Күшті де мерген, ақылды да адал, өздігінен ешкімге тимеген, ешкімді нақақ өлтірмеген, бірақ аламын дегенін азуы алты қарыс билер мен байлар, аузымен құс тістеген әкім-қаралардан алған, халық жақтап, байлар қолдап, билер демеп, қазірет пен молдалар батагөйі болған, байтақ даланың тентек, тел өскен ерке ұлы, батыры туралы жазушы Өтепберген Әлімгереевтің "ҚҰНЫСКЕРЕЙ" кітабының жарық көргені туралы сайтымызда жариялаған болатынбыз. Сол кітаптан үзінділерді жариялауды жөн көрдік. Қабыл алыңыздар!.
Ар-Намыс
Ғаламшардың басқа жерлері сияқты біздің қанымыз тамып, кіндігіміз кесілген Ұлы Далада да Ерлер көп еді. Бірақ тақта отырып, тас қарынын сипамай найза толғаған, есімі ерен-ақ. Мүмкін содан да болар, ел аузыңда, бар халықтың жадында “Қоянды қамыс, ерді намыс өлтіреді” деген қанатты сөз бар. Кәдімгі көлгірсіген көптің бірі, қолдың ірісі емес, ел ұраны, жер қыраны атанған айтулы Ерді ғана намыс өлтіреді. Ар мен намыс қашан да егіз ұғым. Ендеше “Арым жанымның садағасы”. Кәдімгі Қаракерей Қабанбай айтқан «Арым жоғалғаннан, жиған-барымның жоғалғаны артық» деп бәрінен ар-намыс үшін басын оққа тигіп, отқа түскен, өртенген аруақты ерлер Дала тарихында аз емес.
Бірақ, уақыт өтеді, кезең жетеді, ақыры мезгіл өз дегенін істейді. Мәселен, бір кезде ұлттық теперіш, отарлаумен келген рухани езгі жергілікті халықтың бойына созылмалы сырқаттай біртіндеп сіңіп, әлгі елім деген ерек тұлғалар қатарын бірім-бірім азайтты, немесе тұқыртып, тоздырды. Дегенмен бұл тұтас ұлтта тұқым тозып, қан өзгерген, мінезсіздіктің бой алуы емес, намыс отының саябырсып, нар тұлғалардың нәзіктеніп, шөккендігі ме дерсің. Немесе бұл Дала рухының пәс тартуы, отаршылдар билігінің өсіп, отар халықтың уақыт өте көндігу көрінісі де шығар. Қалай десек те, бір баяулық, марғау тірліктің сәл-пәл қылаң бергені рас, бірақ бұл, қайталап айтсақ, жалпы ұлтқа тән касиет емес. Оның дәлелі – тағы сол Тұран Даланың тарпаң ұлдарының отаршылдарға карсы немесе ұлт-азаттық күресінің ұзын саны тым әрісін кайдам, соңғы бес жүз жылда тап осы шамаға (500-ге) жетіп те калыпты. Олардың ішінде тегірені түгел қамтыған ірісі де, төңіректегі тұтас жұртты оятқан (ұсақ болмаса да ұялы қозғалыс) кішісі де жетерлік. Әйтсе де бізге таныс тарихта тап сол Далаға тән асау, әділетшіл рухтың соңғы буырқанысының бопсаға көнбес бірегейі ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы Кіші жүздегі Сырым мен Исатай-Махамбеттің көтерілісі.
Нұралы хан Сырымға “Батыр, әдеттегі сабырмен берер сәлемің жоқ, шамасы тасып жүрсің-ау?” десе, батыр хан алдында қаймықпай “Жоқ, қайткенде халқымның басын қосамын деп сасып жүрмін” деп өзінің ең негізгі мақсатын еш бүкпесіз көлденең тартуы сол баяғы намыс, ерге тән ерек қимыл болса керек. Сол сияқты кескекті ұл, қарағайға қарсы біткен бірегей бұтақ Махамбет болса,
“Қоғалы көлдер, қом сулар
Кімдерге қоныс болмаған.
Саздауға біткен құба тал
Кімдерге сайғақ болмаған.
Басына жібек байлаған
Арулар кімнен қалмаған”, -
деп өз халқының теңдігі, үлт азаттығы, ерлер намысы үшін қатын-бала, жылы орнынан баз кешіп:
“Алты малта ас болмай,
Өзіңнен туған жас бала
Сақалы шығып жат болмай,
Ат үстінде күн көрмей,
Өзегі талып ет жемей,
Ер төсектен безінбей,
Ұлы түске ұрынбай,
Түн қатып жүріп, түс қашпай,
Тебінгі теріс тағынбай,
Темір қазық жастанбай,
Қу толағай бастанбай,
Ерлердің ісі бітер ме ?!!”- дейтіні бар-ау.
