспес,

                                            Сұм патшадан Николай,- деп әйелдер айтыста еңiреп отырып, мұңын шағатын.

         Соны естiген Жамбыл уездiк партия комитетiнiң хатшысы Сыдық Абылановтың аулымызға кеп, жиналыс өткiзгенiн, әлгi зорлықшыларды елдiң көзiнше әшкерелеп, орындарынан алғанын ешқашан ұмытқан емеспiн. Бала болсам да үлкендермен бiрге қол шапалақтап, жүрегiм жарыла қуанғаным есiмде.

        Әулиеатадағы /қазiргi Тараз қаласы/ интернатта оқып жүргенiмде орталық алаңда жиналыс өттi. Соған сақалды орыс мұғалiм бiздi де ертiп барды. Сонда Сыдық Абыланов орысша сөз сөйледi.

         Ол кезде орыс тiлiн шала-шарпы бiлетiн кезiм. Көп сөзiне түсiнгенiм жоқ.

         -Ана кiсi орысша жақсы сөйлеп тұр ма?- деп сұрап едiм, сақалды мұғалiм бас бармағын көрсетiп:

         -Орыстардан жақсы сөйлеп тұр,- дедi. Кiшкентай болсам да, ұлттық мақтаныш сезiмiм бар екен, кеудемдi кере көтерiлiп қалдым.

          Сыдық Абылановқа күнi бүгiнге дейiн ризамын. Ол кiсiнiң мен байқаған бұдан да өзге бiр адамгершiлiгi- Көлбастауда 1- Май мерекесiн өткiзiп, барлық адам бақытты болады деп сөйлегенi де күнi бүгiнгiдей көз алдымда.

         Екiншi үлкен адамгершiлiгi- адам таңдай бiлетiн кiсi екен. Жиналыс бiткен соң:

          -Момеке, сiздiң шаңырағыңыздан дәм татқым келедi,- деп басқа жаққа  мойын бұрмастан бiздiң үйде қонақ болды. Ауылда асқан бай, бие түгiлi түйе соятындар бар едi. Оларға бармады. Қазiр таразыласам, бұл ойланған нәрсе екен.

         Үшiншi адамгершiлiгi- ауылға әдiлет, теңдiк орнатып қана қоймай, орыстар мен қазақтарды достастырып кеттi.

         Өзi елуден асқан, орта бойлы, жұқа өңдi, сиректеу қара шашты, қара мұртты, қыр мұрынды, қасқа кiсi едi. Ол кiсiнiң аузынан мен тұңғыш рет ,,бақытты  деп ерiктi адамды ғана айтамыз,, деген сөздi  есiттiм. Оның көкпар тартуға рұқсат етiп, дiни әдеп деп шошына қарамай, бiздiң үйде дастарқанға бата жасағанын да, ойлы, мұңды жанарын да ұмытқаным жоқ. Кейiн бiлдiм, ол бiздiң өңiрдегi абақтыға түсiп, Сiбiрде айдауда болған тұңғыш бiлiмдi күрескер екен…

МЕН ШЫНДЫҚТЫ СҮЙЕМ

 

    -Аңызақ жел өтiнде жүргендей өңiң қарайып кетiптi ғой.

    -Оныңыз рас, ауылымда бiр апта болып келiп едiм.

    -Е, солай де. Жарайды, сөзiмдi бөлме. Осында бiздiң бiр жiгiтiмiз/ аты-жөнiн айтпаймын/ өзiн әскери тәуiр жазушымын деп есептейдi. Ал шындығында олай емес. Ол майданда бар-жоғы  байланысшы болған. Құпия пакеттi  анда жеткiз, мұнда жеткiз деген бұйрықты орындағынды ғана бiлген. Алдыңғы шепте жаумен бетпе-бет соғысқан емес. Оның қандай екенiнен хабары жоқ. Сөйте тұра соғыс жөнiнде кiтап жазады. Тiптi соғыстың стратегиясын талдамақ та болады. Мен Жоғары әскери академияны бiтiргем, әскери академияда бес жыл сабақ бергем, дивизия командирiмiн, профессормын. Бiрақ мен соғыс стратегиясы туралы сөз айтуға батылсызданам.

