МЕН-ХАЛҚЫМНЫҢ БАУЫРЖАНЫМЫН

МЕН-ХАЛҚЫМНЫҢ БАУЫРЖАНЫМЫН

Белгілі жазушы Қалдыбай Мамытбектің "МЕН-ХАЛҚЫМНЫҢ БАУЫРЖАНЫМЫН" атты кітабынан үзінділер жалғасы, басы осында 

 

ҚАРА ШАҢЫРАҚ

 

    Ішке енсем, Баукең төсегiнде терiс қарап жатыр екен. Дауыстай сәлем берген маған әзер бұрылып, басын болар-болмас изедi. Шашы ұйпа-түйпа, өңi боп-боз. ,,Орнымнан тұруыма көмектес,, дегендей қолын созды. Іштей аяп кеттiм. Бұрындары сәл сүйемелдемек болғаныңды сезсе, ,, тарт қолыңды!,, деп жекiп тастайтын.

   Менiң көмегiммен жастыққа жантая отырды.

   -Ауылдан ауырып қайттым…

   Ымдап темекi тартқысы келетiнiн бiлдiрдi. Тез қимылдап, сiрiңке тұтаттым.

   -Туған жердiң аты туған жер, туған елдiң аты туған ел.-Терезеге тұнжырай көз салып, үнсiз қалды.- Бiздiң ауыл Тараз қаласының оңтүстiк батысындағы Алатау етегiнде ғой. Орыстар алғаш  темiр жол салғалы келгенiнде боран болып, атын Бурный деп қояды. Менiң туған жерiм де, өскен елiм де сол Бурный. Оның желi құбылмалы, түске дейiн моп-момақан болып тұрса, түстен кейiн бұрқан-тарқан күйге енiп, тулап ала жөнеледi.

   Осы жолы аулымның сол мiнезiн көтере алмай қалдым. Ол жақтан оралғалы берi орнымнан қозғалу әжептеуiр күшке айналды. ,,Сөзде қаңқу жаман, ауруда шаншу жаман,, дегендi бала кезде естiгенiммен қаңқуға да, шаншуға да түсiнбеппiн.

   Селкiлдей күлдi.

   -Аулыма барғандағы олжам, шаншу алып қайттым. Сегiзкөзiм тырп еткiзбей қойды. Орнымнан тұра алмастан қатты ауырып жатырмын.

   Төсекке қолын тiрей, түзеле отырып:

   -Ананы алып бер,- дедi журнал столының үстiндегi бiр кесе шайды көрсетiп.

   -Бұл суып қалған ғой.

   -Ештеңе етпейдi.

   Айтқанын тез орындадым.

   -Жуалы аудандық Советi атқару комитетiнiң жауапты хатшысы кезiм. Төрағам Мүсiрәлиев дейтiн кәдiмгi шала сауатты белсендiден көтерiлген бiреу едi.

   Аудан орталығынан жаңадан поликлиника ашқанбыз. Оның бас дәрiгерi сақалын да, мұртын да қоя берiп жүретiн Смеляков дейтiн орта жастағы кiсi болатын. Ол қазақша бiлмейдi. Бiр күнi ауру шалдың айтқанына түсiнбей Мүсiрәлиевтi шақырады.

   -Мына кiсi не дейдi?- Мүсiрәлиев шалдан сұрайды.

   -Ақсақал, қай жерiңiз ауырады?

   -Сегiзкөзiм.

   -У него болит восемь глаз.

   -Что такое восемь глаз?- деп Смеляков таң қалады.

   Ауданда жастардан орысша бiлетiн мен едiм. Смеляков маған келдi.

   -Сегiзкөз деген не? Түсiнсем бұйырмасын.

   Мен қолмен көрсетiп едiм:

   -Бұл редикулит қой, -деп iшегi қатып күлдi.

  Баукең жастыққа басын қойып, ернiн тiстей үнсiз қалды. Ауруы жанына батқанын бiлдiргiсi жоқ.

   -Сол сегiзкөздi бүгiн  лаж жоқтықтан мойындап жатырмын. Орныңнан қозғалтпай тастайтын өте жаман ауру екен… Ана босаға мен үшiн екi шақырымдай көрiнедi. Бұл қып-қызыл қорлық екен.

