ҚҰНЫСКЕРЕЙ

ҚҰНЫСКЕРЕЙ

Жазушы Өтепберген Әлімгереевтің  байтақ даланың тентек, тел өскен ерке ұлы, батыры туралы "ҚҰНЫСКЕРЕЙ" кітабынан үзінділер, басы осында 

 

Қалайша банды атанды?

Шындығында Құныскерей неге банды атанды? Бұл жайлы ел ішінде не дейді? Енді соған тоқталайық.

Тегінде Құныскерей Қожахметовтің кеңестік жаңа саясатқа көндікпей, туған үйінен жырақтау, қар жастанып, мұз төсену, жапанда жалғыз жортқан жолаушы атануының басты себебін қүлағы түрік, көне көз қарттар мен қалың халық бір-ақ себепке саяды. Ол ұлттық салт-дәстүрді тәрік етпеу, немесе жолдастық, достық, ағайынды сыйлау, саясат үшін сақалды сатпай, халықтық менталитетпен күн кешу.

Сонымен сары даланың салтын сақтаған асыл ер – Құныскерей неге банды атанды?

Асылы Құныскерей әу бастан әңгіме айтса асып емес, нысананы басып айтатын, ауыл-аймағына беделді, еті тірі, ортасында орны бар сыйлы жан болса керек. Сол беделдің арқасында елде жаңа өкімет орнап, ауылдық, болыстык кеңес құрыла бастағанда Құныскерей өз ауылының кеңес төрағасы қызметін атқарады. Төрағаға тапсырылған іс көп. Ең негізгі міндеттердің бірі – үй басына төрт теңге салық пен біраз мөлшердегі тортасынан айырған сарымай жинау. Жиналған салық Құныскерейлер ауылының территориялық жағынан бағыныстағы орталық – Князь – қазіргі Калмыков селосындағы базаға тапсырылуы керек. Әрине, аталған майдың дені жаздың ми қайнатқан ыстығында жиналады. Соған сай оны иістендіріп, бүлдірмей және төкпей-шашпай діттеген жерге жеткізу оңай жұмыс емес. Ал егер әлгі тапсырма орындалмаса әр қойың үш теңге тұратын сол кезеңде үй иелерін кеңес өкіметіне қарсы деп танып, заңға тартады, соттайды, болмаса алдындағы алданыш болған сауын сиырын ортаға алады. Бұл жалпыға бірдей ортақ тәртіп, одан қандай болыс, байың да құтыла алмайды. Бірақ бұрын-соңды басқа салық түрін көрсе де мынадай май салығын естімеген Тойсойғанда шөлмектеп май жинау тым ерсілеу екен. Сонда да болса Құныскерей жаңа заман қызметі мен қиын талабын қалың елге дұрыс түсіндіріп, жинай бастайды. Мезгіл-мезгіл аудан, облыстан (болыс, уезд) шыққан ГПУ-дің өкілі 7-8 нөкерімен салық жинау барысын тексеріп, елге шығатын көрінеді. Шаш ал десе бас алуға әзір шабарман кейбір адамдардың салық турасындағы кері сөйлеген сөздерін көтере алмай “Бұның бәрі сенің дұрыс түсінік жүргізбегенің, дәлдеп айтса төрағаның пікірі, яғни өзіңнен бастап кеңес өкіметі, оның, саясатына қарсысыңдар. Мен сені тегін қоймаймын, соттаймын” деп Құныскерейге ұрысып-жекіп, тіпті қамшы да көтеріп қояды.

Бейтаныс қоғамның біртоға дөкір заңы емес, Ұлы Даланың ұлттық сенімін ғана жоғары қойған Құныскерей өз-өзіне “Қамшы ойнатып, жанынан ащы тер шығарған жосықсыз заңың жанымның садағасы, өйткен өкіметіңе болайын, бұлдағаның қызметің бе, қайтып ал” деп серт байлап жүргенде тағы бір қырсық шалады.