    Жақында ,,Жұлдыз,, журналында әлгi жiгiтiмiздiң повесi жарияланды. Н. қыстағында қиян-кескi ұрыс болды. Полк командирi Иванов дейтiн ақымақ немiстердi қуып шығу үшiн бiр топ солдатты әлгi қыстаққа жұмсайды. Олардың iшiнде жазушымыздың кейiпкерi де болады. Олар жауға жақын жердегi сарайды паналайды.

    Қыс айы. Айнала аппақ қар. Иванов  солдаттарымызға көмектесу үшiн және жауды қыстақтан түрiп айдап шығу үшiн тағы да жүз жауынгердi жұмсайды. Оларға орманмен емес, тiке ашық алаңмен баруды бұйырады. Иттiң баласы-ау деймiн кейде есiме түссе, сәл ойланса болмай ма? Көрер көзге солдаттарды өлiмге айдағаны несi?

   Жау ақымақ емес қой. Ашық алаңмен шұбырып келе жатқан бiздiң солдаттарды алыстан көрiп тұрып, жақындай бергенде пулеметтен оқ боратып, бiрiн қалдырмай қырып салады.

   -Е, бұл осылай болды. Ендi сендер ешқайда қашып құтыла алмайсыңдар,- деп немiстер аспай-саспай кейiпкерiмiз жасырынған сарайды атқылайды. Кейiпкерiмiз серiктерiмен шөптiң қалқасына жасырынып алып, берiспей атысады. Бiр ұтымдысы- оқ шөптен өтпейдi екен. Мұны сезген немiстер жанғыш снарядпен сарайды өртейдi.

   Осы кез кейiпкерiмiз өрт iшiнен атылып шығып, жақындап қалған немiстерге оқ боратады. Үстi-басы лаулап жанып жатыр. Жараланып, жерге құлайды. Оған да қарамайды. Өрттен ұзап кетпек боп қар бетiмен еңбектей кейiн шегiнедi. Оң қолында қаруы, сол қолында өрт шалмасын деп жоғары ұстаған партбилетi. Шамамен жүз, жүз елу метрдей жерге келгенiнде мәңгiге көз жұмады.

   Бұл, бiлгенге, суреттей алғанға, үлкен оқиға. Өзi өртенiп, оқ тигенiне қарамастан партбилетiн сақтап қалуды ойлап, оны сол қолымен жоғары көтерiп көз жұму- үлкен саналылық! Бұл қиын сәтте де өзiн өзi билеушiлiк, ақылын үрейге жеңдiрмеушiлiк!

   Кейiн бiз шабуылға шығып, немiстерден қыстақты босаттық. Ерлiкпен өлiп жатқан әлгi жауынгердi сонда көрдiм. Үстi-басы өртке күйiп, өлiп жатыр. Өңi кiсi танымастай. Алға созған сол қолының тұсындағы қардың үстiнен жартысы жанған партбилетiн таптық. Сол арқылы оның кiм екенiн бiлдiк.

    Бұл, қарағым, өте терең ойландыратын тақырып. Осы туралы жазушы жiгiтiмiз повесть жазыпты. Ол, көңлiңе келсе де айтайын, жағдайды зерттеп бiлмей, әсiресе жоғарыда мен айтқан полк командирi Иванов қателiктерiн көрсетпей, жеңiл-желпi жазған. Оқып шығып қатты ренжiп қалдым.

    Бiр кезде әлгi жазушымызға ,,тiлi қандай жақсы?!,, деп тамсанып, кәдiмгiдей қызығушылар бар едi. Обалы не керек, оның тiлi бай, маған ұнайды. Бiрақ мен, шырағым, шығармаға ең бастысы- шындық қажет, ал тiл көмекшi құрал деп бiлем. Шындығы жоқ, құр жылтыраған қызыл сөзден не пайда? Амал нешiк, осыны көбiмiз әлi күнге түсiнбей келемiз.

   Тағы бiр жазушымыз да өзiн соғыста болдым деп санайды. Оның әскери журналист екенi рас. Төрт жыл дивизиялық әскери газетте iстедi. Бiрақ соғыс шындығын бiлмейдi, жаралылардан естiгенiне ғана сүйенiп жазады. Ал жаралылар жаны ауырып жатып қай бiр жөндi шешiле қояды дейсiң?! Ботқаның қайнаған жерiнде болмай, оны қалай пiскенiн бiлем деу қиын.

