ҚҰНЫСКЕРЕЙ ТУРАЛЫ БІР ӘҢГІМЕ

ҚҰНЫСКЕРЕЙ ТУРАЛЫ БІР ӘҢГІМЕ

Құныскерей батыр туралы əңгімелерді сайтымызда беру ойымызда бар еді. Жазушы Марат Мəжитовтың жарық көрген 5 томдық жинағаның бірінші томын (Құныскерей жөнінде жазған) жариялауды жоспарлап қойдық. Өтепберген Əлімгереевтің те жазған еңбектері кезекте тұр. Ал қазір сіздердің назарларыңызға халық аузында жүрген мына бір əңгімені ұсынып отырмыз. Қабыл алыңыздар!

 

                          ҚҰНЫСКЕРЕЙ ТУРАЛЫ БІР ӘҢГІМЕ

Бұл әңгімені Шапағат қариядан естіп едім.
Кезінде Чапайдың прокуроры боп қызмет атқарған Сағындықов Иғали деген болыпты. «Құныскерей бандыны қайтсе де ұстау керек» деген жарлық күшінде тұр.
«Қаратөбенің Шөптікөліндегі жалғыз үй пәтерші әйелге Құныскерей келіп жүр екен» деген хабар түседі. Иғали жанына 6 милиция ертіп, суыт жүріп, Шөптікөлдегі әйелдің үйіне жетеді. Түнде келіп аттарын сарайға қамап, ізін білдірмей, өздері үйге кіріп күтеді.
Винтовкаларын босағаға сүйеп қойып шай ішіп, жантайып жатса керек.
Түскі шайды орталағанда «Ассалаумағалейкүм!», деп Құныскерей кіріп келеді.
Қаруы қолында биік кісі босағаны тіреп тұра қалғанда, қаңтардағы бурадай қаһарлы көрініп, милиция біткен мысықтан бұққан тышқандай қыбырсыз қалды дейді.
Құныскерей бұлар жатыр-ау деп айылын жимастан, мылтығын босағаға сүйей салып:
–Бәйбіше, шөлдеп келдім, шәйіңді дәмдеп құй, – деп самауырға тақау жантайып жата кетіпті.
Милицияларда үн жоқ. Бәрінің белінде наганы болса да қимыл жасап қайрат көрсетуге Құныскерейдің пысы басып біреуі де тырп ете алмайды.
Тапанша Құныскерейдің де белінде тағулы. Жым-жырт тыныштықта 3-4 кесе шай ішкен соң Құныскерей айтты дейді:
–Е, жігіттер, ін түбіндегі қорқаудай болып мені аңдып жатырмын деңдер. «Өлетін бала молаға қарай жүгіреді» деген. Жетеуіңді де «сипап» кетуге болар еді, бірақ, сендер де мен де бұл үйге қонақпыз ғой. Біреудің үйін қандамайық. Мен керек болсам анау қырқаға келе қойыңдар, сол жерде соғысайық! – деп асын қайырып, шығып жүре беріпті.
Бұлар терезеден көріп отыр.Үйден кішкене ұзап дыбыстап еді, қырқаның арғы жағынан ақбоз аты шауып алдына келді дейді. Атына қарғып мініп қыр асып желе жөнеліпті.
–Ал, не қыламыз? Әлгінің артынан қуамыз ба, қумаймыз ба? – дейтін көрінеді милициялар өз-өздеріне келген соң.
Ақыры, көре-бара қолдан жіберген адамды қуып ештеңе бітірмеспіз, аман тұрғанымызда үйге қайтайық – деп бәтуаласып: «Құныскерей бандыны таба алмадық» деп ауданға қайтып кеткен екен.