МЕН-ХАЛҚЫМНЫҢ БАУЫРЖАНЫМЫН

МЕН-ХАЛҚЫМНЫҢ БАУЫРЖАНЫМЫН

Белгілі жазушы Қалдыбай Мамытбектің "МЕН-ХАЛҚЫМНЫҢ БАУЫРЖАНЫМЫН" атты кітабынан үзінділер жалғасы, басы осында 

ӨКСІК

 

    -Анамның үш жасымда қайтыс болғанын ,,Ұшқан ұя, кiтабымнан бiлерсiң?

   -Бiлем.

   -Мен кiшкентайымнан әжемнiң қолында өстiм. Содан ба анамды көп еске алмайтынмын.

   Баукең ұзақ үнсiз қалып, сөзiн қайта сабақтады.

   -Сен Термез қаласында болып па едiң?

   -Жоқ.

   -Термез бiздiң  оңтүстiк шекарамыздағы қала. Онда күн жаз  айларында ерекше ыстық болады. Мен сол қалада әскери борышымды өтеп жүргем. Түскi демалыс кезi едi. Үш солдат казармадан сыртқа бет алдық. Қарсы алдымыздан почташы- солдаттың бiр десте газет-журнал, хат әкеле жатқанын көрiп, қуанып кеттiк. Бұл –үй-iшi, ауыл жаңалықтарын бiлiп, бiр-бiрiне айтып мәз-мәйрам болатын жауынгер өмiрiнiң ұмытылмас ең тәттi минөттерi ғой.

    Почташы-солдат қасымыздағы Болатқа бiрден екi хат ұсынды. Ол рақмет айтып, конверттiң сыртындағы жазуға үңiлдi.

   Бiз оны оңаша қалдырдық. Кейiн Болат:

   -Екi хаттың бiрi анамнан екен. Сендер кетiп қалған соң, жол жиегiндегi орындыққа отырып, алдымен анамнан келген хатты оқыдым. Ақ қағаздағы айқын, сұлу етiп жазылған таныс қолтаңбаны көрiп, жүрегiмде ерекше бiр қуаныш оты жанды. Тiптi хаттың орта тұсына жеткенiмде анам көз алдыма елестеп, сақылдап күлiп жiбердiм. Ол кiсi маған үнемi:,, Жылы киiнiп жүр, көктемнiң өкпек желi атан түйенi құлатады,, ,- деп бекер айтылмаған. Суықтан да, ыстықтан да сақтан, құдай ,,сақтансаң ғана сақтаймын,, деген деп мақалдатып отыратын. Сол ақылының бiразын тағы да жазып жiберiптi.

   -Асыл анам менi әлi бала санайды. Тiптi ержетiп, Отан қорғау күзетiнде жүргенiмдi мойындағысы да жоқ,- деп Болат хатты маған бердi.-Мә, Бауыржан, өзiң оқып көршi.

   Осы кез қараторы өңдi, сұңғақ бойлы украиндық жауынгер қасымызға келiп:

   -Тағы да қызыңнан хат алдың ба?- деп әзiлдей күлдi.

   -Жоқ, Павел, бұл хат анамнан келiптi.

   Болат анасының кейбiр сөзiн орысшаға аударып, хаттың соңғы жағын бiзге дауыстап оқып бердi.

   -Ана деген жақсы ғой, тек бар болса,- деп Павел ауыр күрсiндi. Бiз үндей алмай, состиып тұрып қалдық.

   Павел бiзге анасының әскерге алынар алдында ғана қайтыс болғанын айта келiп:

   -Асыл анам, егер сен тiрi болсаң, менi сағындырмай хат жазып тұрмас па едiң?- дедi көзiнен жас моншақтап. Мен оны жұбатпақ боп оқталып едiм,  жүрегiмдi өксiк  билеп, тұншығып қалдым… 

        

ТВОРЧЕСТВО ЗАҢЫ

 

    -Кiшкентай Баукең қалай?

    -Әнеукүнi екi-үш күндей ауырып қалды. Қазiр шапқылап жүр.

    -Сендер оны Баукең дейсiңдер ме?

    -Ие.

    -Дұрыс.-  Өз өзiнен мәз бола күлдi. Мен жан қалтамнан қалам-қағаз алмақ болып едiм, Баукең көрiп, кiлт ашуланды.

    -Шық ұйден! Екiншi рет табалдырығымды аттаушы болма! Сенiң мұның қалай? Жазушы үшiн қалам-қағаз емес, алдымен мынау/басын көрсеттi/ керек.

    Ашуланғаны сондай күретамыры адырайып, өңi қарауытып кеттi. Қателiк жасап алғанымды сезiп, үндемей төздiм. Жеңгей өз-өзiнен мәз болып, сықылықтап күлдi.

   -Әй, неге күлесiң?!

    Тұрмыстың әр деталы психологиялық сырға толы. Оны нәзiк сезiп- бiлмесең, сен жазушы емессiң! Мысалы, ,,Момышұлы үйiнде өзiн қалай ұстайды?,, деген үлкен тақырып. Мен неге саған ашуланып ұрыстым, немесе сенiң сөзiңе мәз болып күлдiм? Мұның сырын түсiнбесең, қолға қалам ұстап әуреленбе!

