МЕН-ХАЛҚЫМНЫҢ БАУЫРЖАНЫМЫН

МЕН-ХАЛҚЫМНЫҢ БАУЫРЖАНЫМЫН

Белгілі жазушы Қалдыбай Мамытбектің "МЕН-ХАЛҚЫМНЫҢ БАУЫРЖАНЫМЫН" атты кітабынан үзінділер жалғасы, басы осында

АДАМДА АЙЛА-ӘДІС МОЛ

 

    -Сөзiмдi бөлмей тыңда!- дедi Баукең бұйырып.-,, Москва,, қонақ үйiнде Күләш Байсейiтоваға жолығып қалдым. Төмен түсiп келе жатыр едiм:

   -Ә, Бауке, амансыз ба, қайда барасыз?-дедi.

   -Төмендегi мейрамханадан тамақтанбақ едiм. Қарсы болмасаңыз, бiрге тамақтанайық.

   -Ойпырмай, сiздi осында жолығады деп ойламап едiм,- дедi жадырай күлiп.- Тамақтансақ, тамақтанайық.

   Екеумiз мейрамханаға бардық. Үстiмде әскери киiм. Айналамызда өзбек, тәжiк, қырғыз- бәрi отыр.

   -Билiк өз қолыңызда. Қандай тағамды қалайсыз? Тапсырысты тартынбай, жақсылап берiңiз,- дедiм.

   -Шынымен билiк менiң қолымда ма? Хи-хи,- деп күлдi.

   Жұрт қарап отыр. Күләштiң бiр адамгершiлiгi, өзiн өзi ұстай бiледi екен. Бұл- үлкен ақылдылық. Қатты риза болғаным, жүз жылдан берi таныс-бiлiс адамдай еркiн отырды, өзiн еркiн ұстады. Сөз арасында:

   -Алматыдан кеше келген едiм, бүгiн кешкi самолетпен қайта ұшпақпын,- дедi.

   -Неге сонша асықтыңыз?

   -Бiр туыстарым өзара келiсе алмай жанжалдасып қалған көрiнедi. Мәскеуде ең азы екi апта боламын ғой деп едiм. Ендi амал жоқ…

    Мен ойға қалдым.

    Баукең темекi түтiнiн үрлей отырып:

    -Туған-туысқан арасының өзiнде қанша талас- тартыс бар десеңшi?- дедi басын шайқай.- Соғыста өмiр мен өлiм қыл көпiрден өтiп жатады. Бейбiт күн таласы мен соғыстың таласының айырмасы ұлкен. Соғыстағы талас- өмiр не өлiм, ал бейбiт өмiрдегi талас- ашу, ыза.

   Тұрмыс болғаннан кейiн, қимыл болғаннан кейiн, әсiресе, қиыншылық жағдайда талас-тартыс әрдайым ұшырап отырады. Дөрекi түрде айтқанда, талас-тартыссыз өмiр жоқ.

   Ауыз жаласып, тату тұрамыз дегеннiң тоқсан пайызы өтiрiк. Бiзде тартыс-талас жоқ деген нәрсе- жалған. Мысалы, келiн екеуiңнiң араңда тартыс жоқ десең, мен сенбеймiн. Бар, бiрақ та көнемiз, көнбеске лаж жоқ. Ішкi талас-тартыс кiмнiң өмiрiнде болсын жетiп жатыр.

    Тартыс-таласты бiз терiс iс деп ойлаймыз. Бұл- табиғи, заңды құбылыс.

   Тартыс-таласты жуып-шайып жiберетiн бiр-ақ нәрсе бар. Оны, бейнелеп айтқанда, дипломатиялық қарым-қатынас деймiз. ,,Адалмыз, ақ ниеттiмiз, бiр-бiрiмiздi сүйемiз, күйемiз, бiр-бiрiмiзсiз өмiр сүре алмаймыз,, деген секiлдi үйреншiктi сөздер толып жатыр. Оны бiр жақсы дипломатиялық әдiс оп-оңай шеше салады.

   Дипломатиялық әдiссiз өмiр жақсы да болмас едi. Оның грамнан бастап тоннаға дейiнгi бiр қасиетi бар. Оны орысша лицомерие дейдi. Бiз оны ұнамсыз жай, ұнамсыз көрiнiс деп соғамыз. Ал шынына келсек, бұл да табиғи, заңды құбылыс.

    Айтқаны ұнамаса да:

   -Е, мынаның көңлiне тимейiншi,- деп ығына жығыла саламыз. Это разве не лицомерие? Ұнатпағанымызды жасырып жүремiз, бiреудiң кемшiлiгiн бiлсек те айтпаймыз. Бұл не? Бұл тартыс-таласты ұшындырмаудың амалы. Оны бiреу ұқса, бiреу ұқпайды.