   Баукең аяғын созып, шалқалай жатқан күйi екi көзiн жұмды. Кенет:

   -Ауылдағы ағаларым, жеңгелерiм менi осы уақытқа дейiн  Бауыржан демейдi, Пәржан дейдi,- деп көзiн ашып, жадырай күлдi.-Олар үшiн мен осы уақытқа дейiн баламын. Астапыралла-а!

    Аулыма барғанымда мен ырызқұтымды ешкiмнiң мойнына артқан емеспiн. Осы жолы да сөйттiм. Қара шаңырақ дейтiн сөз бар ғой, сол қара шаңырақты Сүлеймен дейтiн кенже ұстап отыр екен. Ол кiсi менен кемiнде алты-жетi жас үлкен.

   Баукең ернiн тiстеп, сол жағына аунай қисайды. Әлден кейiн ғана қайта түзелiп отырды.

   -Бiздiң үлкен үйiмiз бабамның кенже ұлы Момынқұл мен әкемнiң кенже баласы Майсажан болады. Мен оларға тоқтағам жоқ, қара шаңыраққа тоқтадым.

   Базардан мынандай/ бас бармағын көрсеттi/ құнан қой алдырдым. Қара шаңырақ иесi Сүлеймен шалға:

   -Көке, сiз қара шаңырақсыз. Мына қойды сойыңыз, шал мен кемпiрдi шақырыңыз, жастарды шақырмаңыз,- дедiм. Ол қара шаңырақты сыйлағаныма қатты риза болды.

   -Қара шаңырақпын,- деп қойды сойып, шал-кемпiрдi шақырды. Ойпырмай, сонда екi адамның менi атарға оғы болмады. Бiреуi- бабамның кенже ұлы Момынқұл көкемнiң кемпiрi- Саракүл, екiншiсi- әкемнiң кенже баласы- Майсажан.

   -Қой сатып алып шығынданғаны, онымен тұрмай бiреудiң үйiне түскенi несi? Бабасы Имаш қой. Бiзге неге түспедi?!- деп екеуi де буынып қала жаздады. Оларға қолды бiр-ақ сермедiм. Олар қара шаңырақ емес, отаулар ғой. Рас па, өтiрiк пе?

   -Рас.

   -Қазақта ата-баба аруағын сыйлайық деген дәстүр бар. Мен сол дәстүрдiң әлдиiмен өскем. Түсiндiң бе?

   -Түсiндiм.

 

ЕРКІН ӨССІН

 

     1980 жылдың 9- шы мамыры. Баукеңдi Жеңiс күнiмен құттықтағалы жұбайым, кенже ұлым- кiшкентай Бауыржан үшеумiз бардық.

   Баукең кiшкентай Бауыржанның ,,Ассалау,, деп созған қолын алып, құшақтап, маңдайынан сүйдi, шашынан иiскедi, бауырына қысып, қайта-қайта аймалады.

   -О, айналайын, Баукең жақсы бала екен ғой өзi! Мiне, мынандай!- деп бас бармағын көрсеттi.- Төрлетiңiз, осы үйдегi ең үлкен кiсi сiз боласыз.

   Кiшкентай Бауыржан көз алмай  таңдана қарап тұр. Баукең жерден көтерiп ап, тiзесiне отырғызып, қолын шекесiне апарып, әскери тәртiппен сәлем бердi.   

   -Ал ендi ойна, қарағым. Жүгiресiң бе, билейсiң бе, өзiң бiл. Еркiн жүр. Әй, ешқайсыларың  бұған ,,тәйт!,, демеңдер. Баланың еркiн ойнап, еркiн жүргенi, еркiн өскенi жақсы.

    Іле Баукең бiзге қарап сөйледi.

    -Мерекемен құттықтап келгендерiңе рақмет, қарақтарым.

   Кiшкентай Бауыржан дәлiз жаққа кетiп, тордағы тотықұсты көрiп:

   -Тотықұс сөйлейдi,- деп қайтып келдi.

   -Тотының тiлiн сен ғана бiлесiң, қарағым. Оны мына мен де, мына әкең  мен шешең де бiлмейдi. Бiздiң арамызда бiлетiн сен ғана. Бiлгенде сен жақсы бiлесiң.

   Мен күлiп жiбердiм.