   Баукең темекi тұтатып тартып, салқын үн қатты.

   -Құдай басты ойлау, тiлдi сөйлеу үшiн берген. Тыңдай бiлмеген, көре бiлмеген ойлай да бiлмейдi.

   Мыйды көз бен құлақтың көрген, бiлгенiн қорыту, тiлдi сол қорытқандарды айту үшiн берген. Осы төрт нәрсенi кiмнiң қалай пайдаланып жүргенiн байқаған шығарсың? Қалам ең соңында қимылдауы тиiс. Ал сендер қалам-қағазды бiрiншi деп ұғасыңдар. Үлкен кемшiлiктерiң осы. Ол сендердiң емес, ұстаздарыңның кемшiлiгi.

   Жазушы тек қолымен емес, құлағымен де, көзiмен де, миымен де, жүрегiмен де жұмыс iстейдi.- Баукең басын бiр жағына қисайта, төмен еңкейiп, сырғытып жаза бастаған кейiпке ендi.- Бұл-жазушылық емес. Әр сөздi айтудағы адамның жан толқынысы, күйiнiш-сүйiнiшi, дауыс ырғағы, бет пiшiнi бар. Соны бақылау керек. Мен, мысалы, бiр сөздi айтқанда жиркенiп, ызалана, екiншi сөздi жайдарылана, қуана айтамын. Оған сөйлемдегi ой, оқиға әсер етедi. Әйтпесе, мен әдейi солай етейiн демеймiн.

   Жазушы соның бәрiн қалт жiбермей бақылап, дәл, дұрыс бейнелей алуы керек. Бұл да шеберлiктiң бiр түрi.

   Сөйлескен адамың не ойлап отыр, iшiнде ит өлiп жатқан жоқ па? Соны дауыс ырғағынан, сөзiнен, көзiнен, жүзiнен байқап, оқи бiлуiң шарт. Түрi қалай, айтқандары қаншалықты шын, өтiрiк, күйзелiсi қандай деп дұрыс бақылай бiлгенге әңгiмелесушi адамның ойын, жанын кейде сөзi емес, бет құбылысы, болар болмас қимылы, дауыс ырғағы, күлiмсiреуi, не бозарып, сұрлануы айтып бередi. Тiптi жазушы оны көрмей, телефонмен сөйлесiп тұрып-ақ кiм екенiн, не ойы барын, ниетi ақ па, қара ма, бәрiн айнақатесiз ажырата алуы тиiс. Себебi, әр сөздiң астары бар.

   Ал сендер болсаңдар, ,,алма пiс, аузыма түс,, дейсiңдер. Оқиға, сезiм, сурет сенi iздемейдi, оларды сен iздеуiң керек. Бiлгенге, шын жазушы болу- қиынның қиыны, азаптың азабы.

   Лев Николаевич Толстойдың шығармаларын оқып, байқашы. Өзiңдi кейiпкерлерiмен қоян-қолтық араласып, көзбен көргендей, қатар жүргендей сезiнесiң. Суреткерлiк шеберлiк құдыретi деген осы!

   Сен жас жiгiтсiң. Жасым үлкен болған соң, ескертпе жасауға хақым бар. Нағыз журналист, жазушы қаламын екiншi кезекке қояды. Ал сендер өстiп айтты ғой, жазып алайыншы дейсiңдер. Бұл кемiстiк жалғыз сенiң ғана емес, көп қаламгердiң басында бар. Журналистерден, жазушылардан көрiп жүргенiм жалғыз сен емессiң…

   Баукең қабағын түйiп, шамырқана, шабыттана сөйледi.

   -Жазушының жазушылығын халық таниды, халық баға бередi. Түсiндiң бе? Халық аузында жүрмеген жазушы жазушы емес! Әлжуаз немелер ,, менiң жинағым шықты,, деп жұртты алдамақшы. Олар, түсiнсе, өзiнен басқа ешкiмдi алдай алмайды!

   Депутат-халық қызметкерi деген сөз бар ғой. Жазушы да- халық, оқырман қызметкерi. Мұны мен Совет Одағының көптi көрген қарт азаматы ретiнде де, ССРО жазушылар одағының мүшесi ретiнде де айтып отырмын.

   Нағыз жазушы жұртқа танылмай қалмайды, нағыз жазушы  жұрттың аузында жүредi. Ал жайма базардың жай-күйiн күйттеген бiздiң қаламдас кейбiр ағайындарымыз аудан көлемiнен аса бере құрдымға құлайды. Оларға сол керек! -Бұл сөздердi Баукең жiгерлене, шамырқана айтты.- Өмiрде сүмелектер аз ба? Бәрi жазушы, онда да жай емес, кемеңгер жазушы болғысы келедi. Бәрi актер, онда да ұлы актер болғысы келедi. Бойларында таланты бар екенi рас, оны жоққа шығаруға болмайды, бiрақ та ар-ұят, адамгершiлiк, азаматтық дегендi олар түсiнбейтiн, түсiнсе де мойындамайтын тәрiздi.

   Баукең қайта темекi тұтатып тартты.

