МЕН-ХАЛҚЫМНЫҢ БАУЫРЖАНЫМЫН

МЕН-ХАЛҚЫМНЫҢ БАУЫРЖАНЫМЫН

Белгілі жазушы Қалдыбай Мамытбектің "МЕН-ХАЛҚЫМНЫҢ БАУЫРЖАНЫМЫН" атты кітабынан үзінділер жалғасы, басы осында

 

ӘДІЛІН АЙТЫП ОТЫРМЫН

 

    -Алматыда не жаңалық бар?

    -Айтарлық жаңалық жоқ.

    -Сен нашар журналист екенсiң, Солай ма?

    -Ие.

    Бауыржан аға аздап күлiмсiредi.

    -Неге ие? Жақсы журналист болу үшiн елiктегiш, әуесқойлық емес, бiлуге құмарлық керек. Түсiндiң бе?

   -Түсiндiм.

   -Огнев жақсы журналист. Ол қазiр бар ма?

   Мен үндемедiм.

   -Ол анадайдан көрiнгеннен ,,ана жерде анандай болып жатыр, мына жерде мынандай болып жатыр. Ондай да мұндай, та-та деп сөйлегенде, құдай салмасын, есiңдi жия алмай қаласың. Бiр вагон өсек тасып жүредi. Мен оған кейде ,,Өсекизмнiң анықтама бюросы,, деп әзiлдейтiнмiн.

   Әңгiме тақырыбы күтпеген жерден республикамызда шығатын газет-журналдар төңiрегiнде өрбiдi.

   -Сен ,,Қазақ әдебиетi,, газетiн жаздырып аласың. Мен де жаздырып аламын. Ол -Қазақстан жазушылар одағының органы. Жетiсiнде бiр рет жарық көргендiктен оны ойланып шығаруға уақыт мол. Күнде шығатын болса, онда сөз басқа.

   ,,Қазақ әдебиетi,, деген аты қандай?! Соған құдай бiзге осы уақытқа дейiн бiр ақылды редактор бұйыртпады. Кей кезде аудандық, облыстық газеттен аспайды.

   ,,Литературная газета,, алғашында нашар едi, осы күнде жақсарып барады. Бетi де, таралымы да көбейдi. Бұл орыстардың ойланғаны. Ойланбаса, оқырман көбеймес едi. Соны бiздiң жiгiттер неге байқамайды?

   Соңғы кезде ,,Простор,, журналында қазақ авторларының шығармалары көптеп жарық көре бастады. Бұл бас редактор В. И. Лариннiң дұрыс ойланып, дұрыс бағыт ұстауының жемiсi.

   Бiраз бөгелiп,  сөзiн жалғады.

   -Басқа оқырмандарды бiлмеймiн, шырағым, өзiм ,,Қазақ әдебиетi,, газетiн алғаныммен қарап қана шығамын, оқып шықпаймын. Қарау мен оқудың айырмасы әжептеуiр ғой, ә?

   Мен ,,Қазақ әдебиетiн,, өз қадiрiн өзi бiлмейтiн, өз қадiрiн өзi кетiрiп жүрген газет деп ойлаймын. Әрине, бұл менiң жеке пiкiрiм. Сендер не ойлап жүрсiңдер, бiлмеймiн.

    -Қазақ тiлiнде шығатын газеттердiң iшiнде сiзге қай газет ұнайды?

   -Маған ұнайтын, ұнағанда ойыма ой қосатын, қайратыма қайрат, айбатыма айбат қосатын жалғыз газет ,,Лениншiл жас,,. Оның беттерiнде жастар тағдыры, адам тағдыры ғана емес, қоғам, заман тағдыры өткiр де, батыл, терең де жан-жақты, нәзiк те сұлу сөз болады. Үйренгеннiң айыбы жоқ, басқа газеттерiмiз ,,Лениншiл жастан,, үйренсе деймiн.   ,,Жұлдыз,, журналына да көңлiм толмайды. Оған Шерхан алты ай редактор болған кезде кiшкене түзелiп келе жатыр едi, қайта жартылай саяси журналға айнала бастады.

   Шерхан ,,Жұлдызды,, әдеби журнал деп түсiнiп, аз уақыт болса да әдеби бағыт сiлтедi. Мен оны жақтап емес, әдiлiн айтып отырмын.

 

ҚАРАМАННЫҢ БАСЫНАН КЕШКЕН ҚАНДЫ ОҚИҒАЛАР

 

    -Сұрағың бар ма? Егер болса, бер.

    -Сiздi бiреулер Қараман қарақшымен  дос болды. Ол қарақшы ғой, несiне дос болды? Соған түсiнбеймiз,- дейдi.

    -Мәссаған керек болса?! -Баукең таңдана екi иығын қозғап, екi алақанын жайды.- М…мм…-Бiраз ойланып отырып, қайта сөйледi.-Бiреулер дегенiң дұрыс… Бiреулер не демейдi?- Мысқылдай күлiп, темекi тұтатып тартты.-Қараман дейтiн кiсi менiң түсiнiгiмше, үлкен тақырып. Ол кiсi бiр әңгiме көлемiне сыймайды, повесть көлемiне де сыймауы мүмкiн. Сол себептi оны бiр жолыққанда әңгiмелей қою қиын. Қазiр басын айтып берейiн.

   Баукең оң аяғын көрсеттi.

   -Осы аяғым сол кезде шыққан едi. Ақсап, зордан жүрiп, Сарығаштың шипажайына бардым. Онда  шипажайдың үйлерi тiптен нашар болатын. Бiр үлкен сарайы бар көрiндi /кәдiмгi сарай/. Елу-алпыс адамға ағаштан төсек iстеп қойыпты. Әлгiнiң iшiнде әйелдер бiр бөлек, ерлер бiр бөлек жатады екен. Жеке бөлмелер атымен жоқ. Асханасы да нашар. Осы күнде ғой Сарыағаштың құтырып кеткенi.

   Суы жақсы деген соң барғам. Алғашқы ұйымдастырылған кезi. Ваннасы үй орнындай цементтелген шұңқыр. Екiншi жағында да сондай. Шешiнемiз, қойды тоғытқандай кезекпен жiбередi. Суы жылы. Қырық шақты адам шомыламыз. Әйелдер де солай.

    Ванна-шұңқырға түсемiз де шығамыз. Қайтадан орнымызға барып жатамыз. Кәдiмгi барак. Шипайжайдың төңiрегi жалаңаш, тал-мал жоқ. Осы күнде ғой оның паркке айналғаны.

   Шипажайдың тамағы нашар. Аш кiсiлер не болса, соны жей бередi ғой. Үш жүз, төрт жүз метр жерде аудандық тұтынушылар одағының асханасы бар. Анда-санда соған барып қоямыз. Ешкiммен ешкiмнiң iсi жоқ.

   Тұрған жерiмiз өте нашар. Жаңа айттым ғой, суына бола барғанбыз. Бiр күнi қаңғып, тамақ iшiп қайтайық деп әлгi асханаға кеп отырдық. Қасымда мұрны таңқиған ғалым, фамилиясы кiм едi, құдай-ау?  Ә, Жандеркин бар. Екеумiз қатар жатамыз. Жаман кiсi емес. Өзi Қаракесек екен. Қайын аға деп қоямын. Оның да танысы жоқ.

    Екеумiз жәмпiлдесiп жүрмiз. Менiң аяғым ақсақ, алысқа ұзап шыға алмаймын. Үстiмде костюмiм, шапаным бар. Қолымда таяқ. Сүмiрейiп жүрген кезiм.

    Жандеркин екеумiз сорпа iшiп, әңгiмелесiп отырмыз. Басқа қайда барасың, театр, кино жоқ. Кенет үстiмiзге басында ала тақия, үстiнде көк шапан, белiнде қызыл белбеу, аяғында жылтыр қара мәсi, мәсiсiнiң сыртында азияттық, ұшы үшкiр кебiс, қолында қамшы, сақалы жоқ, мұрты ағарып кеткен, мұрны тәмпиген, көзi өткiр, арық, қап-қара кiсi қоқиланған қоразға ұқсап кiрiп келдi. Онымен бiздiң iсiмiз не?

   Ол iшке енгенде даяшылардың бәрi қол қусырып, алдына кеп тура қалды. Бастығы болар деп ойладық. Бiреуi қозғала берiп едi:

   -Анаңның…- деп өзбекшелеп боқтап салды. Мынау жынды ма деп отырмыз.

   -Райысыңды /бастығыңды/ шақыр, анаңның…- деп тағы боқтап жiбердi. Сәл өтпей:

   -О, Қареке!- деп асхана директоры қолын қусырып, қарсы алдына кеп тұра қалды.

