ҚҰНЫСКЕРЕЙ

ҚҰНЫСКЕРЕЙ

 Жазушы Өтепберген Әлімгереевтің  байтақ даланың тентек, тел өскен ерке ұлы, батыры туралы "ҚҰНЫСКЕРЕЙ" кітабынан үзінділер, басы осында 

Алты жастан аңыраған Айтжан

Құныскерейдің 1922 жылы туылған үлкен ұлы Айтжан өмірінің соңғы алпыс жылға жуығын Қостанай облысының Жетіқара жерінде өткізеді. Ол туралы әңгімені түрлі адамдар аузынан қайта-қайта естігенбіз. Тіпті біреулер ол ағамыз туралы да әжептәуір кітап жазуға болар еді дегенді айтқан. Мүмкін рас шығар деп жүре беретінбіз. Бірақ елдің айтқаны бір басқа да, қолында, қойнында өскен баласының әңгімесі бір басқа ғой деп Айтекеңнің тұңғышы, бұрын атын талай рет естігенмен әлі көрмеген астаналық Қыдырбайға арнайы ат арытып баруға тура келді.

Қыдырбайдың негізгі мамандығы автокөлік жүргізушісі. Кеңес Армиясы қатарынан оралған соң біраз жыл Атырау облысының Индер кентінде, одан Теңіз мұнай кен орнында, артынан Қостанайда мамандығы бойынша еңбек етеді. Зайыбы – Тыныштық, Индердікі, екеуі 3 қыз, 2 ұл өсірген. Қыздары тұрмыста. Өздері ұлдары Қажмұратпен Астана қаласында тұрып жатыр, зейнеткер.

Ел іші әңгімелеріне қарағанда (өйткені Құныскерей туралы тарихи құжаттар жоққа тән, он жылдың үстінде кеңестік қуғын-сүргінде жүрсе де, бірде-бір рет қолға түсіп, түрмеге қамалмаған, нақты жауап алынбаған. Ал ұсталмаған айыптыға құжат қалай толтырылады, тек алып қашпа сөздер ғана. Сондықтан ол туралы әңгіменің бәрі ауызша ғана) Құныскерейдің әйелі – Әсем 1929 жылы үлкен ұлы Айтжан және Есен, Болат есімді 1-2 жастағы қыздарымен түрмеге қамалып, артынан белсенділер ұлын Сарайшықтағы, қыздарын Жаманқаладағы (қазіргі Махамбет) балалар үйіне өткізеді.

Ал Әсем әжейдің өзін (руы Ысық, Қорлыбай Түмен, Досқали қызы) Гурьев түрмесінен Сарытау жаққа жер аударады. Одан қайтып оралғанда, 1933 жылы қайтадан үш жылға соттап, жер аударады. Әйтсе де оның бұл жолы қай жерде отырғаны белгісіз, бірақ Ресей қалаларының бірінде үш жыл жазасын өтеп қайтады. Келген соң балаларын іздейді. Сөйтсе екі қызы балалар үйінде аштықтан өледі. Ұлы Сарайшықтағы балалар үйінде екен, іздеп барады. Бұл кезде Айтжан есі кіріп, етегін жауып қалған сын-ды. Анасының алып кетем дегеніне «Сіз түрмеден, мен балалар үйінен шыққан екеуміздің болашақтағы күнкөрісіміз қалай болады, алдымызда малымыз, үстімізде үйіміз де жоқ, далада қалып, аштан өлерміз. Онан да менің әзірше өмір сүріп жатқан жерім, баспанам, ішер асым бар. Жасым он сегізге келгенше осында қала тұрайын, оқиын, келешекте аз ба, көп пе, мамандық алуға да мүмкіндік болар. Сіз өз тірлігіңізді жасаңыз, жалғыз басыңыз қайда да сияды ғой. Тірі болсақ, кездесерміз.

Бірақ қазір балалар үйі басшылары, құқ қорғау орындарының адамдарына «Мен Айтжанның анасы емес, алыстан қосылатын жамағайынымын, жағдайын білу үшін келгенмін» дей салыңыз. Әйтпесе, екеумізді тағы да қудалап, артымыздан шам алып түседі, мені балалар үйінен шығарып тастайды ғой» деп анасын бір тоқтамға келтіріп, қайтарып жібереді.

Бұдан әрі Әсем әже Айтжанға хабарласпай қояды. Екінші ұлы – Айтмұханды іздесе, ол Сәлімгерейдің отбасымен Ақтөбе жаққа қоныс аударған. Сөйтсе, артынан Сәлімгерейді Құныскерейге қатысты сөзге шатып, ақыры өлім жазасына кесілген. Есен, Болат есімді қыздары жоғарыда айтқандай Жаманқала балалар үйінде қайтыс болған. Болса-болмаса да тұрағын тірі жан білмейтін Құныскерейді көрдім, білдім деген еш пенде жоқ. Осылайша жападан жалғыз қалған жесір әйел басын тауға да, тасқа да ұрады. Ақыры жаңа ашылып, Қызылқоға бойының біраз адамына жұмыс көзі болған Ескене мұнай кәсіпшілігіне келеді. Осында жүріп Жылойдың тазы Қоянбай Жекенбаев дегенге тұрмысқа шығады. Одан 1941 жылы Аманжол есімді бір ұл туады. Кейін күйеуі Қоянбай да, ұлы Аманжол да қайтыс болады.

Әсем әжейдің 1964 жылдан былайғы тірлігі Айтмұханмен бірге өтіп, біраз уақыт Байшонаста, кейін Индербор кентінде тұрады. 1988 жылы сол Индерборда дүние салады. Бірақ көзі тірі кезінде (Қоянбай ертерек өледі) Аманжол да, Әсем әжей де Айтжанмен кездесіп, Қостанайға бірнеше рет сапар шегеді. Біраз уақыт бірге де тұрады. Дегенмен Атыраудың қазағы алыстағы Арқаның салқын ауасын жерсінбей ата күлдігіне қайтып оралады.

Айтжан Жаманқаладағы (қазіргі Махамбет) балалар үйінен соң Гурьевтегі фабрика-зауыт мектебінде оқып, мұнай кен алаңдарының бұрғышысы мамандығын игереді. Сол бойынша Мақат-Доссор жақта далалықта еңбек жолын бастайды. Бірақ, кеңес дәуірінің сыңаржақ саясатымен біреуді бай, екеншісін кедей, болмаса, ақтың өзі «халық жауы» деп айдар таққан кезеңде белсенді – геологиялық партияның шебері (мастер) жұмыс барысында бұған ылғи да тиісіп, кекетіп, мұқатып «Сен халық жауы – банданың баласысың. Сені құрту керек, қандай жаза қолданса да артық емес» деп үнемі ауыр жұмысқа салып, мезгіл, мекенсіз жұмсай беретін. Әлгіндей жөнсіздікке арланған жасөспірім бір күні бәрін де тастап,  Гурьев қаласына қайтып кетеді.

Алайда мұнда да оны алақанға салам деп асыға күтіп отырған ешкім жоқ-ты. Ағайындардан ада, алыстағы Атырау Тайсойғанның түбіт мұрты әлі тебіндемеген жас ұлын қайдан танысын. Сонда да болса, әр үйді сағалап, біреуді нағашы, екіншісін жиен деп жүріп жатады. Уақыт өте базар жағалап, біреудің қапшығын көтеріп, тағы бірінің малын жетектеп, күнкөріс қамымен жүрген ол бір күндері өзі құралыптас жетім-жесір балалармен кездеседі. Олардың ересектері осындағы шемішке сататын, құрт-ірімшік өткізетіндерді көлденең көз, тәртіпсіздерден қорғады, кішілері сырттай бақылаушы, хабаршы болды. Бірақ бүйтіп тапқандары ертелі-кеш жүрген еңбектерінің қиюазын қайтара алмады. Ақыры тіс қаққан баукеспелер табылып, темір жол вокзалы маңынан әрлі-берлі өткен жүк вагондарын тонайтындармен танысты. Бірақ олардың арасында айран ішкен құтылып, шелек жалағандар тұтылатын әдет бар екен.

Бәрін бақыттаушы осындағы деспетчерлер мен жолшы-шеберлер. Олар қай вагонның қайдан келе жатқанын, ішінде не бар екенін ұры-қарыларға хабарлайды. Алғашқы жорықтарында бір вагон сіріңке тиеген вагон кезігіп, одан өнжеңді пайда таба алмайды. Екіншісінде өсімдік майы толған 60 тонналық цистернаны «тазалау» кезегі келді. Тапсырманы беретін үлкендер. Орындайтын тәжірибесі жоқ жастар және бәрі де көз байланған сәт – айсыз қараңғыда орындалады. Іске кірісіп те кетті. Әуелі шүмегін бұзды. Ағызу кезегі келді. Кімнің қолына не түседі, біреуі шәйнек, екіншісі кострюль, үшіншісі шелекпен алып кетіп жатыр. Әлгі қанталапай қызметке араласқандардың арасында Айтжан да бар. Жатқан үйі вокзалдан аса қашықта емес еді. Жүгіріп жүріп, үйдегі ыдыс атаулының бәрін сұйық майға толтырып, үлкен іс бітіргендей қалың ұйқыға кеткен. Сиыр сәскеде әлдібіреу аяғынан тартады. Бұл өз жаргонымен бір-екі сөз арнап та жіберді. Жоқ, оны тыңдар кісі жоқ, дауысы өктем, жұлқылап алып барады. Бұл ұйқылы-ояу қалпында:

– Не болды? – деп еді, анау «Сіз әуелі көзіңізді ашыңыз» дейді.