   -Талант- дән сияқты, қарағым. Құдай оны әркiмге үйiп-төгiп бере салмайды. Дән-жалғыз. Оған құнарлы топырақ, күн, су керек. Суы жоқ жерде ол өспейдi.

   Тағы талант күтiп-баптауды қажет етедi. Оның бiрiншi шарты, яғни күтiмi талант иесiнiң өзiне байланысты.

   Дән екенi рас, бiрақ қазiрiнше оны ешкiм көрген жоқ, ешкiм бiлмейдi. Сол себептi:,, Ойбай, өзiмде бiрнәрсе бар екен-ау,, ,- деп оны суыққа үсiтпей жылытуы, аңызаққа ұрындырмай сақтай бiлуi керек. ,,Мен, мен,, деп былшылдай бермеу керек.

   Дәндi сақтау, жылыту, күту, баптау жақсы басталса, ол тез бой түзеп, жапырақ жаяды. Оны көрген диқан:

   -Әй, мынадан үмiттенiңдер, тимеңдер, мерзiмiмен су берiңдер. Мына қасындағы арамшөптi отап тастаңдар, бойын өсiрмейдi, кесiр келтiредi,- дейдi.

   Егер дән сабағы сорайып, жөндi жапырақ жаймаса:

   -Әй, мынадан ешнәрсе шықпайды, арам шөп екен,- деп жұлып тастайды.

   Егiннiң жапырағы жайқалып, дән бергенше диқан дiрiлдеп жүредi. Ыстықтан да, суықтан да қауiптенедi. Шегiртке-мегiртке тәрiздi зиянкестер тағы бар.

   Дән сабағы гүлдеп, мол өнiм бергендегi диқанның қуанышын көрсең?! Оның сол сәттегi қуанышына ешқандай қуаныш жетпейдi.

   Баукең жанарын төмен салып ойға ендi. Іле жүзiме тiке қарап:

   -Сенiң:,,Мына алжыған, мылжың шал шаршатты ғой,,,- деген ойыңды айтпасаң да сезiп отырмын,- дедi мырс етiп күлiп. Мен ақтала сөйлеп едiм:

   -Менi алдай алмайсың!- дедi қолын сермеп.  Тұнжырай қабақ түйiп:

   -Түстегi ойды жазып алатын аппарат әлi жоқ қой,- дедi өкiнiш бiлдiре.-Түнде көзiм ұйқыда, көкiрегiм ояу, соғып жатырмын. Нүкте, үтiрiне дейiн өзi келiп қалды. Ешқандай  жөндеп, түзетудiң қажетi жоқ. ,,Ойпырмай,  магнитофон болса мұны жазып алу керек қой…,,- деп жатып оянып кеттiм. Столға отырғанда әлгi ойлар келмейдi. Келгенде де қалам, қағаз қарауылдап, еркiңдi тұсайды. Тағы ,, пәленше қалай қарар екен?,, дейсiң.

   Баукең  кресло қырына жантая түсiп:

   -Ауруханаға қалам, қағаз ала бармақпын. –дедi көңiлдене.-,,Солдат махаббаты,, деген тақырыпта әрқайсысы жетi-сегiз беттiк сериялы  үш-төрт әңгiме жазсам ба деймiн.

   Солдат соғыстан жарып қайтқан жоқ. Ол аздай елге келе  бел буып, тер төктi. Осы процесс бiздiң әдебиетте мүлде көрiнбей келедi.

   Оқиғалар өзi тiленiп, басымда жүр. Сондай кезде жаза қойсың ғой. Оған денсаулық кәне?

   Жазу деген қызық. Кейде ойлар басыңа топырлап өзi келедi, кейде қанша қабақ шытсаң да жуымай қояды. Сол өзi келгенде жазуға отыра қойсаң, шiркiн...

   Творчество- оңашалық пен тыныштықты қалайды деп кiм айтса да, дұрыс айтқан. Ұлы жазушы Л. Н. Толстой кейде подвалында отырып жазған ғой. Әйелi кiрсе, ашуланған. Курортқа барғанда жеке саяжайда жатыпты. Толстойды көремiз дегендердi қарсы алмаған. Оның iшiнде атақты жазушы Куприн де бар екен.

   -Куприннен ұят қой,- дегендерге:

   -Куприн болмақ түгiлi патшаң болса да ешкiмдi қарсы алмайды. Мен өзiм аяғымды ұшынан басам,- деген екен әйелi.

   Өзi граф, Ясное Полянадан орын таба алмаған. Курортқа барғанында демалу, серуендеу үшiн емес, тыныштық, оңашалық iздеп барған.

   Жұрт оған курортта да тыныштық бермептi.- Баукең  жас балаша жадырай күлдi.

   -Толстойды қайтсек те көремiз, көремiз,- деп бiр топ ақсүйек күймемен келiптi. Барлығы жарқылдап киiнiп алған. Күн жексенбi екен.

   -Россияның бетке ұстар ақсүйектерi келiп тұр, қарсы алыңыз, ұят болады,- деп әйелi жалынады.

   Лев Николаевичтiң суретiн көрiп жүрсiң ғой, қарағым. Жарықтық үстiне iлiнгенiне мәз екен.

   Баукең   риза көңiлмен елжiрей күлдi.