...Ауыл-аймағында күллі Қызылқоғаның көзін ашқан Кермақас және Қаракөл қызыл мектептері бар Құныскерейдің әліпті таяқ деп өсуі мүмкін емес. Өйткені өмірден өткен, сол аптал азаматтың көзін көрген жандардың қай-қайсысы да оны сауатты, зерек, ақылды адам еді дейді. Білігі мен пайымы мол Құныскерей әуелгіде ауыл ағаманы, одан ауылдық кеңес төрағасы қызметтерін атқарды. Ол кезде аудан орталығы Тайпақта, бірақ жергілікті жердегі қолда бар ақпарат, мәліметтің бәрін (Майдан басқа) Князьға емес, өз іргелеріндегі көне Қызылқоғаға тапсыратынға ұқсайды. Ал төрағаның бар құжаты, мөрі өзімен бірге киіз дорбасында жүреді. Орта жолда жолаушылардың түстеніп, қона жатар қонақ үйі бар. Жергілікті халық оларды пәтерші дейді. Пәтер иесі Сәлмен деген мосқал адам. Қашан келсең де көлігіңнің от-суы, өзіңе деген тамақ мәзірі де, жатар орын әзір, қалағаның түгел баршылық.

Сондай кезекті ақпар берудің бірінде Құныскерей Сәлмен пәтерші ауылына кештетіп жетеді. Күздің мезгілі. Караша түні тастай қараңғы. Аулада суытып қойған қаңтарулы атты көріп, оның бұл өңірдің көлігіне ұқсамайтын және тым алыстан суыт жүріп келгендігіне қарап, шамасы Қара төбе жақтан із тастап жүрген Олжабай “тентек” – сен болмасаң нетті деп ойлайды.             

Үйге кірсе бәрі де қалың ұйқы құшағында. Төрден төменірек жадағайын желбегей жамылып, жата қалған жолаушының құс ұйқылы сергектігін байқаған Құныскерей “Жұрттың бәрі өлі ұйқыда, бұл болса тың-тыңдаған тынышсыз, дәу де болса осының сол Олжабай болуы керек деп топшылайды. Өйткені Орал жақтың Олжабай деген бір тентегі жергілікті басшылармен келісе алмай ат басын Ойылға бұрды. Артына милиция түсіп, шырақ жағып іздеп жүр” деген хабар мұның да құлағына жеткен. Ендеше “аспаннан бейтаныс адам жауған жоқ, мына жатқан соның өзі болуы керек” деп жорамалдаған. Мейлі, не де болса түн ішінде кімді оятып, мазасын алмақ, онан да жата калып, 3-4 сағат көз шырымын алса, содан өткен акыл жоқ. Бұл да үстіне жадағайын жамылып жата қалды.

Бірақ көп кешікпей тыстан дүсірлеген ат түяғының дүбірі, қау-қауласқан адамдар үні естіле бастайды. Осы бір абыр-сабыр дыбыстан шошып оянған әлгі жігіт жанына өзіне оңтайлы жерге қойған мылтығын (Құныскерей сонда барып біледі, оның қарулы екенін) ала сала есікке ұмтылады. Әлі ұйықтап үлгірмеген Құныскерей асып-сасқан жігіттің иығынан басып “Ей, бала, жата бер, жаның екеу болмаса босқа оққа ұшасың! Бірақ кідірмей қараңды батыр!” дейді де өзі тысқа беттейді. Дала енді-енді ғана ала көбең боп келе жатқан шақ екен. Саусылдаған аттылылардың біреуі көрініп, екіншісі көрінбейді. Қақырынып-түкірінген Құныскерей мысықтабандап аула айналса, он бес шақты милиция үйді қоршап алыпты. Біреуі өктем дауыстап, үн қатады.

  • Әй, жөніңді айт, кімсің?
  • Кімді жоғалтып ең? Менмін.
  • Менің кім?
  • Құныскереймін. Қаракөл болысы, совет төрағасымын.
  • Ойбай, таң атқалы жау деп жалғыз аттыны қуып жүрсек, өзіміздің совет қой.
  • Өтірік айтады, жасырып тұр, — дейді тағы бірі.