– Сен кім едің?

– Милицияданбыз...

– Не дейді? Бұл жалма-жан көзін ашып алады.

– Сіз темір жол бойынан шемішке май ұрлапсыз.

– Оны қайдан біліпсің?

– Тасыған ыдысыңыздан аққан майдың ізі вокзалдың тұйығынан осы үйге дейін алып келді.

Әттеген-ай! Бұған қарсы айтатын еш уәж жоқ. Ақыры Айтжан қоғам мүлкіне қол сұққандардың бірі ретінде кінәлі болып, іске тартылды, сотталды. Бұл елімізде Екінші дүниежүзілік соғыстың басталған шағы еді. Фин соғысы Герман фашистерінің Кеңес одағына шабуылына ұласты. 1942 жылдың басында (20 қаңтар) қамауда отырған бұларды айыптылар (штраф) батольоны құрамында он күндік соғыс дайындығынан өткізді де, алғы шептегі қып-қызыл от пен оқтың ортасына салып кеп жіберді. Кеңес Одағында қан құйлы соғыстың басталғанына жарты жылдан сәл астам уақыт өтсе де майдандағы отандастардың бәрі бірдей қару-жарақ, оқ-дәрі, киім-кешекпен толық қамтылып үлгермеген шағы. Біреуі жауға қарсы оқ атса, артында 3-4 солдат кезекте тұрады. Кейде алдарындағы қаптаған қалың жауға қарсы жалаң қол жауынгерлерді қойша айдап, қолма-қол айқасқа салады. Ондайда жаумен бетпе-бет келсе жақсы. Араларында 50-60 метр алшақтық болса ше? Ал егер болмаса, автомат бір бүріксе, сіргеңді жиып алады.

Сондайда ең алдында айыпталушы батальон жігіттері, одан соң қаптаған қалың жаяу әскер келе жатады. Бұл таза өлім, қырылуға айдап салу болатын.

– Бір ғажабы, - дейді екен Айтжан ағаның өзі – шағын топты былай қойғанда, жүздеген адамы бар батальон орнымыздан көтеріліп, қарсы шабуылға шыққанда, солардың 5-10-ы ғана тірі қалып, қалғанының жусап, жер жастанған сәті болды. Бұл бір емес, бірнеше рет қайталанды. Сол тірі қалғандардың ішінде ылғи да мен жүретінмін. Кейін де талай оқтың ұшында болдым. Бірақ бірде-бір рет оқ тиіп көрген жоқ. Кейде туғалы көргенім қорлық, онан да бір оқтың құрбаны боп, өле қалсам, еш сұрауым жоқ бір жан емеспін бе? Құдай оны да маңдайыма жазбапты деп ренжитін едім.

Соны баласы Қыдырбай «Шамасы бұл Құныскерей атамызда болған оққағарлық қасиет баласына да дарыған-ау деп топшылаймын. Өйткені атамыз Құныскерей он жылдың үстінде елде қашып-пысып жүргенде қанша із кескен қарулы топқа кездесті, арқасынан оқ атылды, қанжар сілтенді. Оның бәрі де атамызды тірі қалсыншы деп ойламағаны, істелінгендігі рас, бірақ бірде-бірде рет денесіне оқ дарытпаған, жараланған емес. Олай болса, әкеміз де сондай күй кешкені рас. Соған қарағанда оларда тұқым қуалаған оққағарлық қасиет болғаны белгілі» дейді.

Ол да мүмкін. Өйткені халқымыздағы бұл ерекшелікті ата-бабаларымыз сан жылдардан бері айтып келе жатыр емес пе? Ендеше оған неге сенбеске?! Әбден мүмкін.

Айтжан ақсақал бірде Ұлы Отан соңысы кезіндегі айыптылар батольоны өмірін көрсететін «Света» деген көркемфильмді көріп отырып, «Міне, соғыс жылдарындағы нағыз шындықты көрсеткен лента осы. Қалғанының бәрі Кеңес заманының патриотизм идеясын бейнелеп, ойдан құрастырылған шығармалар» дейді. Себебі қарсыласқан жаудың ең бірінші шабуылда кездесетін тобы ол айыптылар. Соған сай ұрыстың тағдыры да шешіліп отырылады. Алғашқы болып оқ шығаратын, өлім құшатын да солар. Ал егер бірі бұғып қалса, артында бағып тұрған қауіпсіздік тобы бар. Олар бірінші болып, жауды емес бұғып қалғанды атады. Біз соларды көрдік» дейді екен.

Айтжан Батыс Украинадағы соғыс туралы айтқанда кейде шындыққа жанаспайтын да жайлардың болғанын еске алады екен. Олай дейтіні кинода көп жағдайда партизан отрядыны мүшелері, жалғыз-жарым жараланып, қаруластарынан бөлініп қалған кеңес солдаттары  жергілікті тұрғындармен кездесе қалса, олар нан-тұзы, шошқамайларын ала жүгіріп, құрақ ұшып жатады. Ондайлардың болатыны рас. Бірақ кей жерлерде, әсіресе сол кезде Кеңес өкіметіне іші жылымайтын Батыс Украина тұрғындары әлгіндей «шақырусыз қонақтарды» ішке тартып, отандастар емес, кәдімгі жауларымен кездескендей, қолдарына тас алып, қарша боратып қарсы алады екен. Яғни көбі саналы түрде неміс армиясын жақтайды.

Көп жағдайда шабуылдаушы айыптылар ұдайы ұрыстың алғы шебінде жүргендіктен жау жағының құрсауында қалып, болмаса басқа да себептермен тұтқынға түседі. Айтжан аға армия басшылығының әдейі ұйымдастыруы негізінде Орел түбіндегі ұрыста қоршауда қалып, тұтқындалады. Көп адам әуелі Германияның Чехиядағы шоғырлау лагерінде болады.

Бұл арада ең бірінші тұтқындар лагерлері туралы түсініп алу керек, - дейді бізбен әңгімесінде Айтжан ақсақалдың келіні, дәлдеп айтсақ, Қажмұқанның жолдасы, колледжде тарих пәнінен сабақ беретін ұстаз Гүлшат Шәмшитқызы Қожахметова. Ол атасының соғыс жылдарындағы жорық жолдарын көп зерттеген. Алдымен, Ұлы Отан соғысы жылдарында фашистік Германия басшылығы қолға түскен әскери тұтқындарды, мейлі ол кеңес өкіметінің, болмаса, басқа елдердің адамдарын жазалау және құлдықта ұстау үшін түрлі үлгідегі шоғырлап, жинақтау лагерлері жүйесін құрды.

Оның өзі Гитлердің өкімет басына келген 1933 жылдан басталып, Мюнхенге жақын маңдағы Дахау қаласы шетінде бой көтерді. Арада төрт жыл өткенде Веймарда аты әлемге аян Бухенвальд шоғырлау лагері пайда болды. Ол өзінің кезекті «қонақтарын» кіре берістегі «Әркімге лайықты жаза» деген үлкен жазуымен қарсы алатын. Аталған лагерьде соғыс жылдарында 250 мың адам қамалып, оның 56 мыңы өлім құшқан екен.

1940 жылдың 27 сәуірінде Генрих Гиммлердің бұйрығы бойынша «Освенцим» концлагері салынып, оған сол жылдың 14 маусымында 728 тұтқын поляк әкелініп, қамалған. Сондай-ақ Польша, Чехия, Латвия, басқа да шығыс Еуропа елдерінде «Майданек», «Саласпилс», басқа да лагерлер жұмыс істеген. Бірақ аталған елдердегі концентрациялық лагерлер саны тек осы емес, ұзын саны 14 мыңнан асқан деген болжам бар. Солардың бірі – кезінде неміс үкіметі мойындамаған «Дора» лагері. Ғалымдардың есебі бойынша соғыс жылдарында Германияның концлагерінде 6 миллионнан астам әскери тұтқын өлген. Олардың біразы аштық, аурулық себептен қаза болса, біразы нақты өлім жазасына кесілген.

Лагерьлердегі әскери тұтқындар құрамына қарай 5 категорияға бөлінген. Алғашқысы – құрама қосындар, айдап апару және («Дулаг»), тұрақты лагерлер («Шталаг»), негізгі және шағын жұмысшы лагерлері деп аталынды.

Құрама қосындар әдетте майданға жақын аймақтарда, болмаса соғыс қимылдары жүріп жатқан өңірлерде құрылды. Тұтқындалған әскерлер осы жерде қарусыздандырылып, арнаулы есепке алынады, құжат толтырылады. Одан кейінгі этап алдында айтқан «Дулаг» атты айдап алып жүру лагерінде, яғни темір жол тораптарына жақын жерде орналастырылады. Аталған екі этаптан өткен тұтқындар ендігі жерде тұрақты тұрғын орындарына жеткізіледі. Олар соғыс қимылдары өтіп жатқан аймақтан тысқары жерде орналасады және лагерлердің қай-қайсысы да нөмірленіп бөлектелінді және оларда көп адамдар топтастырылды. Мәселен, «Шталаг» лагерінде негізінен жұмысшы қол күштері жинақталынып, оларда «А», «В» деген сияқты әріптік шоғырландыруларда мың-мыңдаған тұтқындар болды. Ал шағын-шағын лагерлер негізінен «Шталаг» лагеріне бағынышты және жергілікті елдімекен атауымен белгіленді. Айталық, Виттенхаим деревнясындағы Эльзас лагері негізінен 1943 жылы тұтқындалған орыстардың «Виттенхайм Шталаг УС» әскери лагері деп аталды. Олардың әрбірінде ондаған, кейде жүздеген тұтқындар отырды. Айтжан Қожахметов сол лагерьлердің бәрінде де, дәлдеп айтса, Германияның Кеңес жеріндегі жинақтау лагерлері мен Германия мен Франция, Италия және Солтүстік Африкадағылардың қай-қайсысында да отыр.