   -Анаңның…- дедi оған да. Өзi жартылай өзбекшелеп, жартылай қазақшалап сөйлейдi екен.- Саниң хаулыңда ба¿адур иатыр икан/ сенiң аулаңда батыр жатыр екен/ Маған неге айтпадың, анаңның?…

   Қамшысын басынан асыра көтердi.

   -Ойбай, Қареке, ол қандай батыр?

   -Бауыржан Момышұлы! Анаңның… Кiмнiң жатқанын бiлмейдi екенсiң ғой…

   Қамшысын тағы жоғары көтердi.

  -Ойбай, Қареке!

  Ол кезде мұртым жоқ. Үстiмде түкке тұрғысыз костюм. Шал ананы ұрмақшы. Мен орнымнан ұшып тұрып:

   -Бауыржан Момышұлы мен болам, ақсақал!- дедiм. Сенер сенбесiн бiлместен, көзiмен ата қарап:

   -О, анаңның…,өтiрiк айтпа!  Атын сатып жүрген бiреу болуың керек. Садағасы кет оның!- деп қамшысын ала жүгiрдi. Серiгiм Жандеркин орнынан ұшып тұрды.

    -Ақсақал, сабыр етiңiз!

    Арық, қара шал қамшысын төмен түсiрдi.

    -Іздегенiңiз Бауыржан Момышұлы болса, ол осы кiсi. Немене сiз ұрғалы келiп пе едiңiз?! Жасыңыз үлкен, бiзге өнеге көрсететiн аға екенсiз. Мұныңыз қалай? Жөн сұраспай жатып, шатақ шығарғаныңыз ұят емес пе?

   Шал оңбай ұялып қалды. Қасындағылар iштерiнен:

   -Е, алжыған неме,- деп тұр.

   Арық, ұзын, қара шал есiн тез жиып алды да, қасыма жақындап:

   -Үкам/ iнiм/, ассалаумағаликум!-дедi иiле.

   -Уаликумсалам, ағатай, жоғары шығыңыз,- дедiм мен  iзет таныта, тегiн кiсi емес екенiн сезiп.

    Шал сұрлана көгерiп, ұялып отырды.

   -Коньяк алдырайын, укам,- деп келе жатыр едi, Жандеркин:

   -Ақсақал, әуре болмаңыз, бiз мұнда емделгелi келгенбiз,- дедi. Оның ол сөзiне риза болып қалдым.

   -Онда шай iшемiз.

   Арық, қара шал әдепсiз iсiне қатты ұялып отырды. Оның ойынша, мен жарқырап киiнiп, жарқылдап отыруым керек екен.

   Әңгiмелесiп, аты-жөнiмiздi бiлiсiп, таныстық.

   -Мен Қараман деген ағаларың боламын.

   -Мына кiсi Жандеркин деген кiсi, атақты Қаз дауысты Қазбек бидiң тұқымы. Өз атасы да би болған,- дедiм.

   Қараман:,,Е, мынау да сау сиырдың боғы емес екен. Қап, жаңа бекер әдепсiздiк iстеппiн,,- , деп қатты қысылып отырды. Сөздiң қысқасы, Қараман жеңiлдi.

   -Ал ендi, қарақтарым, менiң үйiм бұл жерге өте жақын, мына Келестiң ар жағындағы бiрiншi үй. Менi қазақтар Қараман дейдi, шын атым Қа¿арман.

   Батырдың осында жатқанын есiтiп, көрейiн деп келiп едiм. Жаңа кiшкене әдепсiздiк iстеп қойыппын. Оны мойныма алам.

    Өзбекшелеп екi қолын кеудесiне айқастыра отырып:

   -Кешiрiңiздер, кешiрiңiздер,- дедi.

   -Ой, ақсақал, оның айыбы жоқ,- дедi Жандеркин. Мен үндемей отырмын. Қараман ақылды, қу кiсi екен, менiң үндемей отырғанымның себеп-сырын сездi. Тағы бiр ақылдылығы, маған емес, Жандеркинге арнап сөйледi.

    -Қарағым, тектi жердiң баласы екенсiң. Ендiгi екi тiзгiн бiр шылбыр сенiң қолыңда. Үйiм мынау тұрған жер. Жаяу бармайсыңдар, ат жiберем. Бүгiн емес, ертең кешкi сағат бесте батырды ертiп, менiң үйiме келiңдер. Екеуiңдi ғана шақырып отырған жоқпын. Осындағы көңiлi жақын жора-жолдастарың болса, оларды да ертiп келiңдер. Бiздiң үйде қонақ болып, емiн-еркiн отырып қайтыңдар. Менiң тiлегiм осы,- деп оң қолын кеудесiне қойды.

   Жандеркин оңтүстiктiң дәстүрiн бiлмейтiн кiсi болу керек:

   -Оны мен шешпеймiн, мына батырдың өзi айтсын,- демесi бар ма?

   Мен ашуланып қалдым.

   -Екi тiзгiн бiр шылбыр сiздiң қолыңызда дедi ғой. Мен де соны айтамын. Сол себептi жөндеп жауап берiңiз!- деп ұрсып тастадым. Мұныма Қараман қатты риза болды.

    Даяшы өзбек жiгiтi едi.

   -Ей, ұғлым, шайдың ақысына қанша пұл?

   Қараман төлегiсi келдi. Оған Жандеркин тырысып қалды.

    -Қареке, өз шайымызға өзiмiз төлейтiн шамамыз бар, араласпаңыз,- деп тастады. Оның жауабына қатты риза болдым. Қарекең ,,қап, бекер айттым,, деп ұялып қалды.

    -Укаларым/iнiшектерiм/, сендердi ертең үйден күтемiн,- деп аттанып кеттi. Мен барамыз да, бармаймыз да дегем жоқ.

   Ертеңiне мынандай-мынандай /Баукең бас бармағын көрсеттi/ алты атқосшысы бар алты ат келдi. Өңкей арғымақтар. Ер-тоқымы да жақсы.

    -Менiң тамыр-танысым жоқ, сiзде болса, ертiңiз,- дедiм Жандеркинге. Не керек жанымызға төрт жiгiт ертiп, алты атқа мiнiп, алты атқосшылардың қарауылдауымен Қарекеңнiң үйiне бардық. Кемпiрi, балалары, туған-туысқандары қол қусырып қарсы алды. Жақсы үйi бар екен, жерге отырдық.

    Оңтүстiктiң өзбекке жақындығының бiр ерекшелiгi,  қонақты күтуге әйелдi кiргiзбейдi ғой. Басында ала тақиясы бар, өзбектiң халатын киген , алдына алжапқыш ұстаған Қарекең тамақтың бәрiн өзi әкелдi.

    Жандеркин төрде шiренiп отыр. Оның бұл мiнезiне ашуым қозды. Дастарқан жаюлы. Қарекең жүгiрiп жүр. Мұнысы маған ерсi көрiндi. Құдай-ау, бала-шаға, келiн-кепшiгi қайда деймiн? Тым болмаса, iнiлерiнiң бiрiн бөлiп қоймай ма? Әлде мұның мен бiлмейтiн басқа  сыры бар ма?

    Оңтүстiктiң қалай  тамақ беретiнiн бiлесiң ғой. Жегiн, жегiн деп барын алдыңа үйiп қояды, ештеңесiн аямайды. Оңтүстiк дастарқанды келедi. Қазы-қарта өз алдына, маған қол соз, маған ұмтыл дегендей әр түрлi жемiс-жидек көздiң жауын алып, жайнап тұрады. Қонақасысы шайдан басталып, ет, палау тартылған соң қайтадан шаймен бiтедi.

   Мен аузымды ашпай отырмын. Жандеркин аузын ашса, жаба алмайтын, тамақты да тартынбастан, жақсы жейтiн, әңгiмешiл  кiсi екен. Бiр ұнамағаны, ата-бабаларын мақтап, басқаларды кемiтiп сөйлейдi екен.

   Кештi бiтiрiп, далаға шықсақ, есiк алдында бiр көк айғыр ерттеулi тұр.

   -Ал, Әбеке, мынау сiзге кигiзген шапаным,- деп Қарекең өзбектiң ала шапанын Жандеркиннiң иығына жапты.

   -Ихи-хи, рақмет,- деп ол риза болды.

   Ел жиналып қарап тұр. Маған:

   -Батыр, мен сiзге шапан кигiзбеймiн!- дедi Қараман.- Ат мiнгiземiн.

   Көк айғырды ер-тоқымымен көлденең тартып:

   -Мiн!- дедi.- Мәссаған безгелдек. Мен мiндiм. Тiзгiнiн ұстап, үстiнде бiраз отырдым.

   -Қареке, бұл атты мiндiм. Рақмет, бағатын жерiм жоқ. Екеумiздiң атымыз болсын, өзiңiз мiнiп жүре берiңiз,- деп ерден түсiп, тiзгiндi қолына ұстаттым. Сол атты Қарекең он жылдай мiндi, өлген соң басына қойыпты.