   Тағы бiр жолдасымыз алдыңғы шептi бiр рет көрмей елге қайтты. Мархұм Мәлiк жақсы аудармашы керек деп оны Алматыдан Берлинге шақыртып алды. Бұл күнi ол да:

   -Мен Берлинге дейiн барғам!- деп қояды. Барғандарына ешкiмнiң таласы жоқ, бiрақ қиян-кескi қан төгiстiң қандай екенiн бiлмей тұрып, бiлем дегендерiне күлкiң келедi. Мұны айтқанда, қарағым, әлгi кiсiлердi кемiтейiн деп отырғаным жоқ. Ондай мiнез менде болған емес. Мен шындықты сүйемiн, ал шындық осылай…

 

СЕНДЕР ОЙЛАНСА ЕКЕН ДЕЙМІН…

 

     -Сұрағың бар ма?

     -Көзге көрiнбейтiн кедергiлердi қалай жеңуге болады?

     Баукең кiлт өзгерiп, шамдана тiл қатты.

     -Көкiрек көзi барлар ,,көрiнбейтiндi,, де көредi, көруге тиiс! Оған ,,кедергiлер,, қорқынышты емес. Өмiрiңнiң мақсаты не? Өмiрден саған не керек? Бұл терең сұрақ, қарағым. Бұған жауапты әркiм етек жауып, ес бiлген күннен iздейдi.  Өмiрдi дұрыс, сергек, өкiнбестей, азаматқа тән iзденiспен, адамгершiлiкпен сүруге ұмтылуың керек.

    -Бiреулер жас болу -оңай, бiреулер -қиын дейдi. Сiз бұған қалай қарайсыз?

    -Алдына айқын мақсат қойып, саналы тер төге бiлгендер үшiн жас болу- оңай, ал айқын мақсаты жоқ, жан аяр жалқаулар, жылпостар үшiн -қиын.

    Әкем жарықтық:,,Жиырмабестегi жiгiт бұйырмаған нәсiптi тартып алады,, , бiрақ бұрынғылардың:

,,-Мықты болсаң,  жердей бол,

                          Бәрiн төзiп көтерген.

                          Таза болсаң, судай бол,

                          Бәрiн жуып кетiрген,,- деген де сөзi бар,- деп отыратын.   

    Баукең  тұнжырай үнсiз қалып, темекi тұтатып тартты. Көк түтiндi  будақтата отырып,  сөзiн жалғады.

   -Кеше бiр жiгiт келдi. Аты-жөнi қазiр есiмде жоқ. Төрге шығарып, тамақ берiп, әңгiмелесiп отырдық. Кандидаттық диссертация жазуға менiң шығармаларымды нысана етiп алыпты.

   -Диссертацияңның тақырыбы жоспарға ендi ме?

   -Ендi.

   -Е, дұрыс болыпты.. Маған келгендегi ойың қалай, қарағым?

Жоспарың бар ма?

   -Бар.

   -Е, бар болса көрсет.

   -Алып келген жоқ едiм.

   -Онда неге келдiң?

   Портфелiн ашып:

   -Бiр жазғандарымды оқып берейiн деп едiм,- дедi.

   -Жоқ, оқымайсың, тыңдамаймын. Жоспарыңды көрсетсең, ойыңды бiлсем, саған жәрдемшi болар едiм,- деп өзiн қатты сөктiм. Байғұс, обалы не керек, шыдап отырды. Ары байқап, берi байқап көрдiм, жаман жiгiт емес, тек әлi пiспеген, шикi.

   -Жетекшiң кiм?

   Аты-жөнiн айтып едi, мен танымайды екем.

   -Келгелi берi байқап отырмын, өз пайдаңды бiлмейтiн ақымақ жiгiт екенсiң!- Көзi алақандай боп кеттi.

   -Бауыржан Момышұлы аспаннан түскен жоқ. Ол әулие де емес, бар-жоғы қазақтың қарапайым ұлдарының бiреуi ғана. Лауреат-сауреат болды деп менiң шығармаларымды таңдап алыпсың. Хм… Тапқан екенсiң өтiмдi тақырыпты! Сенi ақымақ деуге негiзiм осы. Тақырыбыңды ,,Бауыржан Момышұлының шығармалары,, деп алсаң, ұтыласың. Оны ,,Қазақ әдебиетi Ұлы Отан соғысы жылдарында,, деп қойғын. Кiрiспесiнде патриотизм дегендi қазақтардың атамзаманнан қалай түсiнгенiне тоқталасың. Қобыланды, Алпамыс, тағы басқа батырларды бiлесiң ғой, шырағым. Бiздiң қазақтың патриоттық сезiмi, оның әдеби бейнесi, ел намысы-ер намысы атамзаманнан келе жатыр деп бастағын. Соған, сөз жоқ, көңiл бөл. Бiздiң Совет өкiметiн орнатқан Амангелдi Иманов,  Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфуллин, Тоқаш Бокин дейтiн, тағы басқа  кiсiлер бар. Солардың ерлiгiне тоқтал. Қазақтардың Ұлы Отан соғысындағы ерлiгi бала кезден соларды оқып, үлгi алғандығынан. Аспаннан түскенiм жоқ дегенiм де сол.