Одан әрі халқы үшін жүрген азапты жолдың негізгі мақсаты –
“Еділдің бойы ен тоғай,
Ел қондырсам деп едім.
Жағалай жатқан сол елге
Мал толтырсам деп едім...”
- деп азаматқа (Ерге) тән асыл арманмен атқа қонды.
“Намысты қорлатпаймын, алтын кеудені аяр мінез бинәсілдерге басқызбаймын” дейтін рухтық серттен қаншама дүмі күштілер басын иіп келіп “Бітісейік” десе де тура ойдан тана алмаған дана Махамбет ақыры топас теңсіздіктің, көнбіс ездіктің құрбаны болды. Мыңмен жалғыз алысып, мігір сәтте мүлт кетті. Ол адамдардан жеңілген жоқ, қатыгез қоғам алдында қамшысы бөлек содырлардан демі үзілді.
Одан беріде… Иә, деңіз, одан бері де екі ғасырға жуық уақыт өтті. Ал жақсы, соңғы жиырма жылын белге байлап, жүз сексен десек, соның өзіндік намыс, рух үшін еншісі бөлек ешкіммен можан топай күн кешіп, мәмілеге келе алмаған бірегейлерге нағыз болмағасын “Ұры-қары, бұзық, банды, бүлікшіл” деген ат теліп, артынан шырақ алып ала тайдай қуалады.
Бір қарағанда Банды Аманғали, Аязбайдың Ерғалиі, Тоқабай Құрмаш, Кейкі, Мәди сияқты кеудесінде ұлттық намыс, ар оты бар жандардың жанпида ісі тентектікке телініп, арттарына қоңырау байлағанымен алтынды ақ құмнан арши білетін қандастарымыз оларды әрдайым ел жауы емес, халық батырлары, ұлттық менталитетті үлгі тұтқан тұғырлы тұлғалар деп танып, іштей ниеттес болды. Мүмкін бұл өз қолдарынан келмес ерлік пен мәртіккке іштей тілеулес болған қалың халықтың ризашылығы, биік мәртебесі шығар.
Міне, туған өлкенің осындай мінезді ұлдарының бірі Құныскерей Қожахметов. Намысына ғана құл болған оның аты халық арасында қол жетпес өнеге, айтып бітпес аңыз. Асылында оны осы күнге дейін ешкім ғайбаттап, жазықсыз қанды мойнына жүктеді, бейкүнә жанды бекерден-бекер өлтірді дей алмайды. Осындай алып тұлғаның аруақты бейнесі қасиетті қаламгер Хамза Есенжановтың “Жүнісовтер трагедиясы” романында құйтұрқы уақыттың қасаң қалыбына қарамастан “Күшті де мерген, ақылды да адал, өздігінен ешкімге тимеген, ешкімді нақақ өлтірмеген, бірақ аламын дегенін азуы алты қарыс билер мен байлар, аузымен құс тістеген әкім-қаралардан алған, халық жақтап, байлар қолдап, билер демеп, қазірет пен молдалар батагөйі болған, байтақ даланың тентек, тел өскен ерке ұлы, батыры’’ (100-102 беттер) ретінде бейнелейді. Сайып келгенде бұл Құныскерейге деген салқын қабақ, сараң көзқарасты кеңес дәуіріндегі ең әділ және батыл баға еді. Сондықтан да “Ақ Жайық”, “Жүнісовтер трагедиясын” Құныскерей жайлы ең өміршең дүниелер деп атауға болар еді.