    Қарекеңмен осылай танысқам. Сарыағашқа кемiнде бес-алты рет бардым. Бәрiн де ол кiсi үйiне қонақ етiп жүрдi.

    Баукең темекiсiн үстiн-үстiн тартып, ұзақ үнсiз қалды. Мен сөзге араласып:

   -Кейбiреулер Қараманды бұзық дейдi екен,- деп едiм, Баукең мырс етiп күлiп:

   -Сенiң саяси сауатың шамалы көрiнедi,- дедi басын шайқап.-  Өмiрден көрiп, бiлiп түйгенiм бойынша, мынауың дұрыс емес деп қарсы пiкiр айтқандарды, өз көзқарасын, өз iсiн әдiл деп дәлелдегiсi келгендердi, не дәлелдегендердi кейбiреулер ,,бұзық,, дейдi. Әдiлетсiздiкке қарсы күрескендердi де көбiмiз түсiне бiлмеймiз, бағалай бермеймiз. Екi кiсi қастасса да бiрiн бiрi ,,бұзық,, дейдi. Өйткенi өзiмшiл көкiректер өз iсiн дұрыс санайды. Шындыққа жүгiнсек, ,,бұзықтар,, болмаса, әдiлеттiк болмас едi. Солай емес пе?

   -Солай.

   -Қарекеңнiң кiм екенi түсiнiктi болу үшiн кiшкене тарихтан бастайын. Ұлы жүз Ойсыл, Үйсiн деп екiге бөлiнедi. Үлкенi Ойсыл. Оған кiмдер жатады десең, Қаңлы, Сiргелi, Шанышқылы жатады. Кенжесi Шанышқылы. Үшеуi де аға баласы. Қалғандарымыз Үйсiнге жатамыз. Түсiндiң бе?

   -Түсiндiм.

   -Ойсылдар жауынгер халық болған. Олардың көп жердi, көп елдi жаулап алып, хан, патша, қолбасшы атанғандары аз емес. Тiптi өзбектерге, тәжiктерге сiңiп кеткендерi де баршылық. Әрiберiден кейiн Қаңлылар Венгрияда,, таяу шығыста бар. Сол сiңiп кеткендердiң қазақшылық салт-дәстүрдi ұстағандары да кездеседi.

   Ескi тарихқа жүгiнсең, олар туралы үлкен мағлұматтар табасың. Оңтүстiк Қазақстан өлкесiндегi Арыстан бастап, Ташкенттiң айналасының бәрiнде Құрама деген ел бар. Оны олай атау себебi, бабалары өзбектiң де, тәжiктiң де, қырғыздың да қыздарын ала берген көрiнедi. Құрама- Шанышқылының бiр руы. Қараман сол Құрамадан шыққан.  Ол күллi Ташкент губерниясын билеген, әрi бай, әрi жауынгер, атақты датқаның баласы екен. Ұлына ат қойғанда Қа¿арман деп қойыпты.  Кейiннен оны қазақтар Қараман деп кеткен.

    Ташкенттiң бер жағында Келес деген өзен бар. Су малға, жерге керек, сол себептi оның бағасы алтыннан да қымбат. Тағы бұлақ емес, үлкен өзен. Оған кiм таласпайды?

   Жоғарыда айтқан Шанышқылының Құрама руы осы Келес бойын жайлап, ол жерге ешкiмдi жолатпапты. Сондықтан олардың шатақ-матағы толып жатыр.

    Қараман осы Келес бойындағы жер таласында қарсыласын пышақтап өлтiрген. Содан бастап өмiрi ат үстiнде, түрлi жорықтарда, қуғын-сүргiнде өткен. Бұл, түсiнген, бағалаған адамға,  тағдыры күрделi, аса iрi, аса көрнектi жеке тұлға. Менiң түсiнiгiмше, ол қазақтың Дубровскийi.

     …Қоқан, Самарқан, Наманган, әсiресе, бүкiл Орта Азия мұсылмандарының ғылыми-мәдени орталығы Бұхара Қазан төңкерiсiне қарсы болғанын тарихтан бiлерсiң. Бiр ерекше ескерер жай- бұған дейiн Ресей  патшасы Бұхараны отарлауға қорқып келсе, Совет өкiметiнiң қызыл әскерi:

   -Өз еркiңмен берiл! Берiлмесең, басып аламыз!- деп күш көрсеткен. Мұны естiп Ленин:

   -Әй, тоқтаңдар!- деп Бұхара әмiрiмен телефон арқылы сөйлескен.

   -Сiздiң байлығыңызға, әйелдерiңiзге / әмiрдiң қырық әйелi болған екен/ тимеймiз. Бәрiн, керек десеңiз әскерiңiздiң жартысын алып, Ауғанстанға көшiңiз,- дейдi. Бұл талаппен Бұхар әмiрi келiсiп, артынып-тартынып Ауғанстанға кетедi. Оны қызыл әскер күзетiп. ешкiмге тигiздiрмей шекараға дейiн шығарып салады. Мұнда келген соң әскерiн түрiк Әнуар пашаға/генерал деген сөз/ басқартқызып, басмашылар шабуылын ұйымдастырады. Атты әскер Әмудариядан берi өтiп, шабуыл жасайды.  Қырып-жойып, керi қайтып кетедi, бiраз күш жинап қайта келедi. Оның қалдығын 1941 жылғы Ұлы Отан соғысы қарсаңында ғана әзер жойдық.

   Ал Өзбекстанның өз жерiнде басмашылар болды. Оларға Әнуар пашаның  Ибрагим бек деген көмекшiсi басшылық еттi. Ол бiзбен кемiнде он жылдай соғысып, 1933 жылы Термездiң құмы iшiнде қолға түстi. Оны айдауға бiр рота солдат бөлдi. Соның iшiнде мен де болдым. Қатардағы солдатпын, мергенмiн.

        Ибрагим бек аласа бойлы, сақалы бар, мұртын басқан қараторы кiсi екен. Бетiнiң сол жақ шекесiнде   қылыш тiлген тыртығы бар.

   Баукең ойлана бөгелiп:

        –Сен Әнуар пашаны бiлушi ме едiң?– дедi маған қабағын түксите.

        –Жоқ.

        –Қой, мұның ұят, қарағым. Тарихты бiлуiң керек. Онсыз басмашылар күресiне қалай баға бермексiң? Бәрiнен Қараманның кiм екенiн қалай түсiнбексiң?

        Мен iшiмнен:,, Ол кездiң тарихын бiзге жауып қойды ғой,,–дегiм келiп, үндемедiм.

        –Түсiнiп тыңда!- деп Баукең дауысын қатайта тiл қатты.– Әнуар паша  түркi халықтары азаттығы үшiн күрескен айбынды қолбасшылардың бiрi. Ол француз, немiс тiлiн өз ана тiлiндей жетiк бiлген, әлемдiк деңгейде әскери бiлiм алған, түрiктердiң төңкерiсiн ұйымдастырып, қара басының ғана қамын күйттеген iрi бюрократтарды жылы орнынан кетiрiп, үкiмет басына қолынан iс келетiн дарынды жастарды әкелуге барынша үлес қосқан тұлға. 31 жасында Түркия қорғаныс министрi болған. Оның әскери дарынын кезiнде У.Черчилль өте жоғары бағалаған.

       Әнуар пашаның маған ерекше ұнағаны–Осман империясын Антанта империалистерi басқыншылығынан сақтап қалумен бiрге, Орта Азия, Кавказ, Едiл, Қырым, Сiбiрдегi түрiк халықтарының жерлерiн орыстардан, Шыңжаң өлкесiн қытайлықтардан, Ауғанстан, Судан, Тунис, Иран, Иивия секiлдi мұсылман елдерiн ағылшын, Италия, Француз басқыншыларынан азат етудi мақсат еткенi. 1921–1932 жылдары ол жүзге жуық түрiк жауынгер серiктерiмен  Бухараға келiп, Совет үкiметiне қарсы басмашылар көтерiлiсiн басқарған. Бiздiң Қараман сол көтерiлiсшiлермен бiрге болған.  

       Жүректi жас жiгiт, қылышкер, айлалы, жаудан қорқуды бiлмейдi. Алғаш жүзбасы екен. Қорбашы  /басмашылар басшысы/ оны ең қауiптi жерге жұмсайды. Қызыл әскер күштi, қарулы. Бетпе бет ұрыста Қараман қолы жеңiлiп, бiразы қырылып, бiразы әупiрiммен аман құтылады. Бiр күнi қорбашы Қараманды өзiне шақырып алады. Оны Қарекеңнiң өзi маған былай деп әңгiмеледi:

       –Кiрiп бардым. Алдияр тақсыр деп басымды иiп, тәжiм еттiм.