Айтжанның өз айтуы бойынша ол тұтқынға 1942 жылдың тамыз айында ең бастысы басшылықтың қарсы жақтың әскери күшін дұрыс нақтылап, бағаламау және саяси сенімнің төмендігі нәтижесінде тек өзі емес, тұтас 20 мыңдық қаруластарымен бірге қоршауда қалып, тұтқындалады. Ал  мұндай сорақылық аталған соғыста бір емес, бірнеше рет қайталанғаны өкінішті-ақ. Тек соғыс басталған 1941 жылдың өзінде соғыс қаруының жетімсіздігі, тактиканың төмендігі, саяси жұмыстардың әлсіздігінен 3,9 млн. отандасымыз жау тұтқыны атанды. Әрине, олардың арасында елін жанындай сүйген нағыз патриоттармен бірге әлгі айтқан саяси сенімсіздер, сатқындар да бар екені жасырын емес.

1942 жылдың аяғында Айтжан Қожахметовтің жазалау орны Германияның «Ной Хамер» лагерінде өтеді. Міне, осы кезде немістердің фашистік командование басшылығы тұтқындағы славян емес халықтар өкілдерін қайта тәрбиелеп, орыстардың империялық саясатына қарсы шығу, сөйтіп өз іштерінен іріткі туғызуды көкседі. Осы негізде құрамында қазақ, өзбек, қырғыз, татар, басқа да мұсылман халықтары өкілдері бар «Түркістан легионын» құруды ойлады. Бірақ, тәжірибе көрсеткеніндей, ондай аймақтық, ұлттық топтастыру түптеп келгенде өзінің оңды нәтижесін берген жоқ. Соның құрбандарының бірі – Айтжан еді. Ол алты жасынан ата-анасынан айырылып, кеңес заманының балалар үйінде өсті. Қанша жерден аш, жалаңаш болса да, бәрібір ол Коммунистік партияның социализм идеясымен тәрбиеленді, шынайы атеист болды. Соған сай ол Түркістан легионының саясатына анау айтқан көне қоймады. Бірақ, ол осы легион құрамында байланысшы курсынан өтті. Онда техникалық аппараттармен жұмыс істеу өз алдына, өз қаруластарымен кездесе қалған күнде беттегі мимика, ым, қол, саусақ қимылдары арқылы сөйлесіп, түсінісу, жеке кездесулерде қорғаныс әдістерін жетік меңгерді. Әйтсе де 1944 жылдың алғашқы сәттеріндегі Германияның Қазақстанға аттандырған алғашқы диверциялық десанттарының қай-қайсысы да ойлағандарындай оң нәтиже бермеді, қайта оралған бірі жоқ.

Міне, осыдан соң легионерлер таратылып, осы құрамда Айтжан да тұтқын ретінде Францияға жіберілді. Одан Италияда болды. Өкінішке қарай баласы Қыдырбайдың айтуынша әкесі аталған елдерде қандай атаудағы лагерьлерде болғандығын арада талай жылдар өтіп, жадынан шығарды ма, әлде солардың бәрін қайта жаңғыртып жатуды қол көрмеді де, әйтеуір олар туралы біреулер сұрай қалса, «бәрін де ұмыттым, есімде жоқ» дейді екен.

Бірақ Италиядағы күндерін «Лагерьден бір отандас орыс екеуміз қашып шықтық. Ондағы ой – мұнда да кеңестік партизан отрядтары бар. Мүмкіндік болса, соларды тауып, қосылуымыз керек. Бұл біздің біріккен түрде туған елге оралуымызға мүмкіндік жасайды деген ой еді» дейді екен Айтжан ағаның өзі. Осы үмітпен олар күндіз тығылып, түнде жүріп, тау-тасты аралайды. Ақыры үстеріндегі киімдері ырық-жырық, өздері аш, күндердің бірінде тау арасындағы шағындау деревня үйлерінің бірінің есігін қағады. Күн түннің бір уағы. Бейтаныс әйел есік ашады. Алғашқыда үстеріндегі киімдері жырым-жырым, сақал-шаштары өскен бұларды көргенде әлгі әйелдің сүдіні өзгеріп кетеді. Оның үстіне сөздері де түсініксіз. Бірақ бір-біріне ымдап, өздерінің аш екендіктерін түсіндіреді. Ақыры әйел үйге кіргізеді. Әйтсе де мұнда да тәртіп қатты. Полицейлер қайта-қайта есік қағып, бөтен адамның бар-жоғын тексереді. Бейтаныс қонақтарды үй иесі бірден жертөлеге апарып, ыссы тамақ береді. Естерін жиған қонақтар енді ымдаса отырып, осында 4-5 күн аялдай тұрудың мүмкіндігін өтінеді. Осы кезде үй иесі екі бірдей адамды үйде ұстаудың мүмкіндігі жоқтығын ескертіп, біреуін басқа үйде тоқтауға көндіреді. Сөйтсе, Айтжан паналаған алғашқы үйдің иесі – әйелдің күйеуі соғыста қаза тапқан, үйде жалғыз. Осылайша осы үйде екі ай жертөледе күн кешіп, содан соң орыс жолдасының қолқалауы негізінде тағы да таулы аймақтан партизандар отрядын іздегенді қол көреді. Сонымен көзден таса, көлеңкеден көлегей күндер аяқталып, екеуі тағы да тау кезіп, тоғай аралап, көп уақытын жояды. Бірақ аз уақытта тағы да немістердің тұтқыны атанады. Әйтсе де отандас орысы жоқ, жалғыз қалады.

1943 жылдың жазында американдықтар италяндық фашистерге шабуылды бастайды. Бұл 24-25 шілде болатын. Міне, сол кезде Айтжандар тағы да қолға түседі. Бұл жолы олар фашистік Германияның емес, американдықтардың тұтқыны, алайда жау жағының тұтқыны да – жау. Ендеше, жазасын өтеу керек. Әйтсе де тұрақ Италия емес, Солтүстік Африка болмақ. Себебі Египет бір кездері американдықтардың отары еді, оны кейін жаулап алған. Енді екінші майдан ашылғанда оны американдықтар қайтарып алған. Айтжандардың жазасы осы жерде өтелмек.

Қысқасы тағы да тұтқын, тағы да азап, қысым. Сөйтіп олар «Торонто» әскери тұтқындар лагерінде өз күндерін өткізіп жатты. Айтжанның қызметі әлдебір әскери зауыттан дайындалып шыққан бұйымды (жәшіктегі снарядтар) темір жол бекетіне атарбамен жеткізу, яғни арбакеш. Жалпы саны бесеу. Бұлардың үстінен қараушы бақылаушы бар. Бірақ мұнда тұтқындар тірлігіне қарағанда онда жүк тасушы аттардың жағдайы жақсы. Уақытында ас-суын береді, ретімен демалады. Ал әскери тұтқындардың жай-күні өте төмен.  Әсіресе берілетін тамақтың түрін айтпаңыз. Бірде мынандай жағдай болыпты. Атқа дер шағында жем беріледі. Соның бірі – кәдімгі қызылша. Қарны ашқан Айтжан әлгі қызылшаның шағындау бірін қалтасына басып алады да көзден тасалау жер (әйтпесе бақылау күшті, әр қимылыңды бағады) әжетханаға апарып, қарбытып асап-асап жіберіп, тысқа шығады. Сөйтсе есік алдында бақылаушы офицер тұр. Бұны өзіне шақырады. Барады. «Қолыңды көрсет» дейді. Көрсетсе – қолы қып-қызыл. Сасқалақтаған Айтжан «Атқа берген қызылша ғой» деп ақталады.

– Аузыңды аш! – дейді.

Аузын ашса, тілі де қып-қызыл. Болды, кінәң – ұрлық, жазаланасың. Кешкі тамақтан соң екі сағат бойы түрлі дене шынықтыру істерін жасайсың – жүгіресің, отырып, тұрасың, жер бауырлап, екі сағат бойына мігірсіз жұмыс. Әбден талдым десең де мұрсат жоқ, істей беруің керек. Тыңдамадың ба, одан да зорын көресің. Әйтпесе, жалғыз оқтың құлы боп кете барасың. Әйтеуір атып тастамағанына деп, осының өзіне мәзсің.

