КӨРГЕН-БАҚҚАН

КӨРГЕН-БАҚҚАН

Классик-жазушы Рахымжан Отарбаевтың күнделігінің жалғасы, басы осында

 

Ақсақал адам домбырамен нақыл термені төгіп отыр.

- Біріншіде не жаман...

- Екіншіде не жаман...

- Үшіншіде не жаман...

- Қойшы, көке,  шаршадым, - дедім. – Жүрегім айниды.

 

***

Мал бағып, мақал шығарып жүргенде көп жаңалықтан көз жазып қалыппыз.

 

***

Қазақтың қайғысы қарны тойған жерде қалады.

 

***

Жолбарыс көрсең құйрығынан ұстап айырылма. Айырылсаң өзіңді жарып тастайды... Жарылып, жайрап қалғандар аз ба?

 

***

Мені біреулер мінезсіз дейді. Мінез деген айналайын ғой. Мінезі жоқтардан қорқу керек. Олар жол таңдамайды, жағдай таңдайды.

 

***

Қазақстанның қорасы ашық-тесік жатыр. Кім көрінген кіріп-шығуда. Даусы жуан бір төбетті байлап қояр ма еді?!

 

***

 

 

 

 

1989 жылы «Дүние ғайып» деген повесть жаздым. Сібірді жайлаған эскимостардың өмірінен. Басты кейіпкерім Айнан мен Емрон. Қақаған қыс іші. Алатаңмен жолға шығып екі селоның ортасында адасады. Шанаға жеккендері жеті ит. Топ бастаушы ақ ит. Әбден тарыққан сәтте төбелерінен самолет ұшады. Бұлар «Құтқар, алып кет» деп айқалап жүгіреді. Қарайды ма? Ақыры Ақ ит өліп, жетек басына Қызыл ит келеді. Ол тіптен адастырады. Айнан мен Емрон төбелесіп жатады...

Оқиғаның бәрін тізіп қайтемін. Кеңес дәуірінің қырағы көзінен осы повестің қалай өтіп кеткеніне таңмын. Сол жазылған жылы «Жалын» журналына жарияланған. Ақ, қызыл ит деп нені меңзегенім түсінікті. Айнан, Емрон-халық. Адасып жүр. Ал, көкте кетіп бара жатқан самолет Орталық Комитеттің Саяси Бюро мүшелері еді ғой. Ойбай қаққан халыққа артындағы қызыл шамын көрсетіп кететін, яғни қолын шығарып бара жатты.

Бір кеште атақты ақын Темірхан Медетбеков кездесіп: –  Әбіш ағаң (Кекілбаев) повесіңді оқыпты, мақтады. «Талантты жігіт қой, сақ болсын, айта бар» деді, - деп сәлемін жеткізді. Ішіп қылп ете түсті. Сұңғыла ғой, астарын сезген екен. Ол кезде аға Қонаевтың қарауында сектор меңгерушісі.

Өзгелер оқымады иә көзге ұрып тұрған саяси жүйеге қарсылықты жәй қарсылық емес-ау, дұшпандық сөзді түсінбеді. Әйтпесе, журналдың бас редакторы Мұхтар Шахановқа да, оны жазған маған да бір сойқан әзір еді. Жай сойқан емес, саяси диссидент боп кете барар ма едім, кім білсін?!

 

***

«Бас» деген шағын роман жазғанмын. Оқиға жалаугер Махамбет ақынның бас сүйегінен басталады. Ноэль Шаяхметов мүсінін қалыптаймын деп Қаройдағы моладан 1966 жылы қазып алған. Сол бас сүйек 1983 жылға дейін жоғалып, ақыры Фурманов көшесіндегі бір үйдің жертөлесінен табылды. Оқиға қоюлана келе үндіс Апачидің тағдырына ұласады. Одан қуалап Саддам Хусейін  мен Муаммар Каддафи, Бен Ладен тіпті Джохар Дудаевтың да шабылған бастары жүйеленеді. Батыс пен Америкаға арнап ащы сөз айтылады. Мұсылманның бас көтерерінің бастарын қанжығаларыңа байлаңдар, ендігі кезекте кім тұр деймін...

Шатағы мол шығарма. Ертеңгі күні соңы дауға ұласуы ғажап емес. Бірақ бұл зәрлі шындықты мен айтпасам өзге ешкім айтпайды. Сол себепті өзім құрметтеймін екі үлкен тұлғаға оқыттым. Бірі үнсіз қалды. Екіншісі: – Романыңды Қазақстанда басуға болмайды. Тіпті үзіндісін де жариялама. Шетел баспалары шығарамыз десе еркі , - деген кесім айтты.

Әзірге «Бастың» тағдыры осы.

 

***

Романыма вето қойылған соң үлкен оқиғаның әр жерінен шымшып-шымшып алып «Бас» деген пьеса жаздым. Оны Атырау облыстық Махамбет атындағы қазақ драма театры сахналады. Режиссері – Жанат Телтаев.

Соның өзі талай басшы көрерменді шошытты. Өйткені сахнаға оншақты чиновник шығады. Ешқайсында бас жоқ. Қара костюм солай тігілген. Ал, бастарын қолға ұстап жүр. Бір-біріне бас лақтырып, доп ойнап та жатады...

- Бір миллион адам сиған Алматыға Махамбеттің қу басы симады ма? – деген Құрақ шалдың ащы даусы залды кернеп тұрды.

Артынша бұл пьесаны Оңтүстік Қазақстан облыстық Жұмат Шанин атындағы академиялық драма театры сахналады. Қойған талантты режиссер Қуандық Қасымов.

