КӨРГЕН-БАҚҚАН

КӨРГЕН-БАҚҚАН

Классик-жазушы Рахымжан Отарбаевтың күнделігінің жалғасы., басы осында

 

Қазақ өзгеге төрін берсе де төрелігін бермеген еді. Қазірде төрде-жаттың құйрығы, төрелікке-өзгенің аузы. Біз болсақ «Елім менің» деп әндетіп жүрміз.

 

***

Досымның баласы. Құда түсіп, үйленгелі жүрген. Аварияға тап болып, аяғын сындырды. Дәрігерлер сүйегін жинап, гипс салып берген. Әбден біткенде жүріп көрсе бір аяғы бір аяғынан 7 см. кем. Дайын ақсақ боп шыға келді. Той мерзімі таяп қалған.

- Ақсаққа тимеймін, - деп болашақ келін шыр салсын. Тіпті көнер емес. Әкесі дәнекерлікке мені жұмсаған. Тәтті-тәтті сөйлеп жұмсарт, ел-жұрт тойға шақырылып қойылған, қара бет болуға айналдық, - деп.

- Шырағым, ақылға кел, ол бәтшағардың аяғына емес, өзіне тиейін деп жатырсың ғой, - деп сөз бастағам, тіпті өршіп кетті. Бас қатты. Тәуіпке көрсеткен, сүйек қате түскен, жылқының майын әкеліңдер, сындырып қайтадан салам дейтін көрінеді.

Бала болса, сындыртпаймын, осыған үйреніп қалдым,  деп зыр-зыр қашады. Әке-шешесі қан құсып отыр. Не істеу керек? Ақыл-азды, ой-тозды.

 

***

«Бізге біткен бес еркектің буы бар» деп Махамбет атамыз да өтіп кетті. Сол Махаңнан қалған бу шығар, бізді де арнамыздан шығарып, бүлдіріп жүрген...

 

***

Әнес Сарайдай жазушы жоқ. Бір ғылыми институттың атқарар шаруасын жалғыз өзі кәтепті қара нардай арқалап алып шықты.

 

***

Шетелде көп қаңғимын деп қалтамды қазып біттім. Тіпті  қайыршының да қолына ұстататын ұсақ қалмады.

 

***

Халықаралық театр фестивалдерін өткізген соң көркем сабыр таптым, жүрегім орнықты.

 

***

Алматыдағы «Көк базардың» алдында бал ашып жүретін 7-8 сыған әйелмен дос болдым. Достығым оларға «Фольклор русских цыган» деген кітап беруден басталды. Бір күні әлгілер: - Сені баронымыз қонаққа шақырып жатыр. Түнімен лаулатып от жағамыз. Ай астында ән мен биімізді тамашалайсың. Еркіндіктің ерке назын сезінесің. Кешікпей кел. Күтеміз, - десін. Тұрағы Талғар беттегі Ново-Алексеевка селосы екен. Әне-міне деп жүргенде бара алмай қалдым. Әлі күнге өкінемін.

 

***

Кешегі Кеңес кезінде күз болса бітті партиялық газеттер «Күйек алу науқанын үлгілі өткізейік!» деп ұрандатып мақала басатын. Соны ойласам қазірде ұяламын. Қошқары түскір ұраныңызды қайтсін?! Бабы келсе болды емес пе...

 

***

Сейтек күйші қол-аяғы кісенделіп Сахалинге айдалған. Өткен ғасырдың басында ол жерде кімдер ғана болмады дейсің! Саяси тұтқындар, алаяқтар, қанішерлер... Бәрі-бәрі сонда тоқытылған. Толық картинаны көру үшін А.Чеховтың «Остров Сахалин» кітабы мен «Убийство» әңгімесін оқысақ жетіп жатыр.

1905 жылы орыс-жапон соғысы кезінде қараусыз қалған түрмеден Сейтектер 16 адам боп қашып шығады. Жалғыз қазақ өзі. Қыс іші. Тайғада адасады. Тамақ таусылады. Айнала толған аш аю, бөрі...

Қашқындардың көбі аурудан өледі, кейбірін аю жеп қояды. Ең соңында Сейтек пен бір орыс қалады.

Соңында Сейтек елге жаяу-жалпы жалғыз өзі жетті. Жанындағы жолдасы жоқ. Сұраса күмілжіп, үндемейді дейді. Аюға емес, асылы сол Секеңнің өзіне бұйырды-ау, деймін.

 

***

Он ағайынды болсаңда кіндігіңді кесіп жіберген соң бір жалғыздық пәнде басына түспей тұра ма?