Бірақ тұтқындардың мұндағы күні немістердің тұтқынына қарағанда анағұрлым жеңіл, ең қиыны тамақ. 1944 жылы тұтқындарды әбден кімнің кім екенін тергеп-тексеріп, ататынын атып, жеңілдеуін одан басқа, кейбірі ақталып, еліне қайтарып жатады. Кезек А.Құныскереевке де келеді. Жауап алу басталады. Бір ғажабы – әлгілер Айтжанның ғұмырбаянын мөлдіретіп қаз-қалпында түгендеп тұр:

– Сен кеңестік халық жауының баласысың. Алты жасыңнан балалар үйінде тәрбиелендің. Ұрлық жасап, түрмеге түскенсің. Одан соң айыптылар батальонында кеңес-неміс соғысына қатыстың. Немістер тұтқыны атандың. Италияда да тұтқында болдың.

Міне, осылайша тізбелеп, бәрін айтып берді. Әйтсе де, Айтжан мұндай тізбелеуді бірінші рет емес, Италиядағы тұтқын кезінде, тіпті немістер тұтқыны атанғанда да талай естіген. Керек десеңіз, олар «Сен халық жауының баласысың. Соған сай бұдан былайғы кеңес өкіметіндегі тағдырың қыл үстінде. Онда сені өлім ғана күтеді. Ендеше өзіңді бүгіннен бастап Германияның азаматымын деп есептеп, оларға қарсы жұмыс істеуің керек» деп үгіттеген. Әйтсе де Айтжан бәрінде де сырттай ашып айта алмаса да іштей «Оттағандарың жөн болсын, аяқ-қолым босап, басыма бостандық тисе, атпақ түгіл, асып тастаса да Атырауымнан артық жер жоқ. Туған топырақ Тайсойғанымның жықпыл-жықпыл қоқтылары мен бұйрат-бұйрат құмдары аман болсын» деумен жүрді.

Африкада да солай, бірінің аузына екіншісі салып отырғандай «Сен елге барсаң – бірден атып тастайды. Себебі – сен халық жауының баласысың, екіншіден, немістердің тұтқыны болдың. Түркістан легионы құрамындағы күндеріңді ұмытпа. Егер дұрыстап тергесе, сенің істеріңде саяси жағынан қателіктер аз. Сондықтан сені атпаса да, мойныңа 15 жылдың ілінетіні айдан анық. Өйтіп Сібірде өксікпен өміріңді өткізгеннен бізде қал. Американың азаматтығын ал. Отбасын құрасың. Бізге сен сияқты алып денелі, күш-қайраты тасқан атпал азаматтар керек. Бізде демократия. Қала саласың, үйлер тұрғызасың, ойлан» деді.

Бірақ Айтжан үшін алыстағы Американың жұмағы емес, Атыраудың тамұғы тартты да тұрды. Не болса да бағымнан көрермін. Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары деп, «Жоқ, не көрсем де маңдайымнан, мені босатыңыздар, өз еліме кетемін»  дейді.

– Сен қазір білмейсің, алдыңда аязды ақ қар Сібірдің орманы күтіп тұр. Әлі де ойлан, - дейді американдықтар тағы да бір қайталап.

Айтжан аға өмір бойы сол сәтті көзіне елестетіп «Мен тұтқында өткен күндерімнің әр таңында көз алдыма жоталы қызыл құмдар мен қош иісті жусанның ащы дәмі келетін. Соларды ылғи сағынатынмын» дейді екен.

Ақыры кеңестік тұтқындардың біразын елге қайтарады. Бұл Ұлы Отан соғысының аяқталған тұсы. Біресе кеме, тағы бірде жаяу, темір жол, Суец каналы, Қызыл теңіз, Қара теңіз арқылы Бакуға жетеді. Айлақта бұларды ит жетектеп, мұздай қаруланған әскери адамдар қарсы алады. Тағы да лагерь, сол баяғы тексеру, қаптаған сұрақ, мұқшау – қайдансың, қалай тұтқын болдың, қай лагерьлерде отырдың? Ұру, соғу, қинау, «мынаны білесің бе?» деп небір адамдардың суретін алып келеді. Әңгіме арасында «Сенің Италияда қашқаның, болмаса Түркістан легионында болдың, бірақ өкіметке қарсы еш өзге қылық, қимыл танытпадың. Африкада сені Америкаға шақырды, сонда қал деді, сен неге қалмадың?» деп сұрайды. Бұл болса, «Жоқ, мен өз елімді, туған жерімді сүйемін» деп жауап береді. «Міне, бұлардың бәрі сенің жақсы қырларың. Бірақ, сен қалай дегенде де Отанын сатқан халық жауының баласысың. Ұрлық жасап, түрмеге түскенсің, біз оның бәрін білеміз. Жау жағына өткен кеңестік әскерсің. Байқасаң, осының бәрі сенің теріс жағыңды дәлелдейді» деп қайтадан ұрады, қорлайды, сұрақтың астына алады.

Бір күндерде бұларды Мәскеу түбіндегі Подольск түрмесіне әкеліп, соғыста қираған қаланы қалпына келтіру жұмыстарына салады. Жаңа құрылыстар тұрғызуға тартады. Бәрі де қол күшімен атқарылатын және уақытпен, ауа райымен санаспайтын ауыр жұмыстар. Бір күндері бұл өкпесіне салқын тигізіп, қатты ауырады. Ұзақ емделуге тура келеді. Осы кезде емдеуші дәрігер бұның өз жұмысына адал, берілген тапсырманы уақытында орындайтын және өзге жымысқы ойы жоқ, ақ жүректі адам екенін біліп, әр бақылау сайын Айтжанмен ұзақ-ұзақ әңгімелеседі. Күндердің күнінде бұдан «Алдағы ойың қандай, егер мына азаптан құтылсаң не істер едің?» деп сұрайды. Ол болса, «Менде бөтен ой жоқ, қалайда адал еңбек етіп, туған жеріме жетсем, тып-тыныш еліме қызмет етіп, отбасын құрар едім. Мен үшін одан өткен арман да бақыт та жоқ» дейді.

– Ендеше, мен сенің азапты өміріңді азатты күндерге ұластыра алам, - дейді дәрігер.

– Қалай? 

– Еш қалайы жоқ, мен сенің науқастық қағазыңа Айтжан Қожахметов бұдан әрі өмір сүруге жарамсыз, ашық өкпе ауруына шалдыққан. Жұмыс істеу қабілеті жоқ» деген тұжырым жасап беремін. Түрме басшыларына жұмыс істеу қабілеті жоқ тұтқынның қажеті жоқ. Олар сені амалсыздан босатады да, еліңе қайтарады. Одан әрі боссың, тек баратын жеріңді тіркетіп, жолақың мен азығыңды аласың да, жүрген жеріңді хабарлап отырсақ болғаны.

– Шыннан да мен сондай аурумын ба?

– Жоға, бұл менің саған көмегім.

– Ақ көке, құлың болайын, көмектес. Өлсем де өзімнің ауылыма жетіп өлейін де.

– Айттым ғой, өлмейсің. Тек аузыңа ие бол. Бір жерде көкіп, сыр берсең – бұл жалғанда сен де жоқ, мен де болмаймын.

– Жоға, бұл ширек ғасырлық ғұмырымда ненің жақсы, ненің жаман екенін түсіндім ғой, тісімнен шықпайды.

– Әйтсе де есіңде болсын, жоғарыда айтқанымдай, сенің қазіргі сырқатың өле қоятындай өте ауыр емес, дұрыстап емделсең, 5-6 ай не бірер жылда құр аттай құлпырып шыға келесің...

 – Аузыңызға май, айтқаныңыз келсін!

Уәде сол. Аз уақытта Айтжан қолындағы «еңбек қабілеті жоқ» деген тұжырымдама қағазымен алыстағы Гурьевке бет түзеді. Аз уақытта Атырауына да жетті. Тіркелу орнына мәлім болды. Олар мұның қолындағы дәрігерлік түйіндемесімен танысып және алыс жолдан жүдеп-жадап жеткен мұның түрін көріп, «дәмің таусылып тұрған байғұссың» деген пейілмен «Енді қайда бармақсың?» демей ме? Бұл болса, «Қызылқоғаға, Тайсойғанда нағашыларым бар, сонда жетсем бе деп едім. Әр жағын тағы көре жатам ғой» дейді. Өйткені, Айтжанның өмір бойы тегі Қожахметов болса да, «Әкем Құныскерей, біздің ағайынымыз мыналар» деп ашып айта алмай кеткені анық-ты. Ал егер айта қалса, қауіпсіздік орындарының адамдары әлгі атаған адамдарын тексеріп, анда-мында тасып, әлек-шәлегін шығарары анық. Сол себепті әкемнің кесірі ешкімге тимесін, не көрсек те өзіміз, өзім көріп алайын деген пиғылда жүрді. Айта қалса, тек нағашыларын ғана еске алатын.

Бұл жолы құжат тергеушілер оның қайда тоқтайтынына аса мән бермей, бәрібір өрінен көрі жақын пенде ғой дегені анық болатын. Осылайша, «ауру меңдеген» Айтжан Тайсойғанына тартты.