   -Жарайды, шақырсаң, шақыр,- дейдi. София Андреевна кетедi. Ол кетiсiмен Лев Николаевич есiктi жауып, қызметшi әйелге:

   -Ештеңе әзiрлемейсiңдер, оларды қонақ етер жайым жоқ,- дейдi.

   -Ойбай, София Андреевна стол әзiрле деп кеттi ғой.

   -Әзiрлемейсiңдер.

   София Андреевна өңкей ақсүйектердi үйiне ертiп келедi. Есiктi ашайын десе, жабық.- Баукең дауыстай, рахаттана күлдi.- Итерсе, ашылмайды. Күйеуiнiң мiнезiн бiледi. ,,Ех, Лев!,, деп iштен тынады. Есiктi қағып, айқайлауға болмайды. Өзi ақсүйек, мәдениеттi әйел.

   Сөйтсе, Лев Николаевич терезенi ашып, бәрiн көрiп тұр екен.

   -Әй, берi келiңдер, мен мына жақтамын!- дейдi.

   -Сәлеметсiз бе, жоғары мәртебелiм,- десiп, ақсүйектер  шляпаларын алып, бастарын иедi. Лев Николаевич ешкiмге қолын берместен қарап тұрыпты. Куприн күнделiгiнде солай деп жазады.

   -Сен де осылардың iшiнде жүрмiсiң дей ме деп қорқып, қасына бармадым,- дейдi Куприн.

   Баукең мәз бола күлдi.

   -Бұл, түсiнсең, творчество заңы ғой…

 

ЕЖЕЛДЕН СЕЗІМТАЛ

 

    Сағат таңертеңгi онбiрде Баукеңе телефон соқтым. Тұтқаны жеңгей көтердi. Мерекемен құттықтадым.

   -Ағаң сырқаттанып отыр, кiрiп шығам десең, өзiң бiл, қарағым,-Ар жағынан Баукеңнiң ,,ол кiм?,, деген, iле жеңгейдiң ,,Мамытбек қой,, деген даусы естiлдi.

   -Ағаң келем десе, келсiн дейдi.- Жеңгейдiң жауабына қуанғаныммен,  Баукеңнiң мiнезiн  әлi күнге жақсы бiлмейдi екен-ау деген ой менi ерiксiз билеп алды.. Әйтпесе ол кiсiнiң ,,кiрiп шығам десең, өзiң бiл,, дегенi несi?

   Жарты сағат өтер-өтпес  есiк қоңырауын бастым.

  Баукеңнiң жүдеу өңiн көрiп, бiрден көңiлсiзденiп қалдым.

  -Ойымды бөлмей тыңдай бiл, қарағым. Неге десең, шаршап отырмын. Осында айтқан сөзiңдi пластинкаға жазатын басқарма бар көрiнедi. Оның бастығы Тайырова деген әйел екен, аты есiмде жоқ. Жасы қырықтан асқан, әр жақтан хабары бар, бiлiмдi әйел тәрiздi. Әйтеуiр маған жақсы әсер қалдырды.

   Қасында бiр қара жiгiт бар, жасы қырыққа жете қоймаған-ау деймiн. Ол бөлiм меңгерушiсi екен.  Сол екеуi келiп:

  -Ғабит Мүсiреповтың, Ғабиден Мұстафиннiң, Әбдiлда Тәжiбаевтың, сiздiң, төрт адамның сөзiн жазып алуға рұқсатымыз бар. Бұл мәселе Орталық Комитетпен келiсiлген, шешiлген мәселе,- дедi.

   -Бәрiмiзден жасы үлкен Сапекең /Сапарғали Бегалин/ ше?- дедiм.

   -Бауке, бiз мұны ақылдасып шештiк. Таралымы газет-журналдың таралымынан көп. Әр үй естiсiн, тыңдасын дедiк,

   Сөзiмдi магнитофонға жазады ғой деп ойлап:

   -Аппараттарыңды алып келдiңдер ме?- дедiм.

   -Әкелгенiмiз жоқ, бiздiң аппаратымыз магнитофон емес, одан бөлек. Онда адамның үнi, дiрiлi, қарқыны толық жазылады. Жазған кезде өте-мөте тыныштық керек. Бiр шыбын ұшса, кедергi жасайды.

   Жұрт радио арқылы да сөйлеп жүр ғой. Оны бiз трансляция деймiз. Ол –эфир. Радиода бiздiң аппаратымыздай аппарат жоқ. Бұл жаңа аппарат. Сол үшiн сiзбен ақылдасқалы келдiк. Айтатын сөзiңiздi күнiбұрын 10-12 минөтке шақтап жазып алсаңыз. Ертең кешкi сағат онда келiп, сiздi драмтеатрға алып барамыз.

   Ертең ол бос, бiзден басқа ешкiм болмайды. Барлық есiк-терезесiн жаптырып қоямыз.

   -Е, мына әйел ақылды әйел екен,- деп iшiмнен ұнатып қалдым.

   -Денсаулығым көтерер ме екен?- деп келе жатыр едiм:

   -Бауке, даусыңыз тарих үшiн керек,- дедi.