Осы кезде үйден шауып шыққан Олжабай әлгіге қарай оқты төгіп кеп жібергені. Оқ шыққан жаққа олар да қарумен үн қатты. Он бес қарулыға қарсы бір адамның үні шыға ма, сол бойда жан тапсырды. Құныскерей әлгі жап-жас жігіттің қызбалықпен теп-тегін өлгеніне өкінді. Өзі болса оқ ұшында жүрген осынау жау жүрек жігітті қорғаштап, ел асырып жіберуді ойлаған-ды. Бірақ өзінен басқаға сенбейтін сергелдең серінің өзі өлімге бас тікті.

НКВД – ішкі істер қызметкерлерінің бұрыннан көз киығында жүрген Құныскерейдің “банды” атануына осы бір оқиға, өкімет жауымен бір үйде қона-жатуының өзі де себеп болды-ау деп ойлайтындар да бар. Қалай еткенде де құланның қағынан, ханның тағынан безінуі қай кезде де жай емес. Әйтеуір “совет” Құныскерей бұдан әрі құжат толы киіз дорбасы мен пенделік “печатын” ұзақ ұстамай тиісті жеріне өз қолымен апарып тапсырғанға ұқсайды.

Тағы бір дерек. Қызылқоғалық Хасан Жақыпқалиұлының айтуынша Құныскерей өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары ауылдық кеңестің төрағасы болғанға дейін, сол төңіректегі басқару ретінде түзесек, отызыншы ауылдың ағаманы (старшинасы), соған сай анау-мынау анықтамаға қол қойып, мөр соғатын тым-тәуір құзырлы мүмкіндігі де болса керек. Одан кезек Кеңес өкіметіне ауысқанда да қолында өңі өзгерген басқа мөр жүрген. Бірақ беделі жоғары, басқару, ұйымдастыру қабілеті баршылық.

Өкінішке орай “ел болғасын бір тентек жүрмей ме” дегендей, сол кездің өзінде елде адалдың малы, аштың алдындағы дәмін қағып кетер ұрылар құр болмаған. Әсіресе ондайлар күллі қазақ даласын аштық жайлаған 1920-1922 жылдары тіптен күшейе түседі. Бірде елге танылған Жамал, Дәмеш, Еркін деген үш ұры айдалада жалғыз отырған Хасан дегеннің үйіне кеп мал сұрап, “Егер болмайтын болса, әкелеріңді атып кетеміз” деп балаларын қорқытса керек. Сол кезде әдеттегідей көп балалы қазекеңнің бір ұлы ептеп сытылып кетіп, ескі Қызылқоғадағы ГПУ-ге болған жайды хабарлайды. Дәл осы сәтте әлгі үйге көктен түскендей қасында хатшысы бар Құныскерей совет те келе қалады. Оны көргенде әлгі үш ұрының үні өшіп, қалтырап, дірілдеп кетеді. Сол арада хабар жеткен гпушіктерден де қара көрінеді. Екі ортада атыс басталады. Бірақ араға тағы да Құныскерей түсіп, әлгі ұрылардың өзі түгіл шаңы да көрінбей кетеді. Ақыры гпушіктер жер сипап, аттарын қамшылап, бостан-бос арам тер жасайды. Сөйтіп, бұл жолы да Құныскерейге “Совет төрағасы бандыларды қоштады, ұрыларды қашырып жіберді” деген айып тағылады. Бұл бұрыннан Құныскерейге қырын қарап жүрген коммунистердің күдігін тіптен күшейте түседі.

Ушыққан жараның бетін одан бетер қызыл шақаландырып, күшейте түскен соңғы оқиға – мына бір кездесуге ұқсайды.

Ол осы күнге дейін біреулердің Орда жақта тұратын құдасы, екіншілері құрдасы, тағы бірі, аз-мұз ұрлыққа үйір танысы деп бағалайтын Ерғалидың ылаңы. Қалай десек те Құныскерей Ерғалимен ертеден таныс. Тіпті бір қыс Орал жактың алып-қашты әңгімесінен бой тасалаған Е.Аязбаев орталықтан жырақтағы осы Құныскерей ауылын паналапты деген де әңгіме бар. Енді, міне, жиырма екінші жылдың күзінде, яғни Құныскерейдің құдайдай сеніп, белсене қызмет істеп жүрген кеңес өкіметінің белсенділері бұған ауыз бұртитып, әңгір таяқ ойнатқан тұсында тағы келеді. Мұнда да солай – Ерғали «Соңыма түскен қызылдар өкшелеп қояр емес, қайда барса “ұры”, “өкімет жауы” дегенді алға тартады. Мүмкіндік болса, тағы бір қыс араларыңда боп, құм арасына жасырына тұрайынға сайиды».