   Үстiмiзге жеңгей ендi.

    -Шай әкелейiн бе?

    -Болды, ойымды бөлме!

    Жеңгей бөлмеден көңiлсiз шықты. Баукең ашуын басып:

    -Не айтып отыр едiм?- дедi сабырлы қалпына енiп.

    -Ұғады дедiңiз.

    -Ұғады деген бағалайды, көрген, бiлген, естiген, сезген нәрселерiнен қортынды жасайды, олардың орнын таба бiледi деген сөз. Орнын тапқанда кiм пайдалы, кiм зиянды деген ең басты сұраққа жауап iздейдi.

   Бiлсең, қарағым, сол екеуiнiң арасында адам интеллектуальды жануар ретiнде табиғатқа кейбiр түзетулер енгiзедi. Түзету екiге бөлiнедi. Бiреуiн сақтайды, бiреуiн жояды.

   Арам шөп деген сөздi ботаникалық ұғым бойынша түсiну- ақымақтық. ,,Мынау зиянды шөп екен, отап тастайық, мынау зиянды шыбын екен, улап өлтiрейiк, мынау сасыған су екен, ағызып жiберейiк,, ,- деген түсiнiк түсiнiк емес.

   Өмiрдегi ең зиянды арам шөп- оңбаған зиянды адамдар. Адамдардың да арам шөбi болады. Сен бұған терең мән бер.

   Жануарлар дүниесi; маса, бүргеден бастап, жылан, қасқыр, қарсақ, жолбарыс, арыстан дегенге дейiн барады. Осы сияқтылар адам қоғамынан да табылады. Түсiндiң бе? Бұлар болмаса, адам өспес едi. Кәдiмгi аюндарша ,, қарным тоқ,, деп жүре берер едi.

   Адамға өзiнiң қандас, жандас туысымен күресу өте қиын. Неге десең, адамда айла-әдiс мол…

 

ҮЛКЕН ІС

 

    Американың Уитмэн деген ақыны болған. Ұлты немiс. Өзi өмiрiнде әйел алмаған, үй салмаған, жұмысшы. Сол кiсi ұйқас-мұйқасқа көңiл бөлмеген, сөздерiн шашып жазған. ,,Жезөкше,, деген өлеңiнде ,,кешке кел, сен кiнәлi емессiң,, деген ой айтқан.

   Бiр күнi оның даңқы Маяковскийге жетедi. Владимир Владимирович:,,Ойбай, мынау менiң ұстазым ғой. Үйретушiсi жоқ деп елдiң бәрi маған ұрсып, кiнә тағып едi,, ,- деп Америкаға аттанады. Мақсаты- Уитмэндi көру. Оны ешкiм ақын деп жүрген жоқ, өзi қаңғыбас бiреу. Америкаға жеткенше ол қайтыс болыпты. Соған қайғырғаны сондай Владимир Владимирович Американы жек көргенiн жасырмайды. ,,Советтiк паспорт,, деген өлеңiн қуанып емес, Уитмэннiң қазасына қайғырып отырып жазған. Оны ұстаз тұтады. Көрмеймiсiң, ақын деген кiм?

   Уитмэннiң өлгенi қызық. ,,Е, мына жынды шал жүр ғой, пәлен-түген дегенiмен жұрт оның ақша жинағанынан хабарсыз екен. Үй, туыс, бала-шағасы жоқ. Ол бiр қалаға кеп бар ақшасын жұмсап, өзiне көр қаздырады. Ел аң-таң. Бұл шұңқыры несi дейдi. Көрдiң үстiне шифоньерден үлкен, түрегеп тұрған ескерткiш орнатады.

   Уитмэндi тауып оқы. Ол тоқтаған кiшкене қаланың аты бар. Соның мэрiн шақырып алады. Әжептеуiр ақша жинаған екен. Анау ,,жынды шал, неге шақырды?,, деп келуi керек. Өзi ауырып жатыр екен.

   -Қалаңыздағы ең сұлу, ең атақты жезөкше әйелдi маған алдыртып берiңiз?

   -Ой, бұл қалай?

   -Оның бiр түнi қанша тұрады екен? Мен жиырма бес есе артық төлеймiн,- деп ақша бередi. Қаланың мэрi аң-таң.

   -Мынау сiзге,- деп жеңгетайлыққа елу мың сом ұсынады.

   -Ой, мынау өте көп қой, тағы ақшаңыз бар ма?- десе:

   -Менде ақша көп, өлгеннен кейiн одан да көп болады,- дейдi.-Нотариус  шақырыңыз.  Ол  тез  шақырып  келедi.  Уитмэн  нотаруис қызметкерiне сенбесе керек.