   Тесiле қарап:

   -Бауке, мынауыңыз дұрыс,- дедi.

   -Тыңдай бiлмейтiн оңбаған жiгiт екенсiң!- деп айқайладым.- Бауыржан Момышұлының творчествосы дегендi бiр өзегi ғана етiп алып кет. Аналарсыз мен өзекке жарамаймын. Жұрттан бөлiп менi әулие, пайғамбар iстемекпiсiң?

   Ол жымиып күлдi.

   -Неге күлесiң?! Одан кейiн қортынды дейтiн болады. Қортындыңның атын ,,Дәстүр жалғасы,, дегiн. Ерлiк жоғарыдағы батырларымызбен бiтiп қалған жоқ, ол ұрпақтан ұрпаққа мирас болып, бүгiнгi еңбек майданында да жалғасып отыр деп дәлелдейсiң. Ұмытып барады екем, кiрiспеңде де, қортындыңда да  Махамбет Өтемiсов, Абай Құнанбаев, Жамбыл, Ғабит, Тахауи, Әбдiжәмiл, Жұмағали, Қасым Аманжолов, Әбу Сәрсенбаев, Мақан Жұмағұлов, Қасым Қайсенов, тағы басқа  жұртты ерлiкке баулыған ақын-жазушылардың да есiмдерi есiңнен шықпасын. Түсiнiп отырсың ба? Сонда сенiң тақырыбың көлемдi, мазмұнды болады.

   Қайталап айтамын, менi тақырыбыңның бiр өзегi ғана iсте. Өзектiң тамыры, бұтағы бар. Тамырсыз, бұтақсыз өзек түкке жарамайды,- деп едiм, қуанған түр танытып:

   -Бауке, мынауыңыз дұрыс,- дедi.

   -Жетекшiң жоспарыңды оқып, пiкiр бiлдiрдi ме?

   -Жоқ.

   -Көңлiңе келсе де айтайын, менiңше, сенiң жетекшiң ақымақ жiгiт. Сен өзiң де ақымақсың. Мен саған жетекшi, не кеңесшi бола алмаймын. Бұл маған жөн емес, тәртiптерiңнен де хабарым жоқ. Осында сен ақылдасатын екi кiсi бар. Олармен таныссың ба, таныс емессiң бе, бiлмеймiн. Бiреуi Мекемтас Мырзахметов дейтiн жiгiт, ғылым кандидаты. Екiншiсi, Қазақ мемлекеттiк университетiнiң журналистика факультетiнде iстейдi, аты есiмде жоқ, фамилиясы Қалдыбаев.

   Солармен жолығамын десең, ол екеуi де менiң кейбiр сырларымды бiледi. Ол екеуiн де саған кеңесшi болуға жарайтын жiгiттер деп ойлаймын.

   Бауыржан Момышұлы! Ехе-хе. Немене Бауыржан Момышұлынан басқалар соғыс тақырыбына жазбап па? Жамбылдың ,,Ленинградтық өренiмiн,, , Нұрпейiс Байғаниннiң поэмаларын, Қасым Аманжоловтың отты өлеңдерiн, Баубек Бұлқышевтың отты ойларын қайда жасырмақсың? Оларды ескермесең, сен оңбайсың!

   Соғыс жылдарында халық ақындарының айтысы өттi.  Онда патриотизм сезiмi жырланды. Оның стенограммасы бар.