       –Сен Совет өкiметiне болысып, өтiрiк соғысып жүрсiң! Үнемi қашып, үнемi аман құтыласың. Басқалар оққа үшып жатыр. Анаңның…Басыңды алам!- дедi айқайлап, тағында шiрене түсiп.- Сен кеше неге ана жерде жөндеп соғыспадың?!

   -Алдияр тақсыр, қызылдардың күшi, қаруы көп.

   -Өтiрiк! Жендеттерiме қазiр басыңды шаптыртам!

   Қаным қайнап кеттi. Ішiмнен:,, Ендi маған бәрi бiр. Босқа өлгенше, сенi өлтiрiп өлейiн,,- деп ойлап, қылышымды қынабынан суырып ап, қасына жетiп бардым. Ол менен мұны мүлде күтпеген, жасқанып ,,ы,, деп қалды.

   -Анаңның…Сенiң басың менiң басымнан әулие емес!- деп қылышымды сiлтеп қалғанымда, басы жерге домалап түстi. Екi жағындағы екi уәзiрi оны жек көредi екен. Оның бассыз денесiн тақтан итерiп тастап, шашыраған қанды тез сүртiп, орнына менi отырғызып:

  -Қараман, ендiгi қорбашымыз өзiңiзсiз,- деп маған бастарын иiп, тәжiм еттi. Содан  басмашылардың қорбашысы боп қызылдарға қарсы соғыстым…

   Қараманның айтуынша, қолға түскендердiң бiр де бiрiн тiрi қалдырмайды екен. Жауға өте қ ел осы уақытқа дейiн Қараман сайы дейдi. Ол жерде Қарекең талай қанды айқасты бастан кешiрген.

    Баукең бiраз үнсiз қалып, қайта сөйледi.

    -Ғафу ет, қарағым, ұмытып барады екем. Қарекеңмен алғаш танысқан жолы Алматыға қайта оралғанымда үйiме қос Ғабең /Ғабит Мүсiрепов пен Ғабиден Мүстафин/ келдi. Екi ағама Қарекең басынан өткен қанды оқиғалардың  бiразын айтып бергенiмде, Ғабиден /ол кiсiнiң Қарекеңдi түсiнгенiне iштей қатты риза болдым/:

   -Әй, Бауыржан, мынау келiстiрiп жазатын нәрсе екен. Роман болмағанмен повесть,- дедi. Ал Ғабит үндеген жоқ.

    Баукең маған ұзақ, қадала қарап:

    -Е, айтпақшы, Қараман сенiң ауыл жағыңның адамы ғой. Ол кiсi туралы  естуiң бар ма?-деп алға ұмсына түстi.

    -Бар.

    -Онда сен сөйле. Мен соңынан толықтырармын.

    -Оңтүстiк Қазақстан облыстық партия комитетiнiң хатшысы Төлепбек Назарбеков ағамен бiр кездесiп, әңгiмелескенiмде:

   -Техникумды бiтiретiн жылы практикадан өту үшiн Сарыағаш ауданына орыс, қазағы аралас сегiз студент бардық,- деп сыр шерткен едi.- Аудандық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Сайрам ауданы Қайнарбұлақ ауылының туды-бiттi азаматы Шырын Әбдраев деген кiсi екен. Сол кiсiнiң тiкелей көмегiмен мен МТС-ке еңбекақы алатын аграном болып орналастым.

    Қарамағыма сол кездегi Ортатөбе, Алғабас, Жамбыл атындағы шаруашылықтар қарайтын едi. Жамбыл кеңшары басқармасының төрағасы өз дәуiрiнде белгiлi бас кесер болған Қараман дейтiн кiсiнiң жақын туысы екен. Ол кiсi менен бiраз жас үлкен, сол кезде отыздың бес-алтауында болу керек. Атқа iшқуаз, атты жақсы ер-тұрманымен мiнетiн, көкпарға өте құмар, мықты азамат екен.

   -Інiм, практикаң бiткенше бiздiң үйде жүр,- дедi. Тұрмысы жақсы, өзбек үлгiсiмен салынған әсем ақ үйi бар.

   Түсте тамақтанып отырғанымызда ақ маңдайлы, мойнын төмен салған, жалы қалың, жүрiсi жақсы торайғырмен жүзге тарта қой-ешкi айдаған қарт кiсi келдi. Қасында жас жiгiт.

    Үй иесiнiң кең қорасы бар едi, малды соған қамады. Қарттың атын байлап, қолына су құйып, үйге кiргiздi.

   -Бұл кiсi Қараман деген ағамыз,- деп таныстырды үй иесi.

   Қарт таза киiнiп жүретiн, орта денелi, қараторының сымбаттысы екен. Бұған дейiн, өтiрiк пе, рас па, бiлмеймiн, Ташкенттегi менмiн дегендердiң өзi бетiне қарай алмайды, жүрек жұтқан батыр деген аңызды естiгенiм бар.

   Қараманның бабасы Қошық датқа деген кiсi екен. Датқалықты Қоқан ханы берген көрiнедi.

   Қоқан ханының туған ағасы Ташкентте хан болып тұрып, iнiсiне өкпелептi. Содан екеуi бiр-бiрiне қатынаспайды. Бiр күнi iнiсi:,, Ағажан, сiздi сағындым, дүние екеумiзге жетедi. Мен, керек десеңiз, тағымды беремiн,,- деп Қоқанға елшi жiбередi.

   Ағасы әлгi сөзге сенiп, алдына барғанда iнiсi оны тұтқындап, мойнына құрым киiз тесiп iлiп, аттың құйрығына байлап, ауыл-ауылды аралатады.

   -Мына кiсiге осы лайық па?- дегенде, жолдың екi шетiне шығып тұрған қошаметшi сорлылар:

   -Ие, бұған осы лайық,- деп, кейбiреулерi бетiне түкiрiп, ханның емшектес бiр туған ағасын масқаралағанда, Қошық:

    -Жоқ, бұл лайық емес. Бұл басынан бағы ұшқанға лайық,- деген екен. Іле Ташкент ханына барып:

   -О, хан, бұл кiсiге лайықты нәрсе саған да лайық. Екеуiңнiң әкең де, шешең де бiр. Оған лайықты нәрсе неге саған лайықты болмайды?- дейдi. Ташкент ханы шошып кетiп:

   -Ой, тiлiң кесiлсiн! Сен кiм едiң?!- деп ағасын ақ ордаға ертiп барып, мойнынан құрым киiздi алып, кешiрiм сұрапты. Содан оның тапқырлығына, батылдығына мейлiнше риза болған Қоқан ханы Қошыққа датқа деген атақ берiптi деген аңызды естiгем. Сол Қошық ердiң ұрпағы Қараман батыр екен.

   Үйде шай iшiп бiрге отырдық. Қараман қайдан келе жатқанын әңгiмеледi. Айтуына қарағанда Құр Келес пен Сулы Келестегi рулас ағайындарын жылда бiр рет аралап шығатын көрiнедi. Бұл жолы да солай етiптi. Манағы жүзге тарта қой-ешкi ,,сiздiң сыбағаңыз,, деп сол елдiң жинап берген малы екен.

   Ол кiсi келген соң төраға қой сойды. Қараман ақсақал:

   -Бұл бала қай бала?-дедi маған шүйiле қарап.

   -Алатау бөктерiндегi Жаныспын.

   -Онда Сүлеймен дәудiң аулынан екенсiң ғой?

   -Иә, бәрiмiз бiр шалдың баласымыз.

   -О-ой, Сүлеймен атаң көзi жоқ батыр едi, бiрақ ол  менiмен салыстырғанда көп мейiрiмдi болатын. Ол атаңа қарағанда мен мейiрiмсiзбiн,- деп  Сүлейменнiң Ташкентте iстеген бiр-екi тiрлiгiн айтып бердi.

   -Ташкенттегiлер Сүлейменнен гөрi менен қатты қорқатын. Мен өте мейiрiмсiз едiм. Пистелеттi оңды-солды жұмсау маған ойыншық едi…

    Кенет үстiмiзге көзiлдiрiктi, кiшкене қара кiсi Нысанбек Төреқұлов енiп, әңгiмемiздiң желiсi үзiлiп қалды. Нысанбек аға өзiн еркiн ұстап, еркiн сөйлей бермек едi:

   -Сен қандай мамандық иесiсiң?- дедi Баукең тұтқиылдан сұрақ қойып.

   -Әдебиет зерттеушi.

   -Не?!

   Нысанбек сасқалақтай абыржып, онысын сездiргiсi келмей:

   -Литературавед дейдi ғой орыстар,- дедi.

   -Сонда сенiң зерттейтiнiң әдебиеттiң қай саласы?

