КӨРГЕН-БАҚҚАН

КӨРГЕН-БАҚҚАН

Классик-жазушы Рахымжан Отарбаевтың күнделігінің соңы, басы осында

 

Ақша материалдық игілік. Ол культке айналмауы керек. Ақшаның мөрін жалаған Америка, Европаның халқы адами бет-болмысын жоғалтып, роботқа айналып кетті. Не тапты? Жоғалтқан бәс жетпес құндылықтардың орнын ақша толтыра ала ма?..

Рухани құндылық культке айналған елдердің бағы үстем.

 

***

Қарғаның тіршілігін біраз бақыладым. Осы белгілі дәрежеде ақылды құс. Рас болса 250-300 жыл жасайды деседі. Ел арасында неге екені сүйкімі аз. Бақыласам, бұлардың да өз территориясы, «меншігі» бар екен. Мәселен, үй, аула, қоқыс т.б. Ертеңді-кеш соны қориды. Өзгелер кіріп кетіп, тәртіп бұзса шұқысып, қанаттарымен сабаласып қуысады. Ұя басқан кезде өте қызғаншақ, қырағы.  Ұлым Ермерей мектептен келе жатып ұясына тас лақтырған ба, әйтеуір екі қарға (ерлі-зайыпты шығар) қуып жүріп талап басын қанатып жібергені бар.

Кісі таниды. Тіпті көңіл-күйіңізді де білетін сияқты. Қолыңдағы таяқ пен мылтықты айырады. Бір жігіт қоқыс кезіп, тамақ теріп жүрген екі-үш қарғаға мылтық кезенген, аттырмадым.

- Бұлар бәлкім сенің бабаларыңның көзін көрген қария қарғалар шығар. Бабаның замандасын өлтіруге қалай дәтің барады  - деп тоқтаттым.

Ойланып, ойынан қайтты. Расында да!

 

 

***

Пекиннен Акбар Мажит келді. Жанында 7-8 қытай азаматтары бар. Әр түрлі сала бойынша келіпті. Негізгі мақсаттары ЭКСПО жайы. Алдымен Алматыға түсті. Ибрагим, Абат үшеуіз қарсы алдық. Акбар досым, ұзақ жылдардан бері сыйластықтамыз. Қытай Парламентінің мүшесі. 24 жасында Қытай мемлекеттік сыйлығын алған атақты жазушы. Абыройлы тұлға. Жанында Лу Давей де бар. Онымен де доспыз. Ол Пекинде шығатын «Қытай колалары» деген саяси журналдың бас редакторы. Сапарымыз Алматы-Атырау-Астанаға жалғасты. Көп әңгіме, сыр-сұхбат өтті. Екі жаққа да пайдалы. Астанада әңгіме, келіссөзге Ільяс  пен Ғабит те қосылды. Қонақтар кері аттанарда бізді Пекинге шақырып кетті.

 

***

Бүгін жайсыз хабар келді. Алматыдан. Закаш Камалиденов ағамыз қайтыс болды. 80 жасында. Мемлекетіміздің аса үлкен тұлғасы еді. Ақыры  саяси, лас ойындардың құрбанына айналды. Өкінішті. Закаш ағаның адалдығын, азаматтығын аңыз ғып айтса жарасар. Соншама биікке өрлеген бағы Жайықтың жарға соққан толқынындай тез қайтқанын айтсаңшы... Өзін жатсынған Алматыға жерлемей елге әкелу керек еді. Көктөбеге қоятын болыпты. Сүйек шашылмау керек қой.

 

***

Көп достарымнан, сыйлас азаматтардан айырылдым. О дүниеге әртүрлі жағдайда аттанып кетті. Солардың ішінде Жұмабек Мұханның қазасы аса ауыр тиді. Жандүниеміз жарасқан айналайын еді. Шардарада әкесі Сейілхан ағаның жанынан топырақ бұйырды. Қайтейін, қоймай жыладым...

 

***

Әдебиеттегі ұстазымның біріне «Парасат» орденін алғанымды айтып едім.

- Геройлыққа жақындап қалыпсың ғой, – деді. «Құтты болсын» дәметіп ем. Бары сол! Бұл не  көре алмаушылық па? Әлде бір қаңылтырды менен қызғанғаны ма? Ішім мұздап жүре берді. Сол кісінің шаруасы болса дымым қалмай жүгіретін ем. Байланысты кілт үздім. Көңілім ағармай қойды.