   -Әй, неге күлесiң?! Өтiрiк пе? Келiн, қарағым, ол тотыны торымен көтерiп, осы бөлмеге алып келiп қойғын. Бауыржан дәлiзде жөндi ойнай алмайды. Добалдай жеңгең ,,тыныштық бермедiң,, деп ашулануы да мүмкiн. Ол балаға суық.

    Осы кез үстiмiзге жеңгей ендi.

   -Тотыны осында әкел!- деп Баукең маған бұйыра сөйледi. Мен бұйрығын бұлжытпай орындадым.  Жеңгей үндей алмай қалды. Кiшкентай Бауыржан тоты құспен еркiн сөйлесiп, еркiн ойнай бастады.

   -Бұл балаңның туған күнi сәуiрде ме?-дедi жеңгей.

   -Жоқ, маусымда. Жетiншi маусым күнi сiздердi үйге арнайы шақырамыз.

   -Е, бәсе, мен сәуiрде екен, неге үнсiз қалды деп ойлап едiм. Құдақаласа төртке келедi ғой?

   -Ие.

   Кiшкентай Бауыржан ары- берi жүгiре бастады.

   -Тимеңдер, жүгiрсiн, ойнасын. Бала еркiн өссе, еркiн ойлайтын, еркiн қимылдайтын болады. Жасқаншақ етпеңдер. Жасқаншақ боп өскен бала  өзiн де, өзгенi де сыйлап жарытпайды. Дүниеде көлеңкесiмен тон пiшетiндерден жек көретiнiм жоқ…

   -Бауке, кiшкентай Бауыржан балаңыз баспадан  биыл жарық көрген екi томдық шығармалар жинағыңызды алып келген едi. Қолтаңба жазып берсеңiз?- деп мен жасырып ұстап отырған қос кiтапты алдына қойдым.

   -Қап, көзiм жақсы көрмейдi ғой. Қолым да қаламды жақсы ұстай алмайды. Ендi қайтсем екен?

   Қиналыңқырай қабағын шытып, стол шетiнде жатқан көзiлдiрiгiн алып кидi. Кiтаптың екiншi бетiн ашып, үңiлiп аз отырды да:

   -Қаламыңды берi бер!- дедi бұйыра сөйлеп. Екi кiтапқа қайта-қайта үңiлiп, қолы дiрiлдей қолтаңба жазды.

   -Баукеңдi шақырыңдар!

   Дәлiзде ойнап жүрген кiшкентай Бауыржанды ертiп келдiм.

  -Бауыржан номерi бiрiншiден номерi белгiсiз Бауыржанға ескерткiш,- деп кiтапты қолтығына қыстырып, оң қолын қайта шекесiне апарып, әскери тәртiппен сәлем бердi. Бiз кiшкентай Бауыржанның құлағына ,, рақмет айт,, деп сыбырладық.

   -Лақмет.

   -Ой, айналайын, Баукең ақылды жiгiт екен ғой,- деп Баукең қайта құшақтап сүйдi.- Бала бәрiн бiледi. Мен қолымды шекеме апарып әдейi сәлем берiп жатырмын. Ол мұны ұмытпайды…

   Баукең мейiрлене күлiп:

   -Ал өзiңде не жаңалық бар?- дедi.

   Мен журнал тапсырмасымен Көкшетау облысы Зерендi ауданы Қарабұлақ ауылына iссапармен барғанымды, Мағзұм Ыбыраев деген бiр қазақ мұғалiм кiсiнiң ұлының сексеннен асқан жалғызiлiктi орыс кемпiрiн бағып-қаққаны, қайтыс болғанда арулап жерлегенi жөнiнде очерк жазып қайтқанымды әңгiмеледiм.

   -Ана жiгiттiкi адамгершiлiк екен. Үлкен адамгершiлiк!

   Баукең тұғырынан ұшпақ боп қомданған қыранға ұқсап, екi-үш рет орнынан қозғала түсiп, шабыттана сөйледi.

   -Жұмағали Саин мархұм бiр украин қызының өзiне жасаған жақсылығын аузынан тастамаушы едi. Қыздың оны жасырмаған жерi қалмапты. Айнала немiстер. ,,Неге жасырдың?,, деп тауып алғандарын атып жатыр.  Сонда  да  менi  жасырды. Өзi жап-жас қыз деп мархұм жылап отырып айтушы едi. Сол қыз секiлдi мына жiгiт те кемпiрге үлкен адамгершiлiк жасапты.