   -Ауыз әдебиетi.

   -Фольклор десеңшi?

   -Ие, сол фольклор.

   -Бiздiң фольклор Совет одағындағы түрiк тектес халықтардың iшiнде нешiншi орын алады?

   -Дүние жүзiнде ме?

   -Жоқ,  құлағың керең бе?  Совет одағындағы түрiк тектес  халықтардың iшiнде дедiм ғой.

   Баукең ашуланып, ұрса ма деп едiм, керiсiнше, ұстамдылық танытты..

   -Зерттелiп жатыр ғой. Мысалы, Москвада, Ленинградта…

   -Сен менiң сұрағымды түсiнбедiң… Бiздiң тiл байырғы көне тiл, қаймағы бұзылмай сақталған тiл. Ескi фольклорымызды осы күнгi немерелерiмiз де оқып, түсiне алады. Ал ,,Слово о полку Игорованы,, орыстың академигi де түсiнбейдi. Тiптi кеше ғана өткен Петр Бiрiншiнiң тiлiнiң өзiн бүгiнгi орыстар жақсы бiлмейдi.

   Тiлдiң сақталуы- халықтық жетiстiк, бұл үлкен, ұлы  жеңiс!

   Бiздiң фольклорымыз түрiк тектес халықтардың арасында алдыңғы орында. Азербайжан көне халықтың бiрi ғой. Бiз одан да алдамыз.

   Тiл сақтауда тәжiктер бәле. Қырғыздың тiлi бiздiң тiл. Ал өзбектердiң тiлi құрама.

    Баукең сөзiн кiлт доғарып, маған қарап:

   -Бар, жеңгеңе айт, дастарқан жасасын, ұйге кiсi келдi дегiн,- дедi. Мен ас үйге өтiп, жеңгейге Баукең  тапсырмасын жеткiзiп, тез керi оралдым.               

   Нысанбек аға Жәмила жеңгейге туыс болып келетiн. Соны әдейi еске сала, Баукең сөз арасында:

   -Көптен берi көрiнбей кеттiң. Өтпей жатқан қарындасыңа үйленгенiме өкпелеп жүрсiң бе?- дедi әзiлдеп. Нысанбек аға жоқ жерден ши шығарып алсам қиын болып жүрер деп қауiптендi-ау деймiн, жауап қатпады.

   Дастарқан басында:

   -Бауке, сiздi, қарындасымды, Күләнда әпкенi үйiме қонаққа шақыра келдiм. Бiзге ақыл айтып, арамызда отырыңыз,- деп едi:

   -Әй, мен сенiң үйiңе  ақыл айту үшiн бармаймын, ақыл айтпаймын. Барсам, бiрiншiден, хал-жағдайларыңды бiлу, екiншiден, тамақ жеу үшiн барамын.

    -Мейлi, Бауке, еркiңiз бiлсiн.

    Нысанбек аға ,,Аңыз бен ақиқат,, романының жазушылар одағында өткен талқылауына қатысқанын әңгiмеледi. Өзi де сөз сөйлеп:

    -Романның мынандай-мынандай беттерiнде кемшiлiктерi бар. Дивизия командирi болған кездегi Бауыржанның  бейнесi қайда?- дептi.  Сәуiрбек Бақбергенов:

   -,,Аңыз бен ақиқаттың,, оқырмандарға ұнау себебi Бауыржан Момышұлының аты әлемге әйгiлi болғандығында. Әзiлхан  жазушы ретiнде ешнәрсе қосқан жоқ,- деп сынапты.

   -Талқылауда алпыс-жетпiстей кiсi болды. Көп пiкiр айтылды.

   Шай iшiлiп, дастарқан жиналған  соң:

   -Ал, қарағым, ендi жөнiңдi тап. Мына балам екеумiз жұмыс iстеп отыр едiк, сен келдiң де ойымызды бөлiп жiбердiң,- дедi Баукең.

   -Кешiрерсiз.

   Нысанбек аға сыпайы қоштасты. Баукең екеумiз шағын бөлмеге қайта енiп, орын орнымызға  жайғастық.

   -Сұрағыңның аты-жөнi кiм едi?

   -Қараман.

   -Ол- жеке тұлға!  Түсiндiң бе? Өмiрi соңғы демi бiткенше  ат үстiнде өттi. Атқа мiнбесе көңлi көншiмейтiн. Эта интересная личность.

   Үлкен баласының аты Файзулла. Мен барсам, көке, көке деп жаны қалмайды. Екiншi баласы Убайдулла. Ол бiр орыстың қызына үйленiп, Сарыағаш шипажайында осы уақытқа дейiн машина жүргiзушi болып iстейтiн.

   Бiрiншi баласының бойы аласа болғанымен түрi Қараманнан айнымайды. Астапыралла, екiншi баласы қып-қызыл шешесiнiң көшiрмесi.    

   …Сәуiр айында шығар, мен тағы да Сарыағаш шипажайына бардым. Баспадан қаламақы алып, байып жүрген кезiм едi. Аяқ астынан керек болып қала ма, Ресейге барам ба деп кез келген почтадан ала қоятындай етiп кассаға салған ақшам бар.

    Сарыағаш шипажайынан маған жеке бөлме бердi. Демалып, ем қабылдап жатырмын. Бiр күнi түске жақан Қарекең бөлемеме кiрiп келдi. Ойпырмай, шал кiсiнiң сағы сондай сынып қалған екен, түрi түр емес. Сәлемдестiк.

    -Сөйлеңiз.

    -Сiздiң келгенiңiздi жеңгеңiз естiп,  менi жiбердi.,- деп қойнынан бiр күлше нан мен бiр шөлмек коньяк шығарып, столға қойды.-Мына қызталақтардың рюмкелерi қалтамның түбiнде бар ма, жоқ па?

    Қалтасынан екi рюмке алып, қол жуғышқа барып, жуды.

   -Е, мына шал не айтар екен?- деп сыр бермей отырмын. Түрi сондай сынып қалған.

   Рюмкелердi жуып келiп, коньякты ашты. Оңтүстiктердiң тәртiбiн бiлесiң ғой, нанды қолмен үздi. Рюмкелерге коньяк құйды. Менi бiресе батырым, арыстаным деп, бiресе, өзбекше бiр аттармен атап:

   -Алдымен мынаны алып жiберiп, аздап кәйiптанып/ көңлiмiздi көтерiп дегенi/ алайық,- дедi. Соғыстырып iштiк. Шал нанды асап жеп отыр.

   Рюмкелерге тағы коньяк құймақшы болып едi:

   -Қареке, құймаңыз, әзiрiнше жетедi. Сiз маған жай келген жоқсыз. Шаруаңызды айтыңыз?- дедiм көзiне көзiмдi тiк қадап.

   -Ешқандай шаруам жоқ, сiздiң осында екенiңiздi естiгеннен кейiн сәлем бергелi келдiм.

   Айлакер, мәмлегер, екi жүздi  баскесер ғой. Сыр бермедi.

   -Жоқ!- дедiм шамырқана қатты дауыстап.- Мен Қараманның iнiсi Бауыржан Момышұлы боламын! Қараман- жауынгер болған кiсi! Бiрақ та оның жауынгерлiгi- қызыл әскерлердiң көзiн жояр баскесерлiк! Ол қылығы үшiн шоралар/ совет/ өкiметiнен кезiнде жазасын алып, он бiр жыл айдауда, абақтыда болған кiсi. Ал ол кiсiнiң iнiсi Бауыржан Момышұлы шоралар өкiметiне қарсы болған емес, керiсiнше, шоралар өкiметi үшiн соғысып, полк, дивизия командирi болған. –Көзi бақырайып кеттi. -Сiз нағыз совет өкiметiне жау адамсыз ғой. Сол себептi пәлен-түген дегендi қойыңыз! Ашығын айтыңыз, неге келдiңiз?!

   -А, кешiр укам, ойымды ашық айтуға бата алмай отырмын.

   -Батыңыз. Мен сiздiң басыңызды шаппаймын! /Қатты, жiгерлене сөйледiм/.Бiрақ ашығын айтыңыз, қолымнан келсе, әдiлеттiлiк жәрдемiмдi беремiн, қолымнан келмесе, ренжiмеңiз, кешiрiңiз көке деп ашығын мен де айтамын. Сол себептi ағайынды екеумiз адал, ашық сөйлесейiк.

   Қарекең төмен қарап, бiраз ойланып отырды да:

   -Әлгi қызталақ /Баукең күлдi/ Файзулла қайта-қайта қамала берiп, менi жұрдай еттi. Жұрдай дегенге сен түсiнесiң бе?

   -Түсiнемiн.