   -Менiң көзiмше өсиетiмдi жазыңыз,- деп оған бiр бума ақша бередi.- Мына сылақтың ар жағында кiшкене ғана сейф бар. Соған ешкiмдi жолатпаңыз. Бiрiншi өсиетiм –сол. Оны бұзбасаң, аша алмайсың. Кiлтi жоқ. Мен өлген соң он есе аз, жиырма есе ақшам көбейедi. Мұның бәрi банкке өткiзiлсiн,- деп банктiң атын атайды.-Мен ол банкке қарыздар емеспiн. Бiрақ сонда сақталсын. Мен бiрер сағаттан соң өлем, ақша алдыңдар ғой, көмiңдер. Ал банктегi ақшаны болашақ шешедi.

   Жезөкше әйел келедi. Оған:

   -Сен бақыла ,- деп ақша бередi.

  Уитмэн осылай өледi. Көрдiң бе, Маяковский оның мұрагер ұлы. Себебi, оның ойына ой қосты.

   Абайдың ,,ойыңа ой қосады ақылдассаң,, деген данышпан өлеңi бар ғой. Оны сендер әйелдерге жазыпты деп жазғырасыңдар. Әйелге жазса –ол кiсi әйелдi адам деп таныған ғой. Абайдың осы сөзiн кең түсiну керек. Мысалы, Гейне, Гете, Лермонтов, Науаи, Фараби мың жыл өтсе де адамдардың ойына ой қосады емес пе?

   Уитмэн Маяковскийге таныс болмаса да ой қосты. Оны бiз тар мағынада түсiнемiз. Оны кең мағынада түсiну керек. Бұл оңай мәселе емес. Неге десең, өмiрден өзiңе ұстаз табу, шәкiрт табу- үлкен iс.

 

САЗАРДЫ ДА ҚАЛДЫ

 

    -Мансап-қорлық, шырағым,- дедi Баукең өткен бiр оқиғаны есiне қайта түсiрiп.- Ол- ақымақтардың тағдыры. Ақылың болса, құдай берген талантың болса, абырой да, атақ та, әрiберiден кейiн шатақ та өзi келе бередi. Оларды сұраудың керегi жоқ. Ақымақтар қанша сұраса да құдай бермейдi. Әлде бере ме?

   -Бермейдi.

   -Құдайдың ақылы бар ғой, түсiндiң бе? Әй, шырағым, сенсең сен, сенбесең қой, мен атағымды, шатағымды құдайдан сұрап алғаным жоқ. Оны маған өзi бердi.

   Баукең ежiрейе қарап:

   -Мұны не үшiн айтып отырсыз?- деп маған сұрақ қойғын,- дедi.

   -Мұны не үшiн айтып отырсыз?

   -Тыңда! Жазушылар одағының фоэсiнде үш-төрт жiгiтпен әңгiмелесiп отыр ем, қасыма таныс ,,классик,, жетiп келдi.

   -Әй, жүр, ана жаққа барып сөйлесейiк!- дедi бұйыра сөйлеп.

   -Көке, мына жiгiттердiң көңлiне келiп қалмай ма?

   -Жоқ!

   Жазушылар одағының күншығысындағы аллеяға барып, оңаша отырдық.

   -Иттер менi қолдамайды,- деп бастады сөзiн. Бақсам, айлығы көп, лауазымы жоғары бiр бос орын бар екен. Соған мұны ешкiм ұсынбапты. Айтуы бойынша мұны ұсынбаған қызметкерлердiң бәрi ит болып шықты. Құдайға шүкiр, мен қызметкер емес екенмiн/ Баукең күлдi/, қызметкер болсам, мен де сол иттiң бiреуi боп шығады екем.

   Тыңдап отырдым. Сөйлеп, сөйлеп шаршады-ау дегенде айқайды салдым.

   -Сiздiң шығармаларыңыз-қойыртпақ! Құдайға шүкiр, дәулетiңiз бар, жазушылар одағындағылардың барлығы пәленшеке  дейдi. Жаман болса да, кiтаптарыңыз шығып, қаламақыңыз, айлығыңыз жүрiп жатыр. Бұдан артық сiзге не керек?! Мен отставкiдегi полковникпiн. Зейнетақым бар, ол кейде жетiп, кейде жетпейдi. Отбасы болған соң бәрi қажет.

   Мен де жазушымын, бiрақ сiзге ұқсап жазушылар одағында мансаптан мансап қуып, шатақ шығарып жүргенiм жоқ. Шығарды десеңiз, айтыңыз?! Бұдан былай мұны қойыңыз!