   Адамгершiлiк жасауға да ақыл керек, ерлiк керек, қарағым. Кейбiр қорқақ, дүниеқоңыз ақымақтар өзге түгiлi өзiне жақсылық жасай алмайды…

   Кiшкентай Баукең үстiмiзге жүгiре енiп, бiрдеңелердi айтып, мәз-мәйрам күйде бөлмеден қайта шығып кеттi.

  -О, солай, еркiн жүр, еркiн ойна, қарағым.

  Баукең  күлiмсiреген күйi:

  -Дүниеде баланың қуанышына жетер қуаныш жоқ,- деп көңiлдене түстi.- Бала қуанышы ұзақ болсын десең, оны дұрыс тәрбиелей бiлуiң керек. Ол кiм кiмге де оңай емес.

   Қандай қауымда өсiп, қандай қауымда еңбек еткен деймiз. Қазақта бұл туралы: ,,Тектi жердiң баласы екен ғой, жаман болмас. Мынау тексiз жерден екен, әй, қайдам?,, деген сөз бар. Бұл терең қорытынды.

    Отбасына, тұрмысқа ерекше көңiл бөлуiмiздiң себебi содан. Отбасы, тұрмыс- шынына келгенде iргетас.

   Бала түсiнiгi, қабылдауы және дүниенi танып бiлуi ұшқан ұядан басталады әрi мәңгi жадында қалады. Ұлың өссе, қызың өссе, оймен нұсқа болсын. Кейбiр ата-аналар ,, айналайын дедiм ғой, ұрып-соққаным жоқ қой,, дейдi. Бұл- тәрбие емес. Ойын баласы:

    -Ана бала жаман екен,- деп келсе:

   -Е, ол тентек, онымен ойнама,- деп тежеп отыратын ата-аналар бар. Бұл дұрыс.

   Менiң бiрiншi ұстазым, ненiң жақсы, ненiң жаман екенiн үйреткен профессорым, ақылшым - әжем. Әкем- дала интеллигентi, этнограф, тарихшы едi. Осы бiрiншi мектебiм, бiрiншi ауызекi көрсеткiш университетiм маған өшпес өнеге қалдырды.

   Отбасында азбукалық программа жоқ. Бала тыңдап, қарап отырады. Бәрi оның көз алдында. Мектепте сабақ сурет арқылы мысалмен өтсе, отбасында тәрбиенiң көзбен көрiп, құлақпен есту формасы орын алған.

   Тұрмыстық мектептiң ең жаман түрi-үйкүшiк. ..Басқада нең бар, өзiң аман болсаң болды емес пе?,,- деп кейбiр надан өзiмшiлдер баласын үлкен iстен құр қалдырады. Ол тек үй-iшiнiң, қара басының қамын ғана ойлап, қоғамнан қол үзедi. Бұл - үйкүшiк тәрбиесiнiң кемшiлiгi.

   Кейбiреулер сараң болады. Бәрi өзiмiзге керек дейдi. Мұның бәрi- үлкен кемшiлiк. Кiшкентай Бауыржан тәрбиесiнде мұны сен ескер, қарағым. Ең бастысы, еркiн өссiн…

              

ҚАТАРДАҒЫ ОҚУШЫМЫН

 

    -Шымкентке қалай барып қайттыңыз?

   -Оны саған айтқан жоқпын ба?

   -Жоқ. Сiз Шымкентке аттанғанда мен екi апталық iссапарда жүргем.

   -Солай ма? Е,  сенi iздетiп, таппаған екем ғой. Тыңда.  Мен Шымкенттегi Сыпатаев атындағы орта мектептiң алғашқы түлектерiнiң бiрi боламын. Сол ұшқан ұям жарты ғасырлық мерекесiне менi шақырып, билет жiберiптi. Ауырып жатыр едiм:

   -Жарайды, өлген жерде өлiп қала берейiн,- деп бардым. Обалы не керегi бар, вокзалдан құрметтеп қарсы алды. Қонақүйден жеке люкс әзiрлептi. Мектеп директоры, парторгi, басқалары жүгiрiп жүр. Олардың  iзетiне өте ризамын.