   Әрине, бәрi сақталған жоқ, сақталса да табыла бермеуi мүмкiн, солдаттар майданнан үйiне хат жазды, үйi майданға хат жазды. Ол хаттардың әдеби жетiстiгiн мен бiлмеймiн, бiрақ та патриоттық жетiстiгi жоғары. Сол хаттар қолға түссе, iздеп, оларды тапсаң, патриоттық сезiмнiң дариясына жолығар едiң. Бұл сен үшiн үлкен материал. Тақырыбыңды ,,Қазақ әдебиетi Ұлы Отан соғысы жылдарында,, деп өзгерт дегенiмнiң мәнiсi осы.

   Әрiберiден кейiн хаттар да -әдебиет. Олар өз мезгiлiмен жазылған. Осы күнде ондай хаттарды ешкiм жазбайды, жазуы да мүмкiн емес. Осыларды жетекшiңе айтып барғын.

   -Иә, айтып барамын.

   -Айтып барсаң, жетекшiң ақымақ екен дегенiмдi де жасырмағын. Ақылы болса, түсiнер, ақымақ болса, ,,ойбай, Баукең өстiптi, жетекшiлiк етпеймiн,, десе, өз обалы өзiне. Шырағым, мен сенi шақырғам жоқ, өзiң келдiң. Айтарым осы. Ой-пiкiрлерiмнiң қайсысы ұнап, қайсысы ұнамай отырғанын өзiң бiлесiң.

   Баукең маған ұзақ барлай қарап:

   -Өзi кандидат-пандидат боламын дейтiн бiреу көрiнедi,- дедi

көңiлсiздеу.- Менiңше, тереңдiгi шамалы. Мүмкiн мен қателесiп отырған болармын, мүмкiн бiлiмдi, жақсы жiгiт шығар. Менен қысылып, ашылмауы да ғажап емес. Әйтсе де iзденiзсiз көздеген мақсатқа жету қиын.

   Баукең ұзақ ойға шомып:

   -Сен Бақытжанды бiлесiң ғой?- дедi.

   -Бiлем.

   -Қазiр жазып, аударып жүр. Жалғыз перзентiм ғой. Әкелiк тiлегiм, өсе берсiн, көп жасасын. Бiрақ та оған көңілiм толмайды. Неге деп сұрасаңшы?

   -Неге?

   -Қоғамдық қарым-қатынассыз, қоғамдық түйсiк-түсiнiксiз талант гүл ашып, жемiс бермейдi. Бұл бiр. Екiншiден, талант қоғамға пайдалы болған кезде ғана талант!

   Бұл сөздердi Баукең барынша ширыға айтты.

   -Ол материалдық қарым-қатынасты емес, рухани қарым-қатынасты қажет етедi! Түсiндiң бе?

   -Түсiндiм.

-Бақытжанда табиғат берген талант бар. Бiлiмi де жетерлiк. Бiрақ та оның қоғамдық қарым-қатынасы, түйсiк- түсiнiгi шектеулi. Олай дейтiнiм, ол өмiрдi бөлмесiнде отырып зерттегiсi келедi.

   Әй, шырағым, бөлме қанша метр? Ал талантқа кең құлаш, яғни мыңдаған шақырым аздық етедi. Бұл жағынан сенiң де халiң мүшкiл. Өз баламды аямағанда басқаны аяймын ба?

    Баукең тұнжырай қабақ шытып:

    -Мұны неге айтып отырсың, мылжың шал,- деп маған сұрақ қойсаңшы! - дедi бұйырып.

    -Мұны неге айтып отырсыз?

    -Мұны айтудағы себебiм, сендер ойланса екен деймiн…

 

АТА-АНАЛЫҚ ПАРЫЗ

 

    Есiк ашқан жеңгей:

    -Кел, қарағым,- деп күлiмдей қарсы алды. Баукең төсегiнде көйлекшең терiс қарап жатыр екен. Сәлемiмдi қинала алды. Өңi жүдеу, жақ сүйектерi еттен арылып, көзiнiң алды қатпарлана түскен.

    -Кешелi берi ойланып жатырмын,- дедi амандық сұрасқан соң.- Әнеукүнi туысымның әйелi, ұлы келiп, отбасының шатағы туралы жағымсыз хабар айтып кеттi. Шынымды айтсам дегенге түсiнесiң бе,  мұндай келiс қартайған шағымда маған оңай тиiп жатқан жоқ. Мен ауру, қарт кiсiмiн. Тағы әлгiлерге бөтен емеспiн ғой. Жоқ, бөтенмiн бе?

   -Бөтен емессiз.