Бірақ бұл өтінішке жергілікті Кеңес басшысы (Құныскерей) көнбейді. Айтар уәжі-жаңа заман тәртібі қатты. Оның үстінде өзі де ГПУ-дің көзіне түсіп, уәкілдермен дәм-тұзы жараспай жүр. Сондықтан ендігі күніңді Тайсойған – Бүйрек бойы емес, басқа тұстан іздегенің абзал. Мейлі, Нарының, болмаса Қаратөбе, әйтеуір Тайсойғанның бойы емес. Міне, осындай ырылы бар да, ызғары жоқ кер-мар тұста екінші бір ыңғайсыздық тап болады. Бұл туралы бір кезде Батыс Қазақстан облысының Тайпақ ауданы Базаршолан ауылында тұрған Ұсағалиева Ораз Қабжанқызы (1912-1996) былайша әңгімелеуші еді.

– Біздің руымьіз Бесқасқа Беріш дейтін ол, – бірақ Ысықтың Тоғызбайы-Қожахмет ауылымен әуелден іргеміз жарасқан көрші болдық. Сол реттен бе, әлде жақсыны жатқа қимау, қашанғы тату-тәттіліктен іргеміз ажыраспасын дегендері ме, әйтеуір мені Қожахметтің немере інісі Әдудің Қилан деген баласына тоғыз жасымда айттырып қойып, бұдан арғы араласымыз құда-жекжаттыққа ауысты. Керек десеңіз Құныскерей қайнағаның өзі біздің үйде ылғи да қона-жатып, әкеммен арғы-бергі әңгімені айтып, ұзақты таң сырласатын. Мен оның ірі денелі, қарасүр кісі екендігін білетінмін. Астындағы сұлу аты үстіндегі ықшам, келісті киімімен жарасым тауып, сырт адамға сүйіспеншілік сезімін туғызатын. Жалпы ел ішінде Құныскерей туралы бөтен ой жоқ, жүрек төрінде тек сағыныш, ризалық қана жататын.

1922 жылы елде “Құныскерей қашқын, банды атаныпты. Қасында інілері Жәрдем, Мысағали, басқа да адамдар бар көрінеді. Себебі үйіне қонақ болып келген ер көңілді құдасы, атақты Аязбайдың Ерғалиын артынан қуып келген милициялар “Шығар, үйіңде өкімет жауы отыр, ұстап бер”, десе, Құныскерей “Ол менің қонағым, құдам. Ондай адамды жауына ұстап беру қазақы салтта жоқ. Керек пе, тиісті сый-сияпатын көріп аттансын, екі қырдың астына түскен соң асасың ба, соттайсың ба, еркіңде” десе, шаш ал десе бас алып үйренген белсенділер, “Жоқ, төңкеріс жауын өзің ұстап бер, өйткені сен осы өңірдің кеңес төрағасысың, әйтпесе өзіңді қонағыңмен бірге атамыз, қаматамыз” деп тепсінеді ғой. Әуелден Асан қайғы атасы “қақпақты қара қазан атаған” қасиетті Тайсойған төсінде аяқты еркін алып, арда өскен алып тұлға осындай қуыс кеуде, тар құшаққа ендемей, шиыршық атқан шар болаттай шарт сынбай ма? Милицияларға қарсы мылтық атылады, қонағын қашырып жібереді. Бар іс осыдан басталады” деген әңгіме өрбиді.

Сайып келгенде бұл деректі Айтмұхан Сәлімгереев айтқан әңгімелер де дәлелдейді.