   Директор көзi бақырайып қалған ұзын бойлы жiгiт екен.

   -Бауке, үш бөлмелi люкс алып қойдық. Сiз төлемейсiз, мектеп төлейдi. Тамақ жағынан да қысылмаңыз, осында мейрамханамен келiстiк. Таңдағаныңызды жеңiз, таңдағаныңызды алыңыз. Оны да бiз төлеймiз.

   Сөзiнiң осы екi пунктi көңлiме қатты тиiп, ,, ой, мынаны-ай,, деп қатты ашуланып қалдым. Оның ойынша, мен күнiн көре алмай жүрген бiреуге ұқсаймын. Әлгiлердi айтпастан-ақ iстей беруiне болады ғой. Артық сөздiң керегi не?

   Тағы бiрнәрсе деп келе жатыр едi, аларып:

   -Сен қып-қызыл ақымақ жiгiт екенсiң!- дедiм директорға. Қасымызда облыстық атқару комитетiнiң жауапты қызметкерi, орта жастағы әйел бар едi. Соған қарап:

   -Мынаны директор етiп жүрген кiм?!-дедiм. Әйел қып-қызыл боп кеттi.

   -Әй, қарағым, қызармағын,- дедiм оған.- Бұл ақымақты директор еткен сен кiнәлiсiң!

   Хи-хи деп күлiп жiбердi. Қып-қызыл шатақ осылай басталды. Әйел де, директор да қысылып қалды.

   -Ал қысылмаңдар, қандай жоспарларың бар, тойды қалай өткiзесiңдер? Маған соны айтыңдар. Мен ұшқан ұяма келдiм. Жасым жетпiске жетсе де мен қатардағы оқушымын.

   Директор жоспарын оқыды. Жиналыс екi күн болады. Бiрiншi күнi мынандай, екiншi күнi… Өткiзiлетiн шаралар екi том екен. Экскурсия ұйымдастырылмақ. Бәрi жауапсыз жасалған, мылжыңизм.

   -Ал, қарағым директор, қарағым қарындасым, менi аямасаңдар ел-жұртты аяңдар. Әрине, бiздiң мектеп тұңғыш мектеп. Ол-бiздiң ұшқан ұямыз. Ұстаздарымның атын мен сөйлегенде айтамын. Маған у-ду, у-шу ұнамайды. Мен денсаулығымның жоғына қарамай ойланып, толғанып келген кiсiмiн. Ақылдасайық деп отырсыңдар ғой, ә?

   -Ие, Бауке,- дедi әйел.

   -Салтанатты жиынды сендер екi күн емес, бiр айға созбақсыңдар ма? Тiлiмдi алсаңдар, бiр күн, тiптi бiр кеш жетедi. Оны ұйымдастыра бiлу керек. Жиналысты кiм басқарады, кiм баяндама жасайды, онымен iсiм жоқ. Оны өздерiң ақылдасып шешкен шығарсыңдар. Сонда да айтарым, баяндама отыз минөттен аспау керек. Онда мұғалiмдер, оқушылар отырады. ,,Е, мынау аузын ашса, жаба алмайды екен,, деп естiртiп айтпаса да, iшiнен айтады. Сол себептi сөйлеушiлердiң уақыт өлшемiн ойланып шешу керек.

   Әйелге қарап:

   -Ал, шырағым, мен атағым да, шатағым да бар кiсiмiн,- деп едiм, директор мырс етiп күлiп жiбердi. Әйел байғұс үндемей, сыр бермей отыр.

   -Шымкент- Оңтүстiк Қазақстан болады. Жартымыз өзбек, жартымыз қазақ боламыз.

   Директор тағы мырс еттi.

   -Маған сөз бересiздер ғой?

   -Ие, Бауке, сол үшiн шақырдық. Қадiрлi оқушыларымыздың бiрiсiз. Шәкiрт емес, ұстазсыз.