   -Кеше туыс iнiмнiң өзi келдi.,,Сендердiң араларыңдағы шатақты мен уақытша түсiнбеушiлiк деп бiлем. Ерiк бере берсең, уақытша түсiнбеушiлiк көбейiп, асқынып кетедi. Әнеукүнi келiнге:,,Қызым, ойлан, сенi туысыма мен қосқаным жоқ. Екеуiң ынтымақтасып тұрғаныңда қуаныш еткенiм рас, ал ендi қартайған шағымда ырың-жырыңдарыңды есту маған ауыр,,,- дедiм. Ол, байқауымша, ақымақ емес, түсiнедi.

    Туысым үндемедi.

    -Жақтырсаң да, жақтырмасаң да айтарым, жасөспiрiм балалар оқта-текте бүлдiредi. Ондайға төзген мақұл. Ұлың:

    -Он до того обнаглел,- дедi ренжiп. Неге деп сұрағаным жоқ. Сұрасам, бар жиркенiштi сөздердi айтпақ. Ол 15-16-дағы жасөспiрiм жiгiт қой.

    ,,Өзiнiң үйiнен қашып, достарының үйiнде сандалып жүр,, деген сөз саған жараспайды. Жасың, шүкiр, елуге қарай кеттi. Сенiң тарапыңнан келiндi шошытып, ызаландыратын жаман қылық болуы да мүмкiн. Ойлан. Келiннiң де, балаларыңның да, сенiң де ашулануың орынды. Бiрақ та үйдiң бас иесi сенсiң. ,,Муж и жена-одна сатана,, деген. Екеуiңнiң екi жақта жүргендерiң өте қайғылы. Мне это очень неприятно. Келiнмен ажырассаң, саған қатын табылмайды деп отырған мен жоқпын, шырағым.

   Өзiң облыстық көлемдегi iрi қызметкерсiң. Мен зейнеткер шалмын. Сен түгiлi сексенге бара жатқан маған да қатын табалады. Бұл сөзiмнiң астарына дұрыс түсiн.

   …Әрине, сенiң тағдырыңды мен шешпеймiн. Ұлыңның шешесi келiн, әкесi сен боласың. Жасөспiрiмнiң жаңсақ қадамына ерiк берiп, ат құйрығын кесiсу сендерге жараспайды. Ұлыңның мiнез-құлқын мен уақытша құбылыс деп бiлемiн. Рас, ауыр, бiрақ ол уақытша құбылыс.

   Ұлың бiраз жылдан соң үйленер, балалары болар, сондықтан сендер ат құйрығын кесе алмайсыңдар. Сен әкесi, ол анасы ретiнде қарым-қатынасты үзе алмайсыңдар. Бұл табиғи заңдылық, бұл табиғат, адамгершiлiк жүктеген мiндет. Менiң ойымша, ол мiндеттен екеуiң өлгендерiңше құтыла алмайсыңдар.

,,Батырлық, байлық кiмде жоқ,

                         Ғашықтың жөнi бiр басқа,, ,-деген жастан сендер әлдеқашан өткенсiңдер. Менi дұрыс түсiн, қарағым, қатын-баланы төбеге шығара беру деген де азамат бойына жараспайтын қылық. Оларды төбеге шығаруға да, табанға салуға да болмайды. Қысқасын айтқанда, ағайынды үшеуiң бас қосыңдар. Бас қосқанда туған-туысқанды жолатпаңдар. Үшеуiң оңаша отырып:,, Гәп осылай, көзi тiрi үш ағайындымыз. Менiң жасым қырықтан асып, елуге кетiп барады. Сiздер де жас емессiздер. Пәленшенiң балалары ырың-жырың боп кеттi деген сөздiң шет-жағасы шығып жатқан шығар. Мына ағайын-туысқандардың, жекжат-жұраттың арасында да  әртүрлi сөздер айтатындар бар. Бұдан ары не iстеймiз? Кiм болса, соның сөзiне ере беремiз бе? Иығымызда өз басымыз бар емес пе? Бiреуiмiз ананың тiлiн, бiреуiмiз мынаның тiлiн ала берсек, бiзден не қалады?,,- деп ақылдасыңдар. Менiң берер кеңесiм осы. Оны тыңдау, тыңдамау өз ерiктерiңде.