   -Иә, қарағым, тарихтың аты тарих,- деп күлдiм. Әйел таң қалып қарады. Күлгенiмнiң себебiн оған айтқаным жоқ. Саған айтайын.

   Күлген себебiм, сөйлеген сөздерiм жазылған пластинка менде аз емес, баршылық. Жазушылар одағында, Мәскеудегi патриоттық тақырыпта өткен семинарда, тағы басқа кездесулерде сөйлеген сөздерiм пластинкаға түскен. Күлгенiм, бұл жұмыс бiрiншi рет басталып отырған жоқ дегенiм ғой.

   -Жарайды, қарақтарым, жарайды. Жаңа 10-12 минөтке шақтап сөзiңiздi жазып алыңыз дедiңiз. Мен өмiрiмде жазып алып сөйлеген кiсi емеспiн.

   Тыңдаушылар оқып , не сөйлеп тұрғаныңды айыра бiледi. Мен оқи алмайтын кiсiмiн. Ойлануды ойланайын.

   Әйел күлiп жiбердi.

   -Орысша айтқанда, қарағым, мұны свободная беседа дейдi. Адам жазғанда не жазсам екен деп өзiн өзi қарауылдап отырады. Оқығанда да өзiн өзi қарауылдайды. Соның кесiрiнен бiр үтiрден, не бiр нүктеден сүрiнiп кету оп-оңай. Кiмнiң оқып, кiмнiң сөйлеп тұрғанын ажырата қоюды, құдай бiледi, бiздiң халық ешкiмнен үйренбейдi. Себебi, ол ежелден сезiмтал...

 

СЫРЛАСУ ДА – ТВОРЧЕСТВО

 

    -ССРО  Мемлекеттiк сыйлығын ауырып жатқан Ғабитке бермей, Жұбанға берiптi. Ол кiм, мен кiм деп шал ренжiдi ғой. Бiрақ Ғабеңнiң ,,Ұлпаны,,  ,,Анна Каренина,, ма?

   -Жоқ.

 -Онда не үшiн ренжiмек? Менiңше, сарапшылар әдiл шешкен. Сол себептi мен:,, ССРО Мемлекеттiк сыйлығын Ғабеңе неге

 бермедi?,,- деп өкпелеп отырғам жоқ. Әдiлеттiк керек, ,,Ұлпан,,- ,,Анна Каренина,, емес.

    Баукең көзiлдiрiгiн киiп, алдында жатқан газеттердi аударыстырып қарай бастады. Әлден соң бәрiн реттеп, стол шетiне қойды.

    -Бiзде қазақ, әдебиетiнде Анна Каренинадан артқан әйел образдары толып жатыр. Жарайды, бiреуiн-ақ айтайын, басқасын өзiң таба бер, шырағым. Қыз Жiбек Анна Каренинадан жоғары болмаса, төмен емес. Әлде төмен бе?

  -Төмен емес.

  --Е, сөйтсеңшi, қарағым. Фольклор жағына кетiп отырмыз ғой. Орыстар ,,Игорь жасағы туралы жырды,, оқи алмайды. Оны қатардағы қарапайым кiсiлерi түгiлi академиктерi түсiнбейдi. Ру-руға бөлiнген орыстың князьдықтарын Иван Грозный бiрiктiрдi. Сондай iрi бұрылыстар оларда көп болды. Сондықтан орыс тiлiнде өзгерiс көп. Бiзде бiрыңғай көшпелi өмiрдiң әсерiнен атамзаманғы тiлiмiз сақталды. Бұл жағдай фольклорымыздың бай болуына да әсер еттi. ,,Игорь жасағы туралы жырды,, бiздiң эпостармен ой, тiл, образ жағынан салыстыршы? Айырмашылықты бiрден сезесiң. Егер қателессем, кешiрiм сұрауға дайынмын. Төлегеннiң, Қыз Жiбектiң, Бекажанның образдары неткен ғажап?! Алпамыс, Қобыландыларымыз ше?

   Баукең тұнжырай ойға енiп:

   -Сен Лев Николаевич болып маған:,, Неге менiң Аннамды Қыз Жiбектен төмен дейсiң, көргенсiз!,,- деп ұрыссаңшы.

   -Неге менiң Аннамды Қыз Жiбектен төмен дейсiң?

   -Лев Николаевич, шамыңызға тигенiме кешiрiңiз. Бiр шағын эпизод. Өзiңiз жаздыңыз ғой, ұмытып қалдыңыз ба? Мүмкiн есiңiзде болар? Менiң есiмде. ,,Жоғары мәртебелiм, таңғы ас дайын,, ,-дейдi үй қызметкер әйел. Сонда Анна Каренина киiнiп, сыланып үлкен залға келедi. Күйеуiмен қатар отырып тамақтанады.