   Ол не дерiн бiлмей, қанын iшiне тартып, сазарды да қалды. Сазарсаң, сазара бер деп орнымнан тұрып, қоштаспастан жүрдiм де кеттiм…

 

ҚАРАПАЙЫМ БОЛҒАНҒА НЕ ЖЕТСІН?

 

    Баукең мүштегiн алып, асықпай темекi тұтатып тартты.

    -Сұрағың болса, қысылма.

    -Қарапайымдылықты қалай түсiнесiз?

    Көк түтiндi көкке үрлей  жауап қатты.

    -Қарапайымдылықты кейбiреу кiшiпейiлдiлiкпен шатастырады. Ол- түсiнбестiк. Қазақта ,,Көп жасағаннан сұрама, көптi көргеннен сұра,, деген мақал бар, қарағым. Оны мен дана мақал деп ойлаймын.

   Мақтанды демегiн/ ондайдан аулақпын/, мен өз қатарымдағылардың арасындағы көптi көргендердiң бiреуiмiн. Әр топтың, әр ұлттың, азиялық, европалық континенттiң /әр континенттiң батысы, шығысы, оңтүстiк, солтүстiгi бар/ адамдарымен сырласқан кiсiмiн.

   Сен бiр келгенiңде географиялық картаны ала кел. ,,Мына жерде мынандай әсер алдым,, деп жүрген жолдарымды сызып беремiн.

   Мен өмiрiмнiң көбiн жолаушылықпен өткiзген кiсiмiн. Баяғыда ондай кiсiнi жи¿анкез деп атаған.

   Мен жолаушы боламын деп ойлаған емеспiн.. Менi жолаушы болуға өмiр мәжбүр еттi. Әскери борыш қайда жұмсаса, сонда бардым. Суыққа жұмсаса, суыққа, ыстыққа жұмсаса, ыстыққа, соғысқа жұмсаса, соғысқа бардым. Жолығам деп ойламаған кiсiлерге жолықтым. Миклука Маклай, Приживальский, тағы басқалары өз еркiмен, өз қаражатымен саяхат жасағандар. Ал бiз ,,азаматтық борышыңды өте!,, деген бұйрық бойынша  саяхат жасадық.

   Бiз алтын iздеген жоқпыз. Атақты Колумб алтын iздедi, оның ол әрекетi жақсы болды, жаңа континент- Американы ашып, адамзат үшiн үлкен iс iстедi.

   Ашарын ашып, аларын алып, бiз басқа жаққа кеттiк, сен қал деп Амери атты құлын қалдырады. Содан жаңа континент Америка атанған. Ашқан Колумб қой.

   Қандай кездейсоқтық, ә? Бұл Америдiң түсiне кiрдi ме екен?

   Бiздiң қазақтың жер аты сол жерге бiрiншi кеп қыстаған, не жаз жайлаған кiсiнiң атымен аталған. Кейде атау жердiң түсiне, ерекшелiгiне қарап қойылған. ,,Мынау Қоңыртөбе, мына жерге жуа көп шығады екен, Жуалы дейiк деген. Жуалы менiң туған ауданым ғой. Ақсай, Көксай да солай. Мыңбұлақ- жатқан бұлақ қой. Әр жүз, екi жүз метр сайын бұлақ. ,,Е, мынау жазда да, қыста да аппақ ала тау екен, бұдан былай Алатау дейiк, ал мынау қап-қара екен, Қаратау дейiк деген. Мына жерден кен шықты деп Кентау атаған.

   Бiздiң елде Бақтыбайдың, Батырбектiң сазы деген саздар бар. Оларды бiрiншi ашып, бiрiншi малын баққан Бақтыбай, Батырбек деген кiсiлер екен.

   Жамбылдың батыс жағындағы үлкен көл Билiкөл деп аталады.

   -Ойбай, мына көлдiң айналасы жақсы, шөбi шүйгiн екен, жайлау iстейiк,- дейдi Билi деген кiсi. Содан Билiкөл атанып кетедi.

   Бiздiң ауыл Алатаудың бауырында ғой. Жауынгерлiк кез. Биiк шыңның басына қырғыздың батыры шыққан екен, содан ол Манас шоқысы атанып кетедi.

   Ол кезде, дүрбi, самолет жоқ. Барлау үшiн төбеге, биiкке шығу керек. Манастың өзi бiздiң бүгiнгi альпинистен артық болған тәрiздi. Биiк мұзтауға шығып, жау қай жақтан келе жатыр екен деп байқап отырыпты.

   Ешкiм көрiнбейдi. Қаншалықты рас, өтiрiк екенiн бiлмеймiн, қарағым, ,, жаудың келе жатқанын көрместен мына шоқыдан түспеймiн,,  деп батыр биiкте қозғалмай отырып алыпты.