   Егер екеуiң ажыраса қалсаң, оның бетi аулақ, келiннiң ,,байдан шыққан қатын,, деген қосымша аты болады. Это не хорошая кличка. Ал сенiң ,, бала-шағасы мен әйелiн зарлатып тастап кеткен,, деген атың болады. Оны басқалар бередi. Туыс ағаңмын ғой, сол берген атқа мен де қосыламын...

   Сөздiң қысқасы, қарағым, сендердiң араларыңда не болғанын бiлмеймiн, бiлгiм де келмейдi. Екеуiңнiң де қателiктерiң болуы мүмкiн, ақылдасып шешiңдер.

   -Не iстеуiмiз керек? Сен қыз емессiң, мен қылшылдаған жiгiт емеспiн. Жаманды-жақсылы балалар бар. Екеумiздiң де қоғамдық жағдайымыз жаман емес. Қызмет жағынан артта қалып келе жатқан жоқпыз. Жаманды-жақсылы мен облыстағы бас маманның бiрiмiн, сен жаманды-жақсылы бiр мектептiң мұғалiмiсiң,- деп ешқандай қызбалықсыз ақылдасыңдар. Бiр жақсы қортындыға келулерiңе мен тiлектеспiн.

   Ашудың аты ашу, әйелдiң аты әйел. Адамгершiлiкпен шүйiркелесiп сөйлес. Келiннiң ашуы тарқар.

   -Жоқ, көке, оттамағын, алжығансыз, басқа қатын аламын десең, өзiң бiл. Ал мен басқа қатын ал деп айта алмаймын, оған аузым да бармайды.

   Баукең маған қинала, қабағын түйе қарап:

   -Туыс iнiме:,,Келiн келiп кеткелi, сен келгелi ойланып жатырмын. Ойланғандағы менiң айтарым осы дедiм,, ,- деп ауыр күрсiндi.- Сен осыдан келiнге жолығасың. ,,Көкемде болдым. Ол кiсiнiң ойы осылай. Сенi де, менi де жазғырып отырған жоқ. Ырың-жырыңды қояйық, бала-шаға, туған-туысқанға, тiптi Алматыда ауырып жатқан шалға да мұнымыз ауыр. Шал бiздiң iшкi жұмысымызға араласпайды, бiрақ өзiнше қайғырады екен дегiн. Осындай ашық әңгiмеден кейiн араларың түзелсе, келiсiмге келсеңдер жақсы.

   Қарағым, кiсi үйiнде, қонақта қанша сый-сияпат, жақсылық көрсең де  ,,өз үйiң- өлең төсегiңе ,,жетпейдi. Тiлiмдi алсаң, ,,өз үйiң-өлең төсегiңдi,, бұзбағын. Бұдан артық ешнәрсе айта алмаймын.

   Туыс iнiм үйiмнен ләм-мим демей аттанды. Шамамда, келiннен көңілi қатты қалған тәрiздi …

   Баукең қайта күрсiндi. Ойлы жанарынан қайғы-қасiрет, мұң табын көрiп, iштей аяп кеттiм. Бiрақ бiрдеңе деп жұбатуға батпадым.

    Баукең төсегiне жантая жатып, ойға батты. Ұзақ үнсiздiктен соң:

    -Қарағым, отбасы- күрделi қоғам, ол тағы әртүрлi,- дедi түзеле отырып.- Оның әртүрлi болатыны ата-анаға, бала-шағаға байланысты. Кейде әйелiң, кейде балаң тiлiңдi алмайды. Маған, не өзiңе қарашы. Бүгiн келiнмен татусың, ертең аразсың. Бiр күнi балаң жағып қалса, бiр күнi жақпай қалады.

   Баукең басын шайқады.

   -Үйдi ұстай бiлу оңай емес. Егер ерi мен әйелiнiң ынтымағы жарасса, өз алдына, екеуiнiң арасы ырың-жырың болса, үйдiң қып-қызыл берекесi кетедi. Онда оны ешқандай заң, қарым-қатынас, ақыл-кеңес ұстап тұра алмайды.

   Отбасында өте ақымақ, өте терең екi қарама-қарсылық бар. Бiрiншi қарама-қарсылық- ,,мен еркекпiн!,, деп шыға келушiлiк. Бұл, жасыратыны жоқ, бiздiң қазақ жастарының арасында көп. Бұл-нағыз ақымақтық!  Екiншi қарама-қарсылық- әйелi ,,мен анамын!,, деп кеудесiн кередi. Сонда балалардың жазығы не? Олардың ақыл-есi әлi толыспаған ғой. Кiшкене кезiнде әке, апа деп, көп нәрсеге түсiнбейдi. Өскен соң олардың да талап-тiлегi, көзқарасы өзгередi.