Қашан да туған жер алтын бесік емес пе? Бәрі де көз көрген адамдар. Бұны танымаса да әкесін таниды, анасымен ағайындар. Біреулер сағынып, жылап көріссе, екіншілері барлап, сынап отырды. Бірақ, туған үйдің түтіні де тәтті демей ме, ата-жұртта аунап, қунап, аз ғана ағайынның алақанында жылынған Айтжан екі-үш айда қымыз жұтып, шұбат ішіп, ауруынан айықты. Бұрынғы қаншардай қатып, екі ұрты суалған ол енді ет алып, таусылмайтын тыңқылдақ жөтелі сап тиылды. Сырқаты сыпырылып, көңілі көтерілген жігіттің қимылы да шат. Мұны біреулер елге қызу қанды, ұлтжанды Құныскерейдің баласы келді десе, саптыаяқтың сабынан қарауыл қарап, отызыншы жылдарғы НКВД-ның адамдары сынды қызылға қарсы банды, ұлтшылдың ұлы келді, бұның не ойлағаны бар деп, әлгі үш әріптің ұйымына домалақ арызды ысыра салды. Сөйтіп туған топыраққа «өлімші» болып жеткен Айтжан тағы да күдіктілер қатарына қосылды. Гурьевтен әдейі іздеп келген қауіпсіздік орнының екі қызметкері оны ат артына өңгеріп, қаласына алып жүрді.

Бұлар сонау Тайсойғаннан Доссорға кештетіп жеткенде Айтжан айдап келе жатқан ағайынға «Бәрібір түн қатып, қалаға аспаймыз, осы жердегі бір үйдің есігін қағып, түнеп шығуға тілек ететініміз кәміл ғой. Менің осында бала күнгі Сарайшықта балалар үйінде бірге жатқан Ысмағұлов деген досым болушы еді. Сонда барып демалайық. Ертең қаламызға бағыт аламыз» деп өтініш жасайды.

«Қызылқоғадан қызылдар келе жатыр» деп төсек салып, қазан көтерген ешкімнің жоқ екені белгілі. Сондықтан әлгіндей жақсы таныс жандардың үйі болса, тіптен жақсы деп айдаушы (конвой) жігіттер де келісе кетеді. Сөйтіп олар сол кешті Тәжаяқтың үйінде өткізіп, баладос екеуі таңға дейін әңгіме айтып, ертесіне қимай қоштасады.

Әңгімеміз осы араға келгенде Қыдырбай әңгіме ауанын әлгі айтқан Тәжаяққа бұрып, «Мен ол кісіні көрдім, Доссордағы үйінде де болдым» деді. Біз «Әкеңіздің досы өздерінің балалық шағынан әңгіме қозғады ма?» деп едік, «Әрине, екеуі шынайы достар екен» деді.

Кездесудің мәні былай екен.

Бір жылдары Қыдырбай елімізде тәуелсіздіктің таңы атып, жұмыс жайы қиындап кеткен шақта Қостанайдағы қызметтен мән кетіп, ақыры атажұрт Атыраудан нан табуға тура келеді. Шөп Құлсарыға түседі, Теңіз кенішіне ат басын тіреп, жұмыс табады. Бірде қызметтес жігіттердің бірі бұдан «Осы сенің аты-жөнің Қожахметов Қыдырбай ма, әкеңнің аты кім?» деп сұрайды. Бұл «Айтжан» дейді.

– Айтжанның әкесі ше?

– Құныскерей.

– Оның тегі кім?

– Қожахметов.

– Міне, керегі де сол. Менің Доссорда тұратын Тәжаяқ деген нағашым бар. Сол кісі ылғи да той-думан, садақада Ысық руынан біреу көрсе, «Шырағым, Құныскерей дегенді естуің бар ма? Болса, оның Айтжан деген баласы болған. Соны көріп, естіген жоқсың ба?» деп ылғи сұрастырады да жүреді. Оның мәнісі -  Тәжаяқ нағашым сонау отызыншы жылдарғы қиын шақта Айтжан екеуі Сарайшықтың балалар үйінде тәрбиеленіпті. Кейін бұл кісі ФЗО-ны бітіріп, Доссорға келген, ақыры осында тұрып қалған. Ал Айтжан болса, өзі істеген партиядағы әлдекімдермен келісе алмай қалаға кеткен. Содан кейін соғыста тұтқынға түседі. Кейін бәрінен де құтылып, елге келіп еді, тағы біреулердің арыздануымен «Халық жауының баласы» деп істі болды. Соңғы жылдарғы тағдыры белгісіз. Көрген-білген біреулер бар ма екен деп іздеймін. Естісеңдер естеріңде жүрсін, оның іздеушісі менмін» деп ылғи айтып отырады» дейді. 

– Ендеше, сол нағашыңмен кездестірші, - дейді Қыдырбай.

– Кездестірем, тек қашан баратыныңды айт!

Осылайша бір келісімге келген жұмыстастар аптаның сенбі, жексенбілерінің бірінде Доссорға жол тартады. Ол кезде Қыдырбай Құлсарыда отбасымен (жұбайы екеуі) пәтер жалдап тұрады екен, әйелі екеуі Доссорға келеді. Алдын ала нақтылаған мекен-жайдағы ауланың сыртқы қақпасына «Қош келдіңіздер!» деп алаулатып жазып қойған. Қыдырбай алғашында «Мынау деген керемет қой, шамасы бұл кісілер шын достар болды ғой» деп таңданады. Сөйтсе, жұбайы «Бар-жоғы екеумізге бола мынадай жазудың тұруы мүмкін емес, шамасы келін түсіріп, не қыз ұзатып жатқан шығар» дейді.

– Мүмкін, әбден мүмкін!

Ішке енеді, бөтен ешкім жоқ. Бар-жоғы Тәжаяқ қарияның өз отбасы ғана. Мұны көрген қария «Тоқта! Тоқта! Қозғалма. Бет-аузың әкеңе ұқсайды. Бірақ тұрқың тым ұсақтау екен. Оқасы жоқ, дәл өзісің. Кел бері, сен Айтжанның баласысың ба, солай ғой. 

– Солай, - деді бұл.

– Ендеше кел бері, - деп қонағын құшағына алып, бауырына қысты. Содан соң төрге шығарды.

... Сәл шегініс. Біз болсақ, Құныскерейдің өзін қайдам, оның Жетібайда тұрған қызы – Айманды көргеніміз бар. Ол былайғы кезгі әйелдерге қарағанда тым жалпақ, жадаулау екі келіншекті қатар қойғандай, осал емес, ордендері омырау жабатын нағыз әскер басылардың кеудесіндей келісті, кең еді.

– Жоғары шығыңдар! Әкең тірі ме?

– Тірі!

– Қайда тұрады?

– Қостанайда. 

– Әй,бәсе! Атырауда болса, хабарласатын мезгілі болып еді. Менің оны іздемеген жерім жоқ. Ылғи да үлкендер жиналған жерлерде «Баяғы Құныскерейдің Айтжан дейтін баласы болып еді. Соғыстан қайтып елге келген. Содан қайда кетті, із-түссіз жоғалды, естіп-білгендерің бар ма?» деп біраз жерге хабар салдым, ешкім білмейді. Сөйтсе, Қостанай асып кеткен екен ғой. Ай, жөйт еді ғой... Жөн...жөн...

Сендер бүгін осында боласыңдар. Мен қазір жан-жақтағы балаларыма телефон шаламын, бәрін де жинаймын. Әңгіме айтамыз, сендер сыбағаларыңды жеп, әкелерің туралы сөз тарқатасыңдар, біз тыңдаймыз - деп телефонға мінді. Тыста мал сойылып жатыр.

Балалары қалада, басқа да ауылдарда тұрады екен, көп кешікпей жинала бастады. Бір мезгіл ағамыз әңгіме бастады.

– Міне, мына қонақ менің анау қиын жылдарда, балалық шақтағы жан досым – Айтжанның бала-келіні, яғни ол менің де балам, келінім. Өзі іздеп келіп отыр. Оны бұдан былай туған ағаларыңдай көріңдер. Өйткені мен бұл күнде тірі жүрсем, сол Айтжанның арқасында ғана дәмім таусылмады. Балалар үйіндегі қорғаушым Айтжан еді. Себебі, онда да әлімжеттік, озбырлық деген болады. Әлсіздің, қорғаушысы жоқтың асын, керек десең киімін де тартып алушылар бар. Мен де солай, туғаннан бір аяғым сырқат. Бала жастан содан қорғанып, ешкімге қарсы келе алмаушы едім. Менің мұндай қорғансыздығымды байқаған әлімжеттілер озбырлық білдіруші еді. Бірақ, көп жағдайда мені қорғайтын Айтжан болатын. Жалғыз мен емес, тағы да 5-6 бала бірігіп, орысша айтқанда «семейка» боп күн көрдік, аман қалдық.

Шынымды айтсам, Айтжан өз құралыптас балалар арасында қарулы, күші көп және қандай ортаға да «мен таяқ жеймін-ау, басымды қорғай алмай қалар ма екенмін» деген күдіктен ада, барынша адал, шындық үшін күресетін.

Балалар үйінде де түрмедегі сияқты өз басыңды қорғау қиын, күштілер мен озбырлар көп. Онда тек өз тобы бар, ауыз бірлікті шоғыр ғана өмірлерін қорғайды. Тіпті талай жалғыз-жарым бала соққыдан, аштан өлді. Ондайлардың талайын өз қолымызбен жерледік. Балалар үйінде ол қызметіміз үшін кепсер көжені артық беретін. Ол біздің үзілген аш өзекті жалғауға сеп болатын. Өкініштісі, қарын аш, беретін тамақтары күйірсіз. Осы себепті мүмкіндігіміз алса, тышқан, құс аулап, оны отқа үйтіп қуырып жейтінбіз. Жайық жағалап, балық та аулайтынбыз.