   Олардың қалай таңғы ас iшкенiн сiз өте сәттi суреттегенсiз. Екеуiнiң бiр-бiрiне мүлде бөтен жандар екенiн шебер ашқансыз. Сiздiң жазуыңыз бойынша, Каренин шанышқыны қалай ұстап отырды, Анна ше? Бәрi тамаша көрiнген. Екеуi бiрiн-бiрi сынап, онысын бiлдiргiсi келмейдi. Бiрақ оларынан ештеңе шықпайды. Каренин өз салфеткесiмен әуре, Анна да. Солай екеуi де бiр кесiм еттi ауыздарына сап, оны адамға ұқсап шайнамайды. Ерлi-зайыптысымақтар осылай бас қосқансып, тамақтанған болады. Мұны Лев Николаевич:,,Бүйтiп тамақтанғаннан аштан өлгенiм жақсы, атасына нәлет!,,- деп жаздыңыз ғой.  Ал мен ,,бұдан гөрi түрмеде отырған артық,, деп қорландым. Екеуiнiң бiр-бiрiне он қайнаса сорпасы қосылмайтындығын да жақсы көрсеткенсiз.

   Аннаның Вронскиймен қалай кездескенiн, аймалап құшақтасқанын да сәттi бейнелегенсiз. Мен емес, сiз ғой бейнелеген. Сiзге өте ризамын, сiз жалғыз менiң ғана емес, басқалардың да көзiн аштыңыз. Сiздiң Аннаңыз бен Каренинiңiз- орыс ақсүйектерi мiнез-құлқының бұзықтығы мен жарымжандығы. Мұны өзiңiз граф, дворянин бола тұра жаздыңыз.

    Вронский мәселесi мүлде басқа. Оны да жазған сiз, Лев Николаевич. Мұны неге сөз етiп отырмын? ,,Қыз Жiбектi,, оқып па едiңiз? Оқыған жоқсыз, себебi, сiз қазақ тiлiн бiлмейсiз ғой. Қыз Жiбек пен Төлеген сiздiң кейiпкерлерiңiзге мүлде қарама-қарсы бейнелер. Олар Сiздiң Каренинiңiзден, Сiздiң Аннаңыздан он есе,, мүмкiн жүз есе қасиеттi, сүйкiмдi жандар.

   Сiз, Лев Николаевич, менi дұрыс түсiнiңiз, мен, әрине, оқырман ретiнде ғана ойымды бiлдiрiп отырмын. Олардың арасында үлкен айырмашылықтар бар. Бiз ,,Қыз Жiбектiң,, авторын бiлмеймiз. Оны фольклорлық шығарма деймiз, бiрақ авторы болған, келе-келе ұмытылған. Фольклорлық шығармалар да авторсыз болмайды. Мұны бәрiмiз жақсы түсiнемiз.

   Лев Николаевич, менi дұрыс ұғыңыз, бәрiбiр Қыз Жiбек сiздiң Аннаңыздан, Төлеген Каренинiңiзден жоғары тұр. Әрине, мен сiздi шама-шарқымша түсiнгендеймiн. Сiз Карениндер бейнесi арқылы орыс ақсүйегiнiң қайғысын суреттеп отырсыз. Сiздi орыс революциясының айнасы деп Влдимир Ильич Ленин бекер айтпаған ғой. Бұған таласым жоқ, бiрақ Лев Николаевич, бiр жағынан орыс масқаралығының да айнасысыз. Мұны ешкiм жоққа шығара алмайды.

   Лев Николаевич, келiңiз, талдап көрелiк. ,,Севастополь әңгiмелерiңiзде,, де сiз жоғарыдағы бағытты ұстанғасыз. Мен оны да ұқыпты оқып шықтым. Немесе, кейбiр Кавказ жазбаларыңызға зер салалық. ,,Қажымұратты-ақ,, ала қояйықшы. Бұл шығармаңыз да эпикалық суреттеуден басталып, қайғылы аяқталады. Шашын ұстарамен тықырлап алдырған Қажымұраттың басын қапшыққа салып, ,,мiне, басы,, деп көрсететiн тұсты да жазған өзiңiз ғой.

   ,,Кавказ тұтқынын,, жазған да өзiңiзсiз. Мен сiзге өте ризамын. Сiз Кавказдың аз халқының дәстүрi мен намысына соншалық құрметпен қарадыңыз. Бағынышты, көмексiз болғанымен олардың адамдық намысын жоғары ұстағанын сiздiң шығармаларыңыздан көрiп, қатты қуандым. Сол үшiн де, Лев Николаевич, сiзге үлкен рақмет. Бұл бiле бiлсек, адамзат баласына мәңгiлiк үлгi.

   ,,Соғыс және бейбiтшiлiк,, эпопеяңызды да зейiн қойып оқып шықтым. Шығармаңызға басты лейтмотив болған сiздiң  емес, Михаил Илларионович Кутузовтың сөздерi. Онсыз ,,Соғыс және бейбiтшiлiктi,, бәлкiм жазбас та едiңiз. Сiз менен Кутузовтың ол сөздерi қандай едi деп сұрап отырсыз ғой?

   Орыс әскерiнiң бас қолбасшысы Кутузов Москваны соғыссыз жау қолына қалдырғанда Наполеон оған елшi жiберiп, арсыздықпен ауыр ультиматум қояды. Мұнысы- мен Мәскеудi алдым, ендi айтқанымды iстейсiң деген астамшылығы едi. Кутузовтың қартайған шағы, қиналып отыр. Ұзақ үнсiздiктен соң, ол елшiге:

    -Императорға сәлем айтыңыз, Москваның құлауы- Россияның құлауы емес,- деп жауап бередi. Бұл сөзде қанша патриотизм, өзiне деген қанша сенiм бар? Бұл берiлмеймiн, әлi әкеңдi көзiңе көрсетемiн деген сөз ғой, ә? Неткен данышпандық?!