   -Шешеңдi пәлен етейiн, туған балаң болғаннан кейiн қимайды екенсiң. Осы күнi Қисық кемпiр/ бәйбiшесi/ екеумiздiң көргенiмiздi ешкiмнiң басына бермесiн. Ана Файзулла оңбаған Шымкенттiң абағында жатыр. Оған бұрын тамақ алып барушы едiк, ендi одан да қалдық. Мына Убайдулла, шешеңдi пәлен етейiн, бiр орыстың қызын алып, ол бала туып, өз басымен өзi әлек. Шынымды айтсам, батыр, кемпiр екеумiз бiр шәйнек жақсы шайға жүдә зар боп отырмыз. Қызталақ ағайын-туғандар бiздiң шамамызға қарап шаршады. Ендi олар да қарасуын қойып кеттi. Сiз келдi дегеннен кейiн осы жағдайымды айтқалы келiп едiм.

   Баукең маған шүйiле қарап:

   -Түсiндiң бе?- дедi.

   -Ие.

   -Файзулла ұрынбайтынға ұрынғыш, алдамшы, саудагер. Абақтыға қайта-қайта қамала беретiн оңбаған. Қарекең тамыр- таныстары бар кiсi. Оңтүстiк Қазақстан қып-қызыл ымы-жымы көп өлке ғой. Қараман Файзулланы соттан екi-үш рет босатады. Ол қайтадан қамалады. Бүл әке үшiн үлкен азап. Тапқан-таянғанының бәрiн  жұмсап, Қарекең құрқол қалады.      Атқа мiнiп үйренген кiсi ақырында атын сатады, сүтсiз күн кешпеген кiсi сиырын сатады.

   Осы жайды есiтiп, бiлген соң:

   -Қареке, қазақтар:,,Иттен ит туады боқ жейтұғын, малдан мал туады шөп жейтұғын,, дейдi… -дедiм ашуланып.-Файзулла да, Убайдулла да сiздердiң балаларыңыз. Оны маған несiне айтып отырсыз?!

   Қарекең төмен қарап тұншығып, үндемей отырып қалды. Бiраздан кейiн басын көтерiп:

   -Арыстаным, анауыңнан тағы бiр  шыны/рюмке дегенi/ құйшы?- дедi. Жарайды деп бiр рюмке коньяк ұсындым. Оны қағып салды. Мен iшкенiм жоқ. Бiр қызық деталь. Тiсбасар орнына үзiлген нанды иiскедi. Мен үндемей отырмын. Нанды иiскеп, иiскеп, тағы мүңға батты. Ол кезде жас кезiм. Бұл алпысыншы жылдардың орта шенi.

   -Ә, мына енеңдi ұрайын туған-туысқан, жекжат-жұраттарың бар болсаң бередi екен, жоқ болсаң сырт айналады екен. Баяғыда бай кезiмде бұл иттердiң көбiне қарасқан едiм. Соны ұмытып кетiп, қартайғанда, менiң басыма iс түскенде, қарасқан жоқ. Осы күнде Қисық кемпiр екеумiз ел арасында бiр үзiм нан мен бiр кесе шайға зар боп отырмыз.

   -Е, мына шал не айтып кеттi, құдай-ау?- деп мен не дерiмдi бiлместен, көз алмай бақылап, отырып қалдым. Шал аянышты-ақ.

    -Қареке, жаңа ойыңызды ашық айтыңыз деп едiм ғой. Менен сiзге не керек?!

    Шал неше айтқанмен айлакер, ержүрек баскесер ғой. Менiң көңлiмдi аулау үшiн орнынан тұрып:

   -Алдияр тақсыр,- дедi.-Мына  ауыр халден менi құтқара ма деп келдiм.

   -Ал осыны неге кiре салысымен айтпадыңыз?

   -Кiре салысымен айтуға аузым бармады, қарағым.

   -Балаңызды түрмеден босатамын деп айта алмаймын. Ол жағынан сiздiң хабарыңыз мол. Сiз он бiр жыл түрмеде отырған кiсiсiз. Осындағы сотты мен танимын, ол менiң бажам болады. Аты Ұлықбек. Бiлесiз ғой?

   -Иә, бiлем. Ұлықбек менi үш рет соттаған.

   Баукең дауыстап бiраз күлiп алды.

   -Балаңызды ше?

   -Оны да соттаған сол кiсi. Бес жылға кесiледi-ау деп едiк, бiрақ Ұлықбек үш жылға кестi.

   Мен күлдiм де:

   -Е, Ұлыкең сiздi сыйлаған екен. Бұрын әкесiн соттаған едiм, ол әлi тiрi жүр. Ендi қайтем деп балаңа ең кем жаза кескен ғой.

   -Бұл ойың дұрыс, батыр.

   -Ал тағы айтарыңыз бар ма?

   -Сiзден жәрдем сұрап келдiм.

   -Қандай жәрдем? Балаңызды босатуға қатыспаймын деп жаңа айттым ғой.

   -Қисық кемпiр екеумiз күн көруiмiз керек емес пе? Батыр, қолыңыздан келсе, бiзге бiр құлынды бие алып берiңiз? Оның бағасы қазiр бес, алты жүз. Ертең базар, бiр жақсы биенi алсақ, жақсылап күтемiз. Жемiмiз, шөбiмiз бар. Оны сауамыз. Өзiмiздiң күбi-месiмiзге ашытып, қымыз iстеп, ана-ау жайма базарды/қолымен нұсқай көрсеттi/ көрiп отырсыз ғой. Кейбiреулер ашыған айранды да қымыз деп сатады. Мынау курортшылар соған сенiп iше бередi екен. Әсiресе, орыстар.

    Бiр биемiз болса, Қисық кемпiр екеумiз жарып қалар едiк. Таза қымыз жасап сатсақ, елдiң бәрi құмартар едi. Сол бiр биеге қолымыз жетпестен қор болып отырмыз.

   Орнымнан тұрып:

   -Жүрiңiз,- дедiм. Ол кезде Сарыағаш шипажайының ескi, жаңа корпус дегенi бар едi. Касса жаңа корпуста болатын. Арасы бiр шақырымдай. Күн ыстық. Қарекең екеумiз жаяу жүрiп келемiз.

    Кассадан мың сом алдым.

    -Жақсы бие қанша тұрады?

    -Алты жүз.

    -Мәңiз,- деп алты жүздi санап бердiм.- Қашан қайтарасыз?

    -Осы жаңа жылда.

    Үш күннен кейiн қарасам, Қисық кемпiр жеңгем шипажайда қымыз сатып отыр. Оның жартысы қоспа ғой. Бармадым. Дәмiн татып:

    -Мынауыңыздың жартысы қоспа ғой,- десем, ұят емес пе? Биенiң рахатын Қарекең үш күннен бастап-ақ көрдi.

   Мен Алматыға қайтып кеттiм. Жаңа жыл болды, Қарекеңнен хабар жоқ.

   -Е, мына баскесер, елдi ұрлап үйренген неме, менi де жемек пе?- деп ойланып қалдым.

   Сәуiрде бiр туысқаным той берiп, Шымкентке бардым. Қонақ үйге түстiм./Менiң әдетiм бiр жаққа барсам, қонақ үйге түсем/. Қасымда қатыным бар.

   Оңаша бөлмеде жатып, есiме Қарекең түссе  бола ма? Такси шақырттым. Жеңгең Кәмеш ұйқы құшағында.

   -Ало, мен полковник Бауыржан Момышұлымын! Сарыағашқа барамын және керi қайтамын.

    Диспетчер жақсы қатын екен, құдай бiледi менi танитын бiреу-ау, сол заматта-ақ  такси жiберттi. Жүргiзушi тәжiк жiгiт екен.

   -Балам, есептегiшiңдi iске қос, бiр жарым есе төлеймiн.

   -Құп!

   Кәмеш екеумiз Сарыағашқа тарттық та кеттiк. Ұлықбек соттың үйiне тоқтадық. Ол ақылды кiсi едi, байғұс өлiп кеттi ғой. Қайынбикем Абайдың немересi, қуанып жүр. Сәл отырған соң:

    -Бiр үзiм нан, бiр рюмке коньяк бер, тамағыңды қайтып кеп iшем,- деп  дәм татқан соң, Қарекеңе тарттым. Ауылы Сарыағаштан отыз шақырымдай жерде. Барсам, теректiң көлеңкесiнде екi шал отыр. Бiреуi Қарекең. ,,Волгадан,, түстiм.

   -Арыстаным, укам.

   Амандастық. Өтiрiк мас боп тұрмын.

   -Жж-жеңге-ем қай-да?

   -Е, бiр жұмыста жүр едi.

   -Мына машинаға отырыңыз, Қареке. Сiз де отырыңыз!- Даусым қатты шықса керек, көздерi бақырайып, таң қалып, екеуi ,,Волганың,, артқы орындығына үнсiз жайғасты.