– Өкінішке орай, - дейтін әкем – сол жылдарда ауылдан тірі тышқан табу да қиын болатын. Көктемде су жағалап, құстың жұмыртқасын іздейміз, ауыл маңынан қарға аулаймыз. Әйтсе де қарға қу, ұстатқызбайды. Дегенмен адамнан қулық артқан ба, бәрібір сол қарғалардың өзін қолға түсіріп, ас қылдық. Мүмкін мен қарғаларға ұқсап үш жүз жыл жасайтын шығармын. Себебі, сол бір қиын жылдарда менің жанымды жалғаған ала қарғаның жалаң отқа қақтаған еті еді деп мәз болады екен Айтжан ақсақал.

Сол кеште осының бәрін еске алған Тәжаяқ қария бір кезде Қостанайға телефон шалып, екі досымен ауызба, ауыз сөйлесті. Бұл кезде екеуі  де үлкейген, құлақтары тосаң. Әйтсе де өз балалықтары, жасөспірім кездерін еске алып, сол кезгі достарын түгендеді. Ақыр аяғында екеуі көп кешікпей кездесетін болды. Ол үшін Тәжаяқ қария Қостанайдағы досына «Сен қозғалма, менің автокөлікпен, тіпті тікұшақпен де саған жетуге мүмкіндігім бар және көп кешікпей жетемін» деп уәделесті. Бұл жолда Қыдырбай кезекті ауысымына барып, келесі айдағы ауысымында атыраулық досын алып баруға уәде байласты. Бірақ Айтжан қария Тәжаяқ досына «Ауылды үркітіп, тікұшағың не, ит арқасы қияндағы Қостанайға дөңгелегіңді тоздырып, автокөлігіңді де қой. Одан да жер алшысын қуырған шойын жолдық отарбаң бар емес пе? Сонымен келсең де, біз күтіп аламыз,» деп әзілін араластырып, ең тиімді келісімге келген.

Әйтсе де дәм бұйырмады. Қыдырбайдың ауысымы бітіп, енді қозғаламыз деп жатқанда Тәжаяқ қарияның демі үзіліп, жол болмай қалды. Бұған Айтжан ақсақал қатты өкінді. Өзінің есін біліп, етек жатқан тұстағы шын досынан айырылғанына қиналды. Арада өткен бір айы жылмен тең болып, қашан кездесем деп сағынышпен сағат санап отырғанында қайғылы хабар жүрегінің ең соңғы алтын жібін үзіп жібергендей болды. Бұл кезде Айтжан ағаның құдай қосқан қосағы Мәнаура дүние салып (2000 ж.), Жетіқара ауданының «Мелютин» кеңшарындағы үйінде жалғыз тұратын-ды. Сол ауылда Қажмұқан есімді үйлі-баранды ұлы да тұрды. Бірақ «кемпірім кеткен төсектен өзім де кетемін деп төрт жыл жалғыз тұрды. Әйтсе де құдықтан су,  ауладан қи мен тезек тасып, күл шығаратын қазақы үйдің тұрмысы жөргегінен тағдыр таяғын жеген, жетімдік пен жалғыздықтың сыз төсегін көп көрген қарияны жетпіске жетпей жүдетіп, көзін көлегейледі, құлағын тосаң қып, аяғын алдырды. Жалғыздық жүдетті.

Жетіқара қаласында тұратын үлкен ұлы Қыдырбайдың қолына барып еді, төртінші қабаттың төрт қабырғасына қамалу бұған дейін қара жерде еркін алшаңдаған дала бөрісінің дара көкжалының қол-аяғын буып тасағандай болды. Күндіз қылтимадан (балкон) сығалап, түнде төсегіне таңылған Айтжан он күннен соң «Ең болмаса түзге еркін отырып, жан-жағыма жаутаңдамай жел шығарайын, ана жер үйдегі Роза қызымның үйіне апарып тастаңдаршы» деп, төсегін туған күйеу баласының үйінен салдырды. Осы жерде 2006 жылы дүние салды. Сүйегі құдай қосқан қосағының қасынан бұйырды. Сол баяғы «Мелютин» кеңшарындағы қауымда.

Осы арадан сәл шегініс жасап, Айтжанның Доссордағы Тәжаяқ досының үйінен кейінгі тағдырына келейік. Ертесіне қауіпсіздік орнының қызметкерлері «күдіктіні» Гурьевке жеткізді. Сол арада үштіктің ұйғарымымен оны айыпты деп тауып, Қостанайдың Жетіқарасына («Жетіқаразольто») 6 жылға жер аударылады. Олардың арасында қазіргі Маңғыстау (бұрынғы Гурьев), Батыс Қазақстан, Гурьев облыстарының соғыста қамауда болған айыптылары көп еді және оларды өз араларында «алтыжылдықтар» деп атады. Жұмыстың түрі жетіқат жерастынан алынған жынысты топырақты шығырмен бұрап көтеріп жер бетіне шығарады. Айтжанның жұмысы – қара күші мол болғандықтан жер астынан үлкен ыдыспен темірарқан арқылы бұрап көтерілетін жыныстың доңғалағын (шығыр) айналдыру. Бірақ бұл арада тек қана адалдық керек. Әйтпесе алтынға қызығып, кейбір кезде тырнақтың ұшындай боп кездесетін табиғи алтынды (оның өзі де сирек, бірақ кездеседі) жасырып қалу – түрмеде қылмыстың барып тұрған көкесі, мемлекеттік аса бағалы затты ұрлау болып табылады. Жұмыс аяғында әр жұмысшыны басынан бақайшағына дейін тексереді. Ұрлықпен ұсталса, еш кешірім жоқ – тура 15 жылды іліп алып, Сібірден бір-ақ шығады. Ал егер өзің тауып, тиісті орындарға мәлімдесең – қосымша сыйақы аласың.

Өмірде Айтжан ақсақал шен-шекпен, байлық, бәсекені білмейтін, қызықпайтын, барынша адал, бастың амандығы, деннің саулығын ғана тілейтін адам болған. Өмірде қол қаруы мол, күші көп жан екен. Жолдастары арасында сонысымен қадірлі, сыйлы көрінеді. Осылайша алтын кенінде істейді екенбіз деп оңай олжа, мол байлыққа қызықпай, «тек жүрсең – тоқ жүресің» қағидасын ұстапты.

Осылайша күндер өтіп жатады. Кен орнына жоғарыда атағандай «Алты жылдықтармен» бірге жергілікті қарапайым тұрғындар да еңбек етеді. Соның бірінде Тілеген деген жігіт те жұмыс жасайды екен. Қызмет бабында Айтжанмен әріптес, бір бригадада забойшы болып істейді. Соған сай кейде бірге жүріп, сырласып, ортақ әңгімелер айтады, ой бөліседі. Бірде (1948 ж.) ол «Айтжан, сен бұл өмірдің ащысын да, тұщысын да көрдің. Оның бәрі тағдырдың маңдайға жазғаны ғой. Бұл күнде сен бәрін де салмақтап, қара басыңның амандығы, өмірдің қызығын көрсем деген ниеттесің. Артыққа баспайсың, адал қолыңды арамдамайсың. Қазіргі жасың да жігіттің дер шағы – жиырма бестен асып барады. Осылай жүре бересің бе? Жалғыздық құдайға ғана жарасқан. Бас екеу болмай, мал екеу болмайды. Не ойлағаның бар?» дейді.

– Сен неменеге қамқорлай қалдың, әзір тұрған қызың бар ма еді, - дейді Айтжан бұған қуақылана жалт қарап.

– Бар.

– Әйтеуір аяғы ақсақ, көзі соқыр біреуді итере салудан амансың ба?

– Жоға, қыздың төресі.

– Ол кім-ай, әуелі соныңды көрсетші?

– Көрсетем.

– Көрсет.

– Аз шыда. Осы арадан әудем жерде «Орман ауыл» деген ауыл бар. Сонда тұрмысқа шықпай отырған сылқылдаған 15 қыз отыр. Қалағаныңды ал, қолыңды қақапаймын.

– Өйдөйт дегейсің. Байсың ғой, тегі. Апар, апар! Мен дайын. Осылайша Тілеген екеуі аталған ауылға сапар шегіп, ақыры оның алыстан қосылатын жамағайыны – шын аты Мінаура, бірақ үй іші Мәнаш деп аталатын қызға кезігеді. Дәм жазып үйленеді.

Жылдар өтіп, Айтжан мен Мәнаш апа 10 баланы дүниеге әкеледі. Соның екеуі ертерек, бір қыз кейіннен қайтыс болады. Қалғандары қазірде тірі. Олардың үлкені – қыз бала, ол 1949 жылы қайтыс болады да, екіншісі ұл – ол біз кездесіп, осы мәліметтерді алған Қыдырбай. Үшіншісі – Қайыржан, одан кейін – Қажмұқан, соңғысы – Амангелді.

– Кезінде әкемнің бажасында бала болмай, Амангелдіні соған берген, яғни ол бажасының баласы болып есептеледі. Сол себепті тегі де, руы да өзгеше, бірақ ағаларымен қатар қойса, сырт адамның қай-қайсысы да оның Айтжанның баласы екенін бірден таниды, - дейді Қыдырбай.