 

***

Миллиард доллар жинаған бар. Дұрыс шығар. Бірақ менің ойыма осы есеп-қисап сіңбей-ақ қойды. Оны қайда жаратады? Әлде бұл спорт сияқты жарыстың бір түрі ме? Әлде тағы, тағы... Адамның көзі майланып түк көрмей қала ма?

Жалпы адам 100 млн. доллардың өзін емес, банк беретін жылдық сыйақысын да оңды-солды шашып тауыса алмайтын көрінеді. Бұл долбар емес, ғылыми дәлел.

Өздері біледі де...

 

***

Ауылда тұратын Қадірақын деген жеделдес ағамыз ЦОН-ға келіп куәлік алған. Су жаңа. Қайтар сапарда куәлігіне сүйсіне қарап тұрған, бір кезде бақырып жіберді. Даусы әлем-тапырық. Шошып кеттік. Бақсақ атын Қарақатын деп қате жазған. Күлкі дұшпан ғой, тоқтай алмай қойдым. Жатып кеп маған ренжіді. ЦОНдағы шүрегей қыздарды балағаттады. Кері барайын десе сенбі, жексенбіде ол мекеме тарс жабық. Онымен қоймай: – Ештеңе етпес, қалған ғұмырда... – деп және күйдірдім.

Қайтсін, ауылдан әжептәуір азамат боп келіп еді, қаладан Қарақатын боп қайтқасын.

 

***

Ауылдарды біраз араладым. Әсіресе өндірісі, теміржолы жоқ жердің жағдайы қиын. Халық аз, жұтаң. Тырнауыштың тісіндей сиреп қалыпты. Жастардың дені қаладан пана тауып жатыр. Кәсіп жоқ болған соң кінәлай алмайсың.

 

***

Билік пен байлық тым асқынып тұр. Мұрындарынан ақ құрт ыршиды. Елдегі  кедей-кепшіктің жағдайы күн санап құлдырап барады. Жоғары жоқ пен үстем тап өкілдері анда-санда көңіл аулар сөз айтады. Бірақ оны тыңдар құлақ қалмай барады. Ара жік ашылып болды.  Бірінің лебізін бірі ұқпаған кезде... Төбелес басталатыны белгілі.

 

***

  • Құмырсқаны да өлтірме. Тіршілік иесі. Олардың да өмір сүруге құқы бар, - деп балаларыма үнемі айтып отырамын. Олар да соған дағдыланған. Көшеде жүрсе де қапияда басып кетпейін деп аяқ астына абайлап қарап жүреді.

Тілекке қарсы бір көктемде үйімізде кішкентай құмырсқалар пайда болды. Және де бірен-саран емес. Қарасы мол. Ерсілі-қарсылы жүгіреді. Бөлмеге қайдан еніп жатқаны белгісіз.

Балаларым аңтарылып маған қарады. Мен шарам таусылып құмырсқаларға қарадым.

  • Өлтірмеңдер. Шаңсорғышты іске қосыңдар, - дедім сосын.

Табиғатқа жанашырлығымның түрі осы.

 

***

Осыдан 15-20 жыл бұрын бір-екі рет пара алдым. Сол кез үшін қомақты сома. Дәл есімде жоқ, шамасы біреудің қиюы қашқан шаруасын бір мықтыға айтып, шештіріп берсем керек. Сол күні үйге әжептәуір кісі боп келдім. Өзіңді адамға, қоғамға керек екеніңді, қолыңда бір тетіктің (рычаг)  бар екенін сезіну бақыт емес пе?

Шындап келгенде менікі пара емес, жәй делдалдық болса керек. Тіпті шаруасы оңғарылған азаматтың айтқан рахметі, шай-суы десе де жарасар.

Көрдіңіз бе, статьяны қалай-қалай құбылтамын.

 

***

Кедейдің бар байлығы – денсаулығы.

 

 

***

Малды алса, мүлікті, ақшаны алса ештеңе емес. Орны толады. Ең сорақысы – қазақтың санасын тонау алқынып барады.

 

***

Ит көп болса қой санатпайды. Қой таусылды. Ал, иттер көбейіп барады.

***

Ақшасы құрсын, ең бастысы-көңіл қарызы. Әсіресе қазақта көп. Соны өтеймін деп бір ғұмыр таусылатын шығар?

 

***

Осы жігіт жүрген бір жылы су. Құйрығың шалқып кеткенде бір-ақ білесің.

 

Жалғасы бар, осында