   Наполеон Мәскеуде ары тұрады, берi тұрады, азық-түлiктен, жабдықтан қысылады, солдаттары аш болғандықтан әрiберiден кейiн Мәскеудiң қарғаларын атып жейдi. Тағы өзi қыстың күнi.

   Кутузов Тарутино лагерiнде жойқын шабуылға дайындалады. Наполеон елшiсiн Кутузовқа қайта жұмсайды.

   -Жоғары мәртебелi, бiз Мәскеуде отырмыз, өздерiңiз берiп кеттiңiздер ғой. Екi жағымыз да соғысып шаршадық. Император  Бонопарт Наполеон келiсейiк деп менi жiбердi.

   -Ұлы мәртебелi императорға сәлем айтыңыз, ол соғысып шаршаса, бiз әлi соғысты бастаған жоқпыз.

   Баукең балаша жадырап, мәз бола күлдi.

   -Анау шаршадық десе, Кутузов ,, бiз әлi соғысты бастаған жоқпыз,, дейдi. Қандай ұлы жауап, ә? Бұл, түсiнсек, өз обалың өзiңе, әкеңдi танытам…Қарғаны жеп ашығып, амалсыздан келiп отырсың деген сөз ғой. Елшi Наполеонға барады. Ол Кутузовтың жауабын тыңдап:

   -Е, мына шалдың ойы сұмдық екен,- деп әскерiне шегiнiңдер деп әмiр бередi. Өзi шанаға отырып, алдымен қашады. Ол кезде самолет, машина жоқ. Литваға барып, қону үшiн бiр ақсүйектiң үйiне тоқтапты. Ақсүйек те ақылды кiсi болу керек, тамағын берiп отырып:

   -Ұлы мәртебелiм, сiз ұлы қолбасшысысыз. Күллi Европаны жаулап алдыңыз, мына Россияны да алып едiңiз. Ендi қайтып бара жатқаныңызға түсiнбеймiн. Мәскеудi соғыссыз тастағаныңыз қалай?,- дептi. Наполеон тыңдап отырып:,,Жоғары мәртебелiм, қонақ еткенiңiзге рақмет,- дейдi.- Бiрақ та көп нәрсеге түсiнбейдi екенсiз. Сiз менi ұлы қолбасшы дедiңiз ғой?,,

   -Ие. Сiз ұлы адамсыз, сiздiң ұлы екенiңiз әлемге аян.

   Сонда Наполеон:

   -Түсiнген адамға ұлылық пен масқаралықтың арасы қас пен кiрпiктiң арасындай нәрсе екен,- дептi.- Сол себептi мен шегiнiп барам.

   Лев Николаевич, сiздiң ,,Соғыс және бейбiтшiлiк,, атты эпопеяңызды жазуға түрткi болған Кутузовтың жоғарыдағы ұлы жауабы ғой. Рас па?

   Мен сасқалақтап, не дерiмдi бiлмей қиналдым.

   -Әй, рас демейсiң бе? Сен Лев Николаевич болып сөйлемейсiң бе?- дедi Баукең жадырай күлiп.- Менiңше, Лев Николаевич, сiздiң ,,Соғыс және бейбiтшiлiк,, эпопеяңыз Қырым соғысынан басталады. Себебi, Севастопольде батарея командирi болып шайқастыңыз. Сондағы көрген, бiлгенiңiздi, түсiнгенiңiздi жинақтап жаздыңыз.

    Баукең бiраз үнсiз ойлана отырып:

   -Кейде Лев Николаевичпен  оңаша осылай сырласатыным бар,- дедi күлiмсiрей.- Бағалай бiлсек, сырласу да-шығармашылық…

 

ӨЗ ОБАЛЫ ӨЗІНЕ

 

    -Орыстың ,, Для дураков закон не писан,, деген қанатты сөзiн қазақшаға аудар.

   -Ақымақ үшiн заң жазылмаған.

   -Бұл формальдi аударма. ,,Ұқпағанға ойыңды айтпа, ұқпағанға сөзiңдi қор қылма,, десең, әлдеқайда мәндiрек болып шықпай ма?

   Тiл деген, шырағым, халықтың ғасырлардан бергi творчествосы. Тiл ертең, бүрсүгiнi тумайды.

   Әр тiлдiң өзiнiң ырғағы,  өзiнiң ұғымы бар. Әр тiлдiң өзiне жарастықты шешендiгi, өзiне жарастықты көсемдiгi бар. Әр тiлдiң өзiне лайықты ақылдылығы, өзiне лайықты ақындығы бар… Мен мұны мүмкiн түсiнбеспiн, дегенмен менiң ойымша, осыған түсiнбейтiн ,,ғалымдар,, аз көрiнбейдi.

   Баукең маған айбар шеге, сұстана қарады. Бұл ол кiсiнiң аса маңызды мәселе туралы сөз қозғар тұстағы әдетi.

   -Жұмыс- қайнаған қазан, оны жағалағандар ешқашан аш қалмайды деп саған айтқан шығармын?