Үйге Ерғали бастаған үш кісі келіп қонады. Артынша оларды 22 милиция қуып келеді. Сонда әкем тұрып “Атам қазақ қай уақытта да үйіне келген қонағын жауына ұстап бермеген. Қазір-ақ екі қыр асып кетсін. Одан арғы ерік сендерде!” десе, анада өзіне қамшы көтерген ГПУ-дің өкілі бұған одан бетер ежірейіп “Сен барып тұрған контр, Совет өкіметіне қарсысың” деп қитар көзін қылиландырмайды ма?! Бұндай қорлыққа шыдай алмаған үй иесі “Жаман үйді конағы билейді. Сендер маған не деп тұрсындар, ұстайтын жауың болса, әне, төбенің астына түсті, қуып жет!” деп әлгі шолақ белсендінің де жанына бір-екі рет көк алақан дойырын ойнатпай ма?! Шатақ осы жерден басталады.

Ал қаратөбелік қаламгер Қайыржан Хасанов өзінің “Тағдыры қызық адам” деген деректі әңгімесінде (“Қос батырдың хикаясы”, Алматы, “Зерде”, 2000., 32 бет)” Құныскерей ауыл Совет төрағасы болғанда үйіне бөкейлік құрдасы Аязбаев Ерғали келіп, қонақ болады. Өзі қуғын көрген, атыста жаралы болған. Сол қашқын бандыны ұстауға Қызылқоға аудандық милиция бастығы Ырза, болыстық атқкару комитетінің төрағасы Зиман және милициялар келеді. Құныскерейден қашқынды ұстап, байлап беруін талап етеді. Кұныскерей оларға “Қазақ баласы қонағы үйінде отырғанда ешқашан да жауына ұстап бермеген, ол дегендерің болмас, менің үйімнен кетіп, қыр асқан соң ұстандар” деген. Олар үйді қамай келіп, ішке кіруге ұмтылады. Құныскерей олардың алдын кесіп, мылтығын шапшаң алып, әуелі Зиманды жарақаттап, Ырзаны атып өлтіреді. Бірақ әуелден ел ішінде сұр мерген атанған Құныскерейдің осы жолы Зиманды өлтіруге қолы мүлт кеткен ештеңесі жоқ, қайта “Зиман, бір жылдың төлі едік, осы ретте жанынды қидым, екінші рет жолығыссаң әңгіме басқа” деген ескертумен ғана оқ шығындайды. Бұдан әрі Құныскерейге “Банды, қашқынды ұстауға көмектеспеді, адам өлтірді” деген айып тағылып, қамауға алуға үкім шығарылады. Бірақ қонақ сыйлап, дөстүр сақтағаны үшін тор көздің ар жағында, тар қуыста отырар Құныскерей ме, “Қалған тірлікті құдай жазған маңдайдан көріп алдым”, деп атқа қонып, туған үйден безінеді”, – дейді.

Тап осы деректі жазушы Хамза Есенжанов өзінің “Жүнісовтер трагедиясы” романында да келтіреді. Соңдықтан оны ең дұрыс негіз дей аламыз.

Осы арада көңілде бір сауал туады. Ол – ел ішінде әжептеуір бедел-берекеті бар Құныскерейді аяқ астынан банды атандырып, бықпырт тигізген беймезгіл қонақ, соңына қалжауыр байлап, барлық қызыл жағалы, атқа мінерлерді шулатқан елден ерек Ерғали кім еді?!

Ол рас, “Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры” демекші, қарымды қаламгер Хамза ағамыздың өзі “атақты Аязбайдың Ерғалиі” деп атап көрсететін Ерекең де осал түлға емес-ті. 1928 жылдың 9 ақпанында Орал қаласының ГПУ тергеушісі Тюменовке айыпкер ретінде қамауда отырған Ерғали Аязбайұлы өз өмірбаяны мен тұтқындалу себептері жайлы былай деп баяндайды:

“...Туған жерім – Орал губерниясы, Бөкей уезі, Талөкпе ауданы, Бостандық ауылы. Жасым 59-да (яғни ел ішінде айтатындай Құныскерейдің құрдасы емес. Автор.), руым Алаша, шала сауатым бар, қара шаруамын, отбасымда сегіз адам бар.