   Төмен жақ-ыстық, шоқы басы- мұз. Жыңғыл жағып, шала пiскен еттi қорек етедi. Жылы киiм де мәз емес. Қырғыздың манаптарының кейбiрi шыдап, кейбiрi ,, тоңып өлемiз бе?,, деп шетiнен кете бастайды. Манас принцип ұстап, сол биiкте мұздап өледi. Оны ешкiм жерлемейдi.

   Мұны еске алу себебiм, қарағым, жердiң аты, елдiң аты- жатқан тарих. Оның түбiрi бар. Егер де бiздiң ауылға жолың түссе, Манас шоқысы қайда деп шалдардан сұрасаң, ,,әне!,, деп көрсетедi.

   Аулымда Терiс деген де өзен бар. Алатаудан, Қаратаудан бас алған бұлақтар төмен, ылдиға қарай ақса, мынау ерегiсiп, керi ағады. ,,Аналар жөн-жөнiмен жөңкiлiп барады, терiс ағып мынаған не жоқ?,, - деп ел атын Терiс қойған. Бiзде Күркiреусу өзенi де бар.

   Жер аттарын неге бұлай атаған деп ойланып, түсiну керек. Олардың өзiндiк тарихы, мәнi бар. Оны ата-бабамыз құрдан-қүр қоя бермеген.

   Қазақтар бiрден далалы  халық болған емес. Неге десең, далада жемiс жоқ. Тауда мәуе бар әрi мал өсiру үшiн қыста сарай керек. Содан амалсыз жылы жер, пана iздеген. ,,Е, мына жақ жылы екен, шөп жеткiлiктi,, ,- деп жұттан қашып, солтүстiктен оңтүстiкке, не таулы аймаққа жылжыған.

   Жазда далаға беттеп:

   -Е, ендi арқамыз кеңiп қалды,- деген. Менiңше, Арқа сөзiнiң түбiрi осыдан шықса керек. Ол адамның аты емес.

   Қарағым, өзiң жассың, бiр елдiң, бiр жердiң атын естiсең, неге бұлай деп ойланғын. Жалғыз қазақтың жерi емес, басқа халықтардың жер аттарын да ескеру керек. Мысалы, орыстың да көлдерiнiң, тауларының өз тарихы бар. Шамалауымша Волга- вольная река дегеннен шыққан болу керек.

   Бұларды неге айтып отырмын? Мен қарапайымдылықтың  мәнi дәл осында деп бiлемiн. Адам бiрiншi рет танығанына, бiрiншi рет көргенiне өз әсер-сезiмiнiң өлшемiмен ат қойған. Бұл - үлкен нәрсе. Менiңше, қарапайымдылық - әр адамның әсер-сезiмi өлшемiнiң жемiсi. Әрине, кейiнгi кезде оны күрделендiрiп жiбердiк. Неге десең, кейбiреу өзiн кiшiпейiл санағанмен, елдiң бәрiнен бiлiмдi, артық екен десiн деп тұмсығын көтередi. Жақсы киiнсе, жақсы бiлiмдi сөз сөйлесе, бiттi, ,,ойбай, мына кiсi бiлiмдi, кiшiпейiл екен,, деймiз. Бұл-түсiнбестiк. Менiңше, қарапайымдылық- ниет, жүрек адалдығы, әсер-сезiм- тазалығы…

   Кешегi қан майданда зұлым жауды жеңген Отанымыздың қарапайым ұл-қыздары емес пе? Ендеше, қарапайым болғанға не жетсiн?!..

 

НАҒЫЗ ҒАЛЫМ МІНЕЗІ

  

   ,,Алматы,, шипажайы.  Мезгiл кiшi бесiн. Аспанды сұр бұлт тұмшалап алған. Күздiң салқын самалы еркелей қойны-қонышыңа енiп, мойныңа асылып мәз.  Баукең екеумiз жасыл аллеямен жоғары-төмен қыдырыстап жүрмiз.

   -Ақжан Машанов деген ағаңды бiлушi ме едiң?

   -Әл- Фараби бабамыздың еңбектерiн бiрiншi зерттеушi кiсi ғой. Қазақ ССР-i Ғылым академиясының мүше-корреспондентi.

   -Дұрыс. Сол кiсi де осы шипажайда демалып жатыр. Кешкiлiк серуенде екеумiз  оңаша  сырласып жүрмiз. Ақаңның ғылымға шын берiлгенiн  мына айтқан шағын әңiмесiнен-ақ  аңғаруыңа болады.

