КӨРГЕН-БАҚҚАН

КӨРГЕН-БАҚҚАН

Классик-жазушы Рахымжан Отарбаевтың күнделігінің жалғасы, басы осында

 

Өтірігіміз жарасқан соң дос болып едік. Ортаға шындық түсіп, ажыратып жіберді.

 

***

Комиссия мүшелерінен бар-жоғы 3 дауыс алып, Мемлекеттік сыйлық иесі атанған А. деген жазушыны көрсем... Оның да, Мемлекеттік сыйлықтың да бетіне түкіргім келеді.

 

***

Тоқал алу мәселесі қозғалған тұс-ты. Парламентте отырған кейбір депутат ханымдар – Ендеше біз де екі күйеуге тиейік, - деп дау көтерді. Тоқалы құрсын! Тек әлгі ханымдарды айтамын-ау... Пайғамбардың өсиет-үрдісіне қарсы шықтым деп ойламады ма?

Ал, олар шындап келгенде кемі екі күйеуге тигендер. Байларына, сосын билікке! Аздық ете ме?..

 

***

Кезінде демограф Мақаш Тәтімов ағамыз бастаған алкеуде топ, әйелдердің ышқыр бауын босатамыз, бала таптырамыз, сөйтіп қазақтың санын өсіреміз деп біраз желеулетті. «Қарадомалақ» деген қор құрып, әр балаға байғазы деп 100 мың теңге ұсынды. Содан біраз еркектің құлағы, біраз әйелдің етегі көтерілген сынды...

Баланы ақ шымылдықтың ішінде, тар төсектің үстінде Алладан тілемес пе?

 

***

«Это конечно, сукин сын, но он наш сукин сын». Франклин Рузвельттің Никарагуа диктаторы Самос туралы айтқаны.

Бізде де сукин сындар аз емес.

 

***

Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары әлі көз алдымда. Адам ақылмен түсініп болмас аласапыран. Жоқтық, жабайы сауда, алдап-арбау. Сосын бүкіл елді жайлаған рэкеттер...

Тәуелсіздік бізге бандиттің маскасын киіп келген.

 

***

Из Гурьева городка,

Потекла кровью река.

Бұл Пушкиннің жыры. Қазақ даласынан ғажайып ақынның қасиетті қаламына ілінген жалғыз қала осы. Бүгінгі Атырау.

 

***

«Вся жизнь передей» деп ән айтып, тарсылдатып билеп жүргенде өмірдің көбі өтіп кетіпті. Оказывается, всё позади!

 

***

Көзде-бар, көңілде-жоқ көп халыққа менің қолымнан не жақсылық жасау келеді?

 

***

Аспанның биік болғаны қандай жақсы. Әйтпесе талайлар таңбасын басар еді.

***

Баяғыда ет комбинаты бір-бір семіз серке ұстайтын. Мүйіздерін қызылмен сырлап қоятын. Бәріне  бірдей ортақ ат – «Козёл – провокатор!» Аудан шаруашылықтары қора-қора қой айдап әкеледі. Етке өткізеді. Қой деген момын байғұс, қан қасап жерге қапелімде  кіре алмай үркіп қашады. Ондайда сумаң етіп әлгі семіз серке пайда бола кетеді. Қой алдына түседі. Жол бастайды. Оған сенген момын байғұстар... Қолға үйретілген неме бір бүйірдегі есікке кіріп кетіп, жемін күйсеп тұра береді. Келесі... келесі...

  • Ай мүйізді ақ серке қой бастайды, қой алдында жануар ойқастайды, – деген ежелгі  жыр еске түседі. Ол бұл серкелер емес шығар?..

Жалпы серкелерге сақтықпен қарайықшы.

 

***

  • Қойдай қоңыр жуас елміз, - деп бір ғалым ағамыз сөз бастады.

Тұтанып кеттім. Халқыңды малға, соның ішінде қойға теңеуге бола ма?