   -Әй, қарағым, маған сөз берсеңдер, 5-6 минөт қана сөйлеймiн. –Екеуi де таң қалып қарады. Әйелге:,,Ұлы сөзде ұят жоқ, кешiрiңiз,,- дедiм. -Қазақта ,, Көп сөз- боқ сөз,, деген  бар, қарақтарым. Көңiлдерiңе келсiн, келмесiн мен одан аулақпын. ,,Ойбай, Бауыржан Момышұлы сөйлеп, басымызды ауыртты,, деп естiртiп айтпаса да, iшiнен айтады. Оның маған керегi жоқ…

   -Мақұл, Бауке, мақұл.-  Сөздiң қысқасы келiстiк. ,,Мен көп сөйлемеймiн дегенiм, сендер де көп сөйлемеңдер,, дегенiм ғой, түсiнсе…

   Алдымен мектепке бардық. Бәрi жиналып отыр екен. Кiрiп барғанымызда бәрi қол соқты.

   Бiр әйел қысқа баяндама жасады. Мен сөйледiм. Сөйлегенде кейiнгiлерге керек болар деп ұшқан ұямның тарихына қысқаша тоқталдым.

    -Мен осы Сыпатаев атындағы мектеп-интернатқа бiрiншi рет 1923-1924 оқу жылында келдiм,- деп бастадым сөзiмдi.- Ол кезде бүгiнгi Жамбыл, Оңтүстiк Қазақстан, Қызылорда облыстары Сырдария губерниясы деп аталатын. Орта мектеп жоқтың қасы.

   Ол кезде орташа бiлiмi бар деген нәрсе таңқаларлық iс болатын. Бүгiндегi тiлмен айтқанда, қазақ жастарын оқыту үшiн мектеп-интернатттар ашылды. Соның бiрi-осы мектеп.

   Ол кезде елiмiз кедей, интернатымыз көпшiлiктiң қолдауымен ашылған. Қазақтардың бiреуi бес, бiреуi он қой, ендi бiреулерi сиыр бередi. Оны үш-төрт баладан кезектесiп бағамыз.

   Шымкентте бүгiнгiдей қаптаған төрт-бес қабатты үйлер жоқ.  Төңiрегiмiз жайлау. Қорамыз бар, малды кешке әкеп қораға қамаймыз. Семiртiп, базарға сатамыз. Қысқасы, киiмiмiз де, тамағымыз да- осы мал.

    Интернатымызға бүгiнгi Жамбыл, Оңтүстiк Қазақстан, Қызылорда облыстарының мектептерiнен оқушыларды iздеп, таңдап жинауға тырысты. Жамбыл облысынан Құрманбек Сағындықов/қазiргi ,,Қазақстан коммунисi,, журналының бас редакторы/, белгiлi партия қызметкерi, Социалистiк Еңбек Ерi Әзiмбек Смайылов /ол қазiр Тараз қаласында тұрады, ұзақ жыл Мерке аудандық партия комиететiнiң бiрiншi хатшысы болып iстедi/, Қошқарәлi Манасбаев, Раушан Қазыбаев /ол да ұзақ жыл аудандық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы, соғыс кезiнде атты әскер эскадронының комиссары болды/, Жақыпбек Молдатаевтар бардық.

   Қызылорда облысынан да бiрнеше бала келдi. Солардың iшiнде есiмде қалғаны, жасы үлкен, сол кездегi есеппен қарағанда бiлiмi барлау, бүгiндегi ақын, драматург, ғалым, филология ғылымының докторы Әбдiлда Тәжiбаев.

   Ол кезде Оңтүстiк Қазақстанды Ташкент қазақ уезi деп атайтын. Одан да балалар келдi. Олардың iшiнде ұмытылмай жүргенi, фамилиясы есiмде жоқ, Тұрлыбек деген бiзден екi класс төмен оқыған бала. Ол өте шешен, етi тiрi бала едi. Мектеп бiтiрген соң облыстық газеттiң редакторы, аудандық Советi атқару комитетiнiң төрағасы, аудандық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы болды. Қандай себебiн бiлмеймiн, қайғылы қаза тапты деп естiгенiм бар.

    Осыларды айта келiп:

    -Бiздiң адам, азамат болып өсуiмiзге асыл ұстаздарымыз өлшеусiз еңбек сiңiрдi,- деп Мұса Мылтықбаев, Тәңiрберген Отарбаев, Сейiлбек Үсенов, Федор Тимофеевич Горшков, Гольберг /өзiнiң, әкесiнiң атын ұмыттым/, Лошкин, Сафронов Сергей Агеев /әкесiнiң атын ұмыттым/, Николай Чеховцов, Покровский, орыс тiлi мен әдебиетiнен сабақ берген Елена Степановна Проценко есiмдерiн ерекше құрметпен атадым.