    Ауыл ақсақалы кiтап қолтықтап келе жатқан жастан:

   -Сенi қызықтыратын нәрсе  мал ма, әлде ғылым ба?- деп сұрапты. Сонда жас жiгiт:

   -Әлбетте менi қызықтыратын нәрсе-ғылым.. Ол өзiмен достасқан жанды тек жақсылыққа жетелейдi. Ертеңiн ойлаған адам ғылым иесiмен, бүгiнiн  ойлаған адам  мал иесiмен дос болады,- дептi. Жас жiгiттiң /менiң шамалауымша, ол Ақаңның өзi болуы да мүмкiн/ осы жауабын ауық-ауық шәкiрттерiмнiң естерiне  сап, ой бөлiсiп отырамын…

    Тағы бiрде:

   -Бауыржан,  жоғары оқу орнында оқытушы болып iстейтiн көршiм:,, Әл-Фараби туралы жазып жүрген кiтабыңыздың бiр жерiне менiң де аты-жөнiмдi қосып қойсаңызшы, тарихта қалайын,,  деп өтiндi.-,- деп әңгiме айтты.

   -Қостыңыз ба?

   -Оған былай дедiм:,,Сен өтiрiк айтасың, ұрлық жасайсың, ал Әл-Фараби бабамыз өтiрiк айтпаған, ұрлық жасамаған. Қалай қосамын? Олай етсем, ұлы баба аруағынан ұят болмай ма?,,

   Қандай әдiл жауап, ә?! Мен жорта, не дер екен деп:

   -Бүгiнгi Әл-Фараби менмiн!- дедiм даусымды көтерiп.

   -Болсаң, боларсың, Бауыржан, саған айтар дауым жоқ. Себебi, Әл-Фараби ештеңеден қорықпаған, -дедi шын көңiлiмен.  Күлiп жiбердiм де:

   -Көке, естуiмше, Қанекең /Қаныш Сәтпаев/ бiрде туған аулына барып, ауылдастарымен кездесiптi. Сонда бiр танысы аяқ-қолын жерге тигiзбей мақтаса керек. Ол кiсi сабыр сақтап, ыңғайсыздана езу тартып: ,,Менi бекер мақтайсыз, мен өзiмнен үлкен ағамның ширегiне де келмеймiн,, ,-деген екен. Қанекең айтпақшы, маған Әл-Фарабимiн деу-астамшылық, - дедiм.- Бiзге ол кiсiнiң лайықты ұрпағы бола алсақ та жетiп жатыр,,…

  Ақаң қуанғаннан менi құшақтай алды. Нағыз ғалым мiнезi…

 

МӘДЕНИЕТТІЛІКТІҢ БЕЛГІСІ

 

   -Жақында бiр профессордың үйiнде қонақта болғанымды саған айтып па едiм?    

   -Жоқ.

   -Е, онда тыңда. Жақсы отырдық. Үзiлiс кезiнде жұмыс бөлмесiне ертiп барды.

   -Мынау сирек кездесетiн туындылар. –Екi құлағым үй иесiнде болғанымен екi көзiм кiтаптарында болды. Күншығысқа қараған қабырға еденiнен үй төбесiне дейiн кiтап.

   -Мынауыңыз жатқан қазына ғой,- деп мақтаушылар да табылды.

   Мен олармен iштей келiспедiм. Себебi, жеке меншiк кiтапхананың өзiндiк ерекшелiгi бар. Ол кiтаптарды рет-ретiмен көрнектi етiп жинай салу емес. Бiлсең, ол сенiң кiм екенiңдi айғақтайтын құжат. Рас, көпшiлiк кiтапханасының жөнi мүлде бөлек. Онда кiтаптар альфавит бойынша рет-ретiмен жиналады.

   Кейбiр жекеменшiк кiтапханалар формальдi болады. Ол кiтапхана емес, көрме. Соның бiр дәлелiн профессордың жұмыс бөлмесiнен көрiп, ренжiп қалдым. Жоғарғы сөресiнде қырық-елудей Ленин томдары тұр. Бұл жай көрме. Олай дейтiнiм, оның ар жағында:

   -Ой, бұл Лениннiң томдарын жинап алыпты десiн,- деген ой жатыр. Ол томдар көпшiлiк кiтапханасында тұрса, жарасады. Профессорға:

   -Әй, шырағым, мына кiтаптардың қайсысын оқыдың?- дедiм.

   -Бiразын оқыдық қой,- дедi сасқалақтап, ыржиып күлiп.

   Екiншi сөреде классиктердiң шығармалар жинағы тұр.

   -Тапқан екенсiң сенгiш ақымақты. Шынына келгенде сен бұлардың оннан бiрiн оқыған жоқсың. Рас па, өтiрiк пе?- дедiм профессорға.

   -Рас.

   Маған үшiншi сөре де ұнаған жоқ. Өңшең жақсы түптелген, қол тимеген кiтаптар.