  • Өзіңіз “баран” бола беріңіз. Ал, елде шаруаңыз болмасын, - дедім әжептәуір дауыс көтеріп .
  • Вечно шатақ шығарасыңда отырасың. Саған ештеңе жақпайды, - деп ол да ақырып салды.
  • Міне, қой емес екеніміз осыдан көрініп тұр. Әйтпесе екі қазақ бір-біріне арыстан құсап ақыра ма? – дедім.
  • Рас-ау, - деп күліп жіберді.

 

***

  • Бір бизнесмен інім: – Торғайдың жігіттері кидать етіп кетті, - деп налып тұрды.
  • Оларға несіне ренжисің. Көз ашқаннан көргені сол. Үкімет оларды қаншама рет кидать етті, - деп жұбаттым.

 

 

***

Азамат баласы жерге басқа планетадан әкелінген сияқты. Жеткізгендер НЛО мінген жатжерліктер. Құдай – солар. Библияда «Құдай адамды өзіне ұқсатып жасады» демеуші ме еді. Жатжерліктерде (гуманоидтар) адам сияқты қалыпта. Демек, ғарыштан келгенбіз. Біздің де космосқа қоймай ұмтылатынымыз сондықтан. Әкеміз сол жақта болса іздемей қайтеміз?

 

***

Мақтанғанда бұйра шашы басына симай тұрды.

 

***

  • 48 жыл Лев Николаевичпен бірге өмір сүрдім. Бірақ не адам екенін біле алмай-ақ қойдым, - деп жазған жұбайы Софья Андреевна ұлы қаламгер баһи кешкен соң.

Толстойдың ұлылығының бір тіні сонда жатса керек. Көбіміз неке түнінен кейін-ақ кім екенімізді әйелімізге білдіріп аламыз ғой.

 

***

  • Сенің мінезің майонез сияқты. Кез-келген салатқа салуға болады, - деп бір жігітті «мақтадым».

 

***

Қазақ теміржолының генералы Амангелді аға Селбаевпен көп сырластым. Білім мен бипаздық тұлабойында шүпілдеп тұр. Кісілік пен түсініктің қамшы салдырмас ақ жорғасындай азамат осы!

 

***

Аязға – үсіп, күнге-пісіп кешегі көкелеріміз елдің бар дәулетін құрап еді. Капитализммен қосылып біз оны шайтандай шаштық.

 

***

Әдебиет пен өнер, руханияттың халі мүшкіл. Бәрінің күнәһары-капитализм. Өлім келсін!

 

***

Мәскеулік ақын-жазушылармен дастарханда отырып: - Мир еще нуждается в нас,  - деп қалып ем, тосын жаңалық естігендей дуылдасып кетті.

 

***

Найзағай күміс қайшыдай жалт-жұлт етіп қазбауыр бұлттарды қиғылап жатты. Менің де осы сәттегі көңіл-күйім осыған ұқсас еді. Сондықтан да табиғатты жан-дүниеммен құшақтап тұрдым.

 

***

Мөлттей қара түн. Аспаннан жұлдыз тайып, көкжиекке құлап барады. Менің жұлдызым емес пе екен?

 

***

Алақанынан адал еңбектің иісі шығып тұратын баяғы шалдардың көзі азайды. Қазірде жұрт ақшаны саусақ ұшын қыбырлатып табуға көшті.

 

***

Осы ағам атының құйрығын түйіп алып, жалғыз шапқаннан басқа шаруасы жоқ. Бір күні ер-тұрманымен қоса ат құйрығынан сыпырылып түсіп қалайын деп жүр ғой.

 

***

Көкшетауға кетіп бара жатыр ем. Жолай бір табын жылқы көрдім. Көлікті тоқтатып, көк шалғында жайылып жүрген малды араладым. Бие, құлын-тай, өңшең саяқ, оқыранатын айғыры жоқ. Бас иесіздік жылқыға де келген бе?..

 Жалғасы бар, осында