 

***

Көп адам мені  түсінбеді. Менде түсінікті болуға тырыспадым. Кінә өзімнен шығар. Бірақ бұ қазаққа тым түсінікті болсаң да қиын. Қойныңнан кіреді, қонышыңнан шығады. Өзіміз ғой, деп құртады. Арқаңнан тарсылдатып қаққанда көзің шығып кете жаздайды. Одан да өзге боп жүрген тыныш.

 

***

Қырық жылдан бері қалада тұрамын. Далалықтың иісі де қалмаған. Ауыл деп айтқан әңгімелерімнің бәрі өтірік. Өйткені сағыныш жоқ. Жәй естелік қана. Әлде сағынатын адамдар қалмаған соң ба?..

 

***

 

***

9-мамыр. Атырауда күн көзі көрінбейді. Қазбауыр бұлт тұмшалады да тұрды. Түс ауа қара нөсер төкті. Жуандығы саусақтай. Соғыста шаһит кеткендерді ойладым... Азалап жатқандай. Әкемнің ағасы Нұрғали да қан-қасаптан оралмаған. Хабарсыз кеткен. Әжем айтып, жылап алатын. Ең кішісі фотосы да жоқ. Жаңа үйленген шағы екен. Ұрпақ қалмаған. Келіншегін хабарсыз кетті деген соң біреу азғырып алған. Әлде өзі тиген. Соңын күтпеген. Қайтсе де атам мен әжем сол келініне өкпелі еді. Кейін 1971 жылы желтоқсан айында атам баһи кешті. 91 жасында. Естияр баламын. Бір қадесінде қараторы бір келіншек босағаға отыра қап, көп жылады. Бір ауыз сөз айтпай шығып кетті.

Әжемнен сұрадым – Бұл кім? – деп.

- Нұрғалижанның баяғы жұбайы ғой, - деді елеусіз.

Сол кез жаста болсам өшпей жүрген ұят пен өкінішті көріп ем. Арада отыз жыл өтсе де!

Қара нөсер тоқтар емес!

 

***

Көкем Отарбай ұста еді. Күміске қара бағдар салған зергер. Одан өзге самаурынның оттығы, қазанның тесігі, көсеу, қырықтық, сынған кесе санап тауысасың ба, ертеңді-кеш көрігінің аузынан от үзілмей тұратын. Ұзын бойлы, ақ сақалды, аппақ көйлек-дамбалды өзі де аққұба қария терлеп-тепшіп балға мен төсті айтыстырып жататын. Бір ғажабы түнде өзі үйде отырса да, тап өзіндей бір қария көрік үйінде (ұстахана) тықылдатып темір соғып шығатын. Көрші-көлем қараңғы түссе маңынан жүруден қорқатын.

Біреулер ынтығып сұрай қалса, үндемей күлетін де қоятын. Аруақты адам еді.

Қайтыс боларда әкем Қасымғалиды жанына шақырып алып:

- Көрігімді қабірге бірге салдыр. Аяқ жағыма қой. Енді оны ұстайтын бала жоқ, - деп аманат айтты. Бірге жерледік.

Темір соға алмадым. Күміске қара бағдар салғандай ғып жазып жүрмін бе, жоқ па, қайдам?

***

 

Атам-әжем, әкем-шешем, інім-қарындасым, апаларым бәрі-бәрі о дүниеде. Мен жалмауыз неге тірі қалдым екем?!

 

***

Халық әндерінің көбі-сексуальный әндер. «Оралыңның барында ойна да күл», «Ойнамасам, күлмесем, басылмайды мауығым» «Көрейін өз сорымнан ұстап алса», «Қарбызыңның қызылын маған жарғыз», «Арқасы жалғыз жатса мұздамай ма?» Санап тауысарсың ба?

Өңшең ойнасшыл шалдар ғой. Тоқал-тоқал деп Парламентке маза бермей жүргеніміз содан шығар?

 

***

Үйде жылқының  мүсіні мен суреті көп. Соларға аялап қараймын да отырамын. Ертеңді-кеш ат арқасынан түспей тақымы ақ сор боп, қолтығы тер сасып кеткен қара шалдардың ұрпағы ек. Қалада тауықтың бұтын жеп, алманың шырынын ішкен біздерде не ірілік қалды дейсің?

 

***

Жұбайым Сәуле екеуміз қонаққа барғанбыз. Түн ортасында шықтық. Тастай қараңғы. Көшенің жарығы сөніп қалған. Адасып жүріп үйімізді әрең таптық. Үй иесі есік көзінде қоштасып қалып қойған. Ал, иті жанымыздан қалмай үйімізге дейін еріп келді. Риза болғаным сондай «Иесі-ит екен де, иті-азамат екен» - дедім әзіл-шыны аралас.