   -Жоқ.

   -Солай ма?- Маған таңдана қарап, ойға ендi. Әлден соң:

   -Жұмыстың ақсауына тек басшы ғана кiнәлi! -дедi қатулана.- Себебi, жұртты дұрыс ұйымдастыра бiлмейдi. Ондай басшы орнынан түссе, быт-шыты шығып, жүнжiп кетедi.  Таңданбасқа шараң жоқ…

   Бiзде кейде:,,Қатеңдi қайталамауға ақылың жетедi, жасың да ұлғайды,, - деп қызметтен төмендегендi қайта жоғарылататын да әдiс бар. Менiңше, бұл ең дұрыс әдiс. Ал ендi бiр-бiрiн көре алмастан, бiр-бiрiнiң артық-кем қылығын кешiре алмастан итiң-қыржың болып, өзiнiң де, өзгенiң де берекесiн кетiрiп жүргендерге не дерсiң?! Бәрiнен бұл жаман әдеттiң кесiрi халыққа тиедi.

   Бұған кiм кiнәлi? Бұған, әдiлiн айтсам, жасы үлкен ағалар, сақал-шашы ағарған шалдар кiнәлi.

  Кейбiреудiң бiр танысса, соңыңнан қалмайтын да жаман әдетi бар. ,,Ойбай, әнеукүнi амандасып, хал-жай сұрасқан едiм, ендi құтыла алмай жүргенiмдi қарашы?,,- деп ерiксiз ренжисiң. Алдыңнан шыға келедi де:

   -Сiзден басқа сүйенерiм жоқ. Ананы өйте салыңызшы, мынаны бүйте салыңызшы?- деп басыңды қатырады.

   Мұндай кiсiлер тағы шетiнен жiкшiл, қызғаншақ, мансапқұмар келедi. Қай жерден қандай пайда түседi деп бiреудi жамандап, бiреудi жақсылап жүредi. Ережесi-алып қалсам, жұлып қалсам… Өзiн ғана ойлайды, өзгелер  мейлi өртенiп кетсiн, iсi болмайды.

   Мен сондай топтағылардың бiрiн жақсы бiлем. ,,Кеткен бастықтан артықпын, оның орнына мен боламын,, ,- деп бiраз әрекет жасап, орынбасар күйiнде қалды.

   -Ойпырмай, сырымды бiлiп қойды-ау, ендi қайттiм? Жоғары жаққа ,,мұнымен iстесе алмаймын,, десе, орынбасарлықтан да ажыраймын ғой,- деп ендi жөндеп ұйықтай алмайтынды шығарды.

   Сөйтiп жүрiп оның:

   -Сенiң пәленшеден нең кем?- деп желкеуде жастарды бiр-бiрiне айдап салатын ылаңы тағы бар. Осындайда бiр ақсақал:

   -Әй, қойыңдар, оның тiлiн алмаңдар, бұларың ақымақтық! Бiр-бiрiңдi сыйлаңдар. Достассаң-өсесiң, қастассаң- өшесiң,- десе, жастар, сөз жоқ, тыңдап, ойланар едi.

   Баукең ұзақ үнсiз қалып, қайта сөйледi.

   -Рас, бұрын орынбасар едiм, ендi бастық болсам деу, орынға, мансапқа таласу әр пенденiң басында болады. Бұдан адам баласы коммунизм кезiнде де арыла алмайтын тәрiздi. Әлде арылар ма екен?

   Әркiм өз шамасын бiлсе ғой, шiркiн. ,,Көрпеңе қарай көсiл,, деп халқымыз қалай тауып айтқан?! Бұл, түсiнсек, азаматтық ар-намыстарыңды, әдептерiңдi сақтай бiл деген нағыз дана пiкiр ғой.

   Баукең саусақтарымен тiзесiн шерте, ойға батты.

  -Қазақстан жазушылар одағының жаңа сайланған бiрiншi хатшысының орнында болсам, Қазақстан Коммунистiк партиясы Орталық Комитетiне былай дер едiм:

   -Сенiм артқандарыңызға рақмет. Сiздер жазушылар одағы жұмысын нұсқаушыларыңыздың ой-пiкiрi арқылы ғана бағалайсыздар, ал мен оны бес саусағымдай бiлемiн.

   Әдiлдiк, теңдiк орнасын, жақсы шығармалар дүниеге келсiн десеңiздер, екi тiзгiн бiр шылбырды менiң қолыма берiңiздер. Мұным сiздер тарапынан бақылау болмасын дегенiм емес, бiрақ бақылаудың да орны, жөнi бар. Бiздiң жұмысымызға араласқанда бiлiп араласпаса, қиын. Себебi, бiздiң одақ жай емес, творчестволық одақ.

   Бiрiншi күннен төңкерiс жасаймын, бәрiн өзгертем, ,,мен келдiм, сен жоғал!,, дей алмаймын. Бiр жыл, жарым жыл шыдамдылық танытып, байқаймын. Егер ақылы болып, жұмыс iстесе бiлсе, яғни қара басының қамын ғана көздемей халық қамын да көздесе, орнында қала берсiн. Ал олай етпесе, өз обалы өзiне…

Жалғасы бар, осында