   Астыңғы сөресi ғана көрме емес екен. Профессор ондағы кiтаптардың кемiнде жартысын, немесе бәрiн оқыған болу керек. Себебi, кiтаптар әртүрлi, ала-құла.

   Баукең темекi тұтатты.

   -Бiздiң үйдегi мына кiтап этажеркасына қара,- деп шығыс қабырғаға назар аудартты. Үстiңгi қабатындағы кiтаптар- көрме, ал астыңғы қабаты-кiтапхана. Олай дейтiнiм, кiтаптар аралас- құралас тұр.

   Мұны саған айтып отырған себебiм, қарағым, кiтаптарды жалтыратып жинап қойып, бiрiн оқымау көрме емей немене? Ала-құла боп тұрғаны- оқығанның белгiсi.

   Ендi бiр жеңгеңнiң тапқырлығын айтып берейiн. Үйде бiраз уақыт болмай қайтып келсем, өз жұмыс бөлмемдi өзiм танымай қалдым. Ехе-хе…

   Баукең иығын қисайтып, көзiн бақырайтып, түсiнсем бұйырмасын дегендей белгi жасады.

   -Сөрелерiмнiң арасы ашық тұратын. Мiне былай,- деп қағазға сызып көрсеттi.-Арасында едәуiр орын қалдырылған төрт сөре қатар тұр. Әлгi ашық үшеуiнiң төбесiн жаба тағы үш сөре қойылған. Осылай алмасып үйдiң төбесiне дейiн жеткен.

   -Әр сөреге әртүрлi кiтаптар жинадым. Мысалы, бiреуiнде әдеби,  бiреуiнде тарихи туындылар, солай бөлiнiп кете бередi. Мен кiтаптарды мұқабасы бойынша емес, тақырыбы, мазмұны бойынша қойғам. Оны жеңгең мен жоқта бәрiн өзгертiптi. Мұқабасы тозыңқыраған кiтаптарды жәшiкке сап тастапты. Ал алтын, күмiс мұқабалардан көрсеткiш көрме жасапты. Бұл, оның ойынша мәдениеттiлiктiң белгiсi екен…

   

ТАНЫС ӘЙЕЛ

 

    Баукең менi залға ертiп келдi. Жеңгеймен амандастым.

   -Үй-iшiң аман-есен бе?

   -Аманшылық. Өзiңiздiң денсаулығыңыз дұрысталды ма?

   -Шүкiр, аздап дұрысталды.

   Мен қоштасып кетпек болып едiм, жеңгей:

   -Шай iшiп барасың,- дедi.

   -Рақмет, жаңа ғана iштiм.

   -Әдептiлiгiң жоқ-ау деймiн. Үй иесiнiң қолынан дәм татпағаның қалай?- дедi Баукең сөзге араласып.

    Дастарқан басында Күләнда әпке, жеңгей, Баукең  төртеумiз шай iштiк. Шай үстiнде Баукең  ақын Жуковскийдiң ақылдылығы туралы әңгiмеледi.

   -Суворов қайтыс болады. Күллi Россия ендi қалай жерлеймiз деп сасады. Патша да қиналады.

   Суворовтың князь, генералисмус деген, тағы басқа да атағы көп қой. Кеңесшiлер бәрiн тiзiп жазып, қабiрiнiң басындағы плитаға жапсырайық дейдi.

   Пушкиннiң бiрiншi ұстазы Жуковский сол кезде сексен алтыда екен. Бәрiн тыңдап болып:

   -Бос сөз!- дейдi.

   -Қалайынша?!- деп жұрттың бәрi таң қалады.

   -Мұнда Суворов жатыр жеп жазыңдар. Сол жетедi,- дептi. Қандай ақылды кiсi, ә?

   -Басқаны бiлмеймiн, Бауыржан, сенiң кешегi ұстамдылығыңа өз басым қатты риза болдым,- деп Күләнде әпке сөз бастап едi:

   -Кеше менiң бiр таныс әйелiм келiп, құдай салмасын талай өнер көрсеттi,- дедi жеңгей қоштай сөйлеп.- Ернi-басын бояп, сыланып алыпты. Айна әкел, тарақ әкел деймi-ау, бiресе мен мына үстiмдегi халатпен отырсам /гүлдi көкала халатын көрсеттi/, менсiнбей қарайма-ау, қойшы әйтеуiр не керек әбден есiрдi.

  Ағаң оны  қоштап,  мәз  боп қалды. Сонда да ,,еркелiгiн,, тырс етпей көтердiм.

   -Е, өзi сұлу екен, ,,ғашық,, боп қалдым.

   -Көрдiк қой ғашық болғаныңызды, жайнаңдап кеттiңiз.