Бар айыбы тәуелсіздікті қалап, қазақы дәстүрді қадір тұтқан Құныскерей кер заманның тар ноқтасына алтын басын қор қылмай арда пейіл, асқақ тұлғасымен кіндік кескен кең өлкесінен ертерек жырақтады. Әйтсе де жусанды даланың жомарт жандары оның тарихи болмысын баяғы күйінде баянды түрде әлі есте ұстап келеді. Күні кешеге дейін елдегі көне көз, көрікті ойлы қариялар ол жайлы ертелі-кеш естіп-білгендерін ертегідей қып айтып отырды. Солардың біразын елде өсіп, ес жиған біз де ертерек естіген болатынбыз. Естіп қана қойған жоқпыз, керек жерінде әдейі ат терлетіп, ..... деп барып, айтқандарын түртіп алып, қағазға да түсіргенбіз. Болмаса арәдік мерзімдік баспасөзде ол жайлы жазылған түрлі материалдарды оқыдық. Кейін солардың бәрін жинақтап, бір дүние ету ойында 2003 жылы жеке кітап («Құныскерей», «Арыс» баспасы) етіп шығарған болатынбыз. Бірақ содан бері табаны күректей 15 жыл өтті. Кейбір жерлерін қайта қарау, жетпегенңн жетілдіру, артығын алып тастау керек болды. Қысқасы нақтыладық. Бірақ, өткен жолы еркерткеніміздей, бұл кітапқа артық ауыз әңгіме қосып, аламан жұртты алдайтұғын ештеңе жоқ. Бәрі де сол бәз-баяғы ел қарияларының тұнығы, сазды да назды дала әңгімесі түрінде ғана. Ендеше мұны біздің әдеби өңдеп, әсерлеп жазған көркем дүниеміз емес, ел әңгімесі, өткен ғасырдың сол бір жиырмасыншы-отызыншы жылдарынан есте қалған солғын суреттердің соны бейнесі деп ұққайсыз. Өйткені барлығы шындық, баяғы бәз қалпында. Айта қалар жаңалық, бұл жолы Құныскерейдің кемпірі – Мәрия және ұлкен ұлы – Айтжан жайлы кеңірек сөз болады.
Олай болса, баға өздеріңізде, құрметті оқырман қауым!
Өмірбаян беттері
Алдымен Құныскерейдің өзі,
туып-өскен ортасы, туыстары туралы
Ел ішіндегі қариялардың айтуы бойынша ол 1895 жылы қазіргі Атырау өңіріндегі Қызылқоға ауданының Тайсойған құмында Нөсер қыстағына таяу, яғни осы арадағы Кеңқоқты, Тарқоқты деген қатар көлдің ортасында, кейіннен Қожахмет қоқтысы деп аталып кеткен жазықта дүниеге келді. Тегіне келсек, руы Байұлының Ысығы, Ысықтың Тоғызбайы. Елде Назар, Базар, Есназар, Сағын, Түкі атты бес ұлы болған. Тоғызбайды көбіне “Бес Тоғызбай Ысық” деп те атайды. Құныскерей осының Сағынынан тарайды. Сағыннан (бөлім) Көпен, одан Жанбасар, Малбасар туады. Жанбасардан Қожахмет, Малбасардан Сәлімгерей, Орынбай өрбиді. Қожахметтен екі ұл, тағы бір қыз болған. Ұлдары Құныскерей мен Жәрдем (1902ж.т.).
Сәлімгерейден бала болмаған. Орынбайдан туған Хамидолла. Ол отызыншы жылдардың дүрбелеңінде Құныскерейге байланысты қудалауда бас сауғалап Ресейдің Сартау, Самара, жағына өтіп кетіп, кейіннен 1944 жылы елге оралған. Бірақ бүгіндегі ныспысы Хамидолла Тапаев, олардан тараған ұрпақ бұл күнде сол Қызылқоға ауданындағы Жасқайрат селосында тұрады. Ұрпақтары баршылық. Олар сол өңірде, кейбірі Құлсарыда тұрып жатыр.
Құныскерей тағдыр тәлкегіне сай өмірде екі рет төсек жаңартып, жар сүйген. Оның екеуі де өзі туған өңірден. Алғашқысының аты-жөні Әсем Досқалиқызы, 1906 жылы туып, 1988 жылы Индерборда баласы Айтмұханның қолында қайтыс болады. Осы Әсем әжемізден Құныскерей өзі туған өңірде екі ұл, екі қыз көреді. Олар – Айтжан, Айтмұхан, Есен, Болат (екеуі де қыз). Бірақ соңғы екеуі жастай қайтыс болады, олардан ұрпақ жоқ.
Айтжан 1922 жылы дүниеге келген, Ұлы Отан соғысының ардагері. Бірақ оның тағдыры, өмірі бір-екі сөз-сөйлемнен тұйықтап қояр жеңіл-ақ емес, өте күрделі. Сондықтан оны сәл кейін кеңірек толғап, байыбымен әңгімелерміз.
Ал екінші ұл – Айтмұхан Сәлімгереев 1925 жылы туылған. Ақтөбе, Атырау облыстарының түрлі шаруашылық, өндіріс салаларында жүргізуші болып еңбек еткен ол дүниеден өткен 2007 жылға дейін жоғарыда айтылған Индербор кентінде тұрды. Жолдасы Рысты, ол да қайтыс болды, қазірде жоқ. Отбасында жеті бала бар, бәрі де есейген, ат жалын тартып мінген аптал азаматтар, жанұя ұйытқылары. Үлкен ұлы Серік, екіншісі Берік, Серіктің фамилиясы атасы Құныскерейдің атында. Мүмкін ардақты атаның аты өлмесін деп қойған шығар. Осы күні ол өзінің Құныскереев екенін мақтаныш тұтады.