   Отбасын ұстай бiлу, әсiресе, қартайған кезiңде қиын екен. Әйелiңнiң де, балаларыңның да көңлiне тие алмайсың. Әжең болса, тiптен үндемейсiң.

   Менiң зейнетақым, қаламақым бар. Бәрiн қоссаң, айына үйге 300-400 сом кiредi. Бұл көп ақша емес пе? Бiрақ, сен, сен бе, сол бiрде жетiп, бiрде жетпей қалады. Келiм-кетiмiм бар, оларды үйден құрауыз аттандыра алмаймын.

   Үлкен қызым Ақан-ақылды, жақсы қыз. Өте ұстамды, әдептi. Ақша жете ме, жетпей ме деп ойлана бiледi. Ал кiшкене қызым әлi жас. Ай-шай жоқ:

   -Әке, ақша керек,- дейдi.

   Баукең көзiн уқалап, тiп-тiк бұрыл шашын кейiн қарай жатқыза тарап едi, арыстанның жалындай қайта көтерiлiп шыға келдi.

   -Аналардың киiмi бар, менде жоқ десе не дейсiң? Өзiмiз аш, жалаңаш болсақ та, сен iш, сен ки дейсiң.

   -Бүгiн пәлен жерде той-думан бар едi, соған бес жүз сомнан жинап едiк, бес жүз сом бер,- десе, бересiң. Тағы бұлардың кесiрi пәленнiң, түгеннiң баласымын деп киiм жағынан жарысады екен.- Баукең мысқылдай күлдi.-Бiлiм жағынан жарысса, сөз басқа ғой.

   Бұл күшiктердi туғызбау керек екен, туғызған соң асырау, тәрбиелеу керек екен. Мұның бәрi, қарағым, ата-аналық парыз.

 

АЛДАМШЫ ТІРЛІК

 

    Әңгiме тақырыбы күтпеген жерден өнер саласына ауысты.

   -Бұдан бiраз уақыт бұрын бiр,,классик,, жолдасымның қатыны:,,Сенiң шалың пленумда менiң шалымның беделiн түсiрiп, абыройына нұқсан келтiрiптi. Қазiр үйде тамақ iшпей, өкпелеп отыр,,- деп телефон шалып, добалдай жеңгеңе мұң шақты. Сондағы таққан кiнәсi, мен сөзiмде әлгi ,,классик,, жолдасымның атын атап, мақтамаппын.

   Ол да пленумда менен бұрын бiр сағаттай сөз сөйлеген едi. Сонда ол менiң де атымды атаған жоқ. Оған мен неге өкпелемеймiн?

   Баукең басын шайқап, қынжыла езу тартты.

   -Бiзде көпiртiп мақтау, өлтiрiп сынау өршiп барады. Мейлi мақтай ғой, мейлi сынап-мiней ғой, оған қарсы емеспiн. Бiрақ екеуiнiң де шегi бар емес пе? Оқырмандар шегiнен асып кеткен дүниеге сенбейдi. Тағы да мақтауыңның да, жамандауыңның да себебiн ашуың қажет. Себепсiз ештеңе жоқ. Неге солай болғанын дәлелдеуiң керек.

    Сен не туралы жазсаң да, өзiң туралы жазасың. Ананы жаздым дегенiң бос сөз. Сол себептi оқырман мынау жаман,  мынау жақсы, тiлi көркем деген баға берсе- шындық. Бұл айтылғанға терең түсiнбеген жазушы өз сырын өзi ашады. Сырдың да жақсы, жаманы болады.

    Оқырман-сыншы. Ол авторды сынап отырып оқиды. Халықтың, тарихтың, оқырманның бiр жақсы жерi- өз сырын өзi ашқандарға төрiнен орын бермейдi. Оттапты дейдi де қояды. Жасыратыны жоқ, бiзде бұған мән бермей, мән берсе де жете түсiнбей өз сырын өзi ашып жүрген жазушылар аз емес. Кейбiреулер менiң ,,классик,, жолдасым тәрiздi бiреудiң жақсы атымен өзiнiң жақсы атын шығарғысы келедi. Бұл-алдамшы тiрлiк…

 

Жалғасы бар, осында