***

Төлен ағаның (Әбдік) «Әке», «Қыз Бәтіш пен Ерсейіт» повестері қандай ғажайып шығарма. Қазақы тірлік, қазақы мұңды мұнан асырып қалай суреттеуге болады?

 

***

Алтайға барғанымда Василий Шукшиннің туған селосы Сросткиге ат басын бұрдым. Жасыл желекке жамылып тұрды. Селоның нақ желкесіндегі үлкен төбе басына ескерткіш орнатыпты. Шукшин ойлы қалпы жалаңаяқ, жалаң бас жерлестерін көзбен бағып отыр. Мұндай ескерткіш үлкен халықтың үлкен жүрегімен мүсінделеді! Тірлігінде атағы мен шатағы қатар жарысқан керемет дарын еді. Әйтпесе керзі етікпен барып Мәскеуліктерді аузына қарата ала ма? Солардан жерігенде ылғи да өзінің Алтайына қашады екен. Келе достарын жинайды. Әлгі төбенің басына. Ортаға бір жәшік арақты қояды. Ду-ду әңгіме. Естілмеген жаңалық, оқыс оқиға бәрі-бәрін көкірегіне хаттай берген. Титықтап келген. Туған жер түлетті. Рухани байытты. Артынша ойбайын салып іздеп Феодосеева-Шукшина да жетеді дейді... Мұның бәрі жерлестерінің әңгімесі. Сүйіп айтады, сүйсініп айтады. Алтайы бар Шукшин, Шукшині бар Алтай бақытты.

***

Жас кезімде Куприннің «Олеся» повесін оқығанмын. Ұзақ уақыт мұңды бір сезімнен айырыла алмай қойғанмын. Қарапайым ғана баяндау. Бірақ жаныңды қалай толқытады десеңізші! Сиқырлы қалам иесі ойыңды онға бөліп, түн ұйқыңнан бездіреді. Әсіресе, Олесяның тағдыры, трагедиясы!                  

Жақында осы шығарманы қайтадан оқыдым. Ойладым жас кезде сезім көп. Қазірде көп сезімім өліп қалған. Тек қана төзім бар. Мүмкін баяғыдай әсер етпес деп. Жоқ, одан сайың қызығушылығым мен құмарым артты. Күл-бүлтесіз классика деген осы!

 

***

Дүкенбай Досжановтай суреткер жазушы қазақта саусақпен санарлық.

 

***

Президент Әкімшілігінде қызмет істеп жүргенімде үстімнен арыз түсті. Авторы  А.Еременко деген біреу. Кеңсе басшысы Махмуд аға Қасымбеков өзіне шақырып, арызбен таныстырды. Маңғыстауда облыстық телерадио компаниясында басшы болып жүргендегі іс-әрекетімді жіпке тізіпті. Бақсам мен аса қатігез, кісі өлтіруден де тайынбайтын жауыз екенмін. Тура теңіз қарақшысы! Осындай адам қалайша ең мәртебелі мекемеде сектор меңгерушісі болып еңбек етіп жүр дейді арыз иесі.

Махмуд Базарқұлұлы соншама құрмет тұтатын адамым. Қаламы жүйрік, ізгілікті, ерекше парасат иесі. Мен арызды оқып шыққанша жүзіме қарап, бақты да отырды.

- Маха, - дедім күліп. – Тап осындай кісі болсам, өмір сүрмей-ақ қоюға әзірмін.

- Бұл хат тіркелген. Жауап беруіміз керек. Саған көмегім, осындай адам, мынандай тұрғын үй мен пәтер Ақтау қаласында бар ма, жоқ па тездетіп анықташы, - деді.

Екі сағатта Маңғыстау ДВД-нан хабар жетті. Облыс көлемінде ондай адам жоқ, және көрсетілген адресте қате, жалған деген.

Мәселе қолма-қол шешімін тапқан. Егер қазақы мінез, қамқор көңіл Махмуд аға болмаса әуре-сарсаңы аз ба еді?

 

***

Бір жазушы жаңа жазған романын оқуға берген. Әлі жарық көрмеген. Қолжазба күйінде. Оқыдым. Түк таппадым. Сюжет әлсіз, кейіпкерлер дараланбаған, сөзі дәмсіз, сөйлемі кібіртік... Ең бастысы айтар ой жоқ,

- Талқылау болғалы жатыр. Қатыс, көке. Дұшпаным аз емес. Таба қылма. Сенің сөзің дәрі боп тұр. Бір еркін  көсілші, - деп әлгі автор жан-жағымнан көпшік лақтырсын. Қалай еріп кеткенімді білмеймін.

Бір ес жисам, мұндай роман күнде туып жатқан жоқ, деп сайрап отырмын. Ал, керек болса! Алаш деген бе, алаша деген бе, бір түсініксіз сыйлық бар. Кейін әлгі роман сол сыйлықты алыпты. Мейлі ғой.

Тек өз-өзімді жек көріп кеткенім болмаса...

 

***

Циолковский кешқұрым бақ ішінде бой жазып тұрады. Күн батар кез. Бұлтқа көзі түседі. Қараса бұлт бетінде латын әрпімен жазу тұр. Қызыл бояумен бедерленген. Жай жазу емес, ақырзаманның болатыны күні, айы, жылы анық көрсетіліпті. Ғалым дереу көшіріп алады. Сонан соң ғылыммен айналысуды кілт доғарып, тастап кеткен.

Сол құпия жазу қазірде қай жерде жатыр екен?

 

Жалғасы бар, осында