    -Мен осы аса қасиеттi, қадiрлi ұстаздарымның аруағы алдында басымды иiп, шәкiрттiк, перзенттiк алғысымды бiлдiремiн,- деп басымды төмен иiп, сөзiмдi бiтiре келiп:

    -Ұшқан ұямның бүгiнгi және болашақтағы шәкiрттерiне:,, Әр кез адал, iзденгiш, еңбексүйгiш, арлы болып, үздiк оқып, ата-аналарыңның, туған-туысқандарыңның, ұстаздарыңның атына кiр келтiрмеңдер, елiмiздiң асыл азматтары атаныңдар деген аталық тiлегiмдi бiлдiремiн,- деп мiнбеден түсiп. Орныма кеп отырдым.

   Сөзiмнiң әр жер, әр тұсында ұзақ қол шапалақтау болып тұрды. Оған мән берген мен жоқ.  Жиналыстан соң, екi сағаттан кейiн облыстық, қалалық партия комитетi бiздi облыстық драма театры үйiне шақырып қойыпты. Бармасқа амал жоқ.

   Жеңгең президиумда сол жағымда, ал оң жағымда жиналысты басқарушы әйел отырды. Әбекең/ Әбдiлда Тәжiбаев/ менен екi-үш адам ары отырды. Ойпырмай, iшi тар, қызғаншақ екен. Іштарлық, қызғаншақтық- жетiстiк емес, үлкен кемшiлiк.

    Жұрттың маған жапатармағай құрмет көрсеткенiн Әбекең жақтырмады. Әрiберiден кейiн қолын берiп амандасқан жоқ.,, Мына ит ауырып жатса да келiп қапты-ау,, деген көзқарасын алыстан байқап, ,,ассалаумағаликум, Әбеке,, деп мен де басымды изедiм де қойдым.

   Президиумда дiрiлдеп отырды. Аласа бойлы қара әйел мiнбеге шықты. Ел қол шапалақтады. Жазып алғанын оқып тұр. Жаттанды сөздер. Қалай шыдап отырғанымды бiлмедiм.

   Сөзiнiң аяғында менi мақтады. Маған ұсынбақ боп үлкен гүл шоғын қолына ала бастағанында, қасымдағы әйел:

   -Гүл шоғын сiзге тапсырады, бетiнен сүйiңiз,- дедi сыбырлап. Бұлай дегенi маған өте ұнамады.

   -Жоқ!- деп ем:

   -Неге?- дедi әйел. Сыбырласқанымызды аудитория көрiп, байқап отыр ғой.

   -Губу не хочу пачкать.- Әйел хи-хи деп күлiп жiбердi. Ол күлгенде сол қолыммен белiнен құшақтап:

   -Сiздi сүюге бола ма?- деп сүйдiм. Сыбырласудың сыры осы дегенiм ғой. Аудитория қыран күлкi. Ду қол шапалақтап та жiбердi.

   Баяндамашы аласа бойлы, қара әйелдiң гүлiн, грамотасын алдым, сүйгем жоқ. ,,Рақмет, қарағым,, дедiм де қойдым. Оның баяндамасы маған ұнаған жоқ, өңшең жаттанды сөздер.

   Екiншi ұнамаған Әбекең болды. Ішiтар және сол iштарлығын ашық көрсетiп отырды. Аудитория ақымақ емес, байқап, бiлiп отыр.

  Жиналысты басқарушы қасымдағы әйелге:

   -Алдымен Әбекеңе сөз берiңiз,- дедiм. Әбекең мiнбеге шықты. Қол шапалақтау. Өзi кемиек қой. До того был смущен и возмущен, екi сөйлемдi зордан құрап сөйледi. Жүйкесi жұқарып бiткен бе, кiм бiлсiн? Бiр өлең оқыды. Шалдың көңілi қалмасын деп ел шапалақ соқты. Әйтпесе өлеңi түкке тұрғысыз.

   Әбекеңнен кейiн маған сөз бердi. Зал у-ду, у-шу боп кеттi. Мен қол көтердiм. Қол көтерсең, бәлеге қалады екенсiң, жұрттың арқалары қозып, бұрынғыдан бетер шапалақ соқты.