   -Ой, iшiң тар екен ғой. Әпке/ Баукең Күләнда әпкеге бұрыла сөйледi/, мына қызыңыз /қолымен нұсқай көрсеттi/ қалай өзi? Әйелдер кең болса ғана дүниенi бүтiндейдi емес пе? Ақылыңызды айтпайсыз ба? Әйел кең болса:,, Е, мына байғұс маған сенiп жүр екен ғой. Мен өйтпейiн,, -дейдi еркек. Өзiңiз жақсы бiлесiз, әйел тар болса, бәрiн бүлдiредi.

   -Кеше мен, керiсiнше, кең болдым ғой.

   -Байғұстың көзiлдiрiгiн сындырып қойдым. Көртышқанға ұқсап түк көрмей қалды.

   Баукең маған бұрылып, дауыстай күлдi.

   -Саған айтатын бiр деталь, өзi қарны қампиған қатын екен. Оқта-текте алақанымен қарнын салып-салып қалады.

   -Ой, олай етпеңiз, аржағында бөпе жатыр. Баламызды өйтiп қинамаңыз, шошытасыз,- дедiм. Байқаймын, қысылып, ұялып қалды.

   -Сен болғанда, қарағым, сатиралық бiр образ шығарар едiң, -деп жеңгей сықылықтай күлдi.- Коньяк құйып берiп отырсам, ,, аз-аздан құяды екенсiң,, деп жақтырмай, шөлмектi өзi алып, өзi құйып iштi. Қонақ қой деп үндемедiм. Темекiнi де бұрқыратты-ай кеп.

   -Бұдан екi-үш жыл бұрын әжептеуiр әйел едi,- дедi Күләнда әпке.- Күйеуiнен ажырасқалы бұзылып кетiптi. Ана қылығына кiм шыдайды?

   -Балаң бар ма десем, екi қызым бар дейдi,- дедi Баукең.

   -Ол ендi бiз туралы елге әбден жаятын болды. Мына ағаң соның көзiнше маған қасық лақтырды,- деп жеңгей iшек-сiлесi қата күлдi.

   -Сен қайда жүрсiң, а?!- деп қасықты жорта екi-үш рет  сермеп қойып, жеңгеңнiң басынан асыра лақтырып кеп жiбердiм. Әлгi әйел көзi бақырайып, шошып кеттi. ,,Бүйтiп тиген байың құрсын!,, деп ойлады-ау шамасы. –Баукең дауыстай күлiп, қайта сөйледi.- Е, несi бар, елге жайса жая берсiн. Ел бiз туралы не демейдi? Көбiсi түсiнiп те, түсiнбей де айтып жүр ғой.

   -Мен бәрiнен әлгi әйелмен Бауыржан ұрсып қала ма деп қорықтым,- дедi Күләнда әпке күле отырып.- Көптi көрген емес пе, әйтеуiр төзiп бақты. Соған риза болдым. Ілгерiде атамыз:,, Батыр батыр емес, өзiн өзi басқан батыр,, ,-деушi едi. Сол кiсi айтпақшы, Бауыржан соғыста ғана емес, өмiрде де батыр екен. Ана албасты қатынның барлық бейбастығын көтердi.

   -Әпке, өз туысыңызды өзiңiз жамандамаңыз.

   -Туысың не, қарағым? Ол қайдағы, мен қайдағы? Бұзылып бiткен екен байғұс.

   -Жыныс жағынан туыс емессiз бе?

   -Туыс болмай әдiрақалсын!

   -Сый-сияпат, әдеп дегеннен жұрдай. Өзi бiрақ реңдi, ақылсыз да емес. Несiн айтасың, араққа салынып кетiптi. Ол туралы әңгiме жазуыңа болады. ,,Өзiне естен тана ғашық болдым,, деп бастар ма едi алғашқы сөйлемiн. Тағы да маған көзiн қысып, ,, алған әйелiң осы ма?,, дегендей жеңгеңдi менсiнбей иегiмен көрсетiп қояды.

   -Кешегiдей қорыққан емеспiн,- дедi Күләнда әпке.- Бауыржан такси шақыртып, телефон соққанда жүрегiм жарыла қуандым.

   Қоштасар сәт туып, мен орнымнан тұрдым.

   -Әй, сен, телефон номерiңдi айтпадың ғой. Келiнге:,, Бiздiң үйден қазiр шықты,, -деп хабарлайық. Әлде жеделхат жiберейiк пе?- деп Баукең әзiлдей күлдi. Ізiнше жеңгейге қарап:

   -Бұған күйеуге шығып жүрген келiнде шайнам ақыл бар ма, жоқ па?- дедi.

   -Оны келiнiңiздiң өзiнен сұраңыз, Бауке,-дедiм. Бәрiмiз күлiп қоштастық.

Жалғасы бар, осында