    Қайтып келе жатырмыз. Алдыңғы орындықта мас кiсiше теңселiп, шұлғып отырмын.

   -Балам, ана шалды танымаймын, мына шалды танимын. Бұл қарақшы, баскесер  Қараман!  Бiрнеше  рет  түрмеден  қашқан, -дедiм машина жүргiзушi жiгiтке.- Басмашы, қорбасы. Жаль что его тогда не стрелял!

   Қараманда да, қасындағы шалда да үн жоқ. Аудан орталығына жеттiк. Ұлықбек түкке түсiнбей:

   -Қареке, жоғары өтiңiз, жоғары өтiңiз,- деп қалбалақтап жүр. Ауласы кең. Жақсылап тамақтандық.

   -Қареке, iшетiн коньягыңызды iштiңiз, жейтiн тамағыңызды жедiңiз. Анау машина менiң машинам. Қазiр отырып, үйiңiзге барыңыз. Бiр сағат он бес минутте менiң затымды алып қайтып келiңiз. Әйтпесе, мына Ұлықбек төртiншi рет бес жылға сотайды,- дедiм.

   Кеттi. Айтқан мезгiлде кешiкпей келдi. Кәмеш аң-таң. Ол Қарекеңе ақша бергенiмдi бiлмейдi. Қарекең пакеттi маған ұсынып едi:

   -Мұны мен алмаймын, алса мынау алады,- дедiм Кәмештi көрсетiп.

   Ұлықбек те аң-таң.

   -Ал, Қареке, ендi сiздi жаяу жiбермеймiн. Машинаға мiнiп, үйiңiзге барыңыз да қайтарыңыз.

   Ұлықбек:

   -Бауке, мынауыңызға түсiнбедiк. Қарекеңе бiресе олай, бiресе бұлай сөйлейсiз. Мұныңыз не?

   -Әй, алған ақшаны сана!- дедiм Кәмешке. Ол санады.

   -Қарекеңнен осыны алу үшiн, егер бергiсi келмесе, сенi соттатам деу үшiн әдейi осында алдырдым.

   -Ойпырмай, Бауке-ай, менi де саттыңыз ғой,- деп Ұлықбек қарқылдап күлдi.

   -Е, ит пен құсқа жем болып мен кiммiн?!

   Содан Шымкентке келдiк. Кәмеш қуанып жүр. Бiр кездесуден оралсам:

    -Ихи-хи,- деп күледi. -Ұрыссаң да, ұрыспасаң да өзiң бiл. Әлгi Қараманнан қайтқан ақшаға сырға сатып алдым.

   Мiне, қатындардың психологиясы. Қарекеңнен қайтқан ақшаны ол жерден тауып алғандай көрiптi…

   …Үйде отыр едiм. Әйелiм ауруханада. Есiк қоңырауы шылдырлады. Ашсам, Қарекең. Қасында бiр өзбегi бар.

   -О, үкәм.

   -О, жоғары шығыңыз, Қареке.

   Үйде балдызым бар едi, iшкi бөлмеден шақырып ап:

   -Кiсi келiп қалды, тамақ iстерсiң,- дедiм.

   Қарекең арақ iшпейтiн, ол кiсiнiң iшiмдiгi мүлде басқа едi. Газеттi жыртып алып, үшбұрыш iстеп, iшiне бiрнәрселердi салып, темекi тартқандай тартатын. Кейiн бiлдiм, ол кiсi анаша тартады екен.

   Дастарқан басына отырдық.

   -Алың, алың. –Ол кiсi коньяк жағынан  тартынбайтын. Кiшкентай термосын қасынан тастамайтын. Оның iшiнде көкнәрiсi жүредi екен.

   Қарекеңнiң менiң үйiме бұл үшiншi рет келуi. Алғашқы екi мәрте келгенiнде:

   -Пәленше iстi болып қалды, ақтап бергiн, Пәленшенiң баласын оқуға түсiргiн. Оларға осындай Алматыда кәтта үкәм /үлкен iнiм/ бар деп айтып қойған едiм… Оны бәрi тыңдайды деген едiм…- деп келдi. Екi ретiнде де көңлiне тигенiм жоқ.

   -Қареке, мен мұндай жұмысқа араласпаймын,- деп сыпайы түрде шығарып салдым. Әркiмнен ақша алып, бұзылған шал ғой, ,,менiң араласпаймын,, деген сөзiме түсiнбептi.

   Мына жолғы келiсiне қатты ашуым шықты. Өзi тағы көкнәрi iшiп алыпты. Қасындағы өзбек жiгiтi iшiмдiкке жоқ екен. Балдызымды жұмсап, аптекадан iш өткiзетiн дәрi алдырдым. Оны Қарекеңе көрсетпей бiр стакан коньякқа қостым. Түсiнiп отырсың ба?

   -Түсiнiп отырмын.

   -Қарекеңнен маза қашты. Қайта-қайта дәретханаға жүгiредi. Кейде үлгерiп, кейде үлгере алмай қалады. Үйдiң iшi адам төзгiсiз сасық иiс.

   Намысқой кiсi ғой, өзбек жiгiтiн ертiп, такси шақыртып үйден кеттi. Мен шығарып салғам жоқ. Екi-үш сағаттан соң телефон шылдырлады. Тұтқаны көтерсем, Қарекең екен. Аэропорттан телефон соғыпты.

          -Қазiр самолетке отырамын, сый-құрметiңе рақмет, укам- дедi.

          -Түсiнген сiзге де рақмет,- дедiм мен. Сөйтiп ол кiсiмен кейiнгi кездесуiмiз осылай өте қайғылы аяқталды.

          Баукең темекi тұтатып тартып, ойға шомды.

           -Бiрде бiздiң  журналға /ол кезде ,,Мәдениет және тұрмыс,, журналында қызмет етiп жүргем/ Мамыр Тарақтыұлы деген ақын жiгiт өлеңдерiн әкелдi,- дедiм мен Баукеңнiң үнсiз қалғанын пайдаланып.- Сөзден сөз шығып, ол бiзге төмендегi жайды әңгiмеледi.

          -Әкем Қараманмен құрдас әрi ауылдас едi. Бiр бас қосуда:

          -Ей, Қараман, сен қанiшерсiң.  Әйтпесе айта қойшы, қазақ халқына қандай жақсылық iстедiң? – дептi. Сонда Қараман ашуланбай:

          -Өзiң таразылап, өзiң бағала. Мен саған бiр-ақ  мысал айтайын.,- дептi ұшатын құстай екi иығын қомдап.- Тағы да сотталып, айдалып кеттiм. Әдеттегiдей түрмеге өзiмнен бұрын даңқым барыпты.

          -Бiзге құдай бердi. Қараман келе жатыр,- деп мен баратын түрмедегi қазақтар  екi көзi төрт болып, жолымды тағатсыздана тосыпты. Түрме табылдырығын аттасымен бәрi қаумалап, қоршап алды.

         -Сiздi келе жатыр деп естiп, есiмiз шыға қуандық. Осында бiр  дәу бар. Нанымызды тартып  жеп, өзiмiздi сабап, ауыр жұмысқа жегiп, өлтiрер болды. Бiзге қандай көмегiңiз тиедi?

         -Ол дәу қайда?

         -Ана-ау, сая астындағы тақтай нардың үстiнде отыр. Өзi жұмыс iстемейдi. Жiгiттерiн жұмсап, бiздi қанайды.

          -Мен оны қазiр өлтiрем. Бiрақ бiреуiң  көрдiм-бiлдiм деп куә болмайсыңдар.

         -Қареке, оған әлiңiз жетпейдi. Мына қаршығадай денеңiзбен   не iстей алмақсыз? Абайлаңыз.

         -Саспаңдар. Оны қалай өлтiргенiмдi қазiр көресiңдер.

         Жерден жұдырықтай тас тауып ап, жеңiмнiң ұшына жасырып, саяда салқындап отырған алып дәуге қарай бет алдым. Жақындай бере байқадым, шынында шөгiп жатқан атан түйедей нән бiреу екен. Өзiне қарсы тiке келе жатқан менi көрiп,  әлденеден секем алғандай қозғалақтай бастады. Қасына бес қадамдай қалғанда құлашымды жаза сiлтедiм. Мен сiлтеген жұдырықтай тас дәл маңдайынан тиiп,  сылқ  құлады. Қасына жетiп барып, қарасам, тас маңдайын ойып жiберiптi.

          Денесiн нардан итерiп тастап, орнына өзiм отырып алдым. Дәудiң жiгiттерiнiң бәрi тiлге келмей бағынды. Сөйтiп азап шегiп жүрген қазақтарға теңдiк әпердiм. Мұны қалай бағаласаң, солай бағала.  Өз еркiң…

         Әкем сонда:

         -Қареке,  сенде жүрек те. ақыл да бар екен. Көзiм жұмылғанша ризамын, - дептi. Менiң Қараман туралы естiгенiм осы.