   Сөйледiм, жазуым жоқ. Қарағым Мамытбек, импровизация-вдохновение. Ойламаған нәрсе аузыңа өзi кеп түседi. На импровизацию слушатели хороша реагируют. Я импрозировал. Әсет:

   -Көке, 6 минөт сөйледiңiз,- дедi. Сөзiм магнитофонға жазылды ма, жазылмады ма, бiлмеймiн.

   Орныма қайтып келе жатқанымда жұрттың бәрi орындарынан тұрды. Значит выходит, я не плохо говорил.

   Шырағым, көңілiңе келсiн, келмесiн мен бұл әңгiменi Әбекеңдi кемiткелi айтып отырғаным жоқ. Дегенмен алжығанизмнiң басы басталғаны ма, мүмкiн мен де оның жасына жеткенде алжырмын. Әбекең қатты ашулы болды. Жынданып кетер ме екен деп отырдым. Құрмет кiмнен қалмаған, несiне қызғанады деп ойладым. Мен өмiрiмде ешкiмдi қызғанған кiсi емеспiн.

   Менiң қорытындым, қарағым, Әбекең майда, саяз кiсi екен. Әбекеңнiң атына жылы сөз айтылғанда мен қызғанғам жоқ, iшiм ашыған жоқ, қайта оны өзiм  мақтап сөйледiм емес пе?

   Тарқадық. ,,Сағат төртте қонақасы берiледi, соған келiңiздер,, дедi. Төртте маған машина жiберiптi. Қонақасыға бармағаным ұят шығар деп қатынымды, қызымды ертiп бардым.

   -Төрге шығыңыз,- дейдi ғой сыйлы қонаққа. Ары қараймын, берi қараймын, Әбдiлда ақымақ жоқ. Е, нағыз оңбаған екенсiң ғой деп екiншi көңілiм қалды. Я страшно возмущен. Жарайды, ,,менен Бауыржанды жоғары қойдыңдар,, деп өкпелей-ақ қойсын, ал дәмге келуi керек қой. Оның төрдегi орнына ешкiмдi отырғызбай бос сақтадым. Кешiгiп келгендей болса, ұялып қалмайық дедiм. Ол келмедi.

   Қонақасы жаман болған жоқ. Мен абайлап iшiп отырдым. Мас боп оттасам, елдiң көңлiне келiп қалады ғой.

   Әбдiлданың әлгi қылығын әлi түсiнбей жүрмiн. Я обижен как гражданин, как ученический товарищ. Екi-үш майдалығын көрдiм. Бұл саған ол кiсiнi жамандағаным емес, өзiмнiң ренiш-сезiмiмдi айтқаным.

   Люкске оралдық. Обалы не керегi бар, мектеп басшылары қайтқанымызша жүгiрiп жүрдi.

   Мына ақымақ добалдай жеңгең:

   -Жолдан ауылға түсе кетейiк те,- дейдi.

   -Жоқ! Ауылға түспеймiн, Құдай бұйыртса, кейiн арнайы ораламыз,- деп жол-жөнекей тоқтаған жоқпын.

   Содан поезбен келдiк. Қарсы ал, марсы ал деп ешкiмге жеделхат салмадық. Салар ек, сен Алматыда болмадың. Айтпақшы, мектеп директорына:

   -Құрекеңдi/ Құрманбек Сағындықовты/ неге шақырмадыңдар?- дедiм.

   -Ол кiсiге де шақыру билетiн жiбергенбiз, келмедi,- дедi. Мұны еске ап отырған себебiм, зейнеткер, ауру шал мен барғанда, ол неге бармайды? Барса несi кеттi? Ұшқан ұясы. Өзi тағы ,,Қазақстан коммунисi,, журналының бас редакторы. Үлкен жалақы алады. Ақшасын қимаса, iссапармен бармай ма? Мен ауырып жатсам да, лаж жоқ болса да, өз ырызқұтымды өзiм көтерiп бардым. Ал Құрекеңе не жоқ? Одан да кiшкене көңілiм қалды. Мүмкiн сырқаттанып қалды ма екен?..

   Түсiнген жанға, қарағым, ұшқан ұяны сыйламау,- өзiн өзi сыйламау, қала бердi елiн сыйламау…

Жалғасы бар...