Қазірде Қыдырбай – Астанада, Қайыржан мен екі қарындасы – Сара мен Роза Жетіқарада, Қажмұқан мен Амангелді Қостанайда тұрып жатыр. Майра мен Айжан – Соргутта. Бәрі де үйлі-баранды. Олардан да ұл-қыз өсіп, немерелер сүйген, жиен көрген жайлары бар.

Бұдан әрі біз Қыдырбайдан (Ол 1951 жылы туған) «Әкеңіз Жетіқарадағы жылдарынан соң сол жақта тұрып қалды ма?» деп сұрағанымызда «Ол да тағдырдың сыйы ғой» деп әңгіме бастады.

Мінаура (Мәнаш) жеңгеміз ата-анадан үш қыз екен. Үлкені – Рабиға, одан кейінгісі – Мінаура, кішісі – Ұлдай. Айтжан ағамыз солардың ортаншысымен тіл табысып, жүрек жарастырып, үлкендердің алдынан өтуге келгенде, қыз әкесі Ысмағұл қасына зайыбы Бибажаны отырғызып, «Ұлым, біз Сіздердің үлкен мақсатпен тілек қосып, рұқсат сұрай келгендеріңе дән ризамыз. Бақытты болыңдар. Құдай үбірлі-шүбірлі қылсын. Аспандарың ашық, армандарың асқақ болғай деп тілейміз. Бірақ, ақылымды айтып, бірер өтінішімді жеткізгім келеді, - дейді қария.  Ол болашақ күйеу балам - Айтжанға арналады. Шырағым, сен тағдыр талайымен сонау еліміздің батысындағы қиыр шеті – Гурьевтен Қостанайға келдің. Дәм жазса, осы жақтан жүрегіңнің жартысы – біздің қызымыз Мінаураға үйленбексің. Бәрі жақсы, оң болсын.

Ол да тағдырдың сыйы – құдай менің екі көзімді кәри етті. Құрымымды ұстап қалар бір ұлға да зар қылды. Бірақ қайыр ұлдан болар ма, қыздан болар ма? Қазіргі кезде көзге көрінер ұл өзің болғалы тұрсың. Мен сені қызымның жары – күйеу бала емес, құдай берген ұлым деп есептеймін. Бұл күнде бәрімізді асырап, алыс-жақынды тума етіп отырған болашақ енең – Бибажа. Ол да үлкейіп келеді. Енді қанша өмір сүреді дейсің, қоянның ғұмырындай жасымыз қалды. Мүмкіндігің алса, біз дүниеден өткенше өзіңнің қасымызда болғаныңды қалаймыз. Оған қалай қарайсың?

Абақтыдағы алты жылым аман-есен бітсе, алты сағат та тұрмаспын, Тайсойғаныма жетермін деп жүрген Айтжанның тілі осы жерге келгенде қатты байланды. Не дерін білмей қалды. Өмір бойы аңсаған Тайсойғанды ұмыту мүмкін бе? Ал Мінәура ше? Туған жер асау жүректің жартысы. Мінәура болса, түгел жүрек арналған аяулы махаббат емес пе? Бірақ түгел деуге ауыз бармас. Қуыс кеудегі жалғыз жүректің қос құлағы ғой. Махаббат бір күндік, бір жылдық емес, мәңгілік сағыныш.

Оның үстіне үлкен кісінің өзі «Қоянның ғұмырындай жасымыз қалды» деді емес пе деп бір жағынан әзілі, екінші жағынан ата-анасыз өскен бұның жүрегінде ізгілік жылылығы есіп «Ата, айтқаныңыз орындалады. Біз сізбен бірге боламыз» деді.

– Міне, осылайша күндер өтіп, айлар зулады. Әуелі басқа қыздар тұрмысқа шықсын. Қолдарындағы 5-10 қой, бір-екі сиырына көз болайық, шөбін шауып, суын берейік деп жүргенде өзіміз де есейдік. Жер түбіндегі Жетіқараны да жерсініп, тұрып қалуға тура келді, - дейді екен Айтжан қарияның өзі туған жері туралы әңгіме қозғалса.

Бұлар үйленген алғашқы жылдары жазаны өтеу мерзімі өтпей сол Жетіқарасында тұрып жатты. Әйтсе де қауіпсіздік саласының қызметкерлері тіміскілеп, тергеу ісін тоқтатқан жоқ. Мезгіл-мезгіл ат ізін салып, таңғы сағат 4-тен 6-ға дейін міндетті түрде жауап алу уақытын өткізетін. Қысы-жазы солай, жылы орныңнан көтеріп, темір қорапты қара машинамен алып кетеді. Содан әрі жертөлеге тығып алып, таусылмайтын сұрақтар, алдынан, қырынан түсірілген неше түрлі адамдардың суреттері. «Мынаны білесің бе, ал мынау ше?» ал егер кейбірін танып қалсаң, «Сен оны қайдан көрдің?», «Кім ол, қалай танисың? Ол не айтты?» Тіптен әрі, таусылмайтын сұрақтар. Тағы да соғу, ұру, қинау. Амалсыздан басыңа сәл де болса тыныштық іздеп, «көрмедім», «білмедімнен» басқа ештеңе айтпайсың.

Кейде Түркістан легионында болған адамдардың суреттерін көрсетіп, «Сен мына адамдармен бірге жүрдің ғой, неге танымайсың?» дейді. Ондайда Айтжан «Мен ол кезде ауырдым, ештеңе есімде жоқ» деп құтылуға тырысады екен.

Аптасына осылай кемінде 2-3 рет тексеруден өткізіп, тура таңғы сағат 6-да жұмысына жіберетін көрінеді. Осы сұрақтар И.В.Сталин дүниеден өткенше жалғасып, артынша бәрі де сап тиылса керек. Дәл осы кезде «алты жылдықтардың» жазалау-қамау мерзімі де өтіп, Айтжан бостандыққа шықты. Атасына берген уәдесіне сай бұрынғы «Орман ауылы» – соңғы кездегі «Мелютин» кеңшарындағы ата-енесінің жанына кеп, машина-трактор паркі – гараждың шеберханасында түрлі жұмыстар атқарды. Қажет болса, механизатор, көктемнен қара күзге дейін шалғының арасын (пышағын) қайрайды, жөндеу жұмыстарына араласады, ұсталық істердің қақ ортасында жүреді. Қалай дегенде де таусылмайтын маусымдық жұмыстармен таң атып, күн батады.

Елімізге Н.С.Хрущев басшылық жасаған жылдарда Кеңес Одағының басқа жерлеріндегі сияқты Қостанай облысының шаруашылықтары да жүгерінің алуан түрін өсірді. Қара топырақты өңір емес пе, алғашқы жылдары бітік өскен егіннің биіктігі алқаптағы тракторларды да көрсетпей тастайтын. Тек тіке атылған түтіндерінен ғана техниканың жүргенін аңғаруға болатын-ды.

Сол бір жылдарды еске алған Қыдырбай «Әкем өз ісіне адал, берілген тапсырманы тыңғылықты орындаушы еді. Сол үшін кеңшар басшылығы, аудан, облыстан алған мақтау қағаздары, төс белгілері де болатын. Бірде жүгері алқабынан өрт шығып, соны сөндірудегі жанқиярлылығы үшін әкеме шаруашылық басшылығы сыйақыға бір байтал берді. Біздің үйде оншақты қой, бірер сиыр бар да, жылқы атаулы әуелден жоқ болатын. Ал мен болсам сол бір қыл құйрықтыны жанымдай жақсы көріп, армандаушы едім. Есесіне нағашы атамдарда сауын бие бар-ды. Соны мен өзім жайылысқа шығарып, арқандаймын. Суарып, үйге алып келемін. Құлынын да өзім ұстам-тұтамын. Менің жылқыға үйірсектігімді байқаған атам «Егер сен маған бала болсаң, онда осы бие мен оның құлынын саған беремін. Ол аз десең, мына үй, қорадағы басқа малдар да сенікі болады» дейтін. Әйтсе де маған басқа малдың керегі жоқ. Керегі тек бие ғана. Оған міну, қымызын ішу, құлдыраңдаған құлынын жақсы көремін. Оларды көлге апарып суару, өрістен алып келу үшін әдейі сабақтан қалып не бос уақытымда мезгіл бөліп, қастарында болатынмын.

Сөйтсем, ол өз бауырынан өрген ұл баланың жоқтығына орай мені өзіне икемдеудің алғы шарттары екен ғой. Оны түсініп жатқан мен жоқ, дегенмен есейе келе, ақыл кіріп, оң-солымды тани бастаған сәтте нағашымның үйі мен үшін сәл де болса, бөтен, менің тұрағым – ата-анамның үйі, ыстық құшағы екенін білдім. Соған сай әлгіндей жылқының менікі болу үшін атамдардың қорасында емес, бізде болуы керектігін түсіндім. Бұл жолғы аңсаудың жөні басқа болды. Міне, осы құштарлықты әкемнің сыйға алған торы байталы орындады. Достарым арасында мерейім асты, мәртебем биіктеді.

Араға бір-екі жыл түскенде торы байтал бас үйретіліп әуелі мен мініп, содан соң анам мен әкемнің арба жегіп, пішен таситын, анда-мында баратын көлігіне айналды. Тіпті ол құлындап, өзінен аумайтын төлі де өсті. Бірақ, дәл сол кезде Н.С.Хрущев бастаған өкіметтің мал иеленуші жеке қожалықтарға бір түтінде күнделікті өмір сүру үшін 5 қой, бір бұзаулы сиырдан артық малы болмауы тиіс деген шектеу қойылды.