Бұдан бүрын, патша үкіметі кезінде мен жиырма екі жасымнан бастап қашқын атанып, жат жерде бас сауғаладым. Оның себебі мынау: Ескі танысым Овчиников деген бай – казак-орыстың жылқысынан бір аты жоғалған, соны ол менен көрді. Осы себепті ол өз табынында жүрген менің жалғыз атымды бермей қойды. Осыған ерегескен мен оның үш атын жетегіме алдым да Астрахань губерниясына асып кеттім. Бұдан әрі ол мені барымташы, қарақшы деп танып, соңыма адамдарын салып қойды. Сөйтіп мен 26 жыл бойы, 1891 жылдан ақпан төңкерісіне дейін бой тасалап сол жақта жүрдім. Талөкпе ауданындағы үйіме тек 15-20 күнде ғана түнделетіп келіп, кетіп жүрдім. Шаруашылығымда 2 бұзаулы сиыр, бір ат, бір түйе болды. Үй-ішім сонымен күнелтті. Ақпан төңкерісінен кейін үйіме оралдым да өз тіршілігіммен айналыстым.

Бірақ тағдыр талайы ма, әлде...

“Жылқысын көп айдадым Тасқаланың,

Қамы үшін қызыл қарын жас баланың.

Орыстың табынынан ойып алып,

Тимедім дүниесіне басқалардың”

– деп әндеткеніндей әуелден “Байлардан таңдап-таңдап ат алатын” тағдырласы Аманғали сынды бұл да қаны қарайған қазақ-орыстың жылқысын үйірлеп қуамын деп жүріп, артына шала байлады, соңынан қуғыншы шықты. Ақыры қолға түсті. Оны өзі жоғарыдағы жауабында былайша жалғастырады:

“... 1928 жылдың 11 қаңтарында таңертең Ғұсман Баяқаев екеуміз Бостандық ауылындағы Бағыстың (фамилиясын білмеймін) үйінде болғанымызда аудандық милиция бастығы Әліпқали Мұқышев тобымен кездестік. Атыс болды. Сосын Әліпқали маған бір баладан қолхат беріп, онда “Өз еркіңмен беріл, жанынды сақтаймыз” депті. Мен Әліпқалидің өзін қарусыз келіссөзге шақырдым. Ол келді, екеуара сөйлестік. “Жеті күннен кейін өзім келемін. Антым осы. Қазір тобыңды әкет!” дедім. Солай келістік. Жеті күннен кейін келіп берілдік... 1924-27 жылдар арасында топ құрып жүргенімді мойындаймын, оған шала сауатым себепші. Халықты жәбірлегенім жоқ!”

Бірақ Ерғали қанша “халықты жәбірлегенім жоқ” деп ант-су ішіп, Әліпқали “жаныңды сақтаймыз” деп уәде байласқанымен жан сақталынбады. ГПУ тергеушілері одан тоғыз күнде 9 рет жауап алып, ақыры бір жыл бойы түрмеде ұстады. Көптен күткен үкім де шықты. 1929 жылдың 19 қаңтарында сот алқасының үштігі Е. Аязбайұлы мен оның Жұмабай, Ахмет есімді екі баласы, барлығы он екі адамға ату жазасын белгіледі. Үкім ақпанның жетісіңде орындалды. Сөйтіп асыл азамат, ардақты әнші Орал түрмесінде дәл 60 жасында оққа ұшты.

Шындығында Ерғали Аязбайұлы кезінде керемет әнші, келісті композитор еді. 1920-22 жылдары қазақтың 1000 әнін жиып-терген белгілі музыка зерттеушісі А.Затаевич Ерғалимен кездесіп, одан әкесі Аязбайдың әндерін жазып алған. Ол “Қазақтың 1000 ән-күйі” кітабына енді. Сондай-ақ осы жинақта Ерғалидің өзінің де екі әні жарық көрді. Бірақ ол бұл фәниден әйгілі “Шайтанқара” әнінің туындыгері, қазақтың белгілі өнер тарланы емес, “төңкеріс жауы” ретінде аумалы саясаттың құрбаны ретінде қос канаты – екі баласымен бірге бақилык күн кешті.

Жалғасы осында