Айтмұханды 1927 жылы өз бауырларынан бала көрмеген немере ағасы Сәлімгерей асырап алады. Бірақ Құныскерей басына күн түскенде, 1928 жылы әкесі Құныскерей мен кемпірі Мақпал, ағасы Сәлімгерей, әйелі Әсемді кеңестік милициялар әуелі Қарабау, одан Гурьев түрмесіне екі ай қамайды. Артынша “Егер Құныскерей үйге келсе, бізге хабарлап, ұстауға көмектессеңіздер, тек сол үшін босатамыз” деп Сәлімгерейді ауылына қайтарады да алдындағы малын тартып алады.
Бір ерекшелігі 1944 жылы аудан атанып, өз алдына отау тіккен Қызылқоға ол кезде территориялық жағынан оңтүстігі Гурьев, терістігі Оралға, ал шығыс жағы Ақтөбе облыстарына қарайтын-ды. Осыған орай қонысын Миялы бетке ауыстырған Сәлімгерейді сол 1930 жылдың күзінде “бандының” туысы ретінде екінші рет ұстап, Ақтөбе түрмесіне қамайды да артынша сол жақта атып тастайды. Оны Кожахмет ақсақал өзі аяқтай барып, көріп келеді.
Бұл кезде Сәлімгерейдің әйелі Ақкерік (руы Жапалақ, Әйіпқызы) пен Аймұқан және балдыздары Қаулабай, Наушабай, Шаймардан, олардың анасы Талма Орынбор облысына қашып көшеді де, арада төрт жыл өткен соң ғана туған жерге жақындап, Ойыл бойына көшіп келеді. “Талды” ұжымшарына мүше болады, келесі жылында Айтмұхан алғаш рет мектеп есігін ашады. Содан Ұлы Отан соғысы басталар алдында ғана Ойыл мектебінің 7-сыныбын төмамдап, еңбек жолын бастайды.
Сәлімгерейдің інісі Орынбай 1927 жылы Ресей жеріне (Сартау жақ) қашып кетіп, аман қалады. Бірақ жан сақтау амалымен тектерін өзгертіп жіберген.
– Әкеміз Құныскерейге байланысты қуғын-сүргін қайда барсам да алдымнан шығып, біраз уақыт тағдыр тәлкегін көруіме тура келді. Бірақ таяқ жедім деп бүғып қалған мен жоқ, қайта өмірде өз қалауымша күн кешіп, керегінше сыбағамды алдым ғой деп ойлаймын, – деуші еді көзі тірісінде бізбен кездескен Айтмұхан аға өткен күндерін еске ала отырып. Алғашқы жылдары албырттығы ма, әлде тағдыр теперішінің молдығы ма, әйтеуір Айтмұхан аға біраз жүмыстың басын қайтарып, қоныс аударуды да жиілеткенге ұқсайды. Әуелі Ойыл бойындағы өзі өскен ауылдың ыссылы-суығына араласады. Жем бойындағы жаңадан ашылып жатқан кен алаңында, Құлсары мұнай айдау мекемесінде жұмысшы, Байшонаста біраз жылын өткізеді. Қызылқоға ауданындағы Абай атындағы кеңшарында автокөлік жүргізуші, 1972 жылдан Индербордағы жол жөндеу мекемесіне краншы-машинист қызметін атқарады. 1988 жылдан құрметті еңбек демалысына шығып, зейнеткер атанады. 2007 жылдың күзінде дүниеден өтті.
Айтмұханды асырап алған Ақкерік (Әйіпқызы, 1897 ж.т.) әжей тым ерте, 1957 жылы Айтмұхан Байшонаста тұрғанда қайтыс болып, сонда Тентексор деген жерге арулап қойылады.
Бұл Құныскерей ағамыздың тегі мен туыстары, өзі туған өңірдегі отбасы, ұрпақтары жайлы әңгіме. Ал, оның 1922-1930 жылдардағы ойранды күндерін былай қойғанда, 1930-1935 жылдардағы шет жердегі жортуыл сәттері, одан кейінгі түркімен топырағындағы тағдырының өзі талай таңға жетерлік хикая. Әйтсе де әңгіме желісін өзгертпейік.
Ал Айтжан аға туралы айтар болсақ, онда тағы да жылдардың қым-қиғаш тірлігі жайлы сөз қозғалар еді.
Жалғасы осында