Заң ортақ, ол орындалуы керек. Ақыры, жылқы ұстап, желкесі күдірейген әкем мен менің тауымыз қайтып, жалауымыз жығылып, торы бие мен құлынын етке өткіздік. Артық малдың жаппай тапсырылып жатқан мезгілі ғой және ол кезде жылқы бәс бермейді, әлгі екеуі тері бәсіне кетті. Мен ренжідім, әкемнің талағы тарс айырылды. Көп жұрттың алдында көлбеңдеп көңіл көтерген торы бие мен құлдыраңдаған құлын көзден бұлбұл ұшты.

Әттеген-ай, қай уақытта да жақсы мен жаман, шындық пен өтірік, ақ пен қараның қатар өмір сүретіні рас қой. Әлгінде айтқандай, қай заманда да Заң ортақ дегенмен оның да біреулер үшін ортақ, екінші біреулер үшін ортақ емес томпақтау да сәттері де болады. Олай дейтіні дәл сол Айтжандарға көршілес еті тірі қарияның біреу-екеу емес, табандаған екі үйір жылқысы болды. Оның күйеу  баласы аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы болатын. Ол ауылға келсе, ауылдық кеңестің төрағасы, совхоз директоры, басқа да әкім-қара боп, сол үйде таң атқанша карта ойнап, мал сойылып, көңіл көтерілетін. Соның септігі тиді ме, әлгі екі айғыр жылқының ең болмаса бір жетім жабағысына дейін шетінеген жоқ. Ауылда тағы сондай жауын өтіп, күн тимей, малын мыңғыртқан мықтылар болды...

Бұл Қыдырбайдың назы, өткен күндерге өкпесі. Біз оған «әр заманның өз сұрқылтайы болады. Ол көп бидайдың ішіндегі жалғыз қурай сынды, ұдайы кездеседі. Оны түпкілікті жоқ ете алмайсың. Ол маған да, саған да белгілі» деп жұбатамыз.

Содан соң «Әкеңіздің ауылдастар арасындағы атақ-абыройы қандай еді?» деп едік, «Жоғарыда айттым ғой, ол кісі күнделікті өмірде барынша адал, тәртіптің адамы болатын. Өзгелерге озбырлық, қиянат жасамайтын. Ал өзіне жасаса, бойында бар қара күшіне сеніп, есесін жібермеуші еді. Бұл бала күнінен қиындықты көріп, аш, жалаңаш, теперішті мол татқандықтан шығар» дейді.

Қыдырбайдың айтуынша, әкесі өмірден өткенше тұрғыластары арасында беделді болыпты. Шаруашылықта механизияға қатысты істе де ортасында жүріп, уақытпен санаспай жұмыс істепті. Күнделікті өмірде де достары көп, жанашыры мол болса керек. Оған мысал ретінде мынандай жайды баяндады.

Әр жылда шаруашылық механизаторлары көктемгі дән себу, күзгі егін жинау аяқталған соң егіс басында сабантой есебінде шағын отырыстар өткізіледі. Ондайда арақ жүретін әдеті. Ал арақ бөтелке ішінде жуас болғанмен, адам ішінде артық қылықтарға апармай ма? Біреулер бір-біріне көз алартып, жұдырық көтерісуге дейін барады. Ондайда шаруашылықта сан жағынан бастары көбірек өзге ұлттың өкілдерінің мысы басым, соған сай жұдырығы да бұрын қимылдайды. Таяқ жейтін баяғы бетегеден биік, жусаннан аласа жергілікті жігіттер. Осы кезде қандастарымызға есе алып беретін Айтжан ағамыз көрінеді. Тіпті ол кісі орталарында болғанда өзгелер қолдарын қалтасына тығып, тыныш отыратынға ұқсайды. Бірақ, ол мұндай іске бала-шағасын араластырып, не ұрысты үйде көрсетіп, абыройын төкпеген. Ылғи да оңашада, өзгелер назарынан тыс жерде «есеп айырысқан».

Оның мұндай бірбеткейлігі кейде өзіне зиянға шығып, опынған да күндері болыпты. Зейнет жасына екі ай қалғанда сөзге шатылған. Оған себеп, әлгіндей «отырыстың» бірінен шыққан Айтекең үйіне келсе, сол маңдағы ортақ пайдаланатын су цестрнасы ішіндегісі таусылып, босап қалыпты, үйде бір ұрттам су жоқ. Өйткені ауылда тұщы су көзі жоқ. Бары – елді мекеннің ең шетінде бір құдық. Жұрттың бәрі сол жерден су таситын автомашинамен үй жанындағы тас құдықтарына толтырып алады. Ал Айтжандар болса, әлгіндей үлкен ыдысты құдық басына трактормен сүйреп барып, толтырады да үй жандарына әкеп қояды. Оны кейін сол маңдағы көршілер пайдаланады. Айтекең трактор жүргізген соң әлгі ыдысты құдық басына апарып, суға толтырып әкелетін міндеті болған. Бұл жолы да солай, цистернаны тракторына тіркеп, ауыл ішіндегі құдыққа бет алса, кешкілік өрістегі сиыр, қой-ешкінің де өз аулаларына қайтатын мезгілі, көше бойлап, көк шаң, бұған қарай шұбырып келеді. Солардың ортасында артында үлкен ыдысын сүйреген тракторшы Айтжан да бар. Тап осы сәтте алдынан бір кезде өзінде тіркемеші боп, кейіннен оқып, өскен шаруашылықтың парткомы В.Каркошин шығады. Астында жеңіл автомашина, бірақ үйдей бөшкіні сүйреп келе жатқан бұған жол бермейді. Кеудесінде аз-мұз арақтың желі бар Айтекең «Бір кездегі өзім үйретіп, адам қылған секпіл бет бала емес пе, үлкенді сыйлап, жол берер» деп тұрып алады. Ананың да қозғалар түрі жоқ. Ақыры партком «баласы» шыдай алмай, жерге түсіп: «Әй, шал, алдыңда кім келе жатқанын көрмей тұрсың ба?» дейді.

– Көріп тұрмын, бірақ мен трактормен келемін және артымда сүйреткен көлемді  ыдысым бар емес пе? Сен неге жол бермейсің?

– Ол ыдысты қайда алып барасың?

– Ауылға су әкелемін!

– Саған кім су әкел деді?

– Мен әкелмесем, сенің үйге келіп тұрған суың бар ма?

– Жұмыстан соң саған шаруашылық тракторын мінуге кім рұқсат берді?

– Жеке пайдама емес, ауылға су әкелмекпін...

– Әй, сен, арақ ішіп алыпсың ғой. Партком жігіт осы кезде көзілдірігін көтеріп қойып, ардагер механизатордың жағасына жармасты.

Айтқаны айтқан, кеңірдекке қол салғанына жол болсын. Жыны қайнап кеткен Айтекең парткомның иегінің астынан қағып жіберіп еді, әлгінің қалпағы бір жаққа, өзі бір жаққа ұшып кетті.

Әңгіме осымен бітті. Құдықтан суын әкеліп, тракторын қойып, өзі кешкі шайын алдына алғанда учаскелік милиция да жетті. Мемлекеттік қызметкерге мас күйінде қол көтерген деген айыппен қамауға алынды. Артынан ай жарым абақтыға отырды. Айыппұл төлеп, азар құтылды. Сонысы бар және Ұлы Отан соғысы жылдарында тұтқын болғаны бар, оған «халық жауының» баласы деген тағы да бітпейтін әңгімесі қосылып, Айтекең «Соғыс ардагері» деген құрметке ие бола алмай көп жүрді. Сөйтсе, тіпті де олай емес, Айтжан Қожахметовтің ісін КСРО Прокуратурасы әлдеқашан қарап, оның өмір жолында ауыз толтырып айтарлықтай қылмыстық іс, әрекеттің жоқтығын анықтапты. Ал әлгіндей айыптарды тағып жүрген жергілікті шағын ғана шен-шекпенділер көрінеді. Тілге тиек болған әкиет мынау – Айтжан Ұлы Отан соғысында №893 атқыштар полкында әскери міндетін атқарады. Бірақ ол сол бір 1942 жылдың тамызынан 1956 жылға шейін Отанын сатқан деп есептелініп, жазаланды, ерекше бақылауда болды. Кейін ақталынды, кеудесіне ардагер ретінде мерекелік медальдар қадалды. Әйтсе де соңғы 18 жылда (1981-1999) ол бұл құрметтен айырылды. Әлде біреулер оны әскери қызмет еткен 893 емес, 863 полкте деп арызданып, қайта-қайта хат жазады. Ақыры оны Армияда болмаған, бәрі өтірік деп табады. Абырой болғанда ол туған Атырау облыстық әскери комиссариаты оның №893 полкте қызмет еткендігін дәлелдеп анықтама береді. Сөйтіп ол өмірінің соңғы жеті жылында Ұлы Отан соғысының ардагері ретінде ауылында аман-есен алшаңдап жүріп, құдайдың берген жасын жасап, қызығын көріп барып дүние салыпты. Дәмінің таусылған күні 2006 жылдың мамыры көрінеді.

 

Жалғасы осында