           - Мұны мен Қарекеңнiң өз аузынан естiгем ,- деп Баукең темекi түтiнiн үрлей сөзiн жалғады.-Айта берсең, ол кiсiнiң мұндай ерлiгi көп… Сарыағашқа тағы бардым. Маған жеке бөлме тидi. Аласа бойлы бiр фельдшер, аты есiмде жоқ, мұртын қоя берген, өзi өте пысық, менi көрсе көкелеп, жаны қалмайды.

          Түс кезi, бөлмемде жатыр едiм, сол жiгiт келдi.

          -Көке, Қарекеңнiң жылдығын жұма күнi беремiз деп жатқан көрiнедi. Әлгi Файзулла да, жеңгеңiз де сiздiң осында екенiңiздi есiтiп, ағасының жылдығының басында болсын деп Убайдулланы жiберiптi. Ол сiздiң үстiңiзге кiруге бата алмапты. Мен келiп тұрмын.

          -Жылдығы қашан болады екен?

          -Ертең.

          -Ал бiз не iстеуiмiз керек?

          -Бұл жердiң тәртiбi бойынша ешкiм құрқол бармайды.

          -Түсiнiктi… Мына жүз сом менiң атымнан, мына елу сом сенiң атыңнан,- деп ақшаны санап берiп едiм, көзi алақандай боп кеттi.-Осы жете ме, жетпей ме?

           -Ойбай, көке, жеткенде қандай?! Мен қалай құрқол барамын деп ұялып отыр едiм. Көке, мынауыңыз жақсы болды,- деп қуанып кеттi.

         -Ертең өзiң келiп, менi алып барасың.

         Ертеңiне сағат оннан асқан кезде ол келдi. Өзi уәдеде тұратын жақсы жiгiт екен.

         -Көке, жүрiңiз.

         Тысқа шықсам, жеңiл машина күтiп тұр. Бiзбен бiрге  машинаға әйелi де мiндi. Үшеумiз бардық. Қарекеңнiң үйiне жете бере машина тоқтады.

         Менi есiктiң алдында Файзулла, Убайдулла, бәрi қарсы алды. Жеңгем шыққан жоқ. Ішке енсем, төрде өңкей шалдар отыр. Құданың құдыретi, көбi ала шапан, ала тақия киген, сақалдары да өзбекше. Түрлерiне, киiмдерiне қарағанда қазақ деу қиын.

         Қарекең өзбектердiң арасында  өскен. Ішiмнен,,мына отырғандар сол өзбек достары шығар,, деп ойладым. Бәрi маған таңырқап қарап қалды. Жалаңбаспын, киiмiм жай, жұпыны. Обалы не керек, Файзулла  көке, көкетай деп жүгiрiп жүр. Шалдар iштерiнен:

          -Мынау шоқынған бiреу ғой,- деген ойларын көздерiмен бiлдiрiп отыр. Файзулла:

          -Қайның келдi,- деп айқайлады. Көршi бөлмеден кемпiр жүгiрiп шығып:

         -Айналайын, қарағым,- деп менi құшақтады.-Ағаңның жылын берiп жатырмыз. Ойпырмай, жылын бергенде келгенiң жақсы болды. Ниетiң қалыс екен.

         Шалдар жақтырмай қадала қарап отыр. Жеңгем:

     -Төрге шық,- дедi. Өзбек болған қазақтардың бiреуi маған орын берген

 жоқ. Жалаңбаспын ғой, түсiндiң бе? Шашым тiп-тiк, қысқа, мойнымда досым Фучетич сыйлаған қара бантик. Барып, ең шеткi бос орынға отырдым. Төрдегiлер:

         -Е, бұл кiм?- деген ойда. Файзулла байғұс көкем келдi деп жүгiрiп жүр. Жеңешем де қуанулы.

         Төрдегiлер үнсiз, шiренiп отыр. Мен қитығып қалдым. Бiрнәрсенi бүлдiрiп қоям ба деп өзiме өзiм сенбей, өзiмдi өзiм тiзгiндеп:

         -Әй, Файзулла!-деп айқайладым.- Қарекеңнiң тақиясын алып келгiн! Мен қазiр құран оқимын!

          Шоқынған деп жақтырмай отырған шалдар таң қала қарады. Файзуллаға рақмет, жүгiрiп барып, Қарекеңнiң ескi тақиясын әкелдi. Киноаппарат, не фотоаппарат болғанда түсiрiп алатын-ақ көрiнiс.

          Көрпеше үстiне молдасоқынып отырдым. Молдасоқынып отыруды бiлесiң бе?

          -Бiлем.

          -Неше айтқанмен  әкем молда Момыш қой. Құранның ұзын түрiн емес, қысқа түрiн оқыдым. Оқып келiп, аяқ жағында екi алақанымды жайып /Баукең күлдi/: ,,Ау, Қареке,- дедiм қазақшалап /құран арабша ғой/- Мұндай өлiмге жеткендер де бар, жетпегендер де бар/ төрдегiлер мынаның есi дұрыс па деп қарап қалды. Екi алақаным жаюлы/.-Мына отырған ала тақиялы, ала шапанды шалдардың жетер, жетпесiн құдай бiледi. Ал сiз болсаңыз, жеттiңiз, қадiрлi аға! Сiздiң жылдығыңызға қазақтар да, өзбектер де, тәжiктер де, әрiберiден кейiн орыстар да келдi. Оған қапа болмаңыз. Ақырет сапарға аттанарыңызда қасыңызда бола алғам жоқ. Жылдығыңызға келiп отырмын. ,,Маңдайы терлемегеннiң қазаны қайнамайды,,дегендi  еске салар  жақсы көретiн ағаларымның бiрi едiңiз. Менiң атым Бауыржан Момышұлы, полковникпiн! Мен Момыш молданың баласымын.

          Бәрi таң қалды.

          -Иманыңыз жолдас, жатқан жерiңiз торқа болсын. Әумиын,- деп иегiмдi сипадым. Төрдегiлер сақалдарын сипады.

          Жеңгем мен iнiм қатты қуанды. Отырғандардың реңi кiрiп:

          -Мынау мұсылман екен ғой,- деп бәрi риза болды. Төрдегiлердiң бiрi:

          -Сiзге алланың нұры жаусын, кәтта дамылла ,- деп қалды. Сөйтiп мен күтпеген жерден үлкен молда атандым.

          Шамамда бiр сағаттан кейiн  кәрлен кесеге құйып ыстық сорпа әкелдi. Сорпа кез келген мейрамхананың тамағынан артық болмаса, кем емес. Тамаша, дәмдi дайындалыпты. Нанды сорпаға малып жарып қалдық. Бұл:,,Палау пiскенше осы тойғандарыңызды қанағат етiп отырыңыздар,,- деген сөз екен.

          Жұрт өзара әңгiмеге кiрiсiп кеттi. Мен ешқайсысының сөзiне араласқам жоқ. Сiрә, жақсы палау пiсiру оңай болмау керек. Бiр жарым сағаттай өткенде алдымызға палау келдi. Соңынан ,,iшкен-жегенiмiз Қарекеңе тие берсiн,, деп бата жасадық.

          Ендi менiң Қарекең туралы қортындымды тыңда. Ата-бабамыз ,,Адам қатесiз болмас,, деп бекер айтпаған. Өйткенi бәрiмiз пендемiз, перiште емеспiз.

          Мен Қарекеңдi әбден қартайған шағында көрдiм. Адам қартайғанда күш-қайрат, ақыл-ес, ерiк-жiгер жағынан әлсiреп, тоза бастайды. Бұған беймаза бала-шаға тiрлiгiн қос. Қарекең осы тауқыметтiң бәрiне ерлiкпен төзе бiлдi, тiзе бүкпей, соңғы демi бiткенше күресе бiлдi. Ол кiсi жаратылысынан ер, күрескер кiсi едi. Қартайып, белi бүгiлсе де, ортайып, рухы бүгiлген жоқ. Менiңше, Қарекеңнiң атой сап алған қамалдары да, жаңылыс басқан қадамдары да ұрпағына сабақ…

          Ең маңыздысы, Қарекең өмiрi ,,Атыңнан айырылсаң да, ер-тоқымыңнан айырылма, қатыныңнан айырылсаң да, қазан-ошағыңнан айырылма, қазан-ошағыңнан айырылсаң да, халқыңнан айырылма,, деген  дана қазағымыздың дана мақалын ерiксiз еске түсiредi. Менiң Қарекеңдi сыйлап, құрметтеуiмнiң басты себебiн ендi түсiндiң бе?

         -Түсiндiм.

 

